Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2833 0 пікір 19 Маусым, 2012 сағат 12:59

Енді ағылшынша оқитын боламыз

Білім және ғылым министрлігі оқушыларды жаппай «ағылшындандыруды» бастамақ! Жақында ғана аяқталған Ұлттық бірыңғай тестілеуден есеңгіреп шығып жатқан мектеп түлектері пәндер тапсырмаларының қиындатылғанына, математикалық теңеулерді және басқаларын шешіп отыруға аз уақыт бөлінгеніне шағымданғаны есіңізде шығар. Бірақ нағыз «қуырдақтың көкесі» алда екен! Әлгі «миды ашытатын» пәндерді енді ағылшын тілінде тапсыруға тура келуі ғажап емес: өйткені оларды оқытуды министрлік ағылшын тіліне көшірудің қамына кірісіпті.

Білім және ғылым министрлігі оқушыларды жаппай «ағылшындандыруды» бастамақ! Жақында ғана аяқталған Ұлттық бірыңғай тестілеуден есеңгіреп шығып жатқан мектеп түлектері пәндер тапсырмаларының қиындатылғанына, математикалық теңеулерді және басқаларын шешіп отыруға аз уақыт бөлінгеніне шағымданғаны есіңізде шығар. Бірақ нағыз «қуырдақтың көкесі» алда екен! Әлгі «миды ашытатын» пәндерді енді ағылшын тілінде тапсыруға тура келуі ғажап емес: өйткені оларды оқытуды министрлік ағылшын тіліне көшірудің қамына кірісіпті.

Атынан ат үркетін үш әріп - «ҰБТ»-ның қорытындыларын жария етіп, өткір сауалдарға жауап беру үшін кеше, Парламент мәжілісіндегі «Үкімет сағатына» Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов шақырылды. Жиынды жүргізген вице-спикер баяндамаға 20 минут уақыт кесілгенін ескерткен болатын. «Білдей министрге 20 минут аздық етеді» деп жауап қатты министр. Сосын төге жөнелді.
- Үш тілде оқытуды енгізу мәселесі өте-өте маңызды, - Бақытжан Тұрсынұлы, - Мемлекеттік тілді үйренуге басымдық беріледі. Қазақ тілі - ұлтымыздың рухы, рухани байлығы! Оны білу - әр қазақстандық азаматтың борышы деп білеміз. Елбасы «2020 жылы барлық мектеп бітірушілер мемлекеттік тілді 100 пайыз білуге тиіс» деген міндет қойды. Білім беру жүйесінің мақсаты - осы міндетке қол жеткізуді қамтамасыз ету.
Рас, бұл жерде министр қазақ тілінің өрісін кеңейтер қандай шаралар іске асырылатындығын таратып айтпады. Іле-шала «Орыс тілі - біздің ортақ байлығымыз. Оны жоғалтпауымыз керек» деп, бір нықтап қойды. Сосын «инновация, ғылымға, технология мен бизнеске жол ашатын» ағылшын тілінің жайына көшті: «Оны оқып, үйренуіміз қажет. Қазірдің өзінде 33 мектепте бірінші сыныптан бастап, ағылшын тілі оқытылады. Келесі жылғы қыркүйектен бастап, бұл тәжірибе Қазақстанның барлық мектептеріне енгізілетін болады! Кезең-кезеңмен кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту басталады» деп мәлімдеді Б.Жұмағұлов. Мұны естіп, О.Асанқазы сынды қалаулылар мектеп бітірушілердің әлі көбі мемлекеттік тілде «мен білмес» болып тұрғанда, «ағылшынның сойылын соғудың» қажеті жоқтығын білдіріп, наразылықтарын айтты. Бірақ бұл Бақытжан Жұмағұловтың арынын тоқтата алмайтынға ұқсайды.
Министр Майра Айсинаның сұрағына да тосылмады. Депутат ханым «ҰБТ өткізу алдында Сейфуллин атындағы аграрлық университетте мектеп бітірушілерді, әсіресе, қыз балаларды қолайсыз тексеру фактілері» туралы сұраған. Кейбір ата-аналар осы тестілеу тапсыру қосынында қыз балаларды шешіндіру, көкірекшесінің астына үңілу сынды оқиғалар болғандығын айтқан екен. Білім және ғылым министрлігінің басшысы деректерді мойындады.
- Бұл енді ақпарат құралдарының бірінші бетінде шыққан мәселелер, - деді ол. - Қазақта жақсы мақал бар: «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген. Бұл - аграрлық университетте болған бірегей жағдай, үш-төрт баланы қарауды Сарыарқа ауданының ішкі істер қызметкерлері «шаш ал десе, бас ал» жағдайға айналдырған. 150-дей орталықта тестілеу өтті, басқаларында мұндай жағдай болған емес.
Бақытжан Жұмағұлов өз ведомствосын­дағы бұған жол бергендер ендігі жазаланғандығын хабарлады: «Бұл келеңсіздікке орай менің орынбасарымнан бастап, комитет төрағасы Ирсалиев, тағы басқа азаматтардың бәріне сөгіс жарияланды. Сол ҰБТ тапсыру пунктінің басшысы жұмысынан босатылды. Содан кейін мен өз коллегама, Ішкі істер министріне «Осындай жағдай болды, сіздер де қараңыздар!» деп хат жазып жібердім»
Әйткенмен министрдің журналистерге өкпесі «қара қазандай» көрінеді: «Бұл жағдайды мына ақпарат құралдары іліп алып, жалпы қоғамда: «Қазақстан балаларының бәрін тіміскілеп жатыр!» деген толқу туғызды. Бұл өте дұрыс ой емес! Бұл бір кез болған нәрсе. Оны түзеттік. Оны айта берген дұрыс болмайды» деп ренжіді министр.

Бақытжан Тұрсынұлы биыл 117 мың бала ҰБТ-ға қатысқандығын, 70,9 пайызы орташа балл жинағанын хабарлады. Бұл былтырғыға қарағанда, 16 пайызға төмен. «Оның себебін сұрасаңыз, биыл ұйымдастыру жұмысы өте жақсы жүрді. Екіншіден, біз жылда тестілік тапсырмаларды 30 пайызға ауыстырып, жаңартып отыруымыз керек. Өкінішке қарай, бұл бұған дейін жасалмады. Сондықтан биыл оқушылар өздерінің «қалтасында» жоқ сұрақтардың пайда болғанына қатты таңғалды! Бірақ барлық сұрақтар - мемлекеттік стандарттар аясында» деді БҒМ басшысы.
Министр мырза биылғы ҰБТ-ның ұйымдастырушылық деңгейі өте жоғары болғанын шегелеумен бірге, бұған дейінгі ҰБТ-ларда «халтура» болғандығын білдіре кетті: «Мен сіздерге бірнеше мысал келтірейін. Мәселен, дарынды балалар мектебі, физикалық-математикалық мектеп бар. Алматы осы көрсеткіш бойынша үнемі соңғы дерлік орында. Ал ҰБТ-ны 450 адам ғана тапсырған шал­ғайдағы елді мекенде орташа балл 100, нақты айт­сақ, 97 болған! Сонда бізде ауылдық жерде барлық пәндерді төрт пен беске білетін болып шығады ғой?!» дей келе, ол биыл «бәрі ашық, ұйымдасты­рылған түрде» өткендігін, әрі ҰБТ-2012 нәтижелері «оқушыларды оқыту тәсіл­дерін қайта қарауға негіз беретіндігін» айтты.
«Алтын белгіден» үміткерлердің қатары да жыл санап өсуде екен. «Биылғы жылы 5 мың 800 болды. «Табалдырықтық» межеден 1 400-і өтті. Бұл 20 пайыздан сәл астамы ғана» деген Б.Жұмағұлов «ҰБТ көрсеткіштері бар шындықты нақты көрсетті» дегенді қайталады.
Білім және ғылым министрі ата-аналарға да ренжулі: «Мен сіздерге жергілікті жерлерде қанша жөнсіздіктер болғанын айтпай жүргем, - деді ол, - Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында ата-аналар, туыстары әйнектерді сындырып тастаған, сағат 12-ден кешкі 4-ке дейін өз балаларымен бірге отырып, ҰБТ тапсырмаларын шешкен! Мұндай жағдайлар жыл сайын қайталануда».
БҒМ басшысын мұғалімдердің тірлігі де ашынтады екен: «Жергілікті мектептердің барлық мұғалімдері өз оқушыларына жәрдемдеседі. Бұрын ҰБТ нәтижелері мектептің, аудан мен облыстың рейтингіне кіретін. Өткен жылы сәуір айында ел Президенті бұл көрсеткішті рейтингке қосуға түпкілікті түрде тыйым салды. Соған қарамастан, әрбір аудан мен облыс кез келген жолмен бітірушілерді «табалдырықтан» алып өтуге тырысады» деп кейіді Бақытжан Тұрсынұлы.
- Сіздер Аграрлық университеттегі жалғыз жағдайды айта бересіздер, ал ата-аналардың, ауыл мұғалімдерінің заң бұзуының әлгіндей ондаған-жүздеген жағдайлары аудандарда болды. Бұл бақылаусыз жүрді, әсіресе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында. Өткен жылы ата-аналар көшеге шығып, «Мәскеу - Алматы» бағытындағы пойыздың жолын жауып тастаған: темір жолға жатып алған! Бұл - нағыз бетімен жіберушілік! Өткен жылы осынысы үшін төрт адам әртүрлі түрмелік жазаларға кесілді» деді Б.Жұмағұлов.
Депутаттар колледж түлектерін де тестілеу тапсыруға міндеттеудің дұрыстығына күмән келтірген. Бірақ бұған жауап ретінде БҒМ басшысы қазақстандық колледжердің нарықты сапасын мамандармен толтырып жатқандығын айтып, шорт кесті. «Ол ол ма, колледждерге ең жақсы балалар бара бермейді!» деді министр.

Бақытжан Жұмағұлов бұл шулардың артында үлкен лобби тұрғандығына сенімді: «Бұлардың артында орасан зор қаржы тұр, мен сіздерге айтайын. Менің оппоненттерім - негізінен, жақсы қаражаты бар адамдар! Біз ең кем дегенде 21-22 миллиард теңге мүддеге тиіп кеттік. Бұлар - жеке меншік колледждері бар, өзінің жеке университетін ашып алған тұлғалар!» деп мәлімдеген Бақытжан Жұмағұлов бұл бағыттағы жұмысты, колледждердің сапасыз маман қаптатуымен күресті өрістете беретіндігін ескертті.
Елдос СЕНБАЙ

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404