Путиннiң “қазақты орыс жасау” саясаты
Мәскеуде мыңдаған халық Ресей президентi В.Путиндi жерден алып, жерге салып жатса да, оның көршiлерге ықпалы күштi. Әсiресе, Қазақстанға. Күш жинап алған Путин Қазақстанға дегенiн iстетiп отыр. Еуразиялық одақты желеу етiп, бiрте-бiрте өз елiнiң шекарасын кеңейтiп келедi. Соңғы уақыттарда тiптi белсендi. Бiрақ бiздiң әңгiменiң төркiнi осы болғанымен, әлқиссасы басқа.
Мәскеуде мыңдаған халық Ресей президентi В.Путиндi жерден алып, жерге салып жатса да, оның көршiлерге ықпалы күштi. Әсiресе, Қазақстанға. Күш жинап алған Путин Қазақстанға дегенiн iстетiп отыр. Еуразиялық одақты желеу етiп, бiрте-бiрте өз елiнiң шекарасын кеңейтiп келедi. Соңғы уақыттарда тiптi белсендi. Бiрақ бiздiң әңгiменiң төркiнi осы болғанымен, әлқиссасы басқа.
Жақында Қазақстандағы "Саяси шешiмдер институты" әлеуметтiк сауалнама жүргiзiптi. Сауалнамаға Қазақстанның 14 облыс орталығындағы, Алматы және Астанадағы халықтың 2 500-ге жуық тұрғыны қатысқан. Сөйтсе, олардың 61,2 пайызы Путиннiң жүргiзiп отырған саясатын қолдайды екен. 30,9 пайызы - екiұшты жауап қатса, 6,8 пайызы қарсылық бiлдiрген. Путиннiң саясатына тәнтi болғандар оның елi үшiн жасап жатқан игi iстерiн бағалайтынын айтыпты. Әрине, Путин бiз сияқты халықтарды өз елiнiң мүддесi үшiн пайдаланып, пайдасын халқының игiлiгiне жаратып жатыр. Бiрақ мәселе мұнда емес. Бар мәселе бұл сауалнаманың не үшiн, қандай мақсатпен жүргiзiлгенiнде. Неге басқаның саясаты туралы емес, Путиннiң саясаты туралы сауалнама жүргiзiлген? Не үшiн ол Кәрiмов немесе Обама, не басқа емес? Және бұл мәлiмет Путиннiң Қазақстанға сапарынан кейiн бiрден пайда болды. Бұл үлкен күмән тудырады. Бiз осы институттың қызметкерiне хабарластық. Оның айтуынша, бұл арада саяси мәселе жоқ. Ол институттың әрқашан халықтың әлеуметiк жағдайы бойынша сауалнама жүргiзiп отыратындығын айтады. Бiрақ бiз осындай әлеуметтiк жағдай туралы сауалнама мен Путиннiң саясаты туралы сауалнаманың екеуi екiтүрлi мәселе екенiн ескерткенiмiзде ол Путиннiң қайта президент болуының 100 күн толғанына орай жасалғанын айтты. Бұдан ненi байқауға болады? Путиннiң Қазақстан үшiн ықпалды, басты адамдардың бiрi екенiн. Оны қолдаушы, әспеттеушiлердiң елiмiзде жетiп-артылатынын байқаймыз. Осы мәселе төңiрегiнде бiз бiрқатар азаматтардың пiкiрiн бiлген едiк. Саясаттанушы Әзiмбай Ғали былай дейдi: "Қазiр Путинге үлкен жеңiс керек. Өйткенi Путиннiң ықпалы өз елiнiң iшiнде азайып келедi. Шерулер көбейiп, баспасөздiң басым көпшiлiгi ашық қарсы шығуда. Сондықтан оған қысқа мерзiмде салтанатпен аяқталатын жеңiс керек. Сондай жеңiс нысанасы Грузия емес, басқа емес ол - Қазақстан. Бiрде бiр оқ жұмсамай ұстап алады. Бiр жағынан Қазақстанға деген қоқан-лоққы, қысым күшейiп келедi десек те, екiншi жағынан Қазақстанның бiрден келiсiм беруi қиындау сияқты. Қазақстан тарапы асықпайды бұл арада. Еуразиялық одақты қазiр құрайық дегенде Назарбаевтың қарсы болғанын айта кетсек болады. Негiзi Қазақстанда Ресейдiң ықпал агенттерi күштi. Менiң ойымша, жаңағы сауалнаманы жүргiзген - сондай институттардың бiрi. Саяси шешiмдер институты, КИСИ деген сияқтылар Ресейдiң ықпал агенттерi ролiн ойнайды. Және орыс газеттерi де сондай. Негiзi идея бойынша олар бiздiң стратегиялық, тактикалық мәселелердi, бiздiң мүдделердi қорғау керек едi. Бiрақ бiрқатар iрi шенеунiктер, қайраткерлер, Ресейдiң сойылын соғады. Бара-бара сондай әлеуметтiк сауалнама арқылы "қазаққа егемендiк керегi жоқ" дегендi таратып, оған сендiрiп жатса, таңғалмаймыз. Ал қазақстандықтар Еуразиялық одақты, Путиндi қолдайды дегенге сенбеймiн. Қазақтың интеллигенциясы бұған қарсы". "Бiрiншiден, бұл Путиннiң қазақстандықтардың, Назарбаевтың иығына мiнiп алғанын айқын көрсетедi, - дейдi ақын Софы Сматаев. - Ол айтқанын iстетедi. Айдағанына жүгiзедi. Оның әрекеттерiн қазақстандықтардың құқығын таптау деп бағалаған жөн. Кейiнгi уақытта Путинге жер беру мәселесi шықты. Топырлатып, ракета қалдықтарын түсiру, гептил майын ағызу ол - халқымыздың денсаулығына қауiптi нәрсе. Қостанай мен Ақтөбенi жалға беру дегенге де қарсымын. Екiншiден, экономикалық кеңiстiк дегенiмiз - жойылып, жоғалып кеткен одаққа тығып жiберудiң ең қатерлi баспалдағы. Бұған ұлт болып қарсы болу керек. Жоғарыға қарай берудi тоқтату керек. Олар бiздi тыңдамайды. Өйткенi олар өздерiне пайдалы, тиiмдi жағын ойлайды. Ресейге қосылатын болса, өздерiнiң ұрлап алған, жымқырып кеткен байлықтарын сақтап қалатынын бiледi. Бiздi Ресей қосып алса, бiр ғана губерния етiп ұлттық, салт-санамыздан дәстүрiмiзден айырады. Сондықтан мұны бәрiмiз ұғынып, жан-тәнiмiзбен, жүрегiмiзбен сезiп, қарсы тұруымыз керек". Ұлт жанашыры, профессор Амангелдi Айталы барлық жерде Ресейдiң ықпалы жүрiп тұрғанын айтады. Iшкi саясатта да, сыртқы саясатта да. "Жалпы Ресейдiң империялық саясаты бұрыннан созылып келе жатқан тамыры терең, тәжiрибесi мол саясат, - дейдi ол. - Бұл саясаттан Ресей ешуақытта бас тартпайды. Жақында Ресейдiң өзiнде де әлеуметтiк зерттеулер жүргiзгенде олардың империялық санадан арыла алмағанын көрсетiптi. Бүгiнгi күнi сол империялық саясаттың бiр көрiнiсi Қазақстанда да байқалып жатыр. Сол саясат iске асуда. Оның бiрi - Кедендiк одақ. Осы одақ Ресейдiң пиғылын жаңғыртудың жолы. Путин бұған аса мән бередi. Жақында Ресейдiң ғалымы мынадай ой айтты: "Бұл тәуелсiз мемлекеттер өздерi еңбектеп келiп Ресейге қосылды. Өздерi келдi. Ендi олар қайда барады?" Мiне, Ресейдiң тек қана саясаткерлерi емес интеллигенциясы да Путиннiң саясатын қолдап отыр. Әрине, бұл бiздiң мемлекет үшiн қырағылықты қажет етедi. Олардың бұл пиғылы барлық саладан көрiнедi. Жақында бiр әскери маманның сараптамасын көзiм шалды. Ресейдiң әскери техникасы батыс мемлекеттерiнiкiнен сапалы емес екен. Бiрақ бағасы өте жоғары. Сапасы жаман, бағасы жоғары болғанмен, Қазақстан сияқты елдерге сол техникасын өтiкiзiп отыр. Сондай-ақ бiз Ресейде офицерлер дайындаймыз. 700-ге жуық курсант Ресейде бiлiм алуда. Олардың барлығын Ресей патриотизмi рухында тәрбиелеп жатыр. Сонда олар елге келгенде қандай болады? Кейбiрi сол Ресейде қалғысы келедi екен. Мiне, бiздiң қай саланы алмайық, экономика, кадр дайындау, бiлiм саласы, не басқа салада болсын Ресейге тәуелдiмiз. Тәуелсiздiктi алу бар да, жариялау бар да, тәуелсiздiкке толық қол жеткiзу бар. Бiз алуын алдық, жарияладық. Ал тәуелсiздiкке толық қол жеткiзе алмай келемiз". Қазақстанға Путиннiң ықпалы бұрынғыдан артқаны осыдан анық байқалды. Тiптi iшкi саясатта да ол үлкен рөл ойнайтынын көре аламыз. Империялық пиғылы зор Путин "агенттерi" арқылы бiрте-бiрте қазақты орыс жасағысы келетiн сияқты ма, қалай өзi?
dumka_k.o@mail.ru
Думан ҮСЕНХАН
"Жас Алаш" газеті