Кәріс түбегі: тағы соғыс бола ма?
Бүгін әлемдік қауымдастықтың назары Солтүстік Кореяға ауды. Солтүстік Корея басшылығы алғаш рет гипердыбысты зымыранды сынақтан өткізгенін ресми тұрғыдан мәлімдеді. Аталмыш зымыран арқылы ядролық соққы жасау мүмкіндігінің еселеп артқанын да айта кетті.
Кореяның орталық ақпараттық қызметінің хабарлауынша зымыран мемлекеттік мүддені қорғауда орасан зор күшке ие және "стратегиялық қару" ретінде тіркелетін болады. "Родонг Синмун" газеті зымыранның ұшырылған суретін жариялап, оны "нағыз жетістік" деп жазған.
Солтүстік Корея өзінің қорғаныс саласын әлемдік қауымдастықтың қысымы мен санкцияларына қарамастан артыруға ниетті. Экономикасына зияны тиетініне қарамастан ядролық қаруды дамыту мен сүңгуір қайықтар жасау технологиясын жетілдіруге соңғы үш жылда екі есе көп қаржы бөлінген.
Гипердыбысты зымыранды сынау барысында Ким Чен Ын қатыспаған. Сынақты Солтүстік Кореядағы беделді шенеунік Пак Джонг Чон тікелей қадағалаған. "Алғашқы сынақ барысында зымыранның жылдамдығы мен ұшу тұрақтылығы қарастырылды" деп жазды ресми ақпарат көздері. Зымыран Hwasong-8 атты атауға ие болып, жоғары нәтиже көрсеткені де айтылуда.
Карнеги қорының қызметкері, халықаралық зымыран сынақтары бойынша сарапшы Анкита Панданың мәліметінше Hwasong зымырандары сұйық жанармаймен ұшады. "Бұл 2017 жылдан кейінгі Солтүстік Кореядағы алғашқы сұйық жанармайда зымыранды сынақтан өткізу болып отыр", - деп жазды ол өзінің Тwitter парақшасына.
Қыркүйек айында Солтүстік Корея үш мәрте сынақ жасап, аймақтағы тұрақсыздыққа негіз болуда. Оңтүстік Корея да қыркүйек айында екі мәрте зымыран ұшырап, сынақ жасады. Алғаш рет сүңгуір қайықтан зымыран ұшырып, қорғаныс саласындағы жетістігін көрсетті. Күні кеше ғана Сеул зымыран тасушы үшінші сүңгуір қайығын қолданысқа берді, ал сол сәтте Солтүсітк Корея гипердыбысты зымыран сынағын жасады.
Мамандар гипердыбысты зымырандарды анықтау және одан қорғану қиын екенін айтуда. Себебі зымыранның ұшу траекториясын анықтау мүмкін емес. "Солтүсітк Кореяның зымырандарды сұйық жанармаймен жылдам арада толтыру технологиясын игеруі, олардың зымыран ұшыру қабілетін арттырады. Өз кезегінде басқа мемлекеттердің зымыранды ұшырмай тұрып зымыран жүйесіне соққы жасау мүмкіндігі кеми түспек. Солтүстік Корея өзі мәлімдегендей барлық технологияны жоғары сапада игеруі әрине екіталай. Алайда Пхеньян гипердыбысты зымыранға ядролық оқтұмсық жасауды үйренсе, ол аймақтық қауіпсіздікке орасан зор қатер болмақ" дейді АҚШ сарапшылары.
Байден билікке келгелі бері Солтүстік Кореямен АҚШ арасындағы қатынас біршама қарама-қайшылықтарға тап болуда. Трамп билікте болған сәтте Киммен келіссөздер өткізуге тырысты. Дегенмен 2019 жылы ол келіссөздер тығырыққа тіреліп, нәтижесіз аяқталды.
Өткен аптада Солтүстік Корея 1950-53 жылдардағы соғыс әлі аяқталмады деп мәлімдеді. Бұл Сеулді алаңдатып отыр. Мамандар Солтүстік Кореядағы әлеуметтік жағдайдың тым нашарлап кеткенін, халықтың аштыққа ұшырау қаупін ескеріп, билік ел назарын басқа тарапқа бұруғы тырысып жатқанын айтуда. Демек алда тағы да зымыран сынақтары мен аймақтық шиеленісті арттыратын әрекеттер жалғасын таппақ.
Abai.kz