Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 6285 0 пікір 30 Қыркүйек, 2021 сағат 12:16

Азаттық күрескерін толық ақтау қажет

Біріккен Мемлекеттік Саяси Бас-қарманың (ОГПУ) Қазақстан бойынша Толық өкілетті өкілдігі (ПП) Мәскеуге жіберген және Мәскеуде орталық ОГПУ жүргізген тергеумен толықтырылған «Байтұрсынов Ахметті, Дулатов Міржақыпты (Мир Якубты) және 44 адам ішіндегі басқаларды айыптау жөніндегі № 78754 істі» қарап шыққан ОГПУ Шығыс бөлімі 2-бөлімшесі бастығының көмекшісі Павлов 1930 жылғы 12 наурызда айыптау қорытындысын жазып, қолын қойды (қорытындыға «келісемін» деп ОГПУ ШБ бастығының көмекшісі Соболев, «бекітемін» деп ОГПУ ШБ бастығы Дыков қол қойған).

Мұнда ол «Ақпан революциясынан кейін Қазақстанда «Алаш» деген атпен қазақ интеллигенциясын біріктірген ұлтшыл партия пайда болды» деп, «Алаш» партиясы серкелерінің бастамасымен 1917 жылғы желтоқсан айында жалпықазақ съезі шақырылғанын, съездің «Қазақстан (Киркрай) автономиясын жариялағанын» және «Алаш-Орда» деп аталған үкіметті сайлағанын мәлім етті. Айыптау қорытындысында одан әрі алашордашылардың орыс ақгвардияшылдарымен бірлесіп cовет өкіметіне қарсы жасаған әрекеттеріне шолу жасалып, «Колчак пен ақтар үкіметтерінің талқандалуы» алашордашыларды совет өкіметімен бейбіт келіссөз жүргізуге мәжбүрлегені, сонда «оларға контрреволюциялық қызметін кешірген амнистия қолданылғаны» айтылды. Сосын Павлов: «Осы сәттен «Алаш-Орда» өзінің партиялық және үкіметтік ұйым ретіндегі қызметін доғарды, – дей келе, – бірақ контрреволюциялық өзегін сақтап қалды да өзінің антисоветтік қызметін жалғастырды», – деп түйді.

Антисоветтік қызмет, айыптаушының «таптым» деп тұжырғанына қарағанда,  құдды «Байтұрсынов пен Ермеков 1921 жылдың басында Мәскеуде, сонда жүрген Валидовпен келіссөз жүргізген» шақтан басталған екен. Олар «құпия ұйым құру қажеттігі туралы келіскен» көрінеді. Ұйымның орталығы ретінде Орынбор таңдап алыныпты. Айыптау қорытындысында: «Ұйымға Байтұрсынов, Бөкейханов, Омаров Елдес, Болғанбаев, Әділов Дінмұхамед және басқалар кірген. 1921 жылғы қыстың соңында Дулатов пен Досмұхамедов Халилдің бастамасы бойынша осындай ұйым Ташкентте құрылды. Осы екі ұйым арнайы өкілдері арқылы Бұхарада жасырын жағдайда жүрген, орта азиялық контрреволюциялық ұйымды басқаратын Валидовпен байланысып тұрды» делінген.«Валидов ұйымының» басшыларымен болған келіссөзден кейін, «Алаш-Орда» ұйымының өкілі Әділов Ферғанада әрекет етіп жүрген «Жанұзақовтың басмашылық шайкасына» «қазақ басмашы жасағын құру мақсатымен» жіберіліпті. Валидов пен Мұстафа Шоқаев шетелге қашқаннан соң «алашордашылар» бірінші кезекте олармен шетелге оқуға жіберілген жастар арқылы құпия байланыс орнатқан екен. Сосын совет өкіметімен ашық күресу тактикасын кеңес аппаратына (әсіресе Наркомпрос пен баспасөзге) және партияға кіріп алу тактикасына ауыстырыпты. «Жастардың басын айналдыру» саласына неғұрлым көбірек көңіл бөлсе керек. Мәскеудегі жасырын «Алқа» әдеби үйірмесі Орынбор, Қызылорда және Ташкентпен байланыста болған, өз идеяларын қазақ баспасөзі арқылы насихаттауға мән беріпті. 1927 жылғы «ағылшын-совет қарым-қатынасы бұзылған» және 1928 жылғы «Қазақстанда бай мүлкі тәркіленген уақыттан» бастап, айыпталып отырған алашордашылар «жаппай қазақ қозғалысын көтеру үшін» қырға кетуге дайындала бастаған көрінеді. Осы мақсатқа алашордашылар алдымен «байлардың қарулы шайкаларын» пайдаланбақ болыпты, «оларға Дулатов қажет сәтте Батыс Қытайда жасырынып қалуға мүмкін болу үшін өкіметтен алысырақ, қытай шекарасына жақынырақ» жүруді тапсырса керек. «Шайка» бастығына айналған «Дулатов Асқар, 61 жаста... өзінің інісі, контр-революциялық ұйымның жетекшісі Дулатов Міржақыппен байланыста болғандықтан, Қостанай округі, Наурызым ауданында контрреволюциялық байлар тобын құрды». Айыптаушының тұжырымдауынша, Қостанай округіндегі контрреволюциялық ереуіл «алашордашылардың» тура осы дайындығының салдары болатын. Тергеу материалдары бойынша іске тартылғандардың: «1) 1921-22 жж. астыртын ұйым құрғаны; 2) Шекарадан тыс жүрген Валидовпен байланыс орнатқаны; 3) Күш дайындауға ба-ғытталған қызметі (жастардың басын айналдыру – «Алқа» үйірмесі, байлармен байланыс орнату және т.с.с); 4) Совет өкіметіне қарсы, оны құлату мақсатымен қарулы көтеріліске дайындық жасауға қатысқан контрреволюциялық істері дәлелденді» деген ұйғарым жасалды.

Сонымен  бірге, Айыптау  қоры-тындысында «алашордашылардың басқарушы тобы» Асқар Дулатовтың контрреволюцияшыл байлар тобымен қатар «алыста жатқан Сарысу ауданындағы Әділовтің бандасына үлкен міндет артты» деп көрсетілді. Қорытындының «Әділовтің бандасы» деп аталған тарауында оған сипаттама берілген. «Банданың» басында «...саяси қауіпті және қылмыс жасаған қылмыскер төртеу – Байсейіт, Мұқыш, Асқар және Әбуәлі Әділовтер» тұрған екен. Байлардың қожалықтарын тәркілеуге дайындық жүргізілген кезеңде Әділовтер «Сарысу ауданының барлық бандиттік элементтерін өздерінің маңына топтастырып, кәмпескеге қарулы қарсылық көрсету үшін жинауға тырысқан» көрінеді. Бұған дәлел ретінде: «1928 жылдың жазында олар жекелеген шайкалардың бастықтары Кеншімов Мәдібек, Тоқманбаев Бақай және Әбдікеев Битімбаймен жиналыс өткізді» дейді. Олардың бәрі Байсейіт және Мұқыш Әділовтермен бірге «1922 жылы милиционерлер жасағын қарусыздандыруға және жасақ бастығы Әбубәкіровты атуға қатысқан» деп көрсетілген. Алайда 1928 жылғы тәркілеу (конфискация) науқанында қайсысының және аталған «банданың» нақты не істегені, «банда» мүшелерінің ҚазЦИК Декретін жүзеге асырып жүрген үкіметтік комиссияға не бірігіп, не жекелей қандай қарсылық көрсеткендері жөнінде ештеңе айтылмайды.

Осы «Айыптау қорытындысы» бойынша 1930 жылғы 4 сәуірде шы-ғарған ОГПУ алқасының үкімімен ағайынды Әділовтер ішінен 28 жасар Мұқыш (Дінше, Дінмұхамед) Әділов ату жазасына, оның інісі, 24 жасар Асқар, ағалары Әбубәкір (37-де), Әбуәлі (39-да) Әділовтер және Байсейіт-Мұқыш «бандасымен» қатысы, яки байланысы болған туыстары, ауылдастары мен таныстары Әкпар Ыбыраев, Нұрлан Кәрібаев, Ағабек Байдуллаев, Мұхамедия Арғынбаев, Артықбай Әлин, Мәдібек Кеншімов, Тәжібай Құлмұратов, барлығы 16 адам, түрлі мерзімге кесілді. Байқалып тұрғандай, саяси қуғын-сүргіннің алғашқы толқынында, тұтқындарды ОГПУ Бутырка түрмесінде қосымша тергеп, түрлі жазалау шарасын қолданған репрессияға ағайынды төрт Әділов іліктірілген. Олардың бәрінің ағасы – «саяси қауіпті және қылмыс жасаған қылмыскер төртеудің» үлкені Байсейіт Әділов жазаланушылар тізімінде жоқ (оның есімі 12 наурыздағы жаза сұралған айыпталушылар тізіміне де кірмеген). Неге? Себебі ол ОГПУ жасағы жүргізген  тұтқындау операциясы кезінде оққа ұшқан болатын. Байсейітті қамау үшін Шу бойындағы құмға аттанған қарулы жасақ құрамында жасөспірім Бауыржан Момышұлы да бар еді. Бертінде Баукең өзінің биографы жазушы Мамытбек Қалдыбайға айтқан естелігінде құм ішіне тігілген жалғыз үйді жасақ қоршауға алып, жауынгердің бірі сырттан оқ атқан кезде қаза тапқан Байсейіт Әділовтің сүйегін түйеге артып алып келе жатқандарында оның інісі Дінше-Мұқыш Әділовті қолға түсірген жасақпен кездесіп, аудан орталығына бірге барғандарын айтқан екен. Ал «Жартыфеодалдар» операциясын жүргізушілердің жетекшісі чекист Илья Шумилов өзі басқарған ГПУ қарулы жасағы Діншені 1928 жылғы 17 желтоқсанда тұтқындағанын жасаған актісінде атап көрсетіпті. Демек Байсейіт те сол күні қаза болған. Тиісінше тергеу амалдары онсыз жүргізілді, тергеу материалдарында оның өлімі жайында ештеңе айтылмаған, бірақ «қылмыстық істерін» дәлелдейтін жанама деректер баршылық.

СОВЕТ БИЛІГІНЕ ДЕЙІНГІ ЖӘНЕ РЕСПУБЛИКА ҚЫЗМЕТІНДЕГІ
ӨМІР ЖОЛЫ

Ағайынды Әділовтерді тұтқынға алу үшін неліктен арнайы қарулы жасақ жұмсалған? Олардың екеуі де қазақтың азаттық қозғалысына, одан кеңес құрылысына белсене қатысқан қайраткерлер болатын. Кезінде он жыл аттан түспей, Ресейдің империялық әскерімен ұзақ жылдар соғысқан ұлт-азаттық күрес көсемі Кенесары ханның ту ұстаушыларының, сенімді батырларының бірі Мыңжасар батырдың немерелері еді. Хан Кене бастаған көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін жұрт отарлаушылардың жаңа тәртібіне көндіккен. Ақмола бекінісі де біртіндеп бейбіт өмірге бейімделген-тін. Ресейдің сауда капиталы қырға сұғына еніп, бірте-бірте бекем орын теуіп келе жатты. Үлкен жәрмеңкелер ашылып, Ақмола ірі сауда орталығына айналды. Мал бағушы қазақтар ірі қаралары мен ұсақ тұяқтарын осында айдап әкеліп, империяның фабрика-зауыт бұйымдарына айырбас жасауды әдетке айналдырды. Отарлаушылар мен көшпенділер арасындағы сауда-саттық нәтижесінде орнаған іскерлік қарым-қатынас біртіндеп жекелеген адамдардың өзара араласуына, бір-бірімен «тамыр» болуына ұласқан. Сондай достыққа икем, еті тірі жандардың бірі – Мыңжасар батырдың үйездегі алыс ауылдан шаруа ыңғайымен қалаға келгіштеп жүретін ұлы Әділ еді. Ол Ақмоладан «тамыр» тапқан да, 1887 жылы туған үлкен ұлы Байсейітті сол «тамырының» көмегімен қаладағы бастауыш училищеге түсірген болатын.

Байсейіт әке еңбегін ақтады. Жақсы оқып, Ақмола мектебінен кейін Омбыда мұғалімдер семинариясын бітірді. Оқудан соң болыстық кеңселерде хатшылық қызмет атқарады, тілмәш болып істейді. Ел-жұрт ішінде беделді болды, жерлестері бұл білімді, ісіне адал, әділ жігітті сүйіспеншілікпен «Ақ Байсейіт» деп атады. Байсейітті үлгі тұтқан өз інісі Дінмұхамед (Дінше, Мұқыш) Әділов пен немере інісі Жанайдар Садуақасов және өзге де ауыл балалары оның ақылымен Ақмолаға оқуға барды. Қатар ауылда өсіп, Нілді мектебінен сауат ашқан Сәкен Сейфуллин де Ақмолада бұлармен бірге оқыды. Ақмоладан кейін Дінмұхамед, Жанайдар, Сәкен үшеуі де Байсейіт көрсеткен үлгімен оқуларын Дала уәлаятының астанасы Омбыда жалғастырды. Сонда алғашқы саяси мектептерінен өтті. Төртеуі де қазақ ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысты. Азаттық қайраткерлері са-пындағы осы азаматтардың бәрі де қазақ елінде совет өкіметін орнатушылар қатарында жүрді. Байсейіт Әділов, Сәкен Сейфуллин, Дінмұхамед Әділов үшеуі 1920 жылғы 4-12 қазанда өткен Советтердің Құрылтайшы съезінде Автономиялық Қазақ Республикасының алғашқы кіндік өкіметі КазЦИК (Қазатком) құрамына  мүше болып сайланды. Жанайдар Садуақасов бұл кезде үйездік буында жауапты қызмет атқаратын (ол Орталық Аткомға 1922 жылы сайланып, жауапты хатшы лауазымында істеген). Сөйтіп, бәрі де жас республиканың алғашқы мемлекеттік қайраткерлері қатарында жүрді.

Осы төрт тұлғаның үлкені Байсейіт Әділов пен оның інісі Дінмұхамед Әділов ұлт зиялыларына қарсы бағытталған саяси репрессияның алғашқы тол-қынында құрбан болған. Байсейіт, жоғарыда айтқанымыздай, 1928 жылғы 17 желтоқсанда Шу өзенінің құмды алқабында, Дінмұхамед 1930 жылғы 21 сәуірде Мәскеуде оққа байланды (айта кету керек, лагерьлерге айдалған Әділовтер ішінен Асқар ғана аман оралды). Ал Сәкен Сейфуллин мен Жанайдар Садуақасов Үлкен террор қызған 1938 жылғы 25 ақпанда Алматыда атылды.

1917 жылғы Ақпан революциясы қазақ ұлт-азаттық қозғалысын айрықша жандандырғаны белгілі. Монархияның жойылуын бостандыққа балаған Байсейіт Әділов секілді азаматтар жер-жерде өздерін-өздері басқаруды көздейтін жиналыстар, съездер өткізе бастады. Байсейіт Омбыда 1917 жылғы 25 сәуір – 7 мамыр аралығында болған Ақмола облыстық қазақ съезіне Ақмола үйезі қазақтарының делегаты ретінде қатысты. Әйгілі «Тар жол, тайғақ кешуде» Сәкен бұл жайында: «Жиылысқа біз Ақмоладан Құсайын фельдшер мен Байсейітті жібердік. Бұлармен бірге өз беттерімен қырдың бір-екі жуандары да кетті. Бірі Тама Жантөре, бірі ...Қоржынкөлдің Олжабай болысы. Сол жиылыста Облыстық қазақ комитеті сайланды», – деп жазды. Аталмыш Ақмола облысы қазақтарының съезінде Байсейіт Әділов облыстық қазақ атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. Съезден кейін біраз уақыт комитеттің аппаратында қызмет атқаруға Омбыда қалды. Қазақ аткомы басқару шаруаларын қаладағы өзге де облыстық ұйымдармен үйлестіру мәселесін қарастырды. Сондай-ақ жер-жерде жаңа жағдайға байланысты ұйымдастыру және насихат жұмыстарын жүргізу үшін жастардың «Бірлік» ұйымы мүшелерінен комиссарлар жасақтады. Осы орайда еске түсіре кетейік, «Тар жол, тайғақ кешуде» Ақмолаға 1918 жылғы мамырда Омбыдан қазақ комитетінің комиссарлары ретінде Дінмұхамед (Дінше) Әділов пен Қошмұхамед (Қошке) Кемеңгеров келгені айтылады. Сәкен: «Олар келген соң уездік қазақ комитетін енді аштық. Қазақ комитеті қазақ істерін басқаратын болды. Бірақ күш, үкімет, дегенмен, уездік комиссардың билігінде», – дей келіп, атқарған жұмыстарынан хабардар етеді. Қазақ комитеті ел ішіндегі даулы істерді қараған, күрделі мәселелер бойынша облыстық комитетке қатынас қағаздар жіберіп, орыс үйездік комитеті мүшелерімен пікір таластырып тұрған. Олар, сондай-ақ, «халық арасында заң, білім тарату, жаңа саясат істеріне қатысу» жұмыстарын жандандыру мақсатымен «Жас қазақ» атты жастар ұйымын ашты. «Төрағасы – Сәкен Сейфуллин, мүшелері: Әділұлы, Айбасұлы, Асылбекұлы, Серікбайұлы, Нұркенұлы. ...Жақсы болсын, жаман болсын, қазандай қайнап, қазақ комитеті мен «Жас қазақ» істері жүре бастады», – дейді Сәкен мемуарында. 1917 жылғы шілде айында Орынборда бірінші жалпықазақ съезі болды. Одан кейін тамызда Ақмолада үйездік қазақ съезі өтті. Осыларды хабарлай келе, Сәкен «Тар жол, тайғақ кешуде»: «Комитет сайлауы болды. Комитетке «Жас қазақтың» бастықтарынан ешкімді кіргізбеді. Сүйтіп, біз комитеттен шығып қалдық», – деп ағынан жарылды. Ақмоладан Қошке мен Дінше Омбыдағы оқуларына, Бірке (Айбасов) Атбасарға, өз еліне кетті. Ал күзде Омбыдан Ақмолаға Байсейіт Әділов оралды. Сәкенмен бірге «Жас қазақ» ұйымының жұмысына белсене атсалысты. Ұйым жиналысына Сә-кен төраға, Байсейіт хатшы болып, қазақ комитетін қууға қаулы алды... Әйгілі мемуарында Сәкен: «Октябрь төңкерісінен кейін әлеумет, саясат майданындағы күресіміз бұрынғыдан да екпінді болды», - деп хабарлайды. Бұл күрестің бел ортасында «Тар жол...» куәлік ететіндей, Сәкенмен бірге Байсейіт те жүрді. Сол шақ жайында Сәкен «орыс және қазақ жолдастармен бәріміз бірыңғай Ақмолаға Совет орнату жолында талас-тартыс майданына шықтық» дейді. 1918 жылғы ақпанда үйездік өкілдер жиналысы ашылды. «Жиылысқа келген өкілдердің көбі – майданнан қайтқан мұжық солдаттар, – дейді мемуаршы. – Кедей мұжықтар, кедей бұқара қазақтар және Спасскі заводының жұмыскер өкілдері. ...Жиылыс өкілдері бірауыздан Совет үкіметін «өз үкіметіміз» деп жариялады. ...Уездік қалалық Совдеп сайланды». Совдептің 45 мүшесі құрамында Сәкен, Байсейіт, Ғалым Әбубәкірұлы болды. Байсейіт Әділов алты адамнан құралған Басқарма мүшелігіне сайланып, үйездік милиция бастығы лауазымына тағайындалды.

Осылай Байсейіт Әділов Сәкен Сей-фуллинмен бірге Ақмола өңірінде кеңес өкіметін орнатуға белсене кіріскен. Бұл кезде, 1918 жылғы сәуірде, Бүкілқазақтық «Алашорда» Халық кеңесінің мүшесі Жанша Досмұхамедов пен Орал облыстық земство бастығы Халел Досмұхамедов бастаған делегация «Мәскеуге барып, Совет үкіметінің бастықтарымен сөйлеседі, Досмұқамбетұлдары «Ленинмен, Сталинмен автономия туралы сөйлесіп жатырмыз»... деп Бөкейханұлына телеграмма соғады, – дейді Сәкен «Тар жол, тайғақ кешуде». – Совет үкіметінің бастықтары қазақ автономиясын соларға береді. ...Бұл қалай? Тез «Жас қазақ» ұйымының жиылысын жасадық. Автономия туралы баяндама жасадық. ...Қарары мынау: «...Қазақ халқы оқымаған, надан. Кедейлері, еңбекшілері әлі байлардың, төрелердің ықпалында. Кедейден шыққан, кедейді жақтайтын оқығандар аз. Қазақ оқығандарының көбі байларды, төрелерді бастап, «Алашорда» болды. «Алашшылдарды» бөлмей, қазаққа қазір автономия берсе, «Алашордашылар» иеленіп кетеді. «Алашорда» алған автономияның қазақ еңбекшілеріне керегі жоқ...» Осындай ұғымға табан тіреген Сәкен мен Байсейіт бастамашы болып, Ақмола үйезі қазақ кедейлерінің съезін шақырады. «Съезд де бірауыздан жаңағы «Жасқазақ» ұйымының қарарындағы қаулыға келді, – деп жазды Сәкен атақты мемуарында. – «Алашорданың» алған автономиясының қазақ еңбекшілеріне керегі жоқ. Автономияны өзімізден оқығандар көбейгенде аламыз» деп съезге қаулы шығарттық. Осыны айтып съездің атынан Сталинге телеграмма соқтық. Телеграмманы ақылдасып отырып жасасқан: мен, Байсейіт Әділұлы, Абдолла Асылбекұлы, Бәкен Серікбайұлы, Жұмабай Нұркеұлы, Нұрғайын Бекмұқамбетұлы бәріміз едік. Жазған Байсейіт Әділұлы еді. Жөндеп жазған мен едім». Азаттық аңсаған азаматтар екі жолмен – жалпыұлттық және таптық жолдармен жүргенде – біріндегілердің (тапшыл Сәкен, Байсейіт пен серіктерінің) екіншісіндегілерді (ұлтшыл алашордашыларды) ұнатпай, қаламағандықтарынан, дұрысында елдік мүддені тереңнен ойлай алмағандықтан 1918 жылғы көктемде жасаған іс-әрекеті осындай болған еді...

Советтік милиция бастығы Байсейіт Әділов Ақмола үйезінің оңтүстік жағындағы ауылдарды аралап келеді де, Сәкенге: «...әлгі Қоқан автономиясының бастығы Мұқаметжан Тынышбайұлы мен Серікбай Ақайұлына кез болдым. ...Түркістан жағынан жылыстап қашып келеді екен», – дейді (Бұл Қоқандағы Түркістан автономиясы 1918 жылғы ақпанда әскери күшпен қанға боятылып құлатылғаннан кейін болған оқиға). Қалай кездескенін әңгімелейді. «Қастарына бардым. Екеуі де біртүрлі түстері бұзылып, сасып, менімен түрегеліп амандасты. Сонан соң амандасып, көңілдерін орнықтырдым. ...Тигем жоқ. Қайта, жүретін жөндерін туралап, жолдағы елдерін айтып жібердім...». Онысына Сәкен ашуланады. «Міні, саяси дұшпанына, «Алашорда» бастықтарына, Байсейіт бүйткен...» деп еске алады кейін «Тар жолда...». Дегенмен «саяси дұшпандары» өздеріне жасалған жақсылықтың қарымын қайтарады: бір азаттық қозғалысында жүргендерін ойлағандықтан жолдаған болар, Ақмолада сол жазда совет өкіметін құлатып, совдепшілерді түрмеге салған ақтарға Семейдегі «Алашорда» үкіметінен Байсейітті босатуды сұраған жеделхат келеді. Алайда ақтар оны абақтыдан шығармайды. «Тар жол, тайғақ кешудің» «Ақмола түрмесінде» атты тарауында бұл оқиға кеңірек әңгімеленген. Түрмеге, баласына жолығуға келіп жүрген Байсейіттің әкесі Әділ обаға шалдығып, қайтыс болады. Сонда Байсейіт пен Сәкен түрмеден қашып кету жоспарын құрады, бірақ ол жолы тек Байсейіт қана қашып шыға алады...

Советтік негіздегі автономия жария-лауға дайындық жұмыстарын 1919 жылғы 10 шілдеде құрылған Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитет жүргізгені, осы Қазревкомның 1920 жылғы 26 тамызда белгілі лениндік декреттің шығуына мұрындық болып, сол жылғы қазанда Орынборда Қазақстан Советтерінің Құрылтайшы съезін өткізумен қызметін аяқтағаны мәлім. Құрылтайшы съезде Сәкен Сейфуллин мен Байсейіт, Дінмұхамед Әділовтер Ресей Федерациясы құрамында шаңырақ көтерген Қазақ автономиялық республикасы Орталық атқару комитетінің (ҚазЦИК-тің) мүшесі болып сайланды. 1920 жылғы 16 қазанда өткен ҚазЦИК Президиумының отырысында Қазатком мүшелеріне атқаратын міндеттерін бөліп беру мәселесі қаралды. Дінмұхамед Әділов ҚазЦИК-тің 6 мүшесі қатарында «халық комиссариаттары алқаларында жұмыс істеу және олардың бөлімдерін басқару үшін орталықта қалдырылсын», ал Байсейіт Әділов ҚазЦИК-тің өзге 7 мүшесімен бірге «Семей және Ақмола облыстарында ұйымдық-партиялық және әкімшілік жұмыстарын жүргізу үшін» Сібір ревкомындағы Қазатком өкіліне көмекке жіберілсін деген қаулы алынды. Сөйтіп Байсейіт Омбы губерниясы құзырында қалып тұрған қазақ облыстарын жас республика туы астына жинау шаруаларына атсалысты...

БИЛІК ПЕН ӘДІЛЕТТІЛІК

1922 жылдың соңында Байсейіт Әділов совет өкіметі атынан салық жинау желеуімен ел ішінде жүгенсіздікке жол беріп, халықтың ар-ұятына тиіп жүрген Ақмола үйезі аткомының қарулы үлкен топты басқарған өкілін ауыздықтауға қатысады. Бұл жәйт ОГПУ жүргізген №78754 істегі айыптау қорытындысында «Әділовтер – Мұқыш пен Байсейіт «Қара Ноғай» деген лақап аты бар Әбубәкіровті және оның жолдасы Шаланы өлтіруді ұйымдастырды» деп көрсетілген. Оқиға былай болған-тын. 1922 жылдың күзінде, Ақмола және Қарқаралы үйездері халықтарының арасында ірі барымташылық әрекеттер орын алып тұрғандықтан, Ақмола үйездік аткомы ел ішіндегі қарым-қатынасты ретке келтіру жөнінде комиссия құрып, төрағалығына Ғалым Әбубәкіровті бекітеді. Комиссия елеулі нәтижеге қол жеткізе алмай, қайтып кетеді, ал Әбубәкіров салық жинауды желеу етіп, қарамағындағы сегіз милиционермен ел ішінде қалып қояды. Жасағын жаңа адамдармен тез ұлғайтады. Шала Жолдасбаев оң қолы (көмекшісі) болады. Жасақ Ақтау және Ортау болыстарында өте өрескел әрекеттерге жол береді. Өкімет атынан келіп, бейбастақтық жасап жүрген Әбубәкіровтің іс-әрекетіне жұрт шағымданады. Соған байланысты Ақмола өкімет орындары тәртіпсіздікті жөнге келтіру үшін коммунистік взвод жұмсайды, алайда қарулы текетірес те оң нәтиже бермейді. Әбубәкіров жасағымен Тарақтыларға қарай жылжып, Шу өзені бойынан орын тебеді. Сонда өзіне қыстау жасап алады. Қыстау маңына қыз-келіншектері бар үйлерді көшіртіп әкеліп, айнала қондырады. Күніне кешкісін әйелдер мен қыздарды алдыртып, сауық құрады. «Елдің қыз, келініне ойына келгенін істеген Қара ноғай мен Шаланың бар сұмдығын көрдік, білдік. ...Арқадан Шуға келіп, салық жинаймыз деп, қыстап қалды да, бейкүнә елдің арына тиді ғой... Ә, біздің көзіміз осындай қасіретті көрді. ...Байсейіт пен Мұқыш келді де, «Көп асқанға бір тосқан» жасап, екі нәлетіні ұстады. Шудың бойы шулап кетті», – дейді Қарағанды облысының тұрғыны Зүкеш әжей (естелігін Илья Жақанов жазып алып, «Қарабура» жинағында жариялаған). Елдің Қараноғай-Шала зорлығынан қалай ар-намысы тапталып, қорланғанын және оқиғаның қалай аяқталғанын Дулат Шалқарбаев көзі тірі куәлер естелігі негізінде жазған «Елім деп өткен ерлер-ай» атты мақаласында және «Ақиықтар» кітабында жан-жақты әңгімелеген.

1928 жылдың соңына қарай Қызылордада ГПУ тергеушісіне берген көрсетуінде Мұқыш (Дінше) Әділов Ғалым Әбубәкіров пен оның көмекшісі Шала Жолдасбаевты тұтқынға алуды өзінің ағасы Байсейіт Әділов, аудандық милицияның бастығы Байжанов және ел ішіндегі беделді кісі Мәдібек Кеншімов ұйымдастырғанын айтады. Мұқыш Шу бойындағы ел ішінде Қазақ үкіметінің Түркістандағы Сырдария губерниясындағы уәкілі ретінде кездесулер өткізіп жүрген, оларға сол шақта ағасы Байсейіт шақыртқаннан кейін қосылған. Сөйтіп «төртеуіміз «басқарушы орталық» сияқты болдық» дейді. Әбубәкіровтің жасағы елден зорлықпен жинап алған дүние-мүлік иелеріне қайтарылады. Содан соң Мұқыш: «Халықтың көңіл-күйін ескеріп, әрі алдын ала тергегенімізде Әбубәкіров пен Жолдасбаев барлық істеген қылмыстарын мойындағандықтан, оларды атып тастауға ұйғардық. ...Үкімді орындау маған жүктелді, – деп көрсетті 1928 жылы. – Біз бәріміз кеңесіп, жазаның атқарылуын... Шу өзенінде жүзеге асыру керек деп шештік. ...Шу өзеніне жеткен соң мен тұтқындарды тоқтаттым да, Әбубәкіровпен тілдестім... ...Менің өзім – халық үкімін орындаушы ғанамын, ал ол, Әбубәкіров, халыққа өте көп жауыздық жасады дедім... Осыдан кейін, Әбубәкіров мұз үстіне шығарылды, оны аудандық милицияның милиционері Байларов Жайлаубай атты. Жолдасбаевты Әбубәкіровтің жасағында болған және оны ұсталар тұста жарақаттаған Жексен деген милиционер атты. Өліктерді мұз ойығына батырып жібердік те, біз жақын ауылға жүріп кеттік» (Діншенің бұл айтқандары 1924 жылы Қазақ ОАК өкілі, республикалық милиция бастығы Дүйсебай Нысанбаев жинаған, мұрағаттағы өкімет қағаздары арасында «Салық жинауға кедергі келтірген ағайынды Байсейіт және Дінмұхамед Әділовтер туралы» деген атпен сақтаулы ісқағаздар ішіндегі куәлердің баянхаттарымен де расталады). Совет өкіметіне кір келтіріп жүрген шолақ белсенділерді сот жүйесі әлі де қалыптаса қоймаған, революциялық трибунал дәуірі ұмытылмаған шақта халықтың өзі тұтқындап, жазасын беруіне ағайынды Әділовтердің септесуін Ташкенттегі Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұлов сынды Түркреспублика басшылары түсіністікпен әділ бағалады, қорғады. Алайда Орынбордағы Қазреспублика басшы буындарында істейтін ынталы адамдар бұл жағдайға басқаша мән берді. «Айыпкерлерді» Түркістан басшылары жақтағандықтан кезінде қолға түсіре алмаса да, іштеріне кек түйіп, ұмыта қоймады. Бұлардың белсенділігі Орта Азиядағы межелеу науқанынан кейін, қазақтар мекендейтін жер-су халқымен Қазақ Республикасы құрамына қосылып, астана Орынбордан Қызылордаға ауысқаннан соң айрықша жанданды. Олардың тарапынан қауіпті қыспақ сезіне бастаған Дінше Әділов 1926 жылы Ұлт театрының директоры қызметінен кетті, ал Қызылордада шаруашылық саласы қызметінде жүрген Байсейіт Әділов 1927 жылы тұтқынға алынды. Біраздан соң, тілеулестерінің септесуімен, ол түрмеден қолхатпен кепілдікке босатылды да, еліне аттанып кетті. Алайда мүдделілер тыныш жатпай, ағайынды Әділовтерді қолға түсірудің өзге де шараларын ойластыра береді. Ақыры, 1922-1923 жылдың қысында «Ақмола үйездік аткомының мүшесі Ғалым Әбубәкіров пен милиционер Шала Жолдасбаевты өлтірді» деп әсіреленген айып, 1928 жылы «тәркілеуге қарсылық ұйымдастырды» дейтін желеумен үстемеленеді де, 1928 жылдың желтоқсан айында оларды ГПУ-дің қарулы жасағы іздеп шығады...

ЕЛ ҚҰРМЕТІ

Ағайынды Байсейіт және Дінмұхамед (Мұқыш) Әділовтерді ауылдастары қатты қадірлеген. Күні бүгінге дейін ел аузында жүрген «Байсейіт-Мұқыш» жырында 1922-1923 жылдар қысында орын алған қасіретті Қараноғай-Шала оқиғасына орай халық намысын жыртқан осы ағайынды жігіттердің қаһармандықтары сүйіспеншілікпен баяндалады. Солар жайында әңгімелей келе, зерттеуші, ақын, жазушы Дулат Шалқарбаев «Ақиықтар» кітабында 1846 жылы Жаңаарқа ауданының Ақтау ауылында, қазіргі Қаражал қаласының іргесіндегі Қосағалы мекенінде туып, 1925 жылы өмірден өткен, өңірге әйгілі қарт жыршы, төкпе ақын Балабек Шопанұлының топ алдында шырқаған жырын келтіреді. Өлеңін Балабек ақын: «Жоқ емес азбандарын мақтайтындар, Байсейіттей шын ерді таппайсыңдар», – деп түйіндепті. Байсейіттің өзі де қаражаяу емес-тін, бірқатар қиссаны, байырғы жыраулардың толғауларын жатқа айтады екен. Оның ақтардың қамауында жатқан орыс-қазағы аралас серіктерінің көңілін көтеру үшін, орыс арасындағы келеке-мазақ өлеңді артистерше келістіріп, орысша орындағанын әйгілі «Тар жол, тайғақ кешуде» Сейфуллин де суреттеген. Шалқарбаев Байсейіттің «суырып салма ақындығы да болатын» деп, суырып салып айтқан бірқатар шумақтарын келтіреді. Мәселен, ақын әрі сазгер Мүсәйіп Байтілеуовке: «...Кедей жалшы, Кегіңді алшы. Үлесіңді алып қалшы...» Деп жар салған Мүсекем, Бұ да ірі кісі екен. Заманға солай үн қосу – Нағыз ердің ісі екен», – деген сөз арнайды. Сөз сайысы барысында: «Көтерсек те қаншама Бостандықтың ұранын, Арылта алмай келеміз, Мұз құрсаудай тұманын» деп бір түйіп, «Бұл күреске ешқашан, Бере алмайсың жай баға. Заман деген күрделі, Ойнамаңыз, қайнаға. Ажалменен біз талай, Бетпе-бет те келдік қой. Сонда өзіңдей кісіге, Құдіреттей сендік қой» деген ой айтады. Байсейіт Омбыда оқып жүрген жастарға қаражат жинау мақсатымен, Ақмолада арнайы сауық кешін ұйымдастырған екен. Кеште ол Сәкеннің «Бақыт жолында» пьесасын сахналап, басты рөлде революциялық дәуір қаһармандарының бірі Бәкен Серікбаев екеуі ойнаған көрінеді. Жалпы, Байсейіттің ел сүйінген істері көп болған, бірақ, Дүкең Шалқарбаев қынжыла жазғандай, қазақта күншілдік таусылған ба, аумалы-төкпелі заманда қазақтың атқамінерлері, еті тірі азаматтары күндестік пен қызғаншақтыққа ерік беріп, бірін-бірі құтырған қасқырдай талап жатты. Сондай нашар қасиет салдарынан талай боздақ, солардың ішінде Байсейіт те құрбандыққа ұшырады... Бетпақдалада бой тасалап жүргенінде Байсейіт нұралық ақын досы Жолдекей Нұрмағанбетовке былай деп хат жазыпты:

Тарылды-ау мынау дүние,
О, Жаратқан Тәңір-ай!
Үркек боп алдық бұл күні,
Мергеннен қашқан тағыдай.
Келіппіз ғой бекерге,
Үмітке сағым иланып.
Өзіміз құрған қоғамға,
Өзіміз қазір сыймадық.
Еркіндік ала алмадым,
Астында кең аспанның.
Достардың көбі сырт беріп,
Қасымнан шықты қастарым.
Ел үшін еңбек еттім деп,
Өртеніп еді-ау өзегім.
Бұтадай пана болмады
Ақырында өз елім...

Ел мүддесіне қызмет еткен, өз қолдарымен совет өкіметін орнатысқан Байсейіт пен Мұқыштың түбіне сол өздері құрған совет өкіметінің жетуі жерлестері үшін ақылға сыймас жайт еді. ГПУ-дің қарулы жасағы ауылда тұрғандықтан, тиісті жерлеу рәсімдерін жасай алмай, үш-төрт кісі Байсейітті асығыс жер қойнына берген екен. Бірақ 30-жылғы халық көтерілісіне дейін Сарысу ауданының орталығы болған Кент-Арал қыстағының түбінде, Қуарал деген жерде жатқан Байсейіт бейітін жерлестері кеңес заманында ұмытпай, әрдайым құпия соғып кетіп, мұңлы естеліктерге беріліп жүрген көрінеді. Ақыры, сонау қаралы оқиғадан тоқсан жыл өткенде, қоғам қайраткері, кәсіпкер-меценат Асаубай Майлыбаевтың бастамашылығымен, азаттық күрескері Байсейіт Әділовтің сүйегі Шу бойынан жерлестері мекеніне – Саудакент ауылына әкеп қойылды.

Бұл іс-шараны Жамбыл облысының, Сарысу ауданының әкімдіктері, облыстың діни басқармасы мақұлдады. Оның орынды жасалғанын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 30 мамырдағы Үндеуінде айтылған, жазықсыз репрессия салдарынан арманда кеткен асылдар аруағын ардақтай білу қажеттігі жайындағы ой растап тұр. Ендігі міндет – Үндеуге сәйкес құрылып жұмыс істеп жатқан Мемлекеттік комиссияның осы азаттық қайраткеріне байланысты орынды, әділ қорытынды жасауын күту. Сосын есімі мен қызметін азаматтарды, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге пайдаланатын шаралар ойластыру және оларды жүйелі түрде жүзеге асыру ләзім.

Бейбіт Қойшыбаев,          

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Репрессия құрбандарын толығымен ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5330