Жұма, 9 Мамыр 2025
Алашорда 421 0 пікір 8 Мамыр, 2025 сағат 12:43

Отаншылдық тәрбиесінде деректі шығармалар үлесі зор

Сурет: satbayev.university сайтынан алынды.

Биылғы 28 сәуірде өткен әдеби жыл қорытындысына дайындық қарсаңында менің қолыма  32 деректі кітап тиген еді.

Солардың ішінде жазушы-публицист Марат Байділдәұлы Тоқашбаевтың «Уақыт жебесі» атты бес томдық жинағы ерекше назар аударды. Жинақтағы туындыларға еліміздің мемлекеттік тәуелсіздік алғалы бергі отыз жыл ішінде өткен маңызды кезеңдері арқау болыпты. Автордың егемен еліміздің  өсіп-өркендеуі барысына жедел үн қатып тұрған жазбалары, дербестікке аса қажет ұлттық идеологияны қалыптастыру жолдарын қарастырған талдаулары, қоғамдық-саяси сараптамалары, әркімнің көзқарасын, мақсатын айқындауына, ұлттық құндылықтарды дәл ажырата білуіне жәрдемдесетін публицистикалық мақалалары, түрлі зерттеу еңбектері осы бес кітапқа топтастырылған. Публицистикасында Марат Ұлттық мемлекет құрудың басты шарты – қазақ тілін шынайы мемлекеттік тілге айналдыру деп түйеді, тұжырымдарын сан салаға сыни назар салу жолымен тарқатып баяндап, ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу ісін ұлт құндылықтары арқылы жүргізуге шақырады. Мемлекетшілдік сезімді бағалауға, қолдауға билеушілердің ниет танытпайтынын көрсетіп, қазақ халқына іс жүзінде қандай қиянат жасалғанын тізбелейді, оқырманға өзі жасаған ұлттық  идеология жобасын ұсынады. Күрескер автор отыз жылдық тоқырау жеткізген  кедейшіліктің сырларын ашқан. Өткен отыз жылда «ұлтаралық қатынастың қате формуласы қалыптасты» деп,  мұның себептерін ол «адасқан бағыт» пен «иммунитетсіз идеологиядан» іздейді. 2022 жылғы қаңтар қырғынына қатысты сыни пікірлері мен ой толғаулары да,  сондай-ақ билік жол берген тарихты бұрмалаушылық, тәуелсіздікті баянды ету үшін аса қажет шаралар кешенін жүргізудің орнына коррупцияның кең қанат жаюына жол беру мысалдары да жазушының өткір публицистік қаламына арқау болған.  Қазақстанның тәуелсіздігін қалпына келтіруге, ұлттық рухымызды  тоталитарлық кезең қыспақтарынан сақтап қалуға, материалдық және рухани құндылықтарымызды еселей түсуге үлес қосқан  жекелеген тұлғалар хақында зерттеулер жүргізіп, жазған эсселері, очерктері, түрлі сұхбаттары, әдебиет, өнер, ғылым салаларындағы көптеген белгілі тұлғалар,  заманымыздың үлкен қайраткері Дінмұхамед Қонаев пен оның ата-анасы жайындағы мақалалар ерекше танымдылығымен ерекшеленеді.  Автор кеңес-герман соғысының көпшілікке беймәлім, құпия тұстарын көптеген тың деректер келтіру жолымен айқара ашып береді, 28 панфиловшы ерлігі, Ленинград блокадасы сынды советтік мифтерді  де әшкерелейді. Мұстафа Шоқай бейітінің табылу тарихын, оны өлтірді делінетін Уәли Каюмханмен кездесуін әңгімелейді. Соғысқа қатысты танымды да қызықты деректер келтіреді. Тәуелсіздік жылдарында билік буындарында істеген белгілі тұлғалардан алған, өзінің де түрлі қызметтер атқарған кездерінде берген сұбхаттарынан дербес даму жолына түскен еліміздің тыныс-тіршілігін айқын танып білуге болады. Мараттың той мәдениеті, әдет-ғұрып, салт-дәстүр ерекшеліктері, дін мен дәстүр, жоғары адамгершілік қасиеттер жайындағы ой-толғамдары мен пікірлері, ислам құндылықтары мен қазақы дәстүрлердің үндес тұстарын қарастыруы, халықтың діни сауатын көтеруді көздейтін нақты ұсыныстары да оқырманды жайбарақат қалдырмайды. Марат Байділдәұлының осынау бестомдығы ұлт қайраткерлерінің тәуелсіздік жылдарында ел мүддесі үшін жүргізген күресінің айнасы болып шыққан.

Жазушы Қуандық Түменбайдың «Менің көзім арқылы» атты эсселер, портреттер мен мақалалар жинағы және «Жан әуендері» деген көсемсөз кітабы қаламгердің деректерді сөйлетудегі өзіндік әдеби тәсілімен, көркем тілімен оқырманын баурап әкетеді. Бұл екі жинақта ол деректі қысқа әңгімелері арқылы оқырманға кешегі тоталитарлық дәуір мен бүгінгі тәуелсіздік заманындағы адамдардың жан-дүниесінен танымды сыр шертеді.  Шап-шағын этюдтерінен адал еңбекпен аттары шыққан даңқты ардагерлер: Сыр бойындағы күріш өсіруші, әйгілі диқан Ыбырай Жақаев пен Мойынқұмдағы қазақы қой тұқымын асылдандыру мен елтірі сапасын жақсарту істерінде мол тәжірибе жинаған шопан Жазылбек Қуанышбаев және оларды өте құрметтеген еліміздің бірінші басшысы Дінмұхамед Қонаев хақында тағылымды мағлұматтар береді.  Қуандықтың жазбаларынан Әбділдә Тәжібаев, Әлкей Марғұлан, Шаһмардан Есенов, Асанбай Асқаров, Еркін Әуелбеков, Сәбит Мұқанов, Сәбира Майқанова,  Төлепберген Әбдірәшев, Надежда Лушникова сынды небір мемлекет, әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлерінің, өзінің көптеген мектептес және курстастарының, өзімен қатарлас ақын-жазушылардың да қызықты деректермен өрілген адамдық бейнелерін көреміз. Автор этюдтерінде тәуелсіздікпен келген жаңа заманның келеңсіз жақтарын әшкерелеуге де көңіл бөлген. Мәселен, баршамыз күнде куә боп жүрген деректерді жанға тие сөйлететін «Кие кетіп барады» дейтін жүрекжарды сыр шертуінде ол халқымыздың кие деген ұғымына шолу жасай келіп, қазақ киесі сынды ұлы Абай ескерткішінің қараусыз, күтімсіз тұрғанын, оған өзі қанша назар аудартуға тырысқанымен билік өкілдерінің немқұрайлы қарап жүргенін баян етеді. Биліктің қастерлі де киелі, қай тілде де оңай айтылатын, көңілге тез жатталып қалатын «нан» деген атауды жарнамаға өзге тілмен қосарландыра шығаруы арқылы да күні бүгінге дейін тегі басқалардың санасында қазақ сөзін құрметтеу сезімін телуге жол бермей келе жатқанын әшкерелейді. Кәсіпкерлеріміздің ұлттық мүддені, намысты жиып қойып, ақша соңына түскенін көрсетеді. Сөз киесі қалтарыста қалып бара жатқанына күнделікті тыныс-тіршіліктен әлденеше мысал келтіріп, «тілімізді тұқыртып жүрген – біздің интеллигенциямыз» деп қорытады, «шенеунік атаулының тілі ала-құла» екенін әшкерелейді. Баршамызды «киеден аттамауға» шақырады. Қуандықтың «Көзбояуы жоқ көріністер» тақырыбымен жариялап жүрген этюдтері екі кітапқа да бір-бір бөлім боп енген, сонау деректі қысқа жазбаларындағы жазушының көзі шалған оқыс көріністер, олардан түйілген тосын түйіндер мен берілген бағалар оқырманның жанын жадыратып, риза етеді. Және ойлантады. Осы небір деректі себеп-салдарымен алдыңа жайып салатын тілі тартымды қос кітаптың алғашқысында «Қанаты күйген қызғыш құс» деп аталатын бір ерекше деректі хикаят бар. Хикаятқа композитор, журналист Хасен Қожахметовтің  қуғын-сүргінге толы өмір жолы  арқау болған. Қуандықтың бұл туындысында студент шағынан тәуелсіз ой түюге бейім болған жас жігіттің жиырма жеті жасында КГБ қармағына түсіп, алғаш рет екі жылға бас бостандығынан айрылғанын, одан Сексен алтының желтоқсанындағы көтеріліске байланысты төрт жылға кесілгенін, бостандыққа шыққаннан кейін табанды да білікті, кәсіби  саяси күрескер деңгейіне көтеріліп, еліміздің тәуелсіздігіне қызмет етуді батыл жалғастырғанын ешқандай көркем қоспасыз, тек нақты деректермен, нағыз нон-фикшн стилінде баяндауы оқырманды риза етері сөзсіз.

Желтоқсан тақырыбын жазушы және публицист Талғат Айтбайұлының терең қаузап келе жатқаны мәлім. Ол оқырманды негізінен көтеріліс тарихымен және  көтеріліске қатысушылардың естеліктерімен таныстырып жүрген айғақ-кітабының 15 томын шығарған-ды, дегенмен жыл қорытындысында қарауға  былтыр жарық көрген «Өтпелі кезең көзімен», «Айтар ойым болған соң...», «Жүрегіме жүгіндім» атты эсселер, ой-толғаныстар, сұхбаттар жинақтарын және «Мың бір күн, мың бір түн» деректі романын ұсыныпты. Романда автор  кеңестік дәуірдегі қуғын-сүргінді, жоқшылықты бастан кешкен, балалар үйінде, мектеп-интернатта тәрбиеленіп, әскерге шақырылған, одан жаһандық соғысқа қатысқан, бейбіт заманда банк ісінің үздігі болған, жетпіс үш жасында жүгіруден чемпион атанған еңбек ардагері Әлжапар Мұстафаұлы Мұсаевтың өмір жолын кейіпкерінің атынан өте тартымды да танымды етіп, келістіре әңгімелеп шыққан. Талғат жоғарыда аталған көсемсөздік кітаптарында тәуелсіз даму жолына түскен еліміздің алдына әр кезде түрлі ретпен тартылған өзекті мәселелер жөнінен шыншыл сыр шертеді. Мәселен, «Өтпелі кезең көзімен» кітабында автор тәуелсіздіктің алғашқы алты жылында халқымыз ұшырасқан ауыртпалықтар мен қиындықтар жайында қалам тербейді. Ол қайраткер Заманбек Нұрқаділовпен ауыл шаруашылығы күйреп, зауыт-фабрикалар, ірі кәсіпорындар сатылып, билікті коррупция жайлай бастаған тұста сұхбат жүргізген. Ұлттық тіл, дәстүр, намыс, қадір-қасиет дегеннен мақұрым басшылық билеген телерадиокорпорацияның кері кеткен тағдыры жайында мақала берген. Жерді сатуға құлшынған үкіметтің Жер туралы заң жобасын екі бірдей халық өкілдігі – әуелі өзін-өзі өз еркімен таратқан парламент, одан Конституциялық сот күштеп таратқан  парламент кері қайтарғанда, Республика Президенті ешқандай да парламенттік талқылауды тосып жүйкесін жұқартпай-ақ, заңи күші бар жарлығымен оп-оңай жүзеге асыра салғанда, қоғам қайраткері, журналист-жазушы марқұм Балғабек Қыдырбекұлының «Жерді сатуға болмайды» деп тебірене жазған  мақаласынан Талғат салмақты ой өрбітеді... Автор талай тақырыпты қозғайды. Ауыл бейшара халге түскенде атышулы әнші Алла Пугачеваны Алматыға шақырған «жаңа қазақ» Бутя мырзаға құлаққағыс жасаған. Жезөкшелікті кәсіп етіп көше кезген бойжеткеннің: «Сен мені кінәлама» дегенінің түбіне бойлауға жұртшылық назарын аударады. Желтоқсан көтерілісінде қазақ қыздарының қаһармандығына қайран қалған белгілі заңгер, сенатор Сабыр Қасымовтың: «Егер Алматының алаңдары мен көшелеріне қыз-келіншектер шықпаса, Желтоқсан – елді соншалықты дүрліктірген, әлем жұртшылығының назарын аударған айтулы оқиғаға айналмаған болар еді» дегенін сүйсіне қайталап, халқының намысы жолында құрбан болудан қаймықпай, жүрекжұтқан қадамға барған қыздарымызға құрметіміз жетпей жатқанын ашына айтады. «Айтар ойым болған соң...» жинағында автордың «Қазақ билігі бәрімізді бейшара күйге түсірді», «Қазақтың байлығын жасаған халық құралақан қалды», сондай-ақ «Желтоқсанның жарасы» деген тақырыптармен берген өткір сұхбаттары бар. Ал «Жүрегіме жүгіндім» атты жинағында алғашқы кітаптарда қозғағандарын мейлінше тереңдете түскен. Еліміздің бас газеті бетінде 2010 жылы Президентті «қазақ елінің үшінші бақыты», «шын мәнінде әлемдік  деңгейдегі саяси тұлға», «...ренессанстық тұлға» деп дәріптеген сенатор, академик Ғарифолла Есімовтің парықсыз мадағын: «Ойланыңыз, Ғареке, ойланыңыз!» деген үндеу-мақаласында нақты дәлелдер келтіру арқылы батыл әшкерелеп, академикке: «...айлар, тіпті жылдар өте ме, кім біліпті, содан кейінгі өзгеріс кезіндегі кейпіңізді көріп, аяймын...» дейді. 2012 жылы Еуразиялық одаққа қатыспау, халықтың еркінен тыс жекешелендірілген стратегиялық маңызы зор кәсіпорындарды мемлекетке қайтару, барлық деңгейдегі әкімдерді таңдап сайлау жүйесін жүзеге асыру, т.т. жолдармен «отаршыл елді өзімізбен санасуға мәжбүр етейік» дейді. Мұндай батыл да маңызды жарияланымдармен қатар, кітаптағы әйгілі Желтоқсан және оның қаһармандары, 2022 жылғы Қаңтар жөнінде жазған мақалаларында келтірілген ащы шындықтар оқырманды терең тебіреніске бөлейді...

Желтоқсан шежіресін түзіп жүрген Талғат Айтбайұлы секілді, сол тақырыпты қару-қаламын жанкештілікпен тоқтаусыз сілтеуден танбаған тағы бір шығармашыл тұлға бар. Ол – жазушы-зерттеуші Көлбай Адырбекұлы. Талғат Желтоқсан шежіресін көтерілісшілер көзімен, ал Көлбай «Қазақ ісін» жүргізуге, яғни империяшыл-астамдықпен ойдан қиыстырылған «қазақ ұлтшылдығын» дабыралатуға шынайы бет-пердесін жасырмай кіріскен зымиян отаршылдардың ашықтан-ашық, отар ұлттың адал ұлдарын қылмыскер етуді көздеген озбыр іс-әрекеттерінің қоясын ақтарып, ащы шындықты ашу жолымен жасады. Мерзімді басылым бетінде тұрақты авторлық бағдарламасымен жария болған сараптамалары мен мақалаларынан ол «ХХ ғасыр: соңғы репрессия» деген атаумен бес-алты томдық жинақ құрастырды. Бірақ солардың бұдан 19 жыл ілгеріде, 2006 жылы, Д. Қонаев, А. Асқаров, К. Аухадиев, К. Нәрібаев, Ө. Жолдасбеков, С. Әшімбаев, Н. Нәдіров, Т. Қожакеев жайлы зерттеулері енген бірінші томы ғана жарық көрді. Өкінішке қарай, содан қайтып билік тұтқасын ұстағандар циклды жалғастыруға ыңғай танытар емес.  Тек жеке баспалардан бұдан бірер жыл бұрын ақын Болат Шарахымбайдың оқу ісінде әдетке айналып кеткен көзбояушылықпен орыс мектебінде қазақ тілі  мұғалімі болып істеген  кезінде қалай күрескенін жаңғыртқан жазбасы жеке кітапша болып жарық көрген-тін, ал өткен жылы алдарыңыздағы пақырдың Жоғарғы Кеңес Төралқасы аппаратының партия жиналысында 1986 жылғы 25 желтоқсанда көтерілісшілерді ақтап сөйлеген сөзіне байланысты көрген куғынына жүргізген публицистикалық зерттеуін тап сондай жеке басылым түрінде шығарған екен. Түсінікті себепке байланысты бұл жұмыс хақында маған қандайда бір тұшымды пікір айту қиын. Әйткенмен мынаны еске алған жөн: сол күрделі шақта, 17–18-ші желжелтоқсандағы көтерілістің артынша, оның себептерін ашуға тырысқан түрлі жиындағы: Ғылым академиясында СОКП Орталық Комитетінің өкілімен 24 желтоқсанда болған кездесуде – академик Салық Зимановтың, Жоғарғы Кеңес Төралқасы аппаратының 25 желтоқсандағы партия жиналысында – қатардағы коммунист ретінде менің, Жазушылар одағында 31 желтоқсандағы орталық эмиссары Геннадий Колбинмен кездесуде ақын Жұбан Молдағалиевтің сөйлеген сөздерінің мәтіндері баспасөзде жарияланып жүргенмен, олардың ешқайсысы содан бергі отыз пәленше жыл бойы сындарлы талдауға алынбағаны мәлім. Сол «ақтаңдақты» зерттеуді тұңғыш рет жазушы Көлбай  Адырбекұлы  қолға алды. Зерттеуінің нәтижесін  қаламгердің «Казахское дело»: Бейбіт Қойшыбаев» атты кітапшасымен танысқан әркім оқып-біліп, Сексен алтының Желтоқсанындағы саяси көтеріліс пен оның «кіші 37-ге» ұласқан салдарының өрбу жолы және көтерілістің шын себептері жайында өзінше, әрі, сөз жоқ, көп жұртты шарасыздыққа душар еткен кеңестік отарлық билік пен құқықсыз отар ахуалы һәм отардағы метрополия боданының мүшкіл халі, империялық ұлт саясаты мен бір жақты интернационалистік көзқарас қалыптастырған заманауи қасаң әлемде болашағы зор болмағы күмәнсіз «жаңа адам»  хақында кеңірек ой түйе алады. Бұған автордың сол шақтағы қағаз жүзінде ғана дамыған озық саяси ой деңгейіне билік тұтқаларын ұстаған жақша ішіндегі «коммунизм құрылысшылары» сана-сезімінің қаншалықты сәйкес болғандығын қарастырған байыпты пайымдары жәрдемдеседі. Көлбай Адырбекұлы мәселенің тамырын айқын ажырататын сауатты сарапшылылығымен өзінің қандай да құрметке лайық екенін көрсетті.

Әлгінде оның Желтоқсан туралы туындыларының бірінің кейіпкері ретінде аталған Болат Шарахымбай Одаққа өзінің «Сұрапыл сынақ ғұмыры» атты публицистикалық эссесін ұсыныпты. Кеңес Одағының батыры, Еңбек ардагері Сейітқасым Әшіровке арналған үш бөлімнен тұратын кітабының алғашқы бөлімінде автор кейіпкерінің 1942 жылы он сегіз жасында әскерге алынғанын, үш айлық жеделдетілген оқудан өтіп майданда барлаушылар қатарына қосылғанын, жиырма жасқа жетпей жатып Батыр атанғанын, екінші бөлімде соғыстан кейінгі бейбіт өмірде «туған елдің әл-ауқатын көтеруді ... Үшінші бөлімге топтастырылған естеліктерде оның өсу жолдары, елге сіңірген еңбектері, адами қасиеттері жайында шерткен небір жүрекжарды сырлары бар.

Жазушы Жақсылық Айжанұлы «Елдің адамы еді» кітабында архив деректерін іздестіру және көзкөрген әріптестерінің естеліктерін жинастыру жолымен жаһандық соғыстың және одан бергі жасампаз еңбектің ардагері Ишан Турлиннің тағылымды өмір жолын жаңғыртыпты. Әке-шешесі кеңестік солақай реформа салдарынан қолындағы аз малынан айрылып, бала-шағасына ашаршылық жылдары қорек тауып бере алмай аштықтан дүние салғанда, жақын туысының  қамқорлығымен жетілген жеткіншек 1942 жылы он сегізге толысымен әскерге шақырылып, Сталинград майданынан бір-ақ шыққан екен. Соғыста қатты жарақаттанып, елге оралған бетте оған жауапты қызметтер тапсырыла бастапты. Оның қарапайым еңбек адамдарына деген риясыз қамқорлығы естеліктер арқылы шыншыл да сүйіспеншілікпен көрсетілген. Кейіпкердің тағлымды ғұмыры оқырманды жақсы сезімге бөлеріне күмән жоқ.

Одақтың қарауына келіп түскен шығармалар қатарында бітімі өзгеше екі жинақ бар. Бірі – Қапез Қожахметовтің «Таланты – ерек, табиғаты – бөлек» деген кітабы. Бұл жинаққа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мағира Дәулетбекқызы Қожахметова мен оның туындыларына байланысты мерзімді басылымдар беттерінде өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан қазіргі шаққа дейін жарияланған пікірлер, ірілі-ұсақты мақалалар, рецензиялар, кітаптарына жазылған жабық рецензиялар енген. Сондай-ақ Мағираның журналистік қызметтері, балаларға, жұртшылыққа арнап шығарып жүрген басылымдары жайындағы мақалалар, ой-пікірлер, оның өзінің қилы мәселелерді қозғаған сұхбаттары топтастырылған. Осылардың бәрі қосыла келе, тамаша журналист, жазушы, өнертанушы, драматург, шығарушы-редактор қызымыздың толымды бейнесін сомдайды. Жинақ алғашқы әдеби тәжірибесінен үлкен жазушы мәртебесіне жеткенге дейінгі  жарты ғасыр ішінде қандай шығармашылық жолдан өткенін көрсете келе, жан-жақты, ізденімпаз, ғылыми ұшқыр ойлы, нағыз көркемсөз шебері  Мағира Дәулетбекқызының толыққанды бейнесін оқырманның көз алдына жастар үлгі алуға тұрарлық кейіпте әкеледі.

Біз әлгінде бітімі өзгеше деп ерекшелеген кітаптардың екіншісі –ақын Байбота Қошым-Ноғайдың «Үлпет. Сұхбаттар мен сұрақтарға жауап» жинағы.  Мұндағы түрлі басылымдарға берген cұхбаттары мен өзіне арнайы қойылған сұрақтарға қайтарған жауаптарында Байбота өзінің шығармашылығымен астастыра әдебиеттің, әсіресе, өзі елеулі еңбек сіңірген балалар әдебиетінің жай-күйін, сондай-ақ түркітанудағы ізденістерін, өзге елдердің ірі ақындары жайлы ойларын, қоғамда орын алған құбылыстар хақындағы пікірлерін айтады. Кітап жеке басының сыршашулары арқылы көрнекті ақынды терең тануға, оның тамаша поэзиясын, кең ауқымды ой өрісін жақсылап түсінуге өте қолайлы мүмкіндік жасайды.

Журналист-жазушы Бекен Нұрахметов «Менің тағдырымдағы адамдар. Эсселер» кітабында қаламгердің мектептегі ұстаздары, жоғары мектепте журналистика мамандығын бірге меңгерген курстастары, баспасөз органдарында, сондай-ақ тәуелсіздік жағдайында жаңадан қалыптаса бастаған кеден бекетінде істеген шақтары,  еңбек жолында қызметтес болған, түрлі жағдайда кездестірген  белгілі кісілер жайында жылы да танымды естеліктер берген екен. Оның көптеген белгілі тұлғалар, әсіресе Д. Қонаев, К. Қазыбаев, Б. Сапарбаев, Ә. Ахметов, М. Өзтүрік туралы жазғандары деректілігімен, шынайылығымен оқырманын риза етеді.

Жазушы Жалғасқали Дүтмағанбетовтің «1812 жыл: Соғыс және бейбітшілік (Қазақы нұсқа)» атты үш кітаптан тұратын романы қазақ әдебиетіндегі бұрын көтерілмеген мүлдем тың тақырыпты арқау етуімен елең еткізеді. Қаламгер қазақтардың орыстармен қарым-қатынасын, орыс-француз соғысына қатысуын Наполеон шапқыншылығына дейінгі, сол кездегі және одан кейінгі  тарихи деректерді, ел ішінде сақталған ауызекі мәліметтерді пайдалана отырып жаңғыртады, тақырыбын әдетте Каспий теңізінің терістігіндегі Қайыршақты ауылын қыстап, көктем шыға Орынбор жағындағы Тұзтөбеге көшіп жүретін, өз заманының озық ойлы тұлғаларының бірі Құрманқұл бидің империя боданына айналғалы бергі түйгендері мен іс-әрекеттері және оның ұрпақтарының іс-әрекеттері арқылы ашады.

Қазақ жасақтарының дұшпанға қарсы ерлікпен шайқасуы, француз әскерінің құрамындағы мамлюктермен ұрыста олардың өз сарбаздарымен бір тілде сөйлейтіндерін  біліп қайран қалулары, Бородинодағы жеңістен, жалпы, Наполеон шегінуге бет алғаннан кейін майдангер қазақтардың бірқатарының елге орала бастауы қызығушылықпен оқылады. Орыс үкіметінің қазақтарды шоқындыру саясаты өз алдына, жекелеген қазақтардың әскери өнер үйренуді, от қаруға ие болуды мақсат етіп өз еріктерімен шоқынуы, бірақ мұсылмандығын жадынан шығармауы  Құрманқұл бидің алдында өз дініне қайта оралған тарихтан белгілі патша офицері Яков Беляков – Жақып Бөлеков мысалында көрсетіледі. Парижге дейін жеткен қазақ қосынының сарбаздары қаланың орталық сәнді ауданында тәртіптің сақталуын қадағалағаны, Құрманқұл бидің немересі Құлынқараның серігі Жаһангермен бірге әлдеқалай Джули есімді француз қызын озбырлар қолынан қалай ажыратып алғаны, ұзамай Джулидің қасындағы Мишель деген қызбен танысқаны, тағдырдың жазуымен, Мишельді әке-шешесінің батасымен еліне алып қайтқаны әсерлі суреттелген. Құрманқұл би қазақы тұрмысқа шын ықыласымен бейімделе бастаған келініне разы болады... Құрманқұл би ұрпақтары арасында шөбересі Ер Қосыбек Ішкі Ордадағы Исатай, Махамбат көтерілісіне, Арқадағы Кенесары ханның озбыр отарлаушыға қарсы соғысына қолдау білдіріп, жәрдемін беріп тұрған екен.   Қосыбектің бір ұлы Сатыбалдының баласы Салду Оралдағы реалды училищеде әйгілі ұлт-азаттық қозғалыс қайраткері Жаһанша Досмұхамедовпен бірге оқыған көрінеді. Романда одан әрі Алаш қозғалысы, кеңес дәуіріндегі  оқиғалар, депортация, соғыс зардаптары, тоталитаризмге қарсылықтар, Желтоқсан көтерілісі, Жаңаөзен оқиғасы сөз болады. Оқырманды елең еткізіп, қуып оқуға қызығушылығын туғызатын тағы бір  жәйт – Құрманқұл би ұрпақтарының бір буынынан бүгінгі АҚШ-тың экс-президенті Джо Байденнің шығу тарихы. Ал мүлдем беріде Құрманқұл бидің Салдудан тараған  бір ұрпағы Жолдасқали Мұсағалиұы жер сатуға қарсылық көрсету акциясына қатысады. Атыраудағы Исатай, Махамбет алаңында өткен жиында оның  ашынып сөйлеген сөзінің жұртқа қатты әсер еткенін,  қарсылық акциясының халықтың үлкен жеңісінің алды болғанын айта келе, қаламгер Жалғасқали Дүтмағанбетов «қазақтың теперішке толы тарихындағы» «көп айтыла бермейтін тақырыпта» жазған, кең уақыттық кеңістікті қамтыған аталмыш трилогиясын енді оқырман талқысына ұсынғанын білдіріп, туындысына нүкте қойыпты.

Кенжеғали Қошым-Ноғай «Парыз» атты танымдық мақалалар мен зерттеулер жинағының «Салт-дәстүрің – қазынаң» деген алғашқы кітабына тәуелсіздік дәуірінде мерзімдік басылымдар беттерінде жариялаған мақалаларын топтастырыпты. Ел ішіндегі түрлі этнографиялық көріністер, адамгершілік мәселелері, аңшылық, халық емшілігі, сондай-ақ ағымдағы саясат тармақтарына орай туған пікірлері, жазбалары жинақталып, оқыған жанға ой салатын, шын мәніндегі танымды да пайдалы кітап деңгейіне көтеріп тұр.

Қайым-Мұнар Табеев «Ең соңғы майдан» атты жинағында әйгілі Желтоқсанға байланысты сол кезгі барлық ресми құжаттар мен материалдарды, көтеріліс жайын зерттеген комиссияға берілген биік қызметтегі адамдар мен барша қатысы болған тұлғалардың, қатысушылардың түсініктерін, республика қауіпсіздік комитетінің, қоғамдық комиссияның анықтамаларын жинастырған, Желтоқсан оқиғасын тексеру жөніндегі парламенттік комиссияның хабарламасын және оны тарату жөніндегі Жоғарғы Кеңестің Қаулысын берген, соларға тиісті түсініктеме жасай отырып, сондай-ақ, көтеріліс шындығын қайткенде жұртшылықтан жасыруға тырысқан жоғары биліктің әрекеттері мен еріксіз барған шегіністерін  баяндаған. «Алаш арулары» деп аталған арнайы бір бөлімінде кенестік құқыққорғаушы мекемелер қызметкерлерінің қыздарға көрсеткен жосықсыз озбырлығын көрсеткен. Одан кейінгі бөлімдерде әріптестерінің пікірлері, өзінің басылымдар тілшілеріне берген сұхбаттары және Желтоқсаннан соң да орын алып тұрған бұлғақты оқиғалар, солардың ішіндегі 2004 жылғы Шаңырақ, 2022 жылғы Қаңтар сынды ірі ереуілдер сырына үңіліп, парасатты байлам жасауға тырысқан. Ал «Қуғынға түскен ғұмыр» атты деректі хикаятында Желтоқсан көтерілісіндегі жастардың ерлік істерін нақты құжаттар мен айғақтарды пайдалана отырып, көркем тілмен баяндап шыққан. Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтен бастап, көптеген желтоқсаншылардың өмір жолы, жазалаушылардың іс-әрекеттері қилы деректер негізінде әділ көрсетілген.

Бертінгі онжылдықта «Қаралы көш» тарихи романы арқылы кең танымал болған жазушы, тарихшы Жәди Шәкенұлы «Шыңғыс ханның қарызы» атты зерттеулерінде әлемді тітіретуші дәуірінен, оның үлкен ұлы құрған Ұлығ ұлыс пен сол жұртта шаңырақ көтерген қазақ мемлекеттігі   тарихынан қызықты сыр шертеді. Ал  «Қан кешкен Өр Алтай» деген деректі зерттеулері Алтай қазақтарының кейінгі екі ғасырда бастан кешкен неше алуан ауыр оқиғаларын, қытай Алтайына көшу, одан әрі Гималай асуға ұласқан ұзақ көш бойғы қасіреттерді, қилы зұлымдықтар көріністерін нақты айғақ-дәлелдермен суреттеп, Оспан батыр мен өзге де көптеген белгілі тұлғалардың, азаттық аңсаған ақындардың өмір жолдарын жаңғыру арқылы оқырманның көз алдына әкеледі. Өр Алтайдағы қытай саясатына қарсы көтеріліс, Алтайдың Қобда бетіне ауу, қытай жерінен көшіп, Тибет, Кашмир, одан Түркияға жету   ауыртпалықтарын Жәди көптеген естеліктерден үзінді келтіре отырып баяндайды.  Қайрат Айдарханұлымен бірлесіп жазған «Алтай алыптары» деген деректі хикаяларында  аттары аңызға айналған балуандар жайлы әңгімелейді. Танымды, қызықты.

Жанарбек Бұлғақов, Айтақын Бұлғақов «Әкеtime. Сапалы 5 минут» деген бала тәрбиесіне арналған кітабында ұлттық құндылықтардың заманауи талаптарға ұштастыру, аға буын өнегесінің өскелең ұрпақ көзқарасымен үйлесім табуы жолдарын әңгімелейді. Бұл кітаптың қазіргі заман ата-аналарына, педагогика мамандарына пайдалы екені дау туғызбайды.

Ақын Қайрат Бестібаев «Рота, подъем! Боямасыз баян» деген кітабында әскери қызметте бастан кешкендерін және жеке өмірінің әр сәтінен естеліктер беріпті. Кітабының анықтамасында көрсеткеніндей, шын мәнінде ойдан шығарылған еш көркем қоспасы жоқ, күнделікті тіршіліктен жазылған нағыз «боямасыз баян» боп шыққан.

Осы шолуда айтылатын «Менің көзім арқылы» деген кітабында Қуандық Түменбай  курстасын «Қонаевтың «соңына түскен» дара қаламгер» деп бағалаған, «Әлмерек» деген бүркеніш есімі бар, «Таңғажайып Қонаев» роман-эссесімен танымал белгілі қонаевтанушы Ораз Қауғабай, «Әлмерек» деп бүркеніш есімін алға тартады деп көрсеткен Ораз Қауғабай жыл қорытындысында қарауға  биыл екі кітап ұсыныпты. Бірі – тағы да Димекең жайында, Қуандықша айтқанда,  «ел билеген осы бір дара тұлғаның басқан ізіне үңіле жүріп, ақсақал-қарасақалдардың аузын бағып, шындықтан ауытқымай» қағазға түсірген, жан-жақты зерттеулері нәтижесінде «Ақылманның балалық және жастық шағы» деген тақырыппен шығарған шағын кітапшасы. Мұнда ізденімпаз автор Димекеңнің арғы аталары, әкесі жайлы, балалық шағынан, мектеп шәкірті, студенттік шағы кездерінен, үлгі тұтқан және шарапатын көрген тарихи тұлғалар хақында тірнектеп жинаған қызық деректерді келтіріп, қайраткер өміріндегі тылсым, сыры жұмбақ жағдайларды, сондай-ақ жеке басының қасиеттерін тізбелейді. Осы кітапшамен қатар автордың «Әз Тәуке және Әлмерек»  атты танымдылығы  көзге ұрып тұрған кітабы жарыққа шыққан екен. Автор отыз шақты жыл бойы зерттеп, жинаған деректері негізінде  Әлмеректі Тәуке хан тұсында белгілі би болған тарихи тұлға ретінде танытқан.

Құрманғали Жұмағазыұлы Закариянемересінің «Аталар тарихы – ұрпаққа аманат» атты шежірелік деректер кітабы бір әулет шежіресін тарихпен, тарихи оқиғалармен және тарихта із қалдырған тұлғалармен байланыстыра түзіпті. Кітап қилы қиын кезеңдерден тарихи анықтамаларды, танымды сәттерді шежіресімен астастыра жандандырып, кеңестік зұлмат жылдарды, соғыс дерттерін, тіпті кешегі Желтоқсан көтерілісі жаңғырығын тілге тиек ету арқылы оқырманын отанды, ел мен жерді сүюге шақырады.

2024 жылы жарық көрген деректі туындылардың қолыма тигендеріне  шолуым дөңгеленіп соңына келіп қалғандықтан, солардың ішінде менің де болашақ тәуелсіздік күрескерлеріне пайдалы болуды мақсат еткен «Тәуелсіздік һәм зиялылар» дейтін кітабым да бар екенін еске сала кеткенім артық болмас.

Жалпы, деректі проза, танымды  әдебиет еліміз мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағаннан бастап айрықша маңызға ие бола бастаған-тұғын. Қазіргі жағдайдың да бізді отаншылдық, азаматтық сезімімізді ұштай түсуге, өзімізді-өзіміз жете тани түсуімізге міндеттейтіні, әсіресе Тәуелсіздігімізге отыз жылдан асқан сәтте болған ауқымды әрі қасіретті оқиғаның мұны қуаттай түсетіні баршамызға аян. Осы орайда танымды  әдебиетке артылатын ізгі ниет үдесінен шығуды, біздің ойымызша, шолуымызда атаған кітаптардың баршасы да көздеген. Қай-қайсысы да оқырманның азаматтық позициясын нығайта түсуге жәрдемдесері хақ. Тек, сөзіміздің соңында,  таралымның мардымсыздығын естен шығармай, оны ретке келтіру жолдарын табуға тырысуды жазушылар ұйымы боп ешқашан  ұмытпағанымыз жөн дегіміз келеді.

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 1974
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 2767