Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі: «Құрылысқа немқұрайды қараған мердігерлердің тізімін БАҚ беттерінде жариялау қажет»
Соңғы жылдары елімізде құрылыс индустриясының ерекше қарқынмен дамып келе жатқаны рас. Жыл сайын жүздеген жаңа көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар халық игілігіне пайдалануға берілуде. Ал шығыстағы жағдай қандай? Бір қарағанда, мемлекет тарапынан қаржы аямай-ақ бөлініп жатқан секілді. Расында, солай. Мәселен, биыл облыстың құрылыс саласына бөлінген қаражат өткен жылғымен салыстырғанда 30 пайызға ұлғайыпты. Сонда гәп неде? Гәп құрылыс жүргізуші компаниялардың жауапсыздығында секілді.
Соңғы жылдары елімізде құрылыс индустриясының ерекше қарқынмен дамып келе жатқаны рас. Жыл сайын жүздеген жаңа көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар халық игілігіне пайдалануға берілуде. Ал шығыстағы жағдай қандай? Бір қарағанда, мемлекет тарапынан қаржы аямай-ақ бөлініп жатқан секілді. Расында, солай. Мәселен, биыл облыстың құрылыс саласына бөлінген қаражат өткен жылғымен салыстырғанда 30 пайызға ұлғайыпты. Сонда гәп неде? Гәп құрылыс жүргізуші компаниялардың жауапсыздығында секілді.
Қаржы қыруар, құрылыс қайда?
Жақында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің құрылыс саласын сарапқа салған үлкен жиын өткізді. Осы жиында біраз жайтқа қаныққандай болдық. Мәселенің байыбына бару үшін әуелі деректерге үңіліп көрелік.
Облыс әкімінің орынбасары Жомарт Мұратовтың айтуынша, өңірімізде жүріп жатқан құрылыстардың қарқыны баяу. Құрылыс компаниялары қазынадан бөлінген қаржыны дер кезінде игермейді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанына белгіленген 11 308,2 млн қаражаттың тек 79,3 пайызы ғана игерілген. Оның ішінде республикалық қазынадан бөлінген қаржының 164,7 миллион теңгесі игерілмеген. Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов кентінде салынып жатқан мектеп пен Қатонқарағай ауданындағы Үлкен-Нарын ауылындағы балабақша құрылысына бөлінген ақшаның 64,2 млн, Зимовьевтегі интернат-үйінің құрылысына қарастырылған қаржының 64,7млн, сондай-ақ Үржардағы Алакөлдің жағалауын бекітуге бөлінген қаржының 36 млн теңгесі игерілмеген. Жергілікті бюджеттен бөлінген 5612,2 млн теңгенің 2194,8 миллионы да игерілмей сол күйі қалған. Мұны бір деп қойыңыз.
Екінші мәселе - мердігерлердің құрылыс нысандарын мерзімінде аяқтамай отырғаны. Мысалы, Үржар ауданына қарасты Қаратұма мен Науалы ауылдарындағы білім беру нысандары өткен жылы пайдалануға берілуі қажет болатын. Өңірдегі апатты жағдайдағы мектеп құрылыстарын жүргізуде мердігерлер кестеден айтарлықтай қалып келеді. Олардың қатарында Күршім ауданының Үшбұлақ, Ақжайлау, Қарашілік ауылдарында 80 орындық мектеп құрылысын жүргізіп жатқан «ВостокКапиталстрой», «Профистрой», «ZhT Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.
Үшінші, құрылыс сапасын бақылайтын техникалық бақылаушылардың бақылаусыз кеткені. Бұл жөнінде облыс басшысы Бердібек Сапарбаев:
- Мен құрылыс алаңдарында жиі боламын. Өткенде ғана Зырянда соңғы 30 жылдың ішінде бірінші рет «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында қолға алынған көпқабатты үйдің құрылысымен таныстым. Сонда техникалық бақылаушы қайда десем, ешқайсысы білмейді. Техникалық бақылаушы дегеніңіз күні бойы құрылыс басында болуы керек емес пе? Сонда ол не үшін еңбекақы алады? Ал ертең сол құрылыс аяқталғаннан соң, көп мін тауып жатамыз. Бұған енді кімді кінәлаймыз? - дейді.
Жауапсыз мердігерлердің тізімі БАҚ-та жарияланатын болды
Осы кеңесте Үржар ауданындағы Айтбай ауылындағы 130 орындық мектеп құрылысы салынып жатқан жерден су шыққаны да айтылды. Сонда мердігер мекеме бұл жерде құрылыс салуға болмайтынын білмеген бе?
- Барлық жобалаушылар мен мердігерлер, жоба мен ұсыныстың көптігінен сіздер көкке керги бастадыңыздар, - деді облыс басшысы. - Қалай болса, солай жоба жасауға бола ма? Мысалы, біздің өңірдің қатал табиғатына жайпақ шатырлар мүлдем жарамайды.
Кеңесте құрылыс материалдарының сапасы туралы да сөз болды. Облыс әкімі барлық мердігерге білім мекемелері құрылысында жіберілген кемшіліктерді 1 тамызға дейін жөндеуді қатаң тапсырды. Сонымен қатар енді олар нысанды пайдалануға беру мерзімін кешіктіргені үшін айыппұл да төлейтін болады.
Сонда айтса - сөз, атса оқ өтпейтін жауапсыз мердігерлерге қайтпек керек? Қандай шара қолдану керек? Кесімді сөзді облыс әкімінің өзі айтты.
Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
- Құрылысқа немқұрайды қараған мердігерлердің тізімін БАҚ беттерінде жариялау қажет. Отандастарымыз опасыз құрылыс компанияларын жатқа білсін.
«Абай-ақпарат»