1932-33 жылдардағы есте қалған ашаршылықтың азабын шегіп, құрбан болған жандар үшін үнсіздік жариялап, еске алу, олардың сол кездегі бастан кешкен алапат кезеңдерін айтып өту баршамыздың парызымыз. Себебі бұл да сол жылдың ауыртпалығын еңсергендердің жадында қалған тарих. Кешегі күнімізді, тарихымызды білмей, ертеңімізді түзеу мүмкін болмас. Осыны ескеріп Елбасы мамырдың 31-ін - Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні етіп жариялады.
1928-1932 жылдардағы ашаршылық талайды қаңсыратып, жұртымызға қайғы-қасірет әкелгені бәрімізге аян. Сол кезде халық аштықтан өлім халіне дейін жеткен. Аман қалудың көзін көксеген халқымыз бытырадай жан-жаққа шашырап, беті ауған жаққа тарта берген. 1929-1939 жылдар аралығында 2 миллионнан астам халық аштан қырылды. Сол қиын шақта, яки 1932 жылы дүние есігін ашқан Гүлзада Садықкеліні: «1929 жылы Кеңес үкіметінің қабылдаған күштеп ұжымдастыру саясаты халықтың барын тартып алуға әкеп соқты. Халықтың меншігіндегі мал мен жерлерін мемлекет меншігіне өткізілді. Ал мал-мүлкін бергісі келмегендер Кеңес үкіметіне қарсы шыққандар саналды. Халықтың дүние-мүлкі талан-таражға түсті» дейді өзіне дейінгілерден естігенін айтты. - Сол жылдары Отанымызда қаншама халық аштықтан қырылып жатса, қаншама адам шыдамай, Қазақстаннан бел асып кетті. Жейтін тамақ та болмады. Күнін көріп отырған малын тартып алған соң, хал мүшкіл болды. Анам колхозда істеген соң, оларға жалақының орнына кейде бидай берілетін, бидайдың илеуінен қалған масақтарды да терген кездері болған. Соны әкеліп қол диірменімен ұсатып, содан қатырма, талқан жасап, әйтеуір сонымен жүрек жалғайтынбыз. Даладағы жуа шөпті де сүтке ысытып, көже етіп, тамақ қылдық. Ол кездері бейшара халыққа ешкім мейірім танытпады, ал халық арасынан шыққан ауқатты дегендеріне күн көрсетпеді. Менің дүниеден озып кеткен жарымның тегі бай әрі оқыған кісілер болған екен. Сол үшін де олар талай қудаланған. Қайта-қайта ізін аңдыған соң, туыстарының кейбірі елімізден қашып, Қытай жаққа бет ауған. Ал 1937 жылы отағасының әкесін қудалап, абақтыға жауып, ақыры атып өлтірген екен. Алапат аштықтың салдарынан талай адам қырылды, тіпті далаға шықсаң, көз алдыңда өліп жатқан адамдарды көретін күйге жеттік. «Әсіресе, кен өндірілетін рудниктерде бір күнде жүзге жуық кісі мерт болған» дейді шешем. Адамдар бір-бірін жеген кездері де болған екен. Бірде колхоздан жалақының орнына берілген бидайды Семейдің Ақжал руднигіне сатуға барған. Сол кезде Ақжал руднигінен шыққан кенді шетелдіктер келіп талап жатты. Олар сол жақта өздерінің дүкендерін де ашып алған. Сонда ашыққан халық сәл де болса артылған бидайды солардан ақшаға, тамаққа ауыстырған. Анам өзімен мені кішкентай болған соң және тағы бір туысымыздың баласын ертіп, бидайдың орнына тамақ немесе ақша алайын деп барған екен. Сонда мені туысымыздың баласына қарай тұр деп, бізді бір жерге отырғыза тұрып, өзі қапшықты арқалап кеткен. Анам келсе, мен болмаппын. Әлгі бала - әкемнің інісінің 9 жасар баласы болатын, содан сұраса, бір орыс әйел қолымнан жұлқып тартып алып кетті дейтін көрінеді. Шешем қаны басына шауып, не істерін білмей, аласұрып қалыпты. Сөйтіп, зәре-құты қашып, әлі кетіп отырған уақытында, бірер сағаттан кейін жетектеп орыстың әйелі келіпті. «Менің балам жоқ еді, бала қылып асырап алайын деген едім» деп ақталып, кешірім сұрап, қайтарып беріпті. Содан кейін анам мені «біреудің қазанына түсіп кете жаздаған қызым» деп отыратын ылғи. Анамнан да, әкемнен де ерте айырылдым. Әкем менің 9 жасымда өмірден озып, бар ауыртпалықпен анам өзі күрескен. Кейін бес жылдан соң, 14 жасымда шешем де қайтыс болды. Содан әкемнің туыстарының қолына бардым. Жетінші сыныпқа дейін интернатта оқып, одан соң қалған үш сыныпты Өскемен қаласындағы қазақ мектеп-интернатында оқып, 10-сыныпты сонда тәмамдадым, - дейді Гүлзада Садықкеліні. Қырық жыл бойы биология пәнінен сабақ берген Гүлзада Садықкеліні сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Сондай-ақ, Еңбек Қорының қатысушысы, Халық білімінің үздігі атағы бар. Гүлзада апа Елбасының ашаршылық қасіретінің, сол шақтағы саяси зобалаңының құрбандарын елеусіз қалдырмай, оларды еске алуға бір күнді арнағанына дән разы. Сонымен қатар ашаршылық жылдары туылған көзі тірілерді де елеусіз қалдырмаса құба-құп болар еді деген лебізін де жасырмады.
Нұрсұлу МЫРЗАБЕКОВА
|