Көкшеде көл тартылып барады
Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Серік Ахметов Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жұмыстарымен жан-жақты танысып шықты. Байқап қарасақ, жұмыс жүріп жатыр - Щучье мен Бурабай көлдері айналысында зәулім ғимараттар бой көтеріп, қазақстандық «Лас-Вегастың» сән-салтанатын құруда. Дегенмен проблема да жоқ емес. Оның бірі - аймақтың инфрақұрылымы. Үкімет ақша бөлсе, Бурабай ауданының жаңа әкімі оның бәрін тындырам деп отыр. Екінші әрі маңызды проблема, ол - өзен-сулардың тартылуы. Оны шешпесек, судың жағасында салынып жатқан құрылыс нысандарының барлығы айдалада қалып қоюы әбден мүмкін.
Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Серік Ахметов Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жұмыстарымен жан-жақты танысып шықты. Байқап қарасақ, жұмыс жүріп жатыр - Щучье мен Бурабай көлдері айналысында зәулім ғимараттар бой көтеріп, қазақстандық «Лас-Вегастың» сән-салтанатын құруда. Дегенмен проблема да жоқ емес. Оның бірі - аймақтың инфрақұрылымы. Үкімет ақша бөлсе, Бурабай ауданының жаңа әкімі оның бәрін тындырам деп отыр. Екінші әрі маңызды проблема, ол - өзен-сулардың тартылуы. Оны шешпесек, судың жағасында салынып жатқан құрылыс нысандарының барлығы айдалада қалып қоюы әбден мүмкін.
Щучьенің жағдайы мәз емес
Вице-министр С.Ахметовтың жұмыс сапары Щучье қаласынан басталды. Шыны керек, бұл жердің инфрақұрылымы әбден тозып қалған. Үкімет басшысының орынбасары да өз таңданысын жасыра алмады. «Бұған дейін жергілікті әкімдер не бітірді?!Мен соны түсінбеймін!», - деді ол арнайы кеңесте. Бүгінде Щучье қаласының жолдары әбден ескірген. Қалада дені түзу бір-ақ көше бар. Ол - Мұхтар Әуезов атындағы орталық көше. Бірақ оның да тозығы жетті. Соңғы рет бұл көше тоғыз жыл бұрын жөнделген еді. Бурабай ауданының жаңа әкімі Ғазиз Әлібидің хабарлауынша, Щучье қаласында 163 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу қажет. Оған 37 млрд теңге керек. Болашақта қала жолдарын халықаралық талаптарға сай етіп салу жоспарланған. «Дегенмен республикалық бюджеттің қолдауы болмай, ол мәселені шешу мүмкін емес», - дейді әкім.
Сапар барысында С.Ахметов қаладағы жылу мәселесімен етене танысып, шағын бір қазандықты да қарап шықты. Оның да тозығы жеткен. Щучьеде ондай қазандықтардың ұзын саны 43-ке дейін жетеді. Қала басшылығы оларды мазут негізінде істейтін модульдық қазандықтарға ауыстыруды көздеп отыр. Оған да біраз қаражат қажет. Мәселен, бір шағын ауданның қазандығын ауыстыру үшін 75 млн теңге керек. Құбырға - 10 млн теңге, ал жылу желісін тарту үшін тағы 150 млн теңге қажет болады. Жаңа әкім Ғазиз Әлібидің хабарлауынша, бүгінде қаладағы 43 қазандықтың жартысы қатты отынның негізінде жұмыс істейді. «Олар экологияға айтарлықтай нұқсан келтіруде. Бұдан басқа, жекеменшік тұрғын үйлердің пештері тағы бар. Енді қараңыз, қаладағы 7 мың үйдің 300-і ғана орталық жылу жүйесіне қосылған. Демек, үйлердің 95 пайызы өздігімен от жағып, жылынып отырады. Осының бәрі қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтардың көбеюіне себеп болып отыр. Соңғы бес жылдың ішінде оның көлемі 25 пайызға артты», - дейді Ғ.Әліби.
Аймақтың басты проблемасы - өзен-сулардың тартылуы
Шортанды (Щучье) көлінің жағасында салынып жатқан туристік кешеннің болашақ жоспары көздің жауын алады. Құрылыс жобасына сәйкес, бұл жерде мейрамханалар, дүкендер, ойын-сауық орталықтары болады. Қазіргі кезде осы құрылыс нысанының қаңқасы дайын. Ал жақын жерде үлкен гольф клуб ашылады. Осының бәрі әзірше көлдің жағасында болса, болашақта айдалада қалып қоюы әбден мүмкін. Себебі Шортанды көлінің суы тартылып барады. Мемлекет үшін бұл үлкен проблема болайын деп тұр.
Ғазиз ӘЛІБИ, Бурабай ауданының әкімі:
- Көкшетау облысының өзен-сулары соңғы рет 1957-1959 жылдары зерттелген болатын. Ол кезде тың және тыңайған жерлерге сараптама жасалды. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Сондықтан осындай жұмысты барлық Щучье-Бурабай курорттық аймағында жүргізу аса қажет. Оны кейінге қалдыруға болмайды. Бүгінде Шортанды көлінің тереңдігі 23 метрге дейін төмендеді. 1957 жылы ол 34 метр болған. Демек, 55 жылдың ішінде көл деңгейі 11 метрге түсіп кетті. Біздің есептеуімізге сәйкес, жыл сайын Щучье көлі 20 сантиметрге тартылып отырады.
Осыған байланысты Щучье көлінен су тарту жұмыстарына тыйым салынды. Жақын жерде жатқан бірқатар елді мекендер Көкшетау су құбырына қосылды. Алдағы уақытта тағы 14 ауылды осы құбырға қосу ұсынылып отыр. Дегенмен осымен Бурабай мен Щучье суларының тартылуы тоқтамайтын сияқты. Себебі оған климат та әсер етуде.
Людмила ЧУНТОНОВА, «Гидрометмониторинг» орталығының директоры:
- Әрине, судың тартылуына табиғи климаттың әсері зор. Себебі өткен ғасырдың басымен салыстырғанда, бізде ауа температурасының жылдық көрсеткіші екі есе өсті. Ал жауын-шашынның көлемі 70 пайызға азайды. Мәселен, бұдан бір ғасыр бұрын жауын-шашынның көрсеткіші 600-800 мм болса, бүгінде ол 300-400 мм ғана құрап отыр. Бұл - табиғи үрдіс.
Үкімет басшысының орынбасары Серік Ахметовтың жұмыс сапарының негізгі мақсаты да осы болған сыңайлы. Ол Щучье-Бурабай курорттық аймағында сулардың тартылуын өз көзімен көріп, аталған мәселені арнайы кеңесте жан-жақты талқылап шықты. Сапар барысында вице-премьер қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровқа курорттық аймақтағы көлдердің тартылуын жан-жақты зерттеп, арнайы сараптамадан өткізуді тапсырды.
Автор: Арман АСҚАР, Астана
«Алаш айнасы» газеті
ҒАСЫР НӘУБЕТІ
Қызыл империяның солақай саясаты халқымызды қансыратып кеткенi тарихтан белгiлi. 30-шы жылдардағы қанды қырғында жазықсыз жапа шеккен асыл азаматтардың ұрпақтары елiмiз тәуелсiздiк алғаннан берi ата-бабаларының жалғыз оққа байланып кеткен талайлы тағдырларына жоқшы болып сұрау салуда.
Сәулетті елмін деп сары далаға са-уын айтсақ та, кешегі өткен нәубеттердің нала-мұңы жадымыздан өшкен жоқ. Сол бір нәубет кезеңнің тілсіз куәсіндей Ақсораңның адырлары да үнсіз жатыр. Қызыл империяның тұсында билік басына келген тексіздердің қарапайым халыққа жасаған зорлық-қиянатын естігенде, төбе шашың тік тұрады.
Қолыма билік тиді екен деп өзінің ауылдасын оққа байлаған шолақ белсенділердің қанқұйлы іс-әрекетінің бір ұшығы бүгін үнсіз жатқан Ақсораңның Күйген сай деген жерінде орын алған.
Қойнында қанша адамның жатқаны белгісіз, бірақ Күйген сай күйініп, құлазып жатқандай көрінді маған. Бұл жерде атылғандар Кәрсөннің ішіндегі Құлназар ұрпақтары екен білетіндердің айтуынша. Жазушылар Одағының басқарма мүшесі Кәмел Жүністегінің мұрындық болуымен Күйген сайға кигіз үй тігіліп, құрбан болғандардың есімдері жазылған көк тас қойылып, ас берілді. Белгі тастың қойылуына әкелі-балалы Шәкәрім, Мәжит Омаров себепші. Бұл жерде адам атылғанын кезінде сол оқиғаның көзі тірі куәсі болған марқұм Аманжан Құнанбайұлы ақсақалдың айтуымен 1989 жылы деректі фильм түсірген Кәмел Жүністегінің сол нәубетке байланысты өлшеусіз еңбегінен көріп-білдік. Сол кездері комсомол мүшесі болған Аманжан ақсақал топтап кісі атылған жерді де, «Тоқтабек көңіндегі» 37 адам қамалған тас қораны да көзі тірісінде көрсетіп кеткен екен. Бейнефильмнен сол бір сұрқай заманның сұмдығын сақалынан тарам-тарам жас ағып тұрып айтқан Аманжан ақсақалдың әңгімесін тыңдаған жұрттың қайыспағаны қалмады.
Алыс, жақын жерлердегі Құлназар ұрпақтары ат арылтып келіп, бабаларына тағзым етті. Талай оқтың дауысына куә болған Күйген сай күңіреніп тұр. Үкіметтің оғы шығын болмасын деп 8-9 адамды қосақтап атқанына да, қазақтан ұрпақ қалмасын деп, бесіктен белі шықпаған бір жарым жасар баланы шейт қылғанына да осы жер куә. Жан түршігіп, жағаңды ұстайтын жайт - әйел ананың тірідей төсін кескені. Осы оқиғанның барлығы Кәмел Жүністегінің «Апат» романында қамтылған. Қайран момын қазағым-ай, қанышерлерге жазықсыз қор болған.
Кәмел Жүністегінің зерттеулеріне сүйене айтқан қанды қырғынның қатулы әңгімесі қан жылатты жүректі. Ш.Омаровтың бабаларына жасаған құрметіне көпшілік ризашылық білдірді. Әрине, «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді мақсат тұтқан бұл ақсақалдың ұрпаққа үлгі болар ісі көп. Жазықсыз жапа шеккендерді еске алып, белгі тас қоюға арналған бұл жиында ардагер теміржолшы, қаламгер Серік Смағұлов пен жасынан ел тарихына елеңдеп, құлағын түріп өскен Балтабай Игенұлы көнекөз қариялардан естіп, білгендерін ортаға салды.Талай шерлі әңгіменің куәсі болдық. Тарихы сан кітапқа жүк болатын сол зобалаң жылдар шындығын кейінгі ұрпақтың білуіне септескен ел азаматтарына жиналған көпшілік ағынан жарылып, алғыстарын айтты.
Тағдыры жалғыз оққа байланып,тексіздердің қолынан қаза болғандардың рухына Қарағанды қаласындағы орталық мешіттің бас имамы, Аманжан ақсақалдың немересі Орманбет Болатұлы дұға бағыштап, жиналған көпшілік қол жайып, бет сипасты. Құрбандарды еске алуға арналған жиынға аудан әкімінің орынбасары Әбілсейіт Қауымбаев арнайы келіп қатысты.
Жалғыз оққа байланып, жазықсыз құрбан болғандар жатқан Күйген сайдың күн батыс жағындағы Қос доңғал мен оңтүстігінен менмұндалап көрінген Найзакескен биігі де тарих парағына айналған сол бір сұмдыққа үнсіз лағнет айтқандай алыстан қарауытады. Ақсораңның құлан жорытқан құба белдері өткен ғасырдың 30-шы жылдары орын алған тасыр саясаттың әмірінен жазықсыз құрбан болғандардың талайлы тағдырына налығандай құлази қалыпты. Ақ дала, айқай дүние ішін тартып өксіп жатқандай...
Жанас МҰҚАШ
Қарағанды облысы,
Шет ауданы
«Түркістан» газеті