Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4254 4 пікір 21 Қазан, 2021 сағат 16:12

Нашар ойынды нашар дейік ағайын!

Нашар ойынды нашар дейік ағайын!

Бізде, әсіресе кинода "театр", "театрально" деген бір ұғым бар. Таза паразит сөз. Өйткені бұл сөзді қанша парадокс болса да актер нашар ойнағанда айтады. Яғни нашар ойынның баламасы театр. Таза парадокс!
Бүкіл ойын атаулы осы театрдан басталды емес пе?!Және театр қашан пайда болды, кино қашан шықты. Арасы жер мен көк. Салыстыра айтсақ театр киноның жеті атасын былай қойып жетпіс жеті атасы шамалас. Осы сөзді кім айтса да мейлі маған қатты әсер етеді. Жыным келеді. Мейлі ол режиссер болсын, басқа болсын әйтеуір осы сөзді айтқан адамның интелектіне күдікпен қараймын. Өзім де кино алаңында осы сөздің айтылғанына барынша қарсылық танытып жүрем. Айтқызбаймын. Айтқан адамға жүйкем жүн боп тұрса да асықпай түсіндіруге тырысам. Күні кеше бір кино жәйлі, яғни сол кинодағы алғашқы эпизод жәйлі бір адамдар осы сөзді пайдаланыпты. Сөзбе сөз айтсақ былай;
... " Бастапқы үш минутындағы партия басшыларының диалогын көріп, театрда отырғандай әсер алдық. Тіпті, сахнада да актерлер шынайы ойнауға тырысады. Киноның басты кемшілігі осы - актерлердің жасанды сөйлеуі, жасанды ойнауы. Сезімді өткеру жоқ" дейді.
Енді театр дегеннің нашар ойынның баламасы қалай болып жүргенін сәл тарқата кетсем.

Театрда сәл көтеріңкі ойнайтыны рас. Себеп біреу ғана. Өмірдегідей мұрныңның астынан міңгір ете қалсаң ол алдыңғы қатарға да жетпеуі мүмкін. Ал кез-келген театр залының қатары кем дегенде 20 дан асады. Ал кейбір үлкен театрларда 40 тан аса қатар, 600 ден 1000 ға дейін орындықтар болады. Осыншама үлкен залдарда сен қаласаң да қаламасаң да сөз естірту үшін, сөз жетуі үшін дауыстың ұшуын қадағалап сәл көтеріңкі сөйлейсің. Себебі спектакльде сөз жетпесе болды, құрығаның. Басқасының бәрі зая. Мұны театралдар "посыл" дейді.

Енді сахна саңлақтары болған біздің корифейлерді яғни сонааау Қаллекилерден бастап, олардың заңды мұрагерлері кешегі Әнуар Молдабеков, Асаналі Әшімовтарды, одан бергі Тұңғышбай Жаманқұлов, Досхан Жолжақсыновтарды қалай нашар ойнады, яғни театрально ойнады деп айта аласың. Олардың кинодағы қаншама образдарын жіті бақылап көріңіздерші. Мысалы Қаллеки ойнаған кинодағы Абай, Асекеңнің Чадяровы, Бекежаны, Әнуар ағаның Шегесі, Өтелмеген парыздағы Әке образы, Қан мен тердегі Еламаны, сол кинодағы Тұқаң ойнаған Тәңірберген образы, Доскемнің Хамиті. Айта берсең жетеді. Міне осы образдардың барлығы таза театрально ойналған яғни шынайы ойналған рольдер. Кез келген парасатты актердан сұрасаңыз айтады осыны. Мысалы Қыз Жібектегі Кәукен ағамыз жасаған Базарбайдың, Кененбай атамыз жасаған хан образдары ше?! Таза кесек жасалған театралды бейнелер. Тіпті алғашқы киномыз Амангелдідегі Елубай Өмірзақовтың Амангелдісі ше??
Осылардың бәрі сонда нашар ойынға жата ма?
Жооқ! Атамаңыз!!!

Біз әуелі десең қазіргі кинода соңғы технологиялық мүмкіндіктерді пайдаланғанның өзінде бұрыңғы корифейлердің ойынына жете алмай қара басып жүр емеспіз бе. Дәл осылай әлемдік кино-шедеврлерден де мысал келтіре кетейін. Марлон Брандоның дон Карлеонесі, Энтони Хопкинстің адам жегіш Лекторы, Джек Николсонның Пролетая над гнездом кукушкидегі басты образы, Мел Гибсонның Патриоты, Храброе сердцесі, Рассел Кроудың Гладиатордағы Максимусы, Микки Рурк, Брэд Питт, Дэнзел Вашингтон, Уилл Смиттердің жасаған образдары таза театральный образдар. Ойын таза театр. Дәлел керек пе?

Мархабат! Ютубтан Храброе Сердцені ашып, Уоллесті өз жақыны, рыцардың сатып кетіп, екеуінің жекпе-жектен кейінгі сахнасын, немесе Патриоттағы баласы қолында өлетін сахнаны көріңіздерші. Таза ойын. Шынайы театрально ойналған ғаламат сәт. Аль-Пачиноның Адвокат дьяволасынан бастап бастап бәрін қараңыз, Роберт

Де-Нироның кез-келген ойыны. Леонардо Ди-Каприоның Уолт Стриттегі Қасқыры ше? Ойбой-оу Джони Депптің Джек Воробейі ше?
Осылай мыңдаған мысал келтіруге болады. Және осылардың барлығы дерлік Оскар алғандар. Яғни А категориядағы актерлар. Ал Б категориядағы Брюсс Уиллис, Траволта, Сталлоне, Шварценеггер, Ван Даммдар неге оскар алмайды? Себебі ойын жоқ. Біздер міне осы Голивудттың Б категориясындағы актерлары боп барамыз. Ал одан жоғары ойнауға шеберлік жетпейді, не дұрыс ойнауды талап етуге режиссердың өресі жетпейді. Себебі ол театрды көрмеген. Шынайы образ жасауды көрмеген соқыр режиссер. Ал айтыңыздаршы маған, біздегі қай кинорежиссер театрға барып жүр? Бұрын Сатыбалды ағамыз анда-санда барып тұрушы еді. Ал қазір кімің бар?? Жеке өзім театрға барып жүрген киногерді көрмеппін. Ал шынайы ойын ол театрда. Тек ол көзге онша көрінбейді. Себебі театрда крупный план жоқ. Баяғы ақсуйектер театрға не үшін дүрбімен келді деп ойлайсыздар? Соқыр болғаннан дейсіздер ме? Қатты қателесесіздер. Ол кездегі өткір көзбен қазіргі смартфон жалмап жанары тайған көзді салыстырмаңыз. Олар ең шешуші сәттерде актер ойынын крупный планмен көру үшін дүрбімен отырған. Білмесеңіздер біліп жүріңіздер. Алысқа бармай ақ Нүркен достың Абайын анықтап дүрбімен келіп көріңізші. Немесе Қуандық ойнайтын Мәжнүннің әкесінің образы. Сахнада отырып егілгенде жанынан жақын қарасаң жүрегіңді қарс айырады. Міне сол ойын. Шынай жас. Өксік. Өкініш. Іштен шыққан жалын мен өрт. Ал солай ойнай бастасаң өресі тар режиссер театр деп шатып жатса оған кім кінәлі. Режиссерды қойып осы сөзді кез келген адам айтатынды шығарды. Еш байыбына бармайды. Ооооу алдымен театрға келіп шынайы ойын мен нашар ойынды ажыратуды үйрен. Яғни талғамыңды түзе. Сосын айт. Әйтпесе қаншама адамға сөз келтіресің. Шынайы ойнның ордасы болған, ойын атаулыны шығарған қадірлі Театр деген сөзді нашар ойынның баламасы қылма. Нашар ойынды нашар деп өз аты-жөнімен айтайық ағайын.

Рас театрда ғана ойнап үйреніп қалған кейбір актерлар камера алдында алғашқыда сәл посылмен сөйлеп бір қалыпқа келе алмай жатады. Ондай актер хас шебер болса бір-екі дубльден кейін ойынын түзеп алады. Ал түзей алмаса онда ол уже штампқа ұрынған актер. Немесе нашар актер. Ал бұларды ажыратуға талғам керек екен. Ал талғам қалай түзеледі? Ол басқа әңгіме.

Қорыта айтар болсам актердың да актеры бар. Мысалы Молдабековтың қай кинода нашар ойнағанын көрдіңіздер? Театрда тіпті сұмдық ойнаған ол кісі. Сол секілді театрда қатырып роль ойнамаған адам кинода да бірдеңе жарытады дегенге өз басым сенбеймін. Оған мың мысал келтіруге болады. Бір мысалды өз басымнан келтіре кетейін. Биыл көктемде ГОК-3 ке түстім. Режиссеры өте білімді, өрелі жігіт екен. Театр актеры ойынның бірнеше нұсқасын ұсынады, текстті тез сіңіреді, және шынайы ойнайды. Тек тізгіндей білсең болды деген бағасын берді. Ал тек киноға түсетін актерды жетектейсің деді. Міне баға. Ол жерде қатырдым деп айта алмаймын. Бірақ режиссердың берген бағасы анау. Тағы бір мысал. Д деген аға досым келіншегі екеуі театрға келеді. Ертесі бір киноның тұсаукесерінде тағы тоқайластық. Сол кинодан кейін жеңешем: "Театрдан кейін киноға келудің керегі жоқ екен ғой" деді.

Әрине нашар киноны айтып жатқаны ғой. Бірақ сөзі сөз!Хооош.
Өмір бойы боқ жеп жүргенге жүгері берсең құсып жіберуі мүмкін. Жүгерінің дәмін татып, оған үйреніп, басқа да тіл үйірер ғаламаттарды көрген соң ғана боқтың боқ екенін білуге болатын секілді талғамды таразылау үшін көп ойынды көру керек. Талғамды шыңдау керек. Талғамың шыңдалып, кез келген ойынның бәсін анықтайтын көкірек көзің ашылғанда сөздік қорыңнан театрально деген паразиттің түсіп қалғанын өзің де байқамай қаласың. Сенбесең сонда маған кел. Тиянақсыз сөз айтпа. Ең бастысы талғамсыз болма.
Тәмәт-тәмам!

Сөз басында бізде деп неге бастадым?
Бізде осы сөзді келсін келмесін қыстыра беретіндер көбейіп тұр.
Театрально ойнатпайтын режиссердың де фильмін көрдік. Не нәр жоқ не сөл жоқ. Ең бастысы жан жоқ. Жан жоқ жерден басқасын іздеудің өзі әбестік болар.

Нартай Сауданбекұлы

Abai.kz

 

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5439