Алпыс орысты құлдықтан құтқарған Алмат сардар
АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - 1867 жылдың маусымында қазақ даласына саяхат жасаған орыс қылқаламының шеберi, әлемге әйгiлi суретшi Верещагин Орынбор генерал-губернаторы Крежановскийдiң кеңесiмен Ырғызда бiр жетi аялдады.
Ырғыз әскери бекiнiсiнiң коменданты, полковник Михайлов суретшiнi Ырғыз өңiрiн жайлайтын Алмат Тобабергенұлының ауылына алып барған. Верещагин өзiнiң күнделiгiнде Шығыста оқып-үйренудiң еркiн, жайбарақат та шебер болғандығын жазады. Суретшiнiң «Париж мансардын киiз үйге, француз сусынын қымызға алмастырдым» деп тамсана жазатыны осы кезден басталған едi.
Патшалы Ресейдiң жергiлiктi қолшоқпарлары пайғамбар жасына келген Алмат Тобабергенұлының ауылын бекер таңдаған жоқ. Үш жүзге аты мәлiм Алмат сардар патша үкiметi үшiн де ерекше сыйлы азамат болатын. Бұл кезде Алмат сардар №31 дистанцияның бастығы болып қызмет атқарып жүрдi, деп жазады «Алматы ақшамы» басылымында журналист Әнуарбек Әуелбек.
АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - 1867 жылдың маусымында қазақ даласына саяхат жасаған орыс қылқаламының шеберi, әлемге әйгiлi суретшi Верещагин Орынбор генерал-губернаторы Крежановскийдiң кеңесiмен Ырғызда бiр жетi аялдады.
Ырғыз әскери бекiнiсiнiң коменданты, полковник Михайлов суретшiнi Ырғыз өңiрiн жайлайтын Алмат Тобабергенұлының ауылына алып барған. Верещагин өзiнiң күнделiгiнде Шығыста оқып-үйренудiң еркiн, жайбарақат та шебер болғандығын жазады. Суретшiнiң «Париж мансардын киiз үйге, француз сусынын қымызға алмастырдым» деп тамсана жазатыны осы кезден басталған едi.
Патшалы Ресейдiң жергiлiктi қолшоқпарлары пайғамбар жасына келген Алмат Тобабергенұлының ауылын бекер таңдаған жоқ. Үш жүзге аты мәлiм Алмат сардар патша үкiметi үшiн де ерекше сыйлы азамат болатын. Бұл кезде Алмат сардар №31 дистанцияның бастығы болып қызмет атқарып жүрдi, деп жазады «Алматы ақшамы» басылымында журналист Әнуарбек Әуелбек.
- 1830 жылдан бастап жымысқы отаршылдық саясат жүзеге аса бастаған болатын. Сол уақыттарда Ырғызға да бекет салынды. Осы бекет бойынша халықты ұстап тұру және оны қорғау мақсаттары бойынша жауапты Алмат Тобабергенұлы болды. Өз халқының арасына басқа ұлттарды кiргiзбеу мақсатын берiк ұстана бiлген Алмат сардар аз iс тындырған жоқ. Мысалы, 1861 жылғы реформадан кейiн отаршылдық дендей түскенiмен, сырттан келетiн келiмсектер Ырғызға табан тiрей алмады. Мұның өзi Алмат сардардың еңбегiнiң жемiсi едi, - дейдi Алмат Тобабергенұлының ұрпағы Ораз Сарбасов.
1844 жылдың басында Ресей патшасы Николай-1-нiң қазақ даласына бекiнiстер салу туралы жарлығы қабылданған. Онда Ырғыз бен Торғай өзендерiнiң бойынан екi бекiнiс салып, оны күшейту қажеттiгi айтылды. Отарлау саясатын одан әрi жүргiзудi көздеген патша үкiметi екi бағытта жұмыс iстедi. Бiрiншiсi, аяғы жетiп, бекiнiс салған аймақтардағы халық наразылығын басып-жаншып отыру болса, екiншiсi ары қарай жылжып Орта Азия елдерiне қол созу едi. Мiне, осы Орта Азия хандықтарының iшкi хал-жайын бiлу, олардан түрлi ақпарат алу жұмыстарына белсене араласқаны үшiн Алмат сардар патшалы Ресей тарапынан марапатталып, үш рет медаль алған.
Алмат сардардың басты мақсаты - елiнiң тыныштығын сақтап, ынтымақ-бiрлiгiн нығайту болған. Бұл орайда ол өнер-бiлiмi дамыған алпауыт Ресеймен тiл табыса жұмыс iстеуден басқа қайран жоқ екенiн бiлдi. Уақыт тынысын терең түсiндi. Таяу жерде тұрған ұлы күшке қарсы тұруды халықты құрбандыққа шалу деп бiлген.
- Сол кезеңде өскен-өнген ұрпақ болған соң, орыстың саясатын терең түсiнiп, Алмат сардар жалаң қылыш, найзамен олардың әскерiне төтеп бере алмайтынын, тек қана әдiс-айламен халықты аман алып қалуға болатынын бiлген. Хорунжий болған, ел арасында «жарты патша» атанған ол өзiнiң патша үкiметiнен алған шен-шекпенiн пайдалана отырып, өзiне қарасты аймақтағы ел мен жердi қорғауға күш салды. Өзiнiң қызметiн, беделiн арқа тұтып, сол аймақтағы жұртты отырықшылдыққа айналдырған. 1841 жылы Алмат Тобабергенұлы губернаторға өзiнiң мөрiн басып тұрып жазған хатында Ырғыз өзенiнiң тартылып, судың болмауына байланысты арық қазып, су жүргiзу қажеттiгiн айтқан, - дейдi зерттеушi-журналист Тынышбек Дайрабай.
Патшалы Ресей үкiметi Алмат сардарды тыңшылық мақсатта көп пайдаланды. Мұндай астыртын шаруа Алматтың ғана қолынан келетiнiн Орынбор шекара комиссиясына аға сұлтан Дөсет Нұралыұлы айтқан едi. Шекара комиссиясының төрағасы Генц Алматты Орынборға арнайы шақырып, сынақтан өткiзедi. Сөйтiп, 1834 жылдан 1846 жылға дейiнгi аралықта орыс елшiлiгi Алматты құпия тапсырмалармен Қоқан, Бұқар, Хиуа хандықтарына қайта-қайта жiберiп отырған. Оның 1845 жылы 10-қарашада басталған сапары ең қауiптi сапар болатын. Бұл жолы Бұқардағы 60 орыс тұтқынын босату мақсаты көзделген едi. Он бiр жылдың iшiнде Бұқарда сегiз рет болуы Алмат Тобабергенұлына ауыр тиген. Ондағы көп адамдардың таныс болып қалуы аса қауiптi едi.
Алмат заманы түлкi болған соң, тазы болып шалуға талпынған. Ол орыс үкiметiне адал қызмет ете жүрiп, өз елi, өз жерiнiң қам-қарекетiн естен шығармады. Тiптi, сол кезеңде тұтас қазақ халқының мұң-мүддесiн ойлап азаттық үшiн арпалысқан Кеңесарының өзiмен қарым-қатынас жасап, астыртын жұмыс жүргiзiп отырған.
- «Жұлдыз» журналында шыққан белгiлi әдебиетшi, зерттеушi Қуаныш Ахметовтың «Тарлан тұлпар iздерi» деген мақаласында Омбы мұрағатынан табылған деректер бойынша Алмат Тобабергенұлы 1845 жылы Кенесарының бәйбiшесi Күнiмжанды орыс офицерлерiнiң қолынан келiсiп босатып, өзiне апарып тапсырғанын айтады. Бұл Алмат сардардың Кенесарымен үнемi байланысты болғанын айғақтайтын нәрсе, - дейдi зерттеушi Тынышбек Дайрабай.
Қазақтың жауы ол кезде де аз емес едi. Он сегiзiншi ғасырдың аяғы мен он тоғызыншы ғасырдың басында Орта Азия хандықтары Кiшi жүз беткейiне, Сырдың терiстiгiне, Қаратау, Жетiсу бойларына жиi шапқыншылық жасап, зәбiр-жапа шектiрiп отырған. Малын айдап кетiп базарда сатқан, қыз-келiншектерiн зорлап күндiкке салған. Ұзақ жылдар бойы орын алып келген мұндай қиянат қазақты орысқа бiр табан жақындата түскен едi. Ел-жұрттың алғашында орыстан ат-тонын ала қашпағаны да сондықтан болатын. 60 орысты құлдықтан құтқарған Алмат сардар Анна лентасына тағылған медальмен марапатталып, болат қылышты сыйға алады.
-Бұқар хандығына бiрнеше рет барған, бiрде падашы, бiрде диуана, бiрде молда болып жүрiп, орыстың Карнет Аитов бастаған алпыс адамын құтқарудың жолдарын iздеген. Бұқар базарында жүрiп, барлап-бақылап, ақыры оларды құтқарып алады. Бұл туралы 1834 жылы жазылған Биткевичтiң, 1836 жылы жазылған Демизонның еңбектерiнде бар. «Бұқар хандығының тарихы» деген кiтаптан осыларды көруге болады, - дейдi Тынышбек Дайрабай өз сөзiн айғақтай түсiп.
Бiреуге жамандық жасасаңыз да, жақсылық жасасыңыз да алдыңыздан шығады. Алмат Тобабергенұлының ел-жұртқа жасаған жақсылығы үнемi алдынан шығып тұрған. Тiптi, оның баласы Самұрат 1905 жылы Омбыға құрылтайға барғанда, Василий атты орыс азаматы келiп сәлем берiп, үлкен ризашылық бiлдiредi. Бұл баяғы Алмат Тобабергенұлы құлдықтан құтқарған Иван Бочаровтың немересi едi.