Сенбі, 23 Қараша 2024
25 қазан - Тәуелсіздік күні 6656 7 пікір 25 Қазан, 2021 сағат 13:11

25 қазан атаусыз қалмасын, Президент мырза!

Мен 1998 жылы 24 қазанда Атажұрт Қазақстан Республикасына оралдым. Сол кездегі тәртіп бойынша, жиен апайым Гүлбадан Оразханқызы мен оның жолдасы Бақытнұр Демеуханұлының шақыртуымен Қорғас шекарасынан өтіп, Алматығы келдім.

Әлі есімде, Абай мен Сайын көшелерінің қилысында орналасқан Бақытнұрдың үйінің терезесінен таң атқанша далаға қараумен болдым. Түнімен кірпік ілмей шықтым десем де болады.

Әрине, жеті жыл бойы аңсаған арманның орындалғанынан болған қуаныш пен шаттықтың белгісі еді бұл.

Ертесі – 25 қазан Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларациясы қабылданған күн.

Қысқартып айтсақ, «ЕГЕМЕНДIК КҮНІ» мерекесін тамашалау үшін «Желтоқсан алаңы» атанып кеткен алаңға бардық.

Мерекеге арналған мәдени шара өтіп жатыр екен. Біз атын естіп, дауысын тыңдап жүрген өнер жұлдыздарының біразын осы шарадан көріп, өнеріне қол соқтық. Арғы беттен ертерек оралған ақын-жазушылардың, өнерпаздардың да біразымен сол күні кездесудің сәті түсті.

Алматы қаласының әкімдігі тарапынан ұйымдастырылған сол концерттік бағдарламадағы Желтоқсан оқиғасының құрбандарына арналған қойылымның әсері өте күшті болды. Желтоқсан батыры әрі құрбаны Қайрат Рысқұлбековтың бейнесі мен жалынды сөздері көзіме жас үйірді. Еңкілдеп жылап тұрдым. Сол көрініс жадымнан әлі күнге дейін бір сәт өшкен емес...

Міне, содан бері 23 жыл өтіпті. Осы жылдар ішінде әлденеше шараға қатыстық. Күздің май тоңғысыз күнінде өткен сол қойылымның, сол мерекелік шараның мен үшін орны бөлек.

Әсіресе, Алматының ғажайып табиғаты, Алатаудан ескен күздің майда қоңыр самалы сол мерекеге ерекше көрік қосқанын баса айта кеткім келеді.

Мерекеге лайық мерекелік тамаша маусым да болу керек екен...

16 желтоқсан – «ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ» мерекесін осы – Егемендiк туралы декларация қабылданған 25 қазанға ауыстыру туралы мәселе жиі-жиі көтеріліп келеді.

Дау жоқ, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларациясының Қазақстан Республикасының Тәулсіздігін жариялауға және Қазақстан Республикасының Конституциясын, сондай-ақ ұлттық мемлекет құруда шешуші рол атқаратын өзге де заңдар мен нормативтік құжаттарды қабылдауға негіз болғаны белгілі.

Мысалы, аталған Декларациясының «Қазақ ССР-і Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасайды» деген нормасына сай, 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 қаулы дүниеге келді.

Бұл Қаулының негізінде 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заңы қабылданды.

Соның арқасында, қазірге дейін Отанға 1 млн. 84,7 мың этникалық қазақ оралды.

Қысқасы, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларациясы – алғашқы қарлығаш, Тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманын орындаған ақжолтай құжат болып есептеледі.

Бірақ, тарихи күн – «25 қазанның» мерекелер тізбегінен неге шығып қалғанын түсінбей-ақ қойдым!

Биыл – Ұлы мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы!

Осынау Ұлы мереке қарсаңында, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұрт тілегін ескере отырып, Тәулелсіздік күнін 25 қазанға ауыстырып жатса, ел қуана-қуана қол соғар еді деп ойлаймын.

Жылда Тәуелсіздік мерекесін жаңа жылдың әлем-жәлемі басып кетеді. Сонымен бірге, Желтоқсан көтерілісі де тасада қалып жатады. Сөйтіп, халықтың мерекелік көңіл-күйін бұзып жататыны жасырын емес!

Қайта, май тоңғысыз қоңыр күзде Ұлы мерекені тойлау – қай жағынан да тиімді болар еді.

Ал, өзім алыстан оралған қандастарымның атынан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 қаулысы қабылданған 18 қарашаны «ҰЛТТЫҚ КӨШІ-ҚОН КҮНІ» деген атпен кәсіби және өзге де мерекелер тізбесіне енгізуді сұраймын.

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371