Айдар Қырықбайұлы. Елбасымен жүздесу бір күндік емес – мың күндік
Ағартушы-ғалым, ұстаз Ахмет Байтұрсынов «Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан шығады» деген екен. Ұлы сөз! Егемен еліміздің тұлымды ұлы, бұрымды қызы деп сендер үшін барлық жағдай жасалды. Ертеңгі күні қадірлі Қазақстаным деген қасиетті ұғым әрқайсыңның кеуделеріңде атой салып жатуы тиіс.
Н.Ә.Назарбаев.
Ағартушы-ғалым, ұстаз Ахмет Байтұрсынов «Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан шығады» деген екен. Ұлы сөз! Егемен еліміздің тұлымды ұлы, бұрымды қызы деп сендер үшін барлық жағдай жасалды. Ертеңгі күні қадірлі Қазақстаным деген қасиетті ұғым әрқайсыңның кеуделеріңде атой салып жатуы тиіс.
Н.Ә.Назарбаев.
Әлі есімде, осыдан үш жыл бұрын Елбасымыз Н. Назарбаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға келіп, жүздеген студенттің алдында «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалдық секіріс» атты дәрісін оқып, бүгінгі мен ертеңгі күнді болжай білетін ұсыныс пікірлерін ортаға салды. Жасыл желектей жайқалып келе жатқан жастарға ағалық ақыл-кеңесін жеткізіп, еліміздің ендігі болашағы толайым білім алып жатқан жастардың интеллектуалдық әлеуетіне тікелей байланысты екендігін қадап айтты. «Интеллектуалдық ұлт» жобасының ұтқыр, ұтымды тұстарын жалынды жастарға жете түсіндіріп, еліміз ғылым мен білімнің инновациялық жүйесін дамытуға мейлінше мұхтаж екендігін анық айғақтармен дәлелдеп көрсетті. Сол жолы Елбасымыз: «Мемлекет ғылымды дамытуға қажетті барлық шараларды қабылдауда. Бірақ мұның барлығы егер білікті кадрлар болмаса, бекер болар еді... Сондықтан мен жастарға елімізге ең алдыңғы қатарлы ғылым салаларында жұмыс істейтін талантты ғалымдар қажет деп үндеу тастаймын. Ғылымға барыңдар, құлшыныңдар, өздеріңнің зерттеу таланттарыңды жүзеге асырыңдар!» деген болатын. Сол жолғы жиынға қатысқан жастар, барлығымызда іштей ілкімді ой түйіп, ерекше тебіреніп қайттық. Елбасымыздың әсіресе, жастарға патриоттық тәрбие беру, Отанды сүю, Отанға адал қызмет етуді үйретудегі үлгісі көңілімізде мәңгі бақи жатталып қалғаны анық. Иә, біздің Көшбасымыз бүгінге дейін жастарға жігер беретін ондаған бәлкім жүздеген жалынды тіркестері тебірене арнаған болар. Бірақ, солардың әрқайсысына тереңінен үңілсек, барлығының астарында тебіреніске толы ақеділ пейіл, ізгі ниет жатыр.
Елбасымызбен араға жыл салып тағы да бір жүздесудің сәті түсті. 20-дан аса жастарды қабылдаған Президентіміз сол жолы бізбен арқа-жарқа тілдесті. Осы жиында әрқайсымыз жеке-жеке сөз алып, көкейіміздегі ойларымызды емін-еркін ақтаруға мүмкіндік алдық. Кездесудің тоқтамын Елбасымыз өзі түйіндеп: «Мен бүгінгі жастарға қызыға да қуана қараймын! Сендер бақытты ұрпақсыңдар. Айталық, мен 40 жастан асқан шағымда ғана, оның өзінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің салалық хатшысы қызметінде жүрген кезімде тұңғыш рет шетелге шықтым. Ал қазіргі жастардың қай-қайсысы да қайда барамын десе ерік өздерінде. Бұған қоса біз «Болашақ» бағдарламасы бойынша талантты жастарымыз шетелдердің ең таңдаулы оқу орындарында білім алуға мемлекеттік грант бөліп, қамқорлық жасаудамыз. Жастар осы қамқорлық пен сенімге лайық болуы тиіс. Біз қолдан келгенінше тәуелсіз елімізді жан-жақты дамытуға күш жұмсап жатырмыз. Бірақ көкейдегінің барлығын жүзеге асыру - бір ұрпақтың қолынан келмейтін іс. Сондықтан біздің бастағанымызды сіздер жалғастыратын боласыздар. Еліміздің одан әрі гүлденуін қамтамасыз ету сіздерге сеніп тапсырылады. Соған дайындалыңыздар. Сол сенімге лайық болыңыздар», - деді ерекше тебіреніп. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бір ұлағатты пайымын біз үндеу ретінде қабылдағанымыз жасырын емес. Себебі, тәу етер Тәуелсіздігіміздің әр жылын мына біздер, жастардың жанарымен саралағанда - жаңа Қазақстанның қабырғасын қалаған Елбасымыздың ерен еңбегі мен айшықталған ерлігін көреміз. Әрине, еліміздің жиырма жылда қол жеткізген жетістіктерін санай берсек, қолдағы он саусақтың саны жетпесі анық. Анығында, мұның барлығы еліміздің ертеңі - келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан игі қадамдар. Ал бұл іс-шаралардың тұғырында тұрған еліміздің тұңғыш Президенті Н. Назарбаев.
Елбасымызбен биылғы жылы да жүздесудің сәті түсті. Жалпы Президентімізбен жүздесу әрбір жас азамат үшін ерекше бақыт. Өйткені бұл жүздесу бір күндік емес - мың күндік, әрбір жастың санасына сәуле түсіретін, өсуі мен тұлға ретінде жетілуіне жолашатын сындарлы сәт. Осы жолғы кездесуден кейін көңілімізге көп нәрсені түйіп қайттық. Президентіміздің сөзін құлақ қоя тыңдаған біздер адам сенгісіз аңыздың өзін ақиқатқа айналдыруға болатынын түсіндік. Солардың бір парасы мынадай.
Егер, бажайлап бақыласақ Елбасының жастарға өсиет айтқан әрбір дәрісінің арғы тінінде - «адам факторы» алтын арқаудай тартылып жатады. Бүтіндей алғанда, әрбір мемлекеттік әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің ең басты көрсеткіштері осы жерде жатқандығын аңғарамыз. Иә, айналып келгенде қоғамның барлық тараптан алға қадам басуы «адам факторына» тікелей байланысты дейтін болсақ, қазіргі жастардың білім алуына, таланты мен дарынын таныта білуіне мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар, атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл орайда, біздің тарапымыздан айтылар пікір: «Жастарға сөз емес, іс керек, іс»! Әрбір жас азамат ең алдымен адам ретінде өзі өмір сүріп отырған қоғамға қамқорлық таныта білуі, сол арқылы Тәуелсіздік жолындағы жетістіктерге өзіндік үлес қосуы - көрер көзге білінбегенмен мемлекеттік дамудағы аса маңызды мәселелердің бірі. Демек, осы арада «бірігіп көтерген жүк ауыр болмас» деген қағида, даналық ой жүзеге асады.
Таразыға тартып, ой сарабына салар болсақ, дәл қазір Қазақстанның қадауи тұғырын бекіте түсудегі еселі еңбек кім үшін және не үшін жасалынып жатқанын жанжүрегімізден түсінетін кез жеткен сияқты. Демек, біз, жастар алдымыздағы аға ұрпаққа, хакім Абай атамыз «жастықтың аты арындап, тас қияға өрледің» деп айтып кеткендей, өз болашағымызды баянды қылуға тас-түйін дайын екендігімізді дәлелдеп көрсетуіміз керек. Бұл орайда, тоқталмай кетуге болмайтын «болбыр» жайт бар. Ол жастардың арасындағы кеңестік кезеңнен бері тамырына балта шаба алмай отырған - масылдық психологиясы. Егер ресми дерекке сүйенсек қазіргі Қазақстан халқының үштен бірі дерлік - 14-29 жас аралығындағы жастар екен. Көпшілікке топырақ шашқанымыз емес, бірақ бүгінгі жастардың арасында жасы отызға келсе де ата-анасына масыл болып отырған үйкүшік замандастарымыз қаншама?! Ал олар еліміздің ел ретінде өсіп-өнуіне қандай үлес қосып отыр? Неге бұлай, адам сондай ма, әлде заман сондай ма? Мұндайда «болар бала он бесінде баспын дер, болмас бала отызында жаспын дер» деген қазақтың қанатты сөзі еріксіз ойға оралады, оқырман қауым. Ол ғана емес, өз бойында «Отан», «елжандылық», «ел, тіл, діл» деген ұғымдарға орын жоқ, әйтеуір бар ойы жылы орынды көздейтін жастарымыз да жоқ емес. Демек, бүгінгі жастардың арасында масылдықпен қатар мансапқорлық психология да өріс алып отыр деген сөз. Ал, бұлармен күресу бүгінгі қоғамның ең басты міндеті. Дәл қазір масылдықтықтың уақыты өтті. Осы мәселеге аса шүйліккен Елбасымыз да жастарға қарата сан рет ағалық ақылын айтқаны есімізде.
«Мемлекеттің «ғаламдық» қолдауына үміт артып қарап отырмаңдар. Мемлекет зейнеткерлерге, мүгедектерге, жұмыс істей алмайтындарға ғана көмектеседі. Қалғандарына - олар өмірге қажетті қаражат табу үшін қажетті жағдайлар туғызады. Жас кезден бастап өздеріңе сенуге, өздеріңді еңбекке даярлауға үйреніңдер. Біз Қазақстанның еңбексүйгіш, жұмыс істейтін азаматтарының болашақ ұрпағын тәрбиелеуге тиіспіз. Тек сонда ғана еліміз өркендей беретін болады» - деген болатын Мемлекет басшысы. Түйінделіп жеткізілген осы сөздерден-ақ, біз, нарықтық экономика жағдайында өмір сүріп жатқанымызды, сол себепті әрбір жас өмірде өз мүддесін жоғары қоймай, ең алдымен елі мен Отанының игілігін арттыратын ілгерімді іс атқаруы керек екендігін толықтай түсінеміз. Сонда ғана, еркін елдің бақытты ұрпақтары нар көтерер жүктен қаймықпай, болашаққа нық қадаммен қарыштайды. Иә, біздің алдымызда да талай «тар жол, тайғақ кешулер» күтіп тұр. Бірақ адам өмірінің өзі сонысымен қызық емес пе?! Қиындық көрмей бақытты шақ та салтанат құрмасы әлмисақтан белгілі.
Айдар Қырықбайұлы,
«Алматы» Әлеуметтік - кәсіпкерлік
корпорациясы» Ұлттық» АҚ - ның Баспасөз хатшысы
«Абай-ақпарат»