Сотқа сенімсіздік пайда болады
Кеше 85 жастағы тараздық қария хабарласты. Баратын жері, баспанасы жоқ. Ұлым "Иегова куәгерлерінің" арбауына түсіп, қаңғып қалдым деп шағымданады. Әлгілердің ықпалымен ұлы шешесі әперген бір бөлмелі пәтерді және анасы екеуі тұратын баспананы сатып, миссионер келіншекпен кетіп қалыпты.
-Жылжымайтын мүліктерді маңдай теріммен тапқан ақшаға алдым. Ол кішкентай болды. Оны да бақтым, жұмыс істедім, - дейді әже . Мүгедек ұлды арқалап, жетектеп, бүкіл ғұмырын тәрк еткен екен.
Ұлының бойы 135 см. Туғаннан кеміс болған соң мүліктің бәрін соның аты рәсімдеген екен. Жасы елуде. Ол жолда кездескен бейтаныс әйелдің атына екі үйді рәсімдеп, оны сатып, шешесін далаға лақтырып кетті.
Кейуана сотқа жүгінген. Бірақ сот анау есерсоқ, ақылынан адасқан еркекті жақтап, кәрі шеше қу тізесін құшақтап, көшеде қаңғып жүрмін деп шерін тарқатты.
Бұл жерде нотариус, сот тергеу кезінде апаның үлесін неге ескермеген? Өйткені сату және сатып алу келісім-шарттардың бәріне анасы қол қойған.
Құжат бойынша бұл істің астарында алаяқтық менмұндалап тұр. Себебі, елімізде бойы 130-135 см адамдарға мүгедектік тағайындалады. Мамандар мұндай қыз-жігіттердің психикалық дамуын үнемі қадағалап, ем-дом жасайды. Мүгедектік алатын кезде осындай орталықтарға жолдама береді.
Бұған қоса өмір бойы жұмыс істемеген елудегі еркектің атына үйді рәсімдеген кезде анасының үлесін ескермеген.
Құр сүлдерін сүйретіп, әділдік іздеген қарияны соттың да құйрығынан бір тепкені менің ақылыма сыймай тұр.
Ал апаның ұлы үйін баспаналарды Иегова куәгерлеріге сыйға тартты деп ашынып тұр. Егер осы ақпарат рас болса, нотариус қалай жоғарыда белгілеген фактілерді ескерместен рәсімдеген?
Кешеден бері апаның дауысы құлағымнан кетпейді. Осыдан кейін сотқа сенімсіздік пайда болады.
Жазира Бегалы
Abai.kz