ҚЫДЫРЫП БАРЫП ҚЫЛМЫСКЕР АТАНҒАН ҚАЗАҚ АЗАМАТЫ ӨЗБЕКСТАНДА 15 ЖЫЛҒА ДЕЙІН БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛУЫ МҮМКІН
Бүркіт НҰРАСЫЛ
Кеше Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Елшілігі қазақ-өзбек шекарасындағы «Жібек жолы» шекара бекетінде «экстремистік бағыттағы тауар алып өтпек болды» деген айыппен қамауға алынған қазақ жігіті Ермек Қосмағамбетовке қатысты екінші сот отырысы болғанын хабарлады.
Алғашқы сот отырысы өткен сәрсенбі күні, яғни 4 шілде күні басталған болатын. Ташкент облысындағы Кибрай аудандық қылмыстық істер бойынша сотына тапсырылған жерлесіміздің ісі таныстыру сипатында өткендіктен бар-жоғы 10 минутқа қана созылған. Кеше арнайы осы мәселеге қатысты баспасөз мәслихатын өткізген Сыртқы істер министрлігі алғашқы отырысқа Қазақстанның Өзбекстандағы елшісінің өзі барып қатысқанын «сүйіншіледі».
Бүркіт НҰРАСЫЛ
Кеше Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Елшілігі қазақ-өзбек шекарасындағы «Жібек жолы» шекара бекетінде «экстремистік бағыттағы тауар алып өтпек болды» деген айыппен қамауға алынған қазақ жігіті Ермек Қосмағамбетовке қатысты екінші сот отырысы болғанын хабарлады.
Алғашқы сот отырысы өткен сәрсенбі күні, яғни 4 шілде күні басталған болатын. Ташкент облысындағы Кибрай аудандық қылмыстық істер бойынша сотына тапсырылған жерлесіміздің ісі таныстыру сипатында өткендіктен бар-жоғы 10 минутқа қана созылған. Кеше арнайы осы мәселеге қатысты баспасөз мәслихатын өткізген Сыртқы істер министрлігі алғашқы отырысқа Қазақстанның Өзбекстандағы елшісінің өзі барып қатысқанын «сүйіншіледі».
Ермек Қосмағамбетов - 27 жаста. Қазақстан азаматы. Ол құрбысы Ақмарал Шәкіровамен бірге биылғы жылдың 17 наурызы күні Өзбекстанға туристік мақсатпен бармақ болады. Алайда Бұқараны көрмек болған ойы орындалмайды. Қазақстан мен өзбек шекарасы арасындағы «Майская» («Жібек жолы») бекетінен өтпек болған кезде тұтқынға алынады. Ермектің құрбысы Ақмаралдың айтуынша, олар өздерімен бірге ноутбук ала жүрген көрінеді. Бекеттен өткен соң бекет бастығы ноутбукты тексеріп, «кімдікі, ішінде не бар?» деген секілді сұрақтардың астына алған. Онымен тынбай компьютердің ішін түгелдей ақтарып шыққан өзбек шекара қызметкерлері «діни экстремизмді насихаттайтын бейнематериалдар» тауып алады-мыс. Шәкірованың айтуынша, екеуі ноутбуктың ішінде мұндай фильмдердің бар екенін білмеген. Кетерде оны туыстарынан алыпты. Компьютерді тек фотосуреттерді қарау үшін пайдаланбақшы болған едік. Онда экстремизм дейтіндей ілік болған жоқ. «Ислам» деген папканың ішінен әуезді музыкамен көмкерілген күмбездер туралы слайд тауып алды. Онда ислам діні туралы түсініктемелер ғана берілген. Екіншісінен Мәскеудегі мешітке келіп, орыс ұлты өкілдерінің өз еркімен ислам дінін қабылдап жатқаны туралы жазба болды. Бар болғаны осы», - дейді Ақмарал.
Осы екі заттай айғақ бойынша екеуі қамауға алынады. Екі-үш күн өткен соң өзбек қауіпсіздік қызметкерлері Ақмаралды босатып, Ермекті алып қалады. Кейін туысқандары айыпталушыны наурыздың 26-сы күні Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің облыстық бөлімшесіне алып кеткенін естіп біледі. Ал 30 наурыз күні Ташкентте жабық өткен облыстық соттың шешімімен Ермек Қосмағамбетовті қамауға алу туралы шешім шығады. «Кедендік шекарадан діни экстремистік және сепаратистік сондай-ақ, фундаментализмді насихаттайтын материалдарды алып өтбек болды» деген айып бойынша жерлесімізге Өзбекстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 246 бабының бірінші бөлімі бойынша қылмыстық із қозғалады. Содан бері жерлесіміз тергеуде жатты. Ешкім ештеңе білмеді. Ресми орындар (Сыртқы істер министрлігі) «тырысып жатырмыз» дегеннен басқа жарытып ештеңе айта алған жоқ.
Ермектің туысқандары балалары өзге елдің босағасында қамауда жатқанда Сыртқы істер министрлігі ешқандай қадамдарға бармағанын айтады. «Іс созбаққа салынғандықтан абақтыдағы жерлесіміз туберкулез ауруын жұқтырған. Күннен-күнге жағдайы нашарлап бара жатыр. Туберкулез жұқтырғаны өз алдына, енді туыстары тергеу амалдары да біржақты жүргізіліп жатқанына алаңдаймыз. Сыртқы істер министрлігі шарасыздық танытып отыр. Себебі тура осы бап бойынша айыпталған ресейлік зейнеткердің ісі сотқа да жетпеген. Абақтыға да тоғытылмай, туған жеріне қайтарылып алынды. Ал қазақстандық шенеуніктер Ермекті ақтап шығуға қажетті құжаттарды да рәсімдей алмай отыр», - дейді Ермектің анасы Нұрсұлу Қосмағамбетова.
Бұқаралық ақпарат құралдарына жиі шығып, досының жайынан хабардар қылып отырған Ақмарал елшілікке хат жолдап, қоғамның назарын аудару туралы өтініш те жазған еді. Алайда ресми орган «бүгінгі таңда өзбекстан тарапымен келісімге келуге тырысып жатырмыз», - дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ.
Жалпы Өзбекстан тарапының қазаққа қыр көрсетуі бұл ғана емес. «Өзбек - өз ағам» деп қазақ халқы қанша бауырына тартқанымен, ала шапанды ағайындар қандай мәселе болмасын, бүйректен сирақ шығарып ірілік көрсетіп қалуға тырысып жатады. Осыдан үш жыл бұрын да боранды күні адасып шекарасына кірген қазақстандық 27 жүргізушіні тұтқынға алған болатын. Олардың үстінен «мемлекет шекарасын заңсыз кесіп өтті» және «ұрлық жасауға әрекеттенді деген» негізсіз баптар бойынша айып тағып, қылмыстық іс қозғаған-тын. Мемлекеттік айыптаушылар соттан кінәлі 27 азаматтың екеуіне ұйымдастырушылар ретінде әрқайсысына 15 жыл мерзім, ал қалғандарына 13 жылға дейін бас бостандығынан айыруды талап етіп, қатаң жаза тағайындауды сұрады. Алайда сот барысында олардың көршілес мемлекеттің шекарасын қасақана бұзбағаны анықталып, 270 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлеп бостандыққа шықты.
Бірнеше жылдан бері екі елдің арасында ара-тұра болса да, шекара дауы тұтанып қалып жүр. Оны жоғары тарап қарапайым халықтан жасырып баққанымен, талабы қатал өзбек ағайын талай мәрте шекара маңындағы қазақ ауылдарының мазасын алған болатын. Енді міне жоқ жерден ілік тауып, тағы қиғылық салып отыр. Ноутбуктің ішіндегі бірнеше діни бейнеролик үшін «экстремистсіңдер» деп бірден қос бірдей қазақтың баласын құрықтаған өзбек жағы ақыры дегеніне жетіп тынды. 72 сағат ішінде ресми жауап беруі тиіс Өзбекстан тарапы, халықаралық заң талаптарын белден басып, 30 наурыз күні жабық сот отырысын өткізіп, қолда бар айғақтар бойынша (ноутбуктен табылған «Зов к исламской умме. Как долго еще?» атты деректі фильмінде діни фундаментализм идеялары бар көрінеді. Аталмыш фильмді Өзбестан Республикасының аумағында дайындауға және таратуға тыйым салынған) Ермекті уақытша тергеу абақтысында қалдыру жайлы үкім де шығарып үлгереді. Бұны әрине, сауатты қадам деуге келмес. Білген адамға мемлекеттің имиджіне де жақсы ат емес. Алайда, амал не?..
Кеше еліміздің Сыртқы істер министрлігі баспасөз мәслихатын өткізіп, Ермек Қосмағамбетовтің ісін назарда ұстап отырғанын мәлім етті. «Сот отырысының өзбек тілінде жүріп жатқандығына байланысты арнайы дипломатиялық дипломы бар аудармашы бекітілді. Жалпы істі мұқият назарда ұстап отырмыз. Барлығын дипломатиялық деңгейде шешуге тырысып келеді. Істің мән-жайы келесі сот отрысында белгілі болады», - дейді СІМ-нің ресми өкілі Алтай Әбиболлаев
Келесі отырыс 11 шілде күні өтеді. Ресми өкіл оған Ермектің туысқандарына қатысуға мүкіндік туғанын мәлім етті. Егер Ермек кінәлі деп танылса, 10-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Халық сөзі» газеті