Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 3940 4 пікір 26 Қазан, 2021 сағат 14:45

Ислам, шариғат және ипотека

Классикалық кредиттің, яғни ипотеканың ажырамас бөлігі – банк проценті. Онсыз кредит жүйесі жұмыс істей алмайды. Бірақ исламда ол өсім – «Риба» деп аталады және онымен айналысу, оған қатысты болу ауыр күнәнің біріне жатқызылған. Жалпы, рибаның екі түрі бар, процентке қатыстысы – «Риба ан Насиа» деп аталады. Осы кезде дінді берік ұстанатын, бірақ баспаналы болу үшін ипотекадан басқа жол табылмай тұрған біздегі азаматтардың біраз қиындыққа ұшырап жататыны жасырын емес. Жеке өзіме осы тұрғыдағы сұрақтар көп келіп түсті.

Қайтпек керек? Шариғатты бұзбай, ипотекаға үй алуға бола ма?

Шын айтқанда, қазіргі таңда шариғатты бұзбай Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларында ғана үй алуға болады. Себебі, елдегі ислам банкингінің жалғыз операторы – Al-Hilal банк тек осы қалаларда ғана жұмыс істейді. Бірақ ислам ипотекасына мысалы Атырау мен Ақтөбе сынды өңірлерден сұраныс өте жоғары. Сондықтан Al-Hilal банк осыны ескеріп, басқа қалалардан да өз өкілдіктерін ашса дұрыс болар еді.

Ислам ипотекасы «Мурабаха» құралы арқылы жұмыс істейді. Ол сауда принциптеріне негізделген. Мысалы, сіз клиент ретінде үй таңдайсыз. Ол тек қана жаңа, бастапқы болуы шарт емес. Қолдан (вторичка) алуға да болады. Үй таңдайсыз да, 30 пайыз алғашқы жарнасын төлейсіз. Одан кейін қалған 70 пайызын Al-Hilal банк өзі қосады да, барып сол үйді банктің атына сатып алады. Үстіне ақша қосады да, жаңа баға тағайындайды. Сөйтіп, сізге сол үйді процентсіз рассрочкаға береді.

Мысалы, банк сіз таңдаған үйді сатушыдан 10 миллион теңгеге сатып алды. Оның 3 миллион теңгесі сіздікі. Банк 7 миллион теңге төледі. Енді банк сол үйдің жаңа бағасын 9 миллион теңге деп тағайындайды да, сізге рассрочкаға берді. Сіз 10 жыл бойы 9 миллион теңгені процентсіз төлеп, банкке қайтарып отырасыз (айына 75 мың теңге). Үй банктің атында болады. Бірақ ақшаны толық төлеп біткеннен кеін, банк үйді сіздің атыңызға жазып береді. Әрине, ислам банкі сөзсіз бұдан пайда табады. Онсыз болмайды. Бірақ формалды түрде шариғат бұзылмағандықтан, сіз де, банк те күнә арқаламайсыз.

Ислам ипотекасы тиімді ме, «7-20-25» тиімді ме?

Ұлттық Банктің базалық ставкасы 9,75 пайызға көтерілген уақытта, Қазақстандағы кез-келген банк ипотекасы тиімділігі жағынан «7-20-25»-пен еш уақытта таласа алмайды. Сол себепті, «7-20-25» бағдарламасы ислам ипотекасына қарағанда артық төлем, алғашқы жарна, мерзімі жағынан бірнеше пункт бойынша озып тұр. Есесіне ислам ипотекасы баспананы қолдан алуға (вторичка) мүмкіндік береді.

Жалпы ислам ипотекасына келгенде бірінші кезекке тиімділік емес, шариғатты бұзбай баспаналы болу мүмкіндігін қою керек. Демек, қаржы нарығында дін жолындағы адамдарға да тең мүмкіндіктер қарастырылып жатыр деген сөз. Бұл тұрғыдан алғанда бізде алғашқы қадамдардың бар екені қуантады. Негізі, қазіргі тенденцияға қарап отырып, Қазақстандағы ислам банкингінің перспективасы зор деп нық сеніммен айтуға болады.

Айбар Олжаев

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321