Ғаділбек Әкім. Әлемдік нарықтағы құбылулар бізге де соққы болып тиеді
Соңғы апталардағы әлемдік сауда нарықтарындағы мұнай бағасының төмендеуі, тіпті кей уақыттары тез төмен құлдырауы, біз секілді, экономикасының басым бөлігі шикізат экспортына негізделген мемлекет үшін әсерін бермеуі мүмкін емес. Бұл заңдылық және де еліміздің әлемдік нарық жүйесіндегі әр-түрлі құбылмалы үдерістерге тікелей байланысты екенін анық көрсетеді. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Кеңес төрағасы Серік Ахановтың пікірінше, біздің еліміздің қаржы-банк жүйесі біршама жылдан бері халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс жасап келеді. Сақтандыру секторы тек ішкі бақылау және қадағалау органдарымен ғана емес, сонымен қатар халықаралық Solvency II (SII) жүйесімен реттелінеді. Толыққанды реттелінбегенмен де, жүйелі түрде соған келе жатырғаны белгілі. Банк секторымыз «Базель II» Базель банктерді бақылау комитетінің ережелеріне сәйкес реттелініп отырады, «Базель II» басты мақсаты банк ісіндегі тәуекелділікті басқару сапалылығын арттыруға бағыттай отырып, сол арқылы жалпы қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Қазіргі кезде «Базель IIІ» ендірілуі қарастырлуда. Зейнетақы қорлары, Еуропалық зейнетақы қорлары қауымдастығының ережелеріне сәйкес реттелініп отырады.
Соңғы апталардағы әлемдік сауда нарықтарындағы мұнай бағасының төмендеуі, тіпті кей уақыттары тез төмен құлдырауы, біз секілді, экономикасының басым бөлігі шикізат экспортына негізделген мемлекет үшін әсерін бермеуі мүмкін емес. Бұл заңдылық және де еліміздің әлемдік нарық жүйесіндегі әр-түрлі құбылмалы үдерістерге тікелей байланысты екенін анық көрсетеді. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Кеңес төрағасы Серік Ахановтың пікірінше, біздің еліміздің қаржы-банк жүйесі біршама жылдан бері халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс жасап келеді. Сақтандыру секторы тек ішкі бақылау және қадағалау органдарымен ғана емес, сонымен қатар халықаралық Solvency II (SII) жүйесімен реттелінеді. Толыққанды реттелінбегенмен де, жүйелі түрде соған келе жатырғаны белгілі. Банк секторымыз «Базель II» Базель банктерді бақылау комитетінің ережелеріне сәйкес реттелініп отырады, «Базель II» басты мақсаты банк ісіндегі тәуекелділікті басқару сапалылығын арттыруға бағыттай отырып, сол арқылы жалпы қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Қазіргі кезде «Базель IIІ» ендірілуі қарастырлуда. Зейнетақы қорлары, Еуропалық зейнетақы қорлары қауымдастығының ережелеріне сәйкес реттелініп отырады. Әрине, ең бастысы аталған секторларға кіретін институттар бірінші кезекте еліміздің нормативті-құқықтық заң актілері арқылы жұмыс жасайтыны белгілі, ал халықаралық деңгейдегі спектрлі нормалардың мақсаты, ол белгілі бір бағыттың халықаралық стандартын жасау. Сол секілді халықаралық нарықта мұнай бағасының төмендеуі, сонымен қатар, еліміздің ІЖӨ-нің ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында, өткен 2011-ші жылдың сол кезеңіндегі уақытпен салыстырғанда 6,8% дан 5,6%-ға, яғни 1,2 пайыздық пунктке төмендеуі, экономика даумының бәсеңдеуін көрсетіп отырғанға ұқсайды. Бұл да, еліміздің экономикасының әлемдік нарық жүйесіне тығыз интеграциялануымен байланысты екені анық. Сырттағы құбылыстар бізге де әсерлерін беруде. Forbes Kazakhstan басылымының келтіруінше, осы жылдың ақпан-сәуір айларында негізгі деген секторлардың барлығында да өсудің бәсеңдеуі байқалған, ал, өндіру, құрылыс және ауылшаруашылығы секторлары минусқа кетіп қалған. Аз да болса, 5,6% өсім көрсетіп отырған және өсімді қамтамасыз етіп отырған бағыт бұл - қызмет көрсетумен сауда-саттық секторлары болып отыр. Маусым айының басында Дүниежүзілік Банк өзінің «Global Economic Prospects. Managing growth in a volatile world» («Жаһандық экономиканың болашағы. Құбылмалы жағдайдағы өсімді басқару») деген баяндамасын жасады. Баяндамада әлемдік экономика үлкен көлемдегі болмаса да, азғантай, бірақ тұрақты деңгейде өсім болатынын болжап отыр. Құбылмалы, тұрақсыздау жағдай алдағы жылы да қарқын алып, жалғасуы мүмкін дейді ДБ баяндамасында, бұл ретте жылдан-жылға еліміздің ІЖӨ-де қаржы секторының үлесі төмендеп келе жатырғанын айта кеткен жөн, оны осы сектордың мамандары да айтып жүр. Бұл әрине, жақсы құбылыс емес екені анық.
Керісінше, отандық экономиканың шикізатқа бағытталуы үдерісі күшейіп тұр, бұны Есеп комитеті жетекшісі де айтып өтті. «Біздің бағалауымызша жалпы алғанда Үкімет өз алдына қойған макроэкономикалық міндеттерді орындап, республикалық бюджетті тиісінше атқарды. Жалпы ішкі өнім 7,5 пайызға өсіп, жұмыссыздық 5,4 пайызға дейін төмендеді, инфляция болжанған деңгейден асқан жоқ. Бюджеттің кіріс бөлігінде нақтыланған басты көрсеткіштердің орындалуына қамтамасыз етілді. Дегенмен, осылайша оң нәтижеге қол жетіп отырған тұста экономиканың шикізатқа бағытталуы күшейгені байқалады», - дейді Есеп комитетінің төрағасы. Оның айтуынша, жалпы ішкі өнімді қалыптастыруда мұнайгаз секторының үлесі 2,8 пайызға өсіп 24,6 пайызды құраған. Ал шикізат секторынан бюджетке түсетін салық түрлерінің үлесі де 3,4 пайызға өсіп 60,1 пайызды құраған. «Аталмыш жайт Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламада қамтылған нысаналы индикаторларға қол жеткізуге кедергі келтіреді», - деген пікірде ол. Әлемдік нарықта шикізаттың, оның ішінде мұнай бағасының төмендеуі, біздің елдің кірісі үшін белгілі бір соққы болатынын жоққа шығаруға болмайды. Алайда, соңғы уақытта көп айтылып жүрген мұнай өндіру шыңының Peak oil - концепциясы іске асуы туралы айту ертерек секілді. Мұнай бағасының біртіндеп төмендеуі, сұранысқа ұсыныстың жеткілікті деңгейде қамтамасыз етіліп отырғанын көрсетеді.
Біз терең еніп кеткен әлемдік нарықтағы жағдай бірде былай, бірде олай болып, құбылып тұрған кезең қаншаға созылатынын ешкім де нақты болжап айта алмайды, осы уақытта ішкі сұранысты арттырып, ішкі резервтерді қарастырып, ішкі дамуға басым бағыт берген дұрыс секілді. Бұл тарапта Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламсының маңызы үлкен, алайда, оның қалай жүзеге асатыны, қандай нәтиже беретінін уақыт көрсетеді. Ішкі қаржыға келгенде, Есеп комитеті жыл сайын анықтап беріп отыратын, бюджеттің атқарылуы туралы есептерінде анық көрсетілетін мемлекеттік органдар тарапынан игерілмей қалған бюджеттік қаражаттарды тиімді жұмсау маңызды. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің бағалауынша, 2011 жылы мемлекеттік органдар тарапынан игерілмей қалған бюджеттік қаражат 42 млрд. теңгені құрайды. Бұл 2010 жылға қарағанда 15 пайызға артық көрсеткіш. Ал игерілмеген қаражаттың басым бөлігі Қаржы министрлігіне - 10 млрд., Ұлттық қауіпсіздік комитетіне - 9,8 млрд., Төтенше жағдайлар министрлігіне - 6,5 млрд., Денсаулық сақтау министрлігіне - 3,1 млрд., Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне 2,8 млрд. теңге тиесілі болып отыр.
Ал нысаналы трансферттер бойынша жергілікті бюджеттегі игерілмеген қаражат 38,7 млрд. теңгені құрайды. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 13,1 млрд. теңгеге артық көрсеткіш.
Қысқасы, еліміздің экономикасының әр-түрлі секторлары халықаралық, әлемдік шаруашылыққа әбден еніп, тығыз ынтымақтасуы мемлекет экономикасына өз ықпалын жасауда, бұл табиғи процесс. Дегенмен де, аталмыш маңызды үдерістер анық көрсетіп отырғандай, сыртқы жағдайға қарамастан, ішкі механизмдермен құрал-тетіктерді тиімді пайдаға асырған жөн, ең болмағанда бюджет қаражатын мақсатты, тиімді игеруге бағыт алу, әр-түрлі даму бағдарламалары арқылы шикізаттық бағыттың үлесін қысқартуға бағыт алу және т.б. Осы және басқа да маңызды бағыттар алдағы болашақтың трендіне айналуы тиіс.
Ғаділбек Әкім, әлеуметтанушы
«Абай-ақпарат»