Арон Атабектің қарындасы: Әлі реанимацияда, комада жатыр
25 күннен бері ауруханада жатқан диссидент ақын Арон Атабек әлі реанимацияда, жағдайы бір қалыпты ауыр. Бұл туралы "Азаттыққа" оның қарындасы Рәзия Нұтышева хабарлады деп жазады Abai.kz.
"Жағдайы бір қалыпты. Әлі реанимацияда жатыр. Әлі комада. Кішкене оянады, бірақ жағдайы жақсармай жатыр. Дәрігерлер жағдайы бірқалыпты ауыр деді. Оны жақында невропатолог, нейрохирург қараған. Бұлшықеті жоқ. Қаншама белок құйып жатыр. Сіңбейді. Салмақ қоспай жатыр. Әлі трубка арқылы тамақ ішеді. Тамыр арқылы құйылады. Әбден өлейін деп қалған кезде босатып отыр ғой. Коронавирусы азайған дейді, бірақ өкпесін түсіру үшін басқа жаққа ауыстыру керек екен, себебі клиникада ондай құрылғы жоқ. Жасанды тыныс аппаратымен демалып жатыр. Оны алып тастаса, бірден тынысы тарыла бастайды. Қан қысымы төмендеп кетеді", – деді Рәзия Нұтышева.
Оған туыстарын әлі жібермейді. Жақындары тек дәрігерлерге хабарласып, Арон Атабектің жағдайын біліп отыр. Биыл 1 қазанда Павлодар соты 2006 жылғы "Шаңырақ оқиғасынан" кейін 18 жылға сотталған Арон Атабектің қалған жаза мерзімін бостандығын шектеу жазасына ауыстырып, ақынды "денсаулық жағдайына байланысты" түрмеден шығарған.
Abai.kz