Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
1-ші май мерекесін Шихуда өткізсем де, Үрімжі көшесі ұрандатып жүр екен. Алау-жалау қып-қызыл борлат. Аспаны бұрынғыдай бұлыңғыр болғанымен бұрынғыдай түксимейді. Бәрі де күліп тұрғандай. Ауыздар түгел ашық. Бірақ күлкі үні естілмейді, айқайлайды. Жасасын тақырыбы аз, аз болса да көп (көп қайталанады). Жоғалсын тақырыбы көп. Көп болса да аз (аз қайталанады). Әрбір жауының тұмсығына асығыс бір-бір түйіп қана өтіп бара жатқандай. «Жоғалсын Америка жиянгерлігі», «жоғалсын Лиснман[1]!», «жоғалсын гоминдаң қалдықтары!», «Америка жиянгерлігінің құйрығы, гоминдаңның қарғылы төбеті Оспан қарақшыға өлім жазасы берілсін!» деп, барлық «жоғалсындар» Оспанға келіп тіреле берді.
1-ші май мерекесін Шихуда өткізсем де, Үрімжі көшесі ұрандатып жүр екен. Алау-жалау қып-қызыл борлат. Аспаны бұрынғыдай бұлыңғыр болғанымен бұрынғыдай түксимейді. Бәрі де күліп тұрғандай. Ауыздар түгел ашық. Бірақ күлкі үні естілмейді, айқайлайды. Жасасын тақырыбы аз, аз болса да көп (көп қайталанады). Жоғалсын тақырыбы көп. Көп болса да аз (аз қайталанады). Әрбір жауының тұмсығына асығыс бір-бір түйіп қана өтіп бара жатқандай. «Жоғалсын Америка жиянгерлігі», «жоғалсын Лиснман[1]!», «жоғалсын гоминдаң қалдықтары!», «Америка жиянгерлігінің құйрығы, гоминдаңның қарғылы төбеті Оспан қарақшыға өлім жазасы берілсін!» деп, барлық «жоғалсындар» Оспанға келіп тіреле берді.
Оспан қолға түсіпті, соның орайымен көтерген ереуіл екен. Қызмет бөлмемнің бір бұрышына кіреует құрып орналаса сала, мен де қосыла жөнелдім. Байқасам, «еліру бәсекесі» бар сияқты. Оспанды тілдеу жөнінен бірінен-бірі өтеді. Бір ақын қара тақта газетіне «сақалы қара байтал құйрығындай» деп жазса, бірі Шиңжаң газетіне «сақалы сартөбеттің балақ жүні» деп жазыпты. Сақалынан көрсете ұстамаса, оған қарсылығының шындығы іс жүзінен көрінбей қалатын болғаны ғой. Ал, ұстағандары қара Оспан ба, сары Оспан ба, ол жөнін білмесе де әйтеуір үкімет жауын тілдемесе өздерінің күн көре алмайтындығын білетін жұртшылық емес пе. Ісінің ақтығы мен қаралығына қарап іркілетін «ақымақ» деймісің, аузына салғанын шайнап, аспанға бүркіп жүр.
Төңкерістік үш аймақтан қызметке шақырылып келгендерден басқа бұл қалада түзу киінген интеллигент көрінбеді. Көбі Сәрсенше шоқпыт жамаулы - «пролетар» бола қалыпты. Қоңылтаяқ іле салған тесік кебістерінен башпайлары жылтылдап жүр. «Гоминдаң қалдықтары жоғалсын!» деген ұранға келгенде шошынғандай тіпті қатты айқайлайды екен. Өздері «қалдық» делінетін індеттен осы айқаймен әрең құтылып жүргендей. Шидей мойындарынан кеңірдектері бөлініп, жеке-жеке сойдиып алыпты.
Бұрынғы сабақтастарымнан алдымен Асылқан ақын кездесті.
- ... Мен кеткенде гоминдаң сақшы мектебінде едің. «Қалдық» болмай құтылғанбысың Асеке? -деп сұрадым амандасып болған соң.
- Қалдық болмағанымды қайдан білдің?
- Арықтамапсың ғой?
- Е, елше жіңішкеріп, арықтағанымды көрсететін бөлек-салақ мүше барма еді менде, -деп жымиды домаланған тұп-тұтас Асылқан. - Арықтағаным - аласарғаным емеспе.
- Түрмеде тергеуде болдың ба?
- Мендей қалдықтар тергелмей кім тергелуші еді. Мені, әйтеуір, жын шалығы тигендер қатарына қосып жиды да, сұрап-сұрап, өмірбаянымды жаздырып шығарды. Он бір тармақты бітім кезінде Ахыметжандар жаққа шығып алғамын ғой, менің күнәмді өлшеген таразы сол болды. Қазір өлкелік театр группасында ап-аман жүрмін.
- Ал мына интеллигент «пролетарларыңды» кім мініп арықтатқан?
- Бұлардың бір бөлімі рас белсенді. Ал, көпшілігі -мәселесі анықталмай «асылып қалғандар» ғой. Ондайлар тіпті белсенді. Күндіз-түні дамыл таппайды. Төңкерісшілер қатарында болғандықтарын іс жүзінен көрсету үшін әрнеге дайын. Жалпы алғанда қазір Үрімжі Қарасат майданында. Қылкөпірден бірі өтіп, бірі тозаққа кетіп жатыр. Сен де мына киімдеріңді тастай тұр, жерлес. «Жарау көктен» киінгенің жөн шығар деймін!
- Азат Үрімжіге таза киінген азат пролетар керек емес дейсің бе, иә, «азат болсаң да азапта жүргендей көрін» дегенің бе?
- Алла, Алла! -деді Асылқан. - мына сөзіңді Маханбек естімесін!
- Маханбеңің кім?
- Өлкелік парткомдағы мықтының бірі, әскери район әдебиет-көркемөнер басқармасының бастығы. Әлгі сөзіңді естісе «қалдық» та емес, тіпті нақтың өзі деп есептейді. Қазір партия зиялыларға қарапайым киінуді үгіттеп жатқанда, жарқырап киінуге сен үгіттесең кім болғаның!... Ол кісі әйелдердің ұзын етек көйлегін «феодализм», белдемше көйлегін «капитализм» деп атайды.
- Ал, «пролетары» қайсысы екен?
- Ханзуша тарбалақ сым киуді дәріптеп жүр ғой. Құлжаға барып, әртіс әйелдерге зорлап кигізіп қайтыпты осы жолы. Сонысымен ханзуша «тыш-таң-таң» ға билеуге үйретіпті.
Әлияның жаңа биі есіме түсе қалды.
- Маханбегің дәл осылай істеп жүрсе, дұрыс мақамның қариы бола алмағаны! Бұл, солшыл коммунизмші әуеніндегі шовнизм! -дегенімде Асылқанның көзі бадырая қалды. - Сенің гоминдаңға жағатын бір өлеңің бар еді ғой, -дегенімде селк ете түскеніне күле жалғастырдым сөзімді. - «Шыққан жерім Хуаңхы кенересі, бәріміз бір Хуаңдидың немересі» деуші ме едің?.. Осы өлеңіңді енді Маханбектің құлағына сыбырлай жүрсең болады екен!
- Биғаш, мына қалжыңың осы жерде қалсын! Гоминдаңның «шалығынан» әрең құтылып жүргенімде, енді «қалдық» дегізіп құртатын сияқтысың мына қалпыңда!... Жоқ, түк те күлкісі жоқ, рас айтам!
- «Шалық» дегенің қандай қалпақ?
«Қалдық» деген, байлап-матамаса болмайтын «жынды» сияқты өте қатерлі қылмысты ғой. Ал, шалық» деген одан жеңілдеуі. Бақсылардың «жын шалығы тиген» деп кейде зіркілдеп ойнап, кейде ұшықтап емдейтін ауыруын білмеуші ме едің, сол ғой баяғы. Айтпақтайын Күлән сенің ең жақын досың емеспе еді. Келгеніңді естіп қуанып жүр. Бүгін сені үйіне бастап баруды маған тапсырды. «Шалық» дегеннің қандай қалпақ екендігін содан ұқ!
- Үй, гоминдаңның шалығы оған да тиіп пе еді? Ол қайда істейді?
- Ол да театрда әртіс. 49-шы жылдың басында ғана Бердіқұл дейтін жасосқа тиіп еді. Онысы Үрімжі азат болысымен қолға алынды.
- Е, сол жасостың кесірі тиген екен ғой. Япырай, гоминдаңшыларға өте қарсы еді, қалай тиді екен оған?
- Жыңса басқармасы зорлап қосқанын сол кезде маған жылап тұрып айтқан болатын. Сол жасосқа қамап беріп қосқан екен. Күлән сонда да онымен көп бірге тұрмап еді. Жақында оны идея жағынан ақтап, басшылыққа пікір жазып бердік. Ендігі күмән қалай жабысып тұрғанын білмедім. Кей біреу тіпті гоминдаңның жыңса басқармасы құрылғаннан бері тізімінде бар тәйни екен деп жүр.
- Жоқ, ешқашан да тәйни болған емес. Ол бейшараны қырсық қырқыншы жылдан бастап, жап-жас оқушы кезінде Мұсатай атты сұлу жігіт болып келіп шалған ғой! -деп күрсіндім мен. Оны жыңсаға тізімдетіп те, Хугожыңға құлдандырып, шпионның жесірі ретінде Бердіқұлға байлатқан да сол Мұсатайдың әлепеті. Ал, Күләштің төңкеріске титтей де қиянаты жоқ!
- Әлбетте, Күләштің жауабының дәл үстінен түстің, Биғаш!... Бұл жауабына көпшілік сенбей жүр еді!... Өзің партияға өтіп пе едің? -деп күбірлеп қана сұрады Асылқан. - Олай болса, театр басшылығына Күлән жөнінде білгеніңді толық жазып берші, сауабын сөзсіз аласың!... Мұндай сұлудың сауабындай тәтті сауап қайда дейсің шіркін!
- Асеке, оның көзінше маған бұлай қалжыңдаушы болма! Ол маған Ақылбай қатарында ұстаз, қамқор болып келген. Қатты сыйлаймын!
- Үй, ынжық! Бәсе әлі күнге дейін неғып үйленбеген десем, осындай әдептіліктен құр қалып жүрген сияқтысың ғой бәрінен!... Жүр, кеш болып қалды. Қазір үйінде сені күтіп отыр! Ал, сонан соң... жесір келіншектің үйіне әрқашан қонбаймыз ғой, барып біздің кемпірді басамыз. Бүгінгі келісіміз осылай, ұқтың ба?...
Майданның күншығыс жағындағы баяғыда Әлмен қашқан бұрма-мұрма тар көше көзімді жасқа толтырып, бұлдыратып жіберді. Нұрия екеуіміздің құшақтасып түн кезетін жымымыз осы көше болып еді ғой. Сол кездегі үлкен көшеден суырша шақылдайтын сараяқ күзетшілердің дауысы да естілгендей сезілді бір сәтте. Жалт қарадым. Сондағы Нұрияш жоқ, қазіргі қолтықтасып келе жатқаным жұп-жуан Асылқан екен.
- Осы ыстықта тоңып келесің үй! -деп қана қойды. Буынымды тез бекітіп, көзімді оған байқатпай сүрте салып едім. Әудем жердегі кішкене қақпа алдында тұрған ұзын бұрымды «толықша бойжеткен» де көзін сүрткендей болды. Ақ жүзін жарқ еткізіп, тұра ұмтылды бізге қарай. Тарбелдемше тұсауындағы біз өкше туфлиінің көз ілестірмей лыпылдағанына қанағаттанбай, тоқ омырауын солқылдата жүгіріп жетіп құшақтай алды мені. Өзінен недәуір ұзын да иықты денемді көкірегіне тұтас сиғызып, мойныма асыла еңіреді. Алғашында шиқылдап-солқылдап құшқан мен де үн қоса жөнеліппін.
Күлән өшпес өкініш, бітпес мұң арқалап қалғандығын, қорланғанын айтып, шағына егілгенде қосылып еді үнім. Оның Ақылбайды жоқтап тұрғанын түсінбеген Асылқан бұл зарын сөге күбірлеп шектеді.
- Үй, Күләш, мұның не, көшеде соны айтып жылай ма екен!... Жасусты жоқтағаның не!
- Білмеген соң былжырамашы, Асеке! -деп жіберіп солқылдағанымда, біреудің мұрнынан мырс еткізіп күліп жібергені естілді. Күләнға қызметтес әртіс әйел екен. Бір жағынан шешесі келіп, Күләнді айырды да, менімен қос қолдап амандасып, бетімнен сүйді...
- Нұрияштың сүйегі табылмады! -деп күрсінді Күлән, үйіне бастап келе жатып. - Көмілді деген ауланы гоминдаң берілсімен төңкерісшілер илеп, түгел тінтті. Күдікті жерлерін жендеттердің өздеріне қаздырып та көрді. Тексеруді қатты жүргізді. Амал қанша, сол оқиға кезіндегі офицерлерінен бірі қалмапты. Басқа жерлерге ертерек ауысып-ауысып жоғалыпты. Нұрияштың денесін иенге апарып тастап, қылмыс ізін мүлде өшіріп кеткен сияқты! -деді де менің көзқімнен сырғанаған жасты көріп, өз басынан өткен азапты да қосып шағына жылады. - Адам өлген соң денесі не халге түссе де бәрі-бір ғой, Биғаш, дүниеде көзбен көріп, тірі қорланған... қиын екен! Нұрияшша соғысып-жағаласып өлсем арман не еді! -деп бетін баса солқылдады Күлән.
Әйнекті есіктің екеуінен өткізіп, үшінші үйге - кең стол төріндегі жұмсақ орындыққа отырғызды. Ұлттық төңкерісшілермен жергілікті халық оңайлықпен кіре алмайтын қамал ішіндегі бұл сәнді үй гоминдаңның Бердіқұлға Күләнді қосқан үйі екенін түсіндім. Гоминдаң көкжалдары өз апандарына іргелес, берік қақпалы үй беріп, Үрімжінің таңдаулы сұлуының бірін зорлап қосуларына қарағанда, бұл шпион гоминдаңның ең көп пайдаланған, ең қанқұйлы шпионы болғаны ғой!
- Күләш, Бердіқұлың қай жерлік екен бұрын? -деп сұрауды төтесінен қойып қалыппын. Бұрынғы әзілдесер шақтағы шырайына келе қалды Күлән, күлімдей қарайтын өжет өткір қара көзінің астымен Асылқанға, «айтып қойыппа едің» дегендей жымия қарап алып, күрсіне сөйледі.
- Бердіқұлымның қай жерлік екенін білмейтінмін, сөйлесіп көрмегенбіз. Ол қолға алынған соң жарым ай өткенде тергеушісінен естідім. Боғдада баулынған Алтай қыраны екен. Үлкен әйелі мен бес баласы қазір Жемсарыда. Менің соңыма түскен мән-жайын кейін айтып берейін!
Күләш соны айтып, сыртқа, тамақ дайындығына шығып кетті де, Бердіқұл жөнін Асылқан сыбырлап түсіндірді.
- Бердіқұл Алтайдан Жемсарыға 40-шы жылы келген Кәменнің нағашысы екен. Гоминдаңның астыртын қызметіне Кәмен арқылы танысып, 45-ші жылдан бері ғана қатынасыпты. Күләштің «Боғдада баулынған» дегені сол! -деп жымиды ол.
1945-шы жылы жазғытұрым Кәменнің Нұрияны жасырын әкету үшін шақырып келтірген жуан сары нағашысы есіме түсе қалды. Бұқпа Сәбиттен естіп едім ғой.
- Түрі қандай? -деп үңіле сұрадым Асылқаннан.
- Жуан қызылсары, білуші ме едің?
- Жас шамасы?
- Қырықтың жуан ортасында ғой.
- Дәл өзі! -деп столды тақ еткізіппін. Дастарқан әкеліп жасаған Күлән бас изеп, ішінен тына күрсінді.
- Ие, сол! ... Оның Кәмені қайда екенін білемісің, Биғаш?
Кәменнің Манас бойында қолға қалай түсіп, қалай өлгенін сөйлеп бердім.
Сол дастарқан үстінде Құлжа түрмесінде Мұсатайды соққызғаным да баяндалды. Өзінің алғашқы сүйген жігітіне істеген бұл қастығыма күле әзілдеді Күлән.
- Менің бір «құныкерім» өзің болыпсың ғой!
- Рас!.. Жүрегіңде соған арналған титтей қимастық болса, шынымен-ақ құныкеріңмін!
- Ол, гоминдаң түрмесінде өзінде жоқ қылмысқа мойындап, шпион болып еді, -деп Күлән енді түйіле тыныстады. - Талай қимасымызды қинатып өлтіртіп еді. Ал, біздің түрмемізде өзінде бар қылмысқа мойындамай, жасырынып жасамақ болыпты ғой!
- Бәрін де сен үшін, сені қимай тірі жасау үшін істеген далбасасы емес пе!
- Ие, солай-ақ болсын. Түрмеге бір барғанымда онысын өзіме де айтқан. Бірақ, туған еліне опасыздық істету үшін жарқырап алтын болғанымнан, күйіп көмір болғанды жақсы көретіндігімді мен де айтқанмын!
- Жүрегіңнен айналайын, Күләшім-ай! -деп ішінен сөйлегендей Асылқан күбірледі. Мен елжірей қарап отырып қалыппын. Күлән стакандарға арақ құйып, алды-алдымызға қойды да, бірін өзі ұстай сөйледі.
- Қане, Биғаш, Ақылбай мархұмға зират орнатқызғандығың үшін, мұнан соңғы тиген жігітімді тағы өлтірсең де құныкер етпеспін. Кел, сенің амандығың үшін алып жіберейік!
Асылқан мен әртіс келіншек стаканды Күләннің соңғы тілегі үшін қағысып көтерісті де, келешектегі белгісіз күйеуді «тағы жұтқалы отырғанын» қағытпалап ұзақ күлді. Күләннің өзі де бірге күлісіп алып көзін сүртті. Күләннің өз денсаулығы үшін менде бір тост көтерттім. Нұрияшты ескерісіп те бір-бір көтерістік. Нұрияға қосылып айтқан әндерімізді Күлән екеуіміз шиқылдаса отырып шырқаттық. Оның өзі бастағандағыдай айта алмағандығымызды сөз етіп, көз жасымызды еселей бір ағытып алғанымызда Асылқанның үлкен көзі аямай ағытып, төгіп-төгіп жіберді. Нұрия туралы түсінігі енді толықтаныпты. Бірақ, бұл жылауынан өзі қорқып, жалтақтай қарады жан-жағына. «Азат заманда мұндай мұңлы ән айтып, бұлай жылау, кімнің әрекеті!» деп қалар ма екен дегендей, өздеріне қызметтес әйелге жалтақтады.
- Әліге дейін жылатып отырған гоминдаң ғой! Жүр екеуіміз бұрынырақ барып, біздің үйдегі кемпірге көмектеселік! -деп ерте жөнелді онысын. - Ал, Күләш Биғабілді біздің үйге өзің бастап апар! -дей кетті.
Күлән «кейін айтып берейін» деген әңгімесін Асылқандар шығып кеткен соң, ас үйдегі жұмысын шешесіне тапсырып қойып, оңашада бастады. Өзі іштей аса ұнататын құрбы жігіт алдында өзінің сүйер жар іздейтін, әлі де уылжыған сұлу жесір басына мін боларлық оқиғаны бүкпесіз шындықпен сөйледі:
Үрімжіден мен кеткен соң Бердіқұл аты жуан сары іле-шала көрініпті Күләнға. Қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымына жиы келіп тұратын жүз танысқа айналыпты. Ұйымның ойын-сауық бөліміндегі шахмат-дойбыдан, билярд столының маңынан, газет оқыған болып кітапханасынан жиы көрініп жүріпті. Сырттан бейтаныс қазақ келе қалса, соны айлансоқтап оңаша шығарып алып тексеріп, соңынан ере жөнелетін болыпты. Сөйтіп сақшы орнына бірнешеуін ұстатыпты. Содан бірнеше ай жоғалып кеткен Бердіқұл 46-шы жылдың жазындағы онбір тармақты бітім кезінде Үрімжіге қайта пайда болған екен. Гоминдаңның бір бұзғыншылығынан қозғалған халық ереуілінде жасостығы көрініп соққыға жығылыпты. Халық оны оңтүстік қақпа алдында ұстап, тапалап кеткен екен. Өлмепті. Қамал қақпасын іштен қорғап тұрған құралды сараяқтар қаптап шыға келіп, сүйреп кіргізіп әкетіпті.
Гоминдаңшылардың ең қатты құтырған 1947-ші жылдың 25-шы фебрал оқиғасындағы бұқараша киінген гоминдаң армиясы халық ереуілене қарсы халық болып жасанып, қыр көрсеткенде, Бердіқұлды ұран бастаушы етіпті. Бет-бейнесі қазаққа ұқсайтын жалғыз Бердіқұлдарына «үш аймақ бандылары жоғалсын!», «Шығыс Түркістаншылар жоғалсын!» дегізіп, үш аймақ өкілдерінің алдында қазақ тілінде де, ұйғыр тілінде де ұрандатып алған екен.
Сондай сатқындық еңбектерімен қожаларының мол разылығына ие бола қалыпты Бердіқұл. Жыңса басқармасының бастығы Хугожың шақыртып алып, «бір тартар» жақсы темекі ұсыныпты.
- Белидығули мырза, сен жақсысың, жақсы істедің. Біз саған жақсы сыйлық береміз, көп-көп ақша береміз, жақсы істеп тұр! -депті.
- Хұп, пақырыңыз жақсы істейді чужаң! -деп түрегеліп бір тоңқайып жіберіпті Бердіқұл. - Өздеріңізге жан-тәніммен беріліп істеп жүрген мен пақырыңызға ақша мен төленбейтін ауыр апат келіп тұрғанын ұмытпасаңыз екен!
- Қандай апат?
- Ехе-һе...һе, сіздің бір сожаңыңыз келінім Нұрияны... атып өлтіргені есіңізден шыға қалыпты-ау тақсыр! Ал, інім Кәменнің өзін де... міне екі жыл болды көрсетпей қойдыңыз!... Ол да өлді ме екен деп күмәнданамын!
- А-һа... Кәмен бар, аман келеді!
- Ал, келінімді өлтірген сожаң өз қызметкеріңіз болғанда, мен де өз қызметкеріңізбін ғой, төлетіп біріңіз тақсыр!... Адамыма дәл сондай адам алмай разы болмаймын, еже-һе-һе-һе!
- Ол туралы қамсыз бол, Белиді хулыи мырза! Кәменге уағда бергенмін. Келген соң өзі таңдаған қызын алып береміз!
- Ол жас қой, аман келсе бір қызды өзі таңдап, өзі-ақ алар. Ал, өлген келінімнің Күлән атты бір әпекесі бар, осында. Естуімше оның басын бандылар айландырып жүр екен. Аман тұрғанында соны маған әперіңіз, тақсыр, құлыңыз болайын!
- А-ха-һа-һа-һа... Ол біздің қызметкеріміз, біздің бақылауымызда, ешқандай банды әкете алмайды!... Сіз онымен сөйлестіңізбе?
- Сөйлесуге көнсе, сізге жалынамын ба, тақсыр-ау! Ол ыңғай Шығыс Түркістаншылармен, коммунистермен сөйлеседі. Мені гоминдаңшыл деп жек көреді!
- Гоминдаңшыл деп, а-һа! Көрсетемін мен оған гоминдаңның құдіретін! -дегенде чужаңның көзі қанталап, аузы көбіктеніп кетіпті. - Белидіхули мырза, сізге неғұрлым тез істемесе болмайтын, өте қажетті қызмет тапсырылғалы отыр. Соны бітіріп келісіңізбен оған өз қолыммен үйлендіремін. Мұнда, менің бақылауымда аппақ сұлу тоқалыңыздың барлығына сене бер! Хауіпсіз жерден жақсы, қоражайыңыз да болады. Одан қам жемеңіз! Тек міндет толық орындалса болғаны!
Жыңса басқармасының осы уағдасымен семірген Бердіқұл Шонжыдағы Хабатуанға[2] жіберіліпті. Сөйтіп, көріністе бір скадронның саяси жетекшісі. Іс жүзінде жыңса басқармасының сол полктағы құпия қызметшісі. Полк әскерлерін ғана емес, бүкіл Шонжы ауданын да бақылайтын арнаулы жасостар тобының «орынбасар бастығы» болыпты.
Сол 47-ші жылдың майында гоминдаң Мәсғұтты өлкелік үкімет бастықтығына заңсыз тағайындап, бітімді бүтіндей бұзған. Бірлескен үкіметтегі үш аймақ өкілдері Құлжаға қайтқанда Күлән бірге көшіп кетуге дайындалған екен. Жыңса басқармасы ұрлап қамап алып қалыпты да, үй ішін қала сыртынан күзет қарауылының түбіндегі осы үйге көшіріп әкеле қойыпты. Құлжаға қашпақ болғандығы үшін Күләнді бір ай қинап, сырт адамдармен сөйлессе ауыр жазаланатынын айтып шығарыпты.
Күләннің жыңса басқармасына қарасты аулаға қамалғанын естіген Бердіқұл Шонжыдан үш қазақ ұстатып, Хугожыңға «шарқидың шпионы» деп мәлімдей жетіпті бір күні. Разы болған қожасы Күләннің төріндегі үйді жабдықтап, жасатып, Бердіқұлын жеңіл машинаға отырғызып әкеліп, «зор құрметпен» орналастырыпты. Бастап келген басқарма офицері Күлән мен шешесін таныстырыпты «қора иесіне».
«Мынау шешесі, мынау қызы, оқуда бір ұлы бар. Құлжаға қашып, көменестерге қосылмақ болған қылмыскер семия. Сіздің осы үйіңізге көшіріп әкеліп, бақылау астында ұстап отырмыз. Кешіріңіз, басқа бір қолайлы үй табылған соң үйіңізді түгел босатып берейік!
- Е, несі бар, бұл қора қазірше бос қой! -депті Бердіқұл да дайындап алған сөзін сылдыратып. - Өздері маған түс таныс адамдар көрінеді, отыра тұрсын. Бір қазақ болса да пана бола алсам деп армандайтын жігітпін. Қораны таза ұстап, ие болып отырса болғаны!
Осы жексұрын шпионның қора қожасы бола қалуынан секем алған Күлән «жігітпін» деуінен тіпті жиреніпті.
- Біз бұл қораға үй іздеп келіп, өз еркімізбен түскен семия емес. Қамалған семиямыз, ие бола алмаймыз! Шешелі-балаы үшеуімізге түрменің бір камерасын берсе де жетеді. Соны айтып көшіртіңіз! -депті.
- О не дегенің, шырағым-ау, мынадай бос үйі тұрғанда қытайдың сасық түрмесіне ағаң қайтып қимақ! Отыра беріңдер үндемей ғана!... мынау қанаттыға қақтырмайтын, тұмсықтыға шоқытпайтын берік, жақсы үй! -деп жепектеткен Бердіқұл басқарма офицеріне ханзуша сөйлей жөнеліпті. - Мынау мен танитын жетім-жесір семия. Қылмыскер болса да менің панамда отырған соң тұрмыстан қиналса, қазақ жосынында маған ұят келеді. Чужаңға айт осынымды!...
Күләннің қытайшаға сауатты екенін білетін Бердіқұл, басқармасына осыны тапсырған болып, осылай қамқор ағасынып бір күн қоныпты. Жыңса басқармасынан келген қонағасылық тағамдарының тойлық дастарқандай болуынан бастабында қатты қорыққан Күлән, түп үйдегі шпионның тыныш қорылына қуанып таң атырыпты. Бердіқұл, «аға» бола отырып ішкен таңертеңгілік шайдан соң шығып кетіп, түскі тамаққа тағы да «аға» бола келіпті: «япырай қарындас-ай жағдай мұншалық ширығып тұрғанда қатты қателесіпсіздер-ау!» -деп күрсіне отырыпты дастарқанға. - «Қаншалық өтінсем де кеңшілік етпеді мына қытайларың, Үрімжіден жасырын банды тазаланып болғанша, сыртқа шығармайтын болыпты ғой өзіңді! Қатты тентектік қылып, өшіктіріп алыпсың, режиміне бағынбасаң атып тастайтын да сөздері бар. Қазақ қызы болған соң жанашырлықпен айтамын, осы қақпадан шықпай, жуастықпен ғана жауап беріп отыра тұр, басқа лаж жоқ. Ағаңның қолынан келгені тұрмыс расхот қиыншылығынан құтқару ғана болды. Базарға шешей мен бауырың шығып, керегіңді әкеліп беріп тұрады. Қайтесің шыдай тұр, қалқам! Кейінірек бір лажын тауып, кеңшілік әперермін!» деп «елжірей» шағыпты. Содан бастап, мырза қамақтағы Күлән үйінің тұрмысы аста-төк молшылыққа айналыпты да, бір жыл өткенге дейін сол «қамқор» жасостың өзі көрінбепті.
Бердіқұлдың көрінбегені, ауыр міндет арқалап Алтайға кеткен екен. Басқармасы әперетін ақ тоқалы мен жатқызатын ақ үйін көрсеткені үшін күшеп-ақ арқалаған көрінеді. Үш аймақ үкіметінен бұзылып, Көктоғайда жатып алған Оспанға гоминдаңның қару-жарақ керуенін шұбата жетіпті. Батырдың өзіне лайық батыл қорғаушы болып ашық таныстырылып, гоминдаң сызған жолмен жүрмесе батыл жондаушы болып, жасырын сайланып барыпты. Әрине өз соңында да бақылаушы бір Уаң жүрген екен.
Бердіқұл Оспанның соңынан «батыр-батырлап» ере жүріп, ермеген халықты батырлатып, жазасын бере жүріпті. Оспанмен бірге Сарсүмбеге кіргенде тіпті сақылдаған Бердіқұл өздігінен жазалаушы атрет құрып қырғындай жөнеліпті. Бірнеше азаматты ат құйрығына байлатып сүйретіп өлтірткен осы шпион екен. Алтай аймақтық сақшы мекемесінің бастығы болған Кәкім деген азаматты өлтірту әрекетінде ғана бір жаңсақтық өткізіпті Бердіқұл. Оны найзалатып, мылжалатып апарып, өлген-өлмегенін тексермей суға тастата салған екен. Алтайда Бердіқұл бұйырған жазадан өлмей қалғаны тек осы Кәкім ғана болыпты. Суда екі сөтке жатып қана тіріліп кетіпті.
Ал, тағы бір «кемшілікті» Оспаннан қорыққандығынан өткізіпті шпион: Дәлелқан генералдың Алтайда қалған үлкен үйіне қылыш суыра ұмтылғанда әудем жерден Оспан көріп, «тәйт ары» деп ақырған екен. Бердіқұл соңында жүрген уаңның қазақ тымағы астынан сығырайған көзіне жалтақтай қарап тұра қалыпты сонда. «Суанлы ба»[3] депті қожасы да еріксізденіп. «Маған қарамай-ақ, Оспанның бұйрығын естімегенсіп шайқай берсең болатын еді!» деген өкінішпен ғана күбірлепті соңынан.
Бердіқұлдың 47-ші жылғы Оспан бұзғыншылығындағы міндеттері, осы екі кемшілігін қоспағанда толық орындалған екен.
Сарсүмбеден қайта қаша соғысқанда да недәуір басты домалатыпты Бердіқұл. Артына қайрылып ата алмаса да беліндегі гранаты мен қолындағы автоматын қалып бара жатқан бет алдындағы мал мен кідірген көштен аямапты. «Сендерді көменестерге қалдырып кеткенше осылай қатырып кетейін!» деп атқылағанына соңындағы Уаңы Бәйтікке кіргенше изектепті.
Бәйтікке Оспан мен бірге қамалған Бердіқұл қысты сонда өткізіп, 48-ші жылдың жазында әрең қайтыпты Үрімжіге. Жыңса басқармасына есеп бере келгенде Бердіқұлдың «санап өткізген» қазақ басы, әрқандай қыз үшін берілетін қалыңмал санынан кем түспесе керек: «бар!» -депті Хугожың - «Күлән сенікі!... бірақ, қазірше әшкере той жасап бере алмаймыз, шұғыл міндет бар!»
Бердіқұлды нұсқаушы уаңымен бірге басқарма асханасы зияпаттап-қонақтатып жатқанда басқарма тергеушісі Күләннің шешесі мен бауырын шақыртып, «тергеуге» ала қойған екен. «Көшеден нәрсе сатып алу сылтауымен шығып жүріп, банды-шпиондармен байланысқан факттерің табылды» деген жаланы жапсыра тергепті. «Бір жылдан бері қандай-қандай адамдармен сөйлестің?», «ол не деді, сен не дедің? Дейтін созылмалы сұрақтар қанша күнде бітетінін кім білсін, әйтеуір «түгел айтып бергенше жатасыңдар!» деген атақты «метод» пен қамапты. - Бердіқұлға «қалыңдықты» осылай оңашалап беріпті «жеңгелері».
Шешелі-балалы екі «қарақшы» қатарынан ұсталған аула тінтусіз-күзетсіз қалушы ма еді. Қақпа алдында сіресіп тұрған құралды қос жендет оны ізетпен өткізгенін терезеден көрген Күлән «бәсе!» деп қалтырай түсті.
«Бердің бе Құдай» дегендей құшақтай алған Бердіқұлға алғашқы сәтте ғана бір шапалақ сала алыпты. Қайта құтыла алмапты сол жауыз құшақтан...
«Не оны, не өзімді өлтіруге қаншалық әрекеттенсем де қолыма қару боларлық ешнәрсе түспеді. Күш-қуат дегеннен мақұрым жаралыппын!» -деп еңіреп жіберді Күлән. - «Иә, дауысымды естіп кіріп, ара түсерлік көрші жоқ!.. Он шақты күн әуреледі сол иен үйде!... адам істемейтін арсыздық істетті. Жағымды керіп, тамақты да еріксіз жұтқызды!..»
Осылай он күн «қалыңдық ойнаған» Бердіқұл бір күні таң бозында тағы жоғалыпты да іле-шала Күләннің шешесі мен бауыры қайтып келіпті. Олар қайтып келісімен үйіне пышақ та шедеу де қайтып кірген екен. Намыскер әйелдің бұл қорлықтан өліп құтылуына енді сол қимас жандары бөгет болыпты. Бірер айдан соң желікпе ауыруға ұшырапты Күлән. Жүкті болып қалғанын білгенде желігіпті. Пышаққа шешесімен таласа түсетін, киімін жыртып тұзақ есіп апарып, кілет салдауырына байлай қоятын болыпты. Бірақ аруанадай боздаған шешенің аянышты зарын естігенде шыдамы жетпей, өлуге батына алмай қалады. Бұл әлсіздігін жеңу үшін құлағын мықтап тығындапты бір күні. Ол, құлағын тығындап жатқанда шешесі жасырып жүрген өткір пышағын суырып алып, қазан ернеуіне жаныпты. Ақшам үйріліп бара жатқан шақ екен. Қызы ұрлаған шедеуден қымқырып кілетке кіргенде, шешесі бүкшеңдей жүгіріп барып, қарсы алдына тұра қалыпты да пышақты өз өндіршегіне тірей қойыпты. Күлән қолындағы шедеуін лақтыра салыпты соны көріп. Шешесін құшақтай шырқырапты. Қарысып қалған қатпарлы қолдан пышақ сабын әрең ажыратып, оны да лақтырып жіберіпті. Қараса қалыпты бір-біріне. Жастай жесір қалып, екі балапанын өсіру жолындағы азаппен уақытсыз қартайған анаға қарап, көз жасын қызы төгіпті. Көз аша жетім қалып, анасы мен бауырын асырау жолында үздіксіз құйға батып келе жатқан бақытсыз қызына қарап ана егіліпті. Бірін-бірі құшақтап алып, зар жырына қосыла еңіресіпті сонан соң... үздіксіз тепкі, мол теперіш көріп келе жатқан көп сорлының бірінше күн жарығын көре тұруға көніпті сөйтіп.
Жыңса басқармасы Бердіқұлын Күләнмен шырғалап, осылай мықтап мұрындықтап алған соң тағы бір машақатты міндетке жегіпті.
Бәйтіктегі Оспан өзіне ерушілерімен тағы босып Үрімжі аймағына көшіп өткен екен. Гоминдаң оның құралды азаматтарын Хабатуанға бақылатып қойыпты да еруші ауылдарын Жемсары, Шонжы тауларына бөліп-бөліп қоныстандырыпты. Хабатуанның негізгі әскерлері де, бұл өңірдің тауы мен сақара тұрғындары да тіпті Мори, Баркөл тауларына дейін тұтасып жатқан түгел қазақ қой. «Бұл қазақтары тұрғанда Оспан батыр қатындыққа көне қоймас» деп гоминдаң сол «досынан» хауіптене қоныстандырыпты. Бір мылтығы болса да еркімен жүруді көксейтін бұл мықтыға еліктеп, бұл жақтағы қазақтарда үш аймақ қазақтарынша түгел қаруланып, тұтас көтеріліп кетуінен қорыққан көрінеді. Оспаншыларды шын досы ретінде қарсы ала отырып, қарусыздандырып, сыйлай отырып сыпырып, батырын бақыалу астында пайдалануды ойластырыпты.
Сынақтан өткен сенімді жасосын - Оспанға туыс жағынан да түс жағынан да, таныстығы бар сіңімді жасос Бердіқұлын сол мақсат үшін Хабатуынға қайта орналастыра қойған екен. Малұйжаң[4] оны Оспанға Хабатуанның байырғы офицері ретінде таныстырып, жауынгерлігін мықтап мадақтапты да баталион комиссарлығына көтеріпті. Мұнысы, сол жасосты Оспанға көмекші етіп қосып, сол арқылы сарбаздарынан айыру амалы екен. «Қытайға да сеніп кетпеу керек!» деген өсиетін Оспанның өзі бір айтса, Бердіқұл бес рет қайталап айтып жағынып, көмекші ғана емес, «нұсқаушы» болуды сығалап көріпті.
Сұңшилан генерал Жемсарыға жатып алған Оспанды Үрімжі қонақ үйіне шақырып келтіре алмаған соң Үрімжінің сол түстігіндегі Шүймогудың (су тиірменді сайдың) шырайлы жасаңына көптеген киіз үй, ақ шатырлар тіккізіп, қонаққа шақырады. Бірақ «нөкерлеріңіздің ешқайсысы құрал әкелмесін, қорғауға біз міндеттіміәз» деп өтіне шақырады. «Ақсақ қабылан» аталған секемшіл сақ Оспанның шағын ғана сарғыш қоңыр сақал-мұрты тарамдалып, шаралы көзі жарық ете түсіпті мұны естігенде. Кең иықты жуан денесі тұтасымен бір қозғалыпты. Бірақ, гүр ете түспей, жымия сұрапты: «осыны әлгі Сұң батырдың өзі жазды ма, иә, көп қоян жүректерінің бірі жазды ма?»
- Ол кісінің өзі жазбайды ғой батыр, -деп, шақырушыдан бұрынырақ шауыпты Бердіқұл. - Өзіңіз сияқты қолбасшы болған соң хатшылары бар ғой. Солай да қонаққа өздері бірін-бірі шақырғанда да құралсыз барады.
Оспан Бердіқұлға бадырая қарапты да зекіре тойтарыпты.
- Арамыздағы салакештерше сумаңдамай тыныш отыр шырағым, мен мына шақырушы мықтының өзінен сұрап отырмын!
- Ие, ие, тақсыр, генералдың өзі, өзі осылай бұйырған! -деп полковник дәрежелі шақырушының қасындағы қазақ капитан шұлғи күліпті.
- Өзі жаздырған болса айтып бар, -деп Оспан ресми жауап қайтарыпты сонсоң. - Қонаққа, құрылтайға құралсыз шақыру, құралсыздандырып апарып қолға алу дегендерің Шың дубаннан қалған әдет. Мен ту басында сонысына қарсы болып соғысқанмын. Қонаққа олай шақырғанша шақырмай-ақ қойғанның өзі жақсы. Мұнысы жаман ырым. Қонаққа шақыртып ерулік бермесе де Сұң батырмен біргемін. Рахымет деп айтты де!...
Шақырушылар шығып кетісімен кеңкілдей күлген Бердіқұл Оспанның бұл жауабын мадақтағансып, түлкіліктің енді бір түріне ауыса қалыпты.
- «Хе-хе-һе-һе... қандай дұрыс, қандай кемеңгерлік жауап! Қарадан хан болып туған патшам, ел бақыты үшін әйтеуір ұзақ жасай көр!... Бұл жолғы зияпатына қайткенде де құралсыз бара алмаймыз! Тіпті әдеттегіден де молырақ қаруланып баруымыз қажет, батырдың Үрімжі маңындағы тұңғыш сапары ғой бұл. Жемсары мен Шүймогу аралығында қандай пәле барын қайдан білейік!...
Бердіқұлдың бұл сөзін де бадырая тыңдап, байыздай қараған Оспан тағы да шорт тойтарыс айтыпты.
- Құралсыз баруға қарсылығым тек осы жолғы сапар үшін ғана айтылған сөз емес, «бұл жолы» деп жыпылықтатпа. Біз әрқандай жерде қарусыз жүрген емеспіз, мұнда да осылай жүреміз, ұқтың ба?!» -депті де бір маузерін кең шалбарының ышқырынан суырып алыпты. - Мынау мылтық. Мұнысыз әрқандай адамзатта еркектік болмақ емес. Қарусыз адам түгел қатын! Осынысы бар әйелді көрсең де еркек деп есептей бер!... Бұл дүниенің еркектік мүшесі осы ғана! Қарусыздансаң-ақ қатын боласың. Ұмытпаңдар осынымды!
Сұңшилан ертеңіне закшың аталған Закария полковникті жіберіпті шақыруға. Оспанның өзіне Хабартуанның бастығы ретінде көптен таныс Закария кешегі шақырушылардың сөзін қатеге шығара шақырыпты. «Кешегі шақырушымыз жаңсақ баяндапты Оша. Құралсыз келсін деп бас қолбасшы ешқашан айтпаған екен. Ауыр зеңбірекпен жүрсеңіз де өз еркіңізде, бізге қаратқан сеніміңіз білсін! -деді қолбасшымыз. Тек қанша нөкер ертіп баратындығыңызды ғана сұрайды. Мұны, қонағасы мен үй дайындату үшін ғана білмекпіз!»
Оспан, күдіктенген мына мәселелерін тағы қайталап сұрап-сұрап алып сеніпті Закарияға. Жүз ғана атқосшы, жетпіс қана ақсақал ертіп баратындығын айтып қайтарыпты. Ертеңіне мылтық, автоматпен сіресе қаруланған жүз жауынгерінің қорғауында Алтайдан ертіп келген үш жүз шақты сақалдыларынан таңдалған жетпісін «ел ақсақалдары» деп атап ертіп апарыпты. Гоминдаң мәнсаптыларына сыйлық үшін айдатқан 40 сайгүлігі тағы бар. «Қайдағы қашқын-босқының емес, әлі де іргелі қазақтың қанымын» дегендей депломатиялық сеспен көріну екен мұнысы.
Гоминдаң да сондай әртістікпен аса зор күш, мол байлық көрсете қарсы алыпты. Қонақтар мен одан да көп қарсы алушы мәнсаптыларына тіккен қалың шатырын қоршаған қорғаушылардан сырт, төрт-бес шақырым маңайдағы бел-белестердің барлығына ауыр-жеңіл құралды күзет қойылған екен. «Құрмет қарауылы» атымен тізіп қойған сараяқ әскерлерінің өзі бір полк. Оспан, қандықолдардың шатырлаған шапалағымен аса қызу қарсы алынса да, өзінің құралды қорғаушылары батырының маңынан ажырамапты. Түскен ақ ордасының алды-артына өз күзетшілері тұрыпты.
Шыпырлап сапырылған сары қымыз, Алтай сақарасындағы барлық қасқырды сыйлағандай тартылып жатқан мол ет, көбік болып атылып жатқан күрең сыра мен бірге көпірген қарсы алудың жарамсақ сөздері Оспаннан желп еткен бір разылық лебіз шығара алмапты сол күні. Ондайға өз серіктері мен жандайшап Бердіқұл ғана жауап қайырып отырған екен. Жанымқан қажысынан басқаға құлағын жақындатпаған Оспанның осы райына қарап бас қолбасшы Сұңшилан қызмет бабындағы өз пікірін білдірудің орайын күтіп, көп кідірген екен. Ондай шабытты орай келмейтінін білген соң тост ретінде қымыз кесесін көтере сөйлепті.
«Батыр, сіздің аман-есен қайтып келіп, өзіміздің Жұңхуа-меңгоның ұлы құдыретіне құдырет қосқаныңызға шын жүрегіммен қуаныштамын. Және бізге ешқандай коммунистер төтеп бере алмайтындығына сенімім кәміл. Солай болса да, өз арамыздағы ынтымақты күшейтіп, бір-бірімізге толық сеніммен бірлесіп істеуіміз қазіргі шақта өте қажет. Ол үшін мұнан соң барлық күшімізді құрал-жарақ, жауынгер-жасақтарымызды бір ғана қолбасшылықтың, ұлы Жаң Тұңшуайдың [5] орналастыруына ғана өткізуіміз, әсіресе құралды біріңғай басқаруымыз шарт! Ал, сіз бен біз сол ұлы құманданның ең алдыңғы шептегі батырымыз. Осы тосты сіздің денсаулығыңыз үшін көтеремін! Солай ма достар? Қане, олай болса, осы кесенің түбін құрғаталық!». Сұң Шиланның көп көпшікшілері бұл сөз үшін кесені шуылдай көтергенде, Бердіқұл шырылдай қуаттап көтеріп алған екен. Оспан мен оның бірнеше серігі кеселерін дастарқаннан алмай отырып қалғанын көріп, ол да қоя қойыпты. Серіктері Оспанның қабағына бағып отырған екен. Бір қозғалып қойып, Оспан сөйлепті енді.
- Мен Сұң батырға расында да серік болуға келдім. Достыққа ынтымаққа берік болуға келдім. Сонымен бірге осы батырдың саясында құрал ұстауға, жасақ ұстауға, ерік алуға да келдім. Егер батыр екендігің рас болса, менің аз ғана құралыма, үріккен қойдай бір топ қана қолыма алақан жая көрмеңіз!... Шынтуайтқа келгенде, менің Оспан атым өзгергенше құрал мен қолдан айрылмақ емеспін. Сізбен бірге осылай өз арман-тілегім бойынша тұруға сеніп келдім. Ал, осындай сенім байлатқан Сұң батырымның денсаулығы үшін осы кесені көтердім!
Гоминдаңшы қулар Оспанға секем алдырып қоймау үшін бұл сөзді де ду көтере қарсы алған болыпты. Осылай сегіз күн қонақтатып, сексен қырына алған Сұңшилан мың сарбазын тәрбиелеп - «әскери өнер үйретіп» беруге «Лю батырын» әрең көндіріпті. Ол мыңды үшке бөліп, үш жерде тәрбиелеуді, Хабатуан басшыларының көмегімен ең соңында айтыпты да, осылай бөлшектеп орналастыруының бодауына мол сыйлық беріп қайтарыпты.
Жемсарыға қайтып барған соң Оспан өзінің ең сенімді адамдарының алдында Бердіқұлға қатал ескерту беріпті:
«Сен өзің суда да, жерде де бірдей шұрылдай беретін бақа сияқты жігіт екенсің, біздің аң аулап күн көретін азғантай құралымызды жиып алып, батырларымызды өз әскерлеріне сіңіріп тартып әкетпек болған Сұң батырдың сөзін қалай шұрылдап қуаттағаныңды білемісің? Оның бізді қандай күйге түсіретіндігін түсінемісің!... Мұнан соң әрқандай жерде менсіз, өз бетіңмен істеуден сақтан!... Ал, мен жоқ жерде қалай қарекеттенуді өзімнің мына балаларым біледі. Сенен ақыл сұрамайды. Мені аңдуға әдейілеп міндет алып келген болсаң да, мінезімді байқап, біліп аңды!... Ұқтың ба?
«Аңдуға келгендігінен» ант су ішіп ақталған Бердіқұл тұла бойымен домалап, «ең сенімді сарбазың болайын!» деп құлдық ұрыпты. Осыдан соң Оспанға «ақыл» үйретуден бір жолата қалған екен. Қожасына «аюдың» жүрген жүріс, тұрған тұрысын ғана мәлімдеп тұратын тыңшылыққа ғана жарапты.
- Жендет тыңшы сол кеткеннен 49-шы жылдың басында келді, -деп тым суық жымиды Күлән. - Қожасы оның бұл сапарынан да талай бас жеп, разы болған сияқты. Жалданба сопы - бүбілерін жиып жіберіп, менің жауабымды сұрамай-ақ неке оқыта салды!
- Өзің одан... балалы болып қалғандығыңнан мойып... қажығансың ғой! -деп бәсең күбірлесем де үнім дірілдеп шықты. Өкси күрсініппін.
- Жоқ, баласын тірі таппадым! -деп Күлән бір шытынып қалып, ширыға сөйлеп кетті. - Оның зорекерлігі үшін балалы етпекпін бе!... Той ырымын өтеп жатқанда у ішіп түсірдім. Өлейін деп едім. Бала түсіп, өзім аман қалыппын. Әлгі төбет мен жазылғанша бір ай тұрып, тағы да жоғалып еді. Қожасының бұйрығымен аюын аңдуға қайта кеткен екен. Содан азаттық жарияланғаннан үш күн өткен күні түнде жасырын келді. Мені алдап әкетпек болып келіпті. Оны аңдып жүргендер бар екен, тартысып-айтысып тұрғанымызда ұстап-байлап әкетті. Ал, қазір менің сонда хабарлай алмай қалғандығымнан күмәнданып, маған да гоминдаңшыл деген қалпақ кигізбек болып жүргендер бар. Әйтеуір менің жайымды қанық білетіндер ара түсіп, ақтап жүр!
Өмірге зор үмітпен өршіл талап, ақыл-келбетпен келіп тұрып, ұждан азабынан өле салуға да мұрса таба алмай қорланған осы азез жанға жаным қатты ашыды. Есіркегім, еркелеткім келді.
- Дүниеде бірін-бірі «қанық білетін» екі адам болса, екеуіміздей-ақ болар. Солай ғой, Күләш, Күләшім! -деп құшағыма тарттым. Омырауыма басын сүйей күрсінді. - Нұрияштар өлгеннен соңғы қалған дүниеде екеуіміздей түсініскен тең-тұс жоқ шығар! -дегенімде селк еткендей болып, басын көтеріп алды. Оңалып, аулақтана отырып, көз жасын парлатып жіберді де, бекемделе сөйледі:
- «Тең-тұс!», «қимас құрбы!» ... сол шақта мен де осылай ойланғанмын. Есіңде ме?
«Қос гүлдей еді аттарың,
Қосылып бірге жатталдың.
Жан сәулем үшін атыңды
Сүйдім де қош тұр, аттандым!» - деп жазып кетіп едің ғой! ... Енді міне көріскеніміз, өмір талқысы екеуіміздің парқымызды қаншалық зорайтқанын білемісің!... Мен үш еркекті жолға салған әйелмін. Және Ақылбайдан басқасы қандай деші!... Сені енді өзімдей әрненің қалдығына тіпті де қимаймын! Сені олай қорлауға титтей де хақым жоқ!..
- Мен де бұрынғыдай аппақ, пәп-пәк қалпымда келгенім жоқ, Күләш! «Хақың жоқтығына» да, «қалдықтығыңа» да қарсы жауабым толық. Сенің жүрегіңде кінәрат-кіршік жоқ, қаншалық зорлық көрсең де пәк жаныңа ешқайсысы дақ түсріе алмағанын мендей түсінетін ешкім жоқ!
- Оны айтпа, Биғаш, дәретханаға түсіп кеткен бір жапырақ ет деп біл! Маған енді ол жөнінде көңіл бөлуші болма! Ақыл таразысы мені қазір солай өлшегенмен, оның қарсы жағындағы көңіл кірінің салмағы кейінірек басып түсе беретін болады. Мені сол бұрынғы қайынбикем деп қана түсін. Тағы да сондай жақының боламын!... Саған шын лайықты жар, тағы да менің маңымнан табылады. Сөз берген басқа біреуің болмаса, соны көрерсің!
«Егер Мақпалдың Әлиядан көрген хаттағыдай халге түскені рас болса, енді өзіңнен басқа ешкімді іздемей-ақ, көрмей-ақ қоярмын!» деген ойды серттей сеніммен қайталадым ішімнен.
Дәнішпан тергеушім, сол шақтағы Күлән туралы осы ойыма, бір емес, екі рет жөткірініп жіберген шығарсыз. Бұл шешім әділет таразыңызға мүлде қайшы болып қалды ма. Онымен үйлендім десем, гоминдаң жасосының жесірін алған кері төңкерісшінің мұрагері деп соқпақсыз да, үйленбедім десем, сол жасостан әйелін айырғысы келмей жан ашығаны деп соқпақсыз. Ал, бұл туралы мәселемді сіздің адамгершілік нормаңызға лайықтап қана жазып құтылайын десем, өзіңізден ондай норманың табылуы бәрінен қиын ғой. Солай болса да жөткіріне-жөткіріне кеңірдегіңізді ауыртып алып, маған тағы бір қылмыс тауып бермей күте тұрыңыз, болған нақтылы жайын айтармын!
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
[1] Оңтүстік Кореяның сол шақтағы бастығы Лиснман (Америкашыл).
[2] Хабатуан (ханзуша) - Алтай қозғалаңына қарсы Шың Шысай - гоминдаң құрған қазақ полкы. «Қазақ 8-ші полк» деген атпен Шонжыда құрылған.
[3] Қожасының жендетке берген бұйрығын қайтарып алатын, «болды, қоя сал» деген мағынадағы сөзі.
[4] Лүйжаң - біригада командирі.
[5] Тұң шуай (қытайша) - қолбасшы.