Қазақстандағы саяси партиялардың имиджік тарихы
Басы
Қазақ Елінің өз тәуелсіздігін жариялауы және жеке мемлекет ретінде өз аяғынан қаз тұрып қалыптасуы бұрынғы бірпартиялық өктемдіктің тас-талқанын шығарып, демократиялық принциптер негізінде қызмет жасайтын сан алуан саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ел мүддесі үшін берле қызмет жасауына кең де, даңғыл жол ашты. Көппартиялылық жүйеге өткен шағымызда республика халықтарының мақсат-мүдделерін, талап-тілектерін жүзеге асыру жолында қызмет жасаған саяси партиялар қоғам өміріне белсене араласты.
Қазақстан Республикасындағы соңғы жылдардағы сайлау науқандарының нәтижесі көрсеткендей, ұлттық санада қандай да бір саяси партияның оң бейнесінің пайда болуы сайлауда алған дауыстардың санына тікелей байланысты. Сол себепті, саяси партиялардың имиджін қалыптастыруда Үкіметтік бағдарламалар мен елі ішінде туындаған проблемалар қазақстандық партиялардың тиімді саяси имиджін қалыптастыруда басты рөл ойнайтындығы жасырын емес. Осыған байланысты елімізде арнайы бір салаға немесе жалпы халыққа арнап қабылданған бағдарламалардың жүйелі орындауын қадағалау мен оған атсалысу екі басқа дүние. Міне, Үкімет тарапынан қабылдаған барша бағдарламалар бойынша еліміздегі алты бірдей партия атсалысып жатыр. Оның қандай тиімді нәтиже беріп жатқандығын жұрт көріп өз бағасын беруде. Және қазіргі саяси қозғалыстағы сақа партиялар мен өз жұмысын тоқтатқан саяси партиялардың Тәуелсіздіктің 30 жылы аясындағы тарихымыздағы алғашқы имидждік қадамдарына тоқтала кетейік.
Жаңадан құрылған қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар қоғамдық-саяси өмірді демократияландыру, саяси әр алуандық, халықтың әр түрлі әлеум. топтардың мүдделері мен құқықтарын қорғау, тұрақты әлеум.-экон. дамуға қол жеткізу мақсатында кеңінен қызмет жасады. 1990 ж. 1 наурызға қарай республикада 100-ге жуық қоғамдық ұйым қызмет істеп тұрды. Олардың қатарында: “Достастық” азаматтық қозғалысы, “Форум” қоғамы, “Инициатива” әлеуметтік-саяси бірлестігі, “Қазақ тілі” қоғамы, Қазақ ұлттық мәдениеті Ассамблеясы, Ұлттық мәдени орталықтар ассоциациясы, “Бірлесу” тәуелсіз кәсіподағы, “Желтоқсан” қоғамдық комитеті, “Бірлестік” азаматтық қозғалысы, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің ірі экологиялық ұйымдары – ядролық жарылысқа қарсы “Невада-Семей” халықаралық қозғалысы, “Арал-Азия-Қазақстан” халықаралық қоғамдық комитеті, Экологиялық білім қоры, Республикалық “ХХ ғасыр экологиясы”, “Жасыл майдан” эколологиялық ассоциациялары, т.б. болды. Халық арасында кеңінен қолдау тапқан “Невада-Семей” қозғалысы республика басшылығының қолдауымен 1989 ж. қазанда Семей полигонындағы ядр. сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. Қызметі тарихи-ағарту сипатындағы бірлестіктерден “Ақиқат”, “Мемориал”, “Әділет” тарихи-ағарту қоғамдары, “Жерұйық” тарихи-этнографиялық бірлестігі жұмыс істеді. Қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар республикада экологияны қорғау, тәуелсіздікке қол жеткізу жолында күресу мақсатында саяси сахнаға шығып, қоғам өміріндегі маңызды мәселелердің шешілуіне септігін тигізді. 90-жылдары құрылып, қызмет жасаған құқық қорғау ұйымдары қатарында адам құқықтарын қорғау ісінде өзінің белсенділігімен Адам құқықтары жөніндегі Қазақстан-америка бюросы, “Қазақстанның құқықтық дамуы”, Саяси қуғын-сүргін құрбандары ассоциациясы, Адам құқықтары жөніндегі демокрактиялық комитет, т.б. болды. Қазақстанда әр түрлі одақтар мен қорлар да белсенді қызмет жасады. Мыс., Қазақстанның Аграрлық (Шаруалар) одағы, Қазақстан жастар одағы, архитекторлар, кинематографистер, жазушылар, суретшілер, композиторлар одақтары, Қазақстанның еркін кәсіподақтарының конфедерациясы, Қазақстанның мәдениет қоры, Бейбітшілік қоры, Ғылымға жәрдемдесу қоры, “Бөбек” балалар қайырымдылық қоры, Қылмыспен күресті қорғау қоры, Жол жүру қауіпсіздігі қоры, т.б. Қазақстанның әйелдер қозғалысы қатарында белсенді қызмет атқарған Қазақстанның мұсылман әйелдерінің республикалық лигасымен қатар, Алматы фемида лигасы, “Қазақстанның кәсіпкер әйелдері”, сондай-ақ, ардагерлер ұйымдарының арасында – Ардагерлердің республикалық ұйымы, Саяси жазалау құрбандарының қазақстандық ассоциациясы, “Чернобыль” қоғамы, дене мүшелерінде кемістігі бар адамдардың бірлестіктері қатарында – “Спешиал Олимпикс”, Зағиптардың спорт жөніндегі ассоциациясы, т.б. болды. Қоғамдық-саяси қозғалыстардың ішінен “Азат” (1990 ж. 1 шілде), “Поколение” (1992 ж. 24 қараша), “Лад” (1993 ж. мамыр), “Азамат” азаматтық қозғалысы (1996 ж. 20 сәуір) кең көлемді қызметімен ерекшеленді. Қазақстанда қоғамдық бірлестіктердің қалыптасуының келесі кезеңінде Қазақстанның либералдық қозғалысы (1997 ж., мамыр), “Қазақстанның болашағы үшін” (1998 ж., ақпан) жастар қозғалысы, “Қазақстан – 2030 үшін” (1998 ж., 6 қазан) қоғамдық қозғалысы, “Өрлеу” (1998), “Ақ жол” қоғамдық қозғалыстары (1998), Қазақстанның демократиялық таңдауы қоғамдық бірлестігі (2002), т.б. құрылды.
Қазақстандағы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер әлеуметтік әділдік, демократиялық құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам, ұлтаралық және азаматтық келісім орнатуға жәрдемдесіп, Қазақстанның тұрақты дамуына, өзекті қоғамдық мәселелердің шешілуіне үлесін қосып келеді. Осы қосылған үлестің ішінде ресми тіркелген партиялардың алатын орны ерекше. Оны олардың жұрт арасындағы осы 30 жыл ішінде қалыптасқан саяси имиджі жан-жақты танытып отыр.
Саяси имидж мәселесі көбіне жұмыссыздық, білім беру, этносаралық татулық және мемлекеттік тілдің қанат жаюына қатысты. Парламенттегі және оған енбей қалған партиялардың сайлаушылардың көңілінен шығатын істеген істері арқылы танылып, бет-бейнесі мен беделін қалыптастырады https://abai.kz/post/91718 .
Кезінде «Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыру-мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Қазақстан Халқына Жолдауында Елбасымыз елдің қазіргі заманғы саяси жүйесін дамытудағы негізгі рөлді саяси партиялар атқаруы тиіс екендігі атап өткен болатын. Онда: «Қазіргі кезеңде «Нұр Отан» партиясының басым моделі Қазақстанның саяси жүйесінің оңтайлы нысаны ретінде қарастырылуы мүмкін. Ол барлық басқа саяси партиялар үшін сайлауға қатысуға, парламентке өтуге және барлық саяси процестерге қатысуға мүмкіндік береді» деп айтылады.
Бұл пікірдің астарында Қазақстандағы көппартиялылық жағдайында саяси партиялардың имиджін қалыптастыру мәселелері ерекше маңызға ие болатындығы жатыр. Саяси партиялар қазіргі демократиялық қоғамның базалық институттарының бірі болып табылады. Азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы делдалдың рөлін орындай отырып, партия социумды реттеу тетігінің бір бөлігі болып табылады. Партия қоғамның белгілі бір жіктерінің мүдделерін білдірумен қатар, осы мүдделерді қалыптастыруға қатысады.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz