Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 1747 0 пікір 15 Қазан, 2021 сағат 18:41

Саяси партиялар: Білімді ұрпақ – ұлт болашағының кепілі

Ел Президентінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауы – Қазақстан Республикасының азаматтары үшін тарихи жайт. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауында ел мен қоғамның одан әрі дамуының пайымы баяндалып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық міндеттер белгіленген.

Қазақстандағы саяси партиялардың имиджі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруда атқарған жұмыстарынан танылатындығын жоққа шығара алмаймыз. Оны барша партиялардың, оның ішінде «Nur Otan» партиясының белсенді қызметінен көруге болады. Өткен аптадағы 5 қарашада «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі «Тарихта осы күні» айдары аясында әлеуметтік желілерде «Болашақ» бағдарламасына арналған бейнеролик жариялады https://nurotan.kz/news/news-detail/288541?lang=kz

Бейнероликте: «1993 жылдың 5 қарашасында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы Жарлығы шықты. Елбасының теңдессіз шешімінің арқасында мыңдаған қазақстандық әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға қол жеткізді. Бүгінде болашақтықтар экономиканың түрлі саласында табысты жұмыс істеп қана қоймай, стартаптарды іске қосуда, білім беру, денсаулық сақтау және ғылым саласында жүздеген ғылыми әзірлемелер мен жобаларды іске асыруда», – деп атап көрсетті.

Тап осы мәселе  Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының

САЯСИ БАҒДАРЛАМАСЫДА: «Ақ жол» демократиялық партиясының әлеуметтік саясатының басымдығы – сапалы және қол жетімді білім. Балалардың таланты ата-анасының тұрғылықты жеріне немесе кәсібіне байланысты емес.

Егер де қаладағы дарынды балалар үшін арнайы мектептерде сапалы білім алудың түрлі мүмкіндіктері болса, ауыл оқушыларында мұндай мүмкіндік өте аз.

Сондықтан ауылдық жерлердегі дарынды балаларға арналған білім беру мекемелерінің жүйесін құру қажет.

  • Тұтастай алғанда, талантты жастардың елден кетуін («ғұламалардың жылысауын») тоқтататын жүйелі бағдарлама қажет. Жыл сайын мыңдаған талантты жас жігіттер мен қыздардың Қазақстаннан кетіп, қайта оралмауы біздің ұлттық трагедиямыз, -деп, орынды көрініс тапты https://akzhol.kz/partija/partijany-ba-darlamasy/ . «Ақ жол» демократиялық партиясы осы бағытта игілікті істерді атқарып келеді. Әрі үнемі атқара да береді.

Қазақстан Халық партиясы өз тарапынан елімізде балалар музыка мектептері мен өнер мектептері жетіспейтіндігі ұлттық басты проблема етіп көтеріп, осы бағытта қызу іске кірісіп кетті. Қазақстан Халық партиясы балалар базалық білім алып қана қоймай, шығармашылық тұрғыда дамуға тиіс деп санайды. Бұлай болмаған жағдайда, көп ұзамай біз «мәдениет легионерлерін» сатып алуға мәжбүр боламыз деп қордаланған мәселенің шешімін табуы жолында иігі бастама көтере білді.

ҚХП депутаты Ерлан Смайлов: «Қазіргі мектептер толық, ескірген және бейімделмеген ғимараттарда орналасқан немесе заманауи құралдар мен жабдықтарға мұқтаж... мектеп жасындағы қазақстандық балалардың тек 1,3% -ы ғана балаларға арналған музыка мектептерімен қамтылған. 1,9% -ы өнер мектебіне барады. Жеке үйірмелер мен секциялар бұл жерде толыққанды шешім болып табылмайды. Оларда оқу құны айтарлықтай жоғары және мамандандырылған мектептерден айырмашылығы қажетті әдістемелік, аспаптық база және білікті оқытушылар құрамы жоқ. Бұла жалғаса берсе, жағдай отандық спорттағы жағдайға ұқсас болады, – деп өз ойын іркілмей ел талқысына салды.

Иә, жасырып жабары жоқ, бүгінгі таңда елімізде барлығы 159 балалар музыка мектебі (оның 8-і жекеменшік) және 127 өнер мектебі (оның 7-і жекеменшік) жұмыс істейді. Ал елімізде 6 миллионнан астам бала бар, олардың жартысы мектеп оқушылары екендігін осы бастан ескеруге тиіспіз.

Осыған қатысты ҚХП баспасөз қызметі: «Елімізде жастарды мәдени дамыту мәселесі өзекті болып тұр. Үкімет пен әкімдіктер креативті экономиканы дамытуға миллиардтаған теңге жұмсауға дайын.

Өнер және музыка мектептерінің бұрынғы мәртебесін жалпы білім беретін мектептермен теңестіру қажет. Олар үйірме немесе секцияға теңестірмеуге тиіс.

ҚХП 2025 жылға дейін еліміздің барлық өңірлерінде 100 жаңа мемлекеттік Балалар музыка және көркемөнер мектептерінің, өнер мектептерінің құрылысы мен дамуы бойынша кешенді бағдарлама қабылдауды ұсынады. Басымдық балалар үшін оқытудың қолжетімділігі мен сапасы болуға тиіс. Жан басына қаржыландыру аясында мемлекет жекеменшік мектептерді де қолдауға тиіс. ҚХП ұсыныстарының тізіміне музыкалық және басқа да мамандандырылған мемлекеттік мектептерді жекешелендіруге толық тыйым салу енгізілген»,-деп өз партиясының имидж қалыптастырудағы өрелі ісін паш етеді.

Білім беру саласына қатысты партиясының атқарған рөлі зор. Партия төрағасының тікелей басшылығымен өмірге келген «Болашақ» бағдарламасына биыл 21 жыл толды.

Мемлекетіміз енді ғана тәуелсіздік алысымен көптеген реформалардың өмірге келуін талап еткен және әлемдік қоғамдастыққа толыққанды кіру жолына түсті. Кез келген реформаны жүргізу өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға қабілетті білікті кадрлардың болуын талап ететіндігі барлығымызға белгілі.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдық мерейтойында былай деп айтты: «Бұдан 20 жыл бұрын, тәуелсіздіктің қиын дәуірінің бастапқы жылдарында біздің лайықты болашағымызды көре білу әркімге бұйыра қойған жоқ. Мен жаңа білім алып, елімізді алға апарулары үшін алғашқы стипендиаттарды жібердім. Экономика күйреу жағдайында тұрды, іс жүзінде барлық ірі өндіріс орындары тоқтап қалды. Инфляция бірден өсіп кетті, жұмыссыздық көбейді. Ел  «жабайы капитализмге» енді. Ол кезде біз нарықтық қатынастарға жаңа ғана өте бастадық. Оның не екенін білгендер аз еді. Тіпті ең тәжірибелі басқарушылардың жаңа экономикалық және әлеуметтік процестерді қалай басқару, егемен мемлекетті қалай құру туралы түсінігінің өзі бұлдыр болатын. Ол кезде елімізде жаңа нарықтық экономикаға көшу жөнінен мамандар болған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанға халықаралық деңгейдегі сапалы білімі бар кәсіби кадрлар өте қажет болды. Жекешелендіру жүргізіп, елімізге инвестиция тарту керек болды. Бұл біздің сенімді стратегиялық таңдауымыз еді. Біз мұны, міне, 20 жылдан бері басшылыққа алып келеміз».

1993 жылы 5 қарашада Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Шет елдерде кадрлар даярлау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясын белгілеу туралы» № 1394 Қаулысы шықты.

Осы орайда қадап айтар бір дүние заман талабына сай білікті маман даярлау арзанға түспейтіні белгілі, дегенмен «Болашақ» бағдарламасы арқылы алатын білімнің құны да таңдаған елге байланысты болады. Мәселен, Ұлттық банк белгілеген шетелдік валюта курсы бойынша Швейцарияда ЖОО бірінің  магистратурасында стипендиатты 1 жылдық оқыту құны 31,8 миллион теңге болса АҚШ-та магистратура немесе докторантураның бір жылдық оқу құны 24 млн, Австралияда 1 жыл 19 млн, Австрияда 12,4 млн, Ұлыбританияда 17-19 млн теңге аралығында екен. Сол сияқты, «Болашақ» бағдарламасымен бір жылда Қытайда 4,6 млн, Оңтүстік Кореяда 7,1 млн, Ресейде 7,8 млн, Германияда 8,7 млн теңгемен білім алуға болады.

Қазақстандағы енді жетіліп, дұрыс жолға түсе бастаған ғарыш қызметі еліміздің индустриялық-инновациялық тұрғыдан дамуына, технологиялық революцияның жаңа толқынының туындауына, қоғамды жаңа дәуірлік өзгерістерге бейімдеуші негізгі күштердің бірі болып отырған халықты ақпараттандыру ісінің жетілуіне қомақты үлес қоса алатын маңызды салалардың бірі болып табылады.

Елбасымыз 2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңінің басталғандығын айта келе: «Әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы аңсары айқын көрінеді…», дейді, бұл кешегі ата-бабаларымыздың Қазақ елінің тәуелсіздігі туралы асыл арманының заңды жалғасы екендігін еске салады. Сол азат ел, тәуелсіз Отан туралы ғасырлар бойғы арманның осыдан ширек ғасыр бұрын жүзеге асып, жақсы жалғасын тауып келе жатқанына қуанады. Осы жаңа қазақстандық арманмен алға басқан құтты қадамымызды қарыштай дамытып, ХХІ ғасырдың ортасына қарай Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуға қалай қол жеткізетінінің жоспарын алға тартып, парламенттегі партиялар осы бағытта сындарлы жұмыстар жасай бастады.

Көздеген мақсаттарға жетудің бір жолы ел экономикасын дамыту болса, оның алғышарттарының бірі – жүзден астам этностық топтар тұратын қазақ жерінде ұлтаралық береке-бірлікті қалыптастыру. Осы бағытта «Бір ел – бір тағдыр» деген ұстанымның алға шығарылып отырғаны белгілі. Бұл жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясына айналуда. Сол үшін ел құндылықтарын дәріптеп, «Мәңгілік Ел» ұрпақтарына сапалы білім, саналы тәрбие беру қажеттілігі туындайды. Осыған орай, маңызды құжатта білім беру салаларын реформалау, мектепке дейін және мектепте білім берудің жаңа үйлестірілген стандарттарын әзірлеу мен бекіту бойынша тиімді жұмыстар жүргізіліп жатқандығы айтылады. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерте отырып, өскелең ұрпақ бойында жасампаз қазақстандық патриотизмнің негізін қалауды, нығайтуды өмір ағымымен ұштастыра жүргізу уақыт талабы екендігіне назар аударылады. Жас ұрпаққа көңіл бөлу – болашаққа деген жалпыхалықтық сенімді арттыра түсері анық екендігін еліміздегі саяси партиялар берік түсініп отыр.

Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керектігін парламенттегі партиялар үнмі назарда ұстап, күн тәртібінен түсірмейді. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан.

Осы орайда парламенке өтпей қалса да, «Ауыл» партиясы «Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс.

Жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет, қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды.

Әлемнің озық дамыған елдерінің қатарына енуге ұмтылған Қазақстанның ғылым мен индустрияны дамыту орайында басқа елдерден қалып қоймауы өте маңызды. Ал жастардың ағылшын тілін білуі ІТ-технология, машина жасау, биомедицина, кибернетика және адамзат ақыл-ойының басқа да аса маңызды салаларындағы жаңа мағлұмат-деректерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Олай болса, соңғы инновациялар мен әзірленімдерден қалып қоймас үшін біз ағылшын тілін еркін білуге тиіспіз. Бұл, әсіресе, біздің инженерлік сала мен технологиямыз үшін ауадай қажет.

Кезінде Елбасымыздың тарапынан ұсынылған «100 нақты қадамның» 79 қадамында айтылғандай бұл институт ағылшын тілін деңгейлеп меңгертіп, үш тілде еңбек рыногында бәсекеге түсе алатын, жаңаша тұрпатты, білікті де жаңашыл креативті кәсіби мұғалімдер дайындауда. Тіл үйрену жай ғана сөз жаттау емес, тіл арқылы сол тілде сөйлейтін халықты тану, оның өткен өмірі мен бүгінгісін, әдет – ғұрпын және оның санасын тану. Ағылшын тілін меңгеру арқылы әлемді танимыз және әлемге өзімізді сол тіл арқылы танытамыз. Бұл туралы Елбасы өз мақаласында анық айтты. Алда тұрған міндетті нақты көрсетті. Біз соны іске асыруға тиістіміз.

Бәріміз мектеп табалдырығынан аттаймыз. Үлкен өмірге қадам жасап, аяғымызда нық тұру үшін білікті маман иесі болуымыз тиіс. Білікті маман болу үшін лайықты білім алу керек. Бірақ ата-аналардың барлығы бірдей балаларын жақсы жоғары және орта оқу орындарында оқыта алмайды. Ол төлем ақының жоғары болуына байланысты. Бұл проблеманы шешу үшін Елбасымыз 2017 жылдан бастап «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» жаңа жобасы басталатынын жариялады. Елбасының айтуынша, жобаға сәйкес, мемлекет әрбір адамға жеке мамандық беруді қолға алатын болады. «Мектепті бітірген жас азамат бірінші мамандығын тегін алатын болады. Біз осыдан бастайтын боламыз. Үкімет осыған кірісуі керек. Қазақстанның жас азаматтары білімді, еңбекқор, бастамашыл болуы тиіс. Жұмыс пен сұранысы бар өңірге батылдықпен барулары керек. Егер шеберліктің шыңына жете білсеңіздер - мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен адамның өмір сапасы озады, тұрмысы жақсы болады. Ең ақыры бүгінгі жасап жатқан жақсылықтарымыздың барлығы - жастар болашағы үшін», - деді Н. Назарбаев.

Тегін оқумен шектеліп қалмай талантты жас оқушыларды сапалы, қазіргі заманға сай біліммен қамтамасыз ету үшін гранттар бөлініп жатыр. Соңғы 12 жылда  жоғары білім алуға берілетін гранттар саны 182%-ға ұлғайды. 1993 жылы «Болашақ» атты бірегей бағдарламасының қабылдану нәтижесінде еліміздің талантты, білімді жастары әлемнің таңдаулы жоғары оқу орындарында сапалы білім алуда. Сонымен қатар әлемдік деңгейдегі зияткерлік мектептер мен кәсіптік-техникалық колледждер желістерін дамытуда.

Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Біздегі саяси партиялар осыны жете түсініп, біздің ғалымдарымыздың күш-жігерін шетелдік ғылыми-зерттеушілік қоғамдастықпен стратегиялық инновациялық бағыттар бойынша ықпалдастыруға мүмкіндік беруге бағыттауға күш салуда. Олардың ортақ мақсатына мақсатына –қазақ елін жаһандық технологиялық төңкерістің бір бөлшегіне айналдыру. Бұл мақсатқа жету еліміздегі барша саяси қозғалыстар мен партиялар барынша еңбектеніп, елеулі үлес қосуға тырысып келеді.

Сол себепті Жолдауда көтерілген мәселелер барлық қазақстандықтарды, оның ішінде білім саласындағыларды бей-жай қалдырмайды. Жолдауда еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басымдықтарының бірі Білім беру мен Ғылым саласы екендігі баса көрсетілді. Президент Жолдауының бір бағыты мемлекет дамуының негізі болып саналатын білім мен ғылым мәселелеріне арналғаны көңілге жылу береді https://www.inform.kz/kz/kr-prezidentinin-kazakstan-halkyna-zholdauynyn-tolyk-matini_a3689449 .

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында ғалымдардың тұрақты және лайықты жалақысын қамтамасыз етуге бағытталған Ғылым туралы Заңнамаға осы жылдың соңына дейін түзетулер енгізуді тапсыруы дәлел. Президент бұған дейін де Қазақстан ғалымдарына әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуді, сондай-ақ «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жас ғалымдарға мың грант бөлуді ұсынған болатын. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын гранттық қаржыландыру мерзімі бес  жылға дейін ұзартылуы да көңілге қонады.

Президентіміз педагогтерді әлеуметтік қолдау мәселесіне де ерекше назар аударды. Педагогтардың біктілігін енді 5 жылда емес,  3 жыл сайын  арттырудың қажеттігін негіздеді. «Министрлік білімді заманға бейімдеуі қажет», «білікті мамандар керек» деген уәждері үлкен міндет жүктейді.  Бүгінде бұл көтерілген мәселенің жай ғана сөз емес, іс жүзінде жүзеге асып жатқандығының куәгеріміз. ҚР Президенті өткен жылы Үкіметке Педагог мәртебесін және мұғалімдердің жалақысын арттыруды, отандық ғалымдарға ерекше назар аударуды, білім беру саласын жан-жақты қолдауды тапсырған болатын.

Бүгінде білім берудің әлеуетін арттыру, оның ішінде алдағы уақытта оқытушылардың жалақысын өсіру мәселесі де жоспарланды. Педагог қызметкерлердің жалақысын көтеру және оларға деген мемлекеттің ерекше назары білім сапасына оң әсер еткені анық. Халықаралық олимпиада жеңімпаздарына, оқушыларға конкурссыз грант беру, жетекшілеріне материалдық қолдау көрсету  керектігіне назар аударылғаны да маңызды.

Қорыта айтқанда, Президент Жолдауынан кейінгі түйін – 6 бірдей партияның алдында кәсіби кадрларды даярлау тұрғысынан мемлекеттің үмітін ақтау міндеті тұр. Яғни, жасампаз шығармашылық кәсіби мамандарды дайындап, ел игілігіне қызмет істеуге жұмылдыруда ұлттық партиялардың алатын орны зор. Демек, парламенттегі партиялардың ендігі ісі – қазақстандық білімді білім берудегі әлемдік көшбасшылардың деңгейіне шығару  жолында бірлесе күш салысу. Осынау игілікті істердің нәтижелі болуына өз үлестерін бірлесе қосуға мүдделі десек артық айтпаймыз.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522