Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 3995 3 пікір 16 Қараша, 2021 сағат 15:58

«Дін туралы заң» қайта жазылуы тиіс!

Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.К.Тоқаевқа

           «ДІН ТУРАЛЫ ЗАҢ» ТОЛЫҚТЫРУМЕН ШЕКТЕЛМЕЙ ,
                           ТҰТАСТАЙ ҚАЙТА ЖАЗЫЛУЫ ТИІС!  

Ол үшін Ата Заңның жетінші бабындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілінен» де бұрын, «Діні – Ислам, әлемдік діндер ғана мойындалады», - деп көрсетілуі керек.

Бисмиллаһи Рахмани Рахим               

Құрметті Президент!

Бүгінде біздің қоғамда адамдардың дайындалып жатқан жаңа Заңдарға деген қызығушылығы мүлдем жоқ. Елдегі қалыптасқан дәстүр – Заңды билік жазады, оны Парламент бір ауыздан қабылдай салады. Соның нақтылы көрінісі қазір Мәжілістің екі талқысынан жеңіл өтіп, Сенатқа жіберіліп отырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрінекті ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы. Осы Заңға байланысты БАҚ беттерінде жауырды жаба тоқыған мемлекеттік тілге қатысты заң аз кем сөз болып жатқаны болмаса, «Дін туралы заңдағы» толықтыруға мән беріп жатқан не қоғамдық ұйымдар, не қазақ зиялылары мен ұлтшыл азаматтары, не дін жанашырдары, не республика мұсылмандары діни басқармасы үн  қатып отырған жоқ. Үн қатпайды да...

Сонда осындай жағдайда елде: «Діннің сөзін кім сөйлейді, дінді кім қорғайды?» - деген сұрақ ашық тұр. Өйткені, белгілі ғалым, қазіргі Евразия университетінің проректоры Д. Қамзабекұлы айтқан: «Ислам туралы әңгіме айтсаң ...саған 37-ші жылдың авторлығын бере салуы да кәдік», - деген үрей біздің халқымыздың көкірегіне мықтап еніп алған. Біздің елде осы үрей әр қазақ отбасының, тіпті діндарларының да сүйегіне әбден сіңіп қалған.

Мойындайық, мойындамайық, Тәңіріміз бізді әлемде мұсылман шаңырағы астында өмір сүргізіп отыр.  Қазір, діни-ілім тілінде үн қатсақ, дінге бейімделіп, Жаннатқа жетер жолда, осы талап іске асып жатса: «Онда біз тозып жатырмыз ғой», - деген жауап, не шешімін талап еткен сұрақ туады. Бұл – сұрақ та, жауап та. Себебі біз Алланың Құрани заңдылығын емес, Үкімет заңынан қорқып тіршілік кешудеміз. Бұл – қорқыныш, жай ғана қорқыныш, негізі жоқ үрей. Шын діндар рухты адам, тірі Құран арқылы Алламен тілдесе алады. Дін – Алланың адамды тәрбиелеуде дайындаған жолы. Діндар – Алламен тілдесуші. Құранның тірі болатыны – Алла мәңгі тірі. Бұл тұжырым: «Раббыларың бұйырады: Маған дұға етіңдер, жауап берейін» («Ғафыр»,60), - деп Құранда мөрленген. Дұға – Рахметтің кілті. Алла Тағала: «Маған келетін тура жол – дін жолы» («Хыжыр», 41), -деген.

Бұлай айтып отырғаным, біздің елде елді ел ететін – дін екенін көтеретіндер әзірге кем болып отыр. Өзі де аз дін қаймағы саналған дін қайраткерлерін кезінде кеңес үкіметі ұйымдастырған репрессия (1926-1931 жылдардағы науқандарда Б.А.) сыпырып алған. Солай бола тұрғанмен, ұлттық болмысымызға сай Дін туралы толыққанды заңды халықымыз күтіп отыр. Бұл әбден пісіп жетілген қажеттілік. Оның нақтылы көрінісі елімізде алдымен Діни Агенттік, соңынан қосамжарланған аты болса да Дін министрлігі құрылды. Мұндай күрделі құрылымдар елде қажеттілік болмаса құрылмайды. Осы жерде тұңғыш Елбасымыздың: «...Исламдық қауіп-қатер», -деген ұғымды еріннің ұшымен айта салу оп-оңай болғанымен, оның, үрейлі қанатының кеңге жайылып бара жатқаны соншалық, енді Ислам тарапынан болатын мифтік қауіп-қатер туралы емес, Исламның өзін нақты қорғаудың қажеттігін сөз ететін кез келді...» («Сындарлы он жыл», 2003 ж., -деген Алла аузына салған сөзін де алға тартуға болады. Өйткені, дін - ұлттан да, тілден де бұрын, Адам Ата келмей тұрғанда, өмірге келетін адамды тәрбиелейтін жол ретінде Жаратушы тарапынан әзірленген нақыл-қуат. Сондықтан, дінін сүйген қазақ «Дін туралы» толғағы жеткен Заңның өмірге келуін осы жаңа құрылымдардан күткен еді...

Рас, елімізде не көп, жұмыстары тұрлаусыз партиялар көп. Тіршіліктерін таразыласаң жетекшілері кешегі атеистер, бүгінде ізі ізім-қайым жойылған кеңес үкіметінің бесігінен шыққандар, орыстар сіңдіріп кеткен дінсіз қоғамды аңсайтындар. Тіпті, жаңадан құрылып жұмыс бастағалы отырған қауымдастықтар да қазақтың табиғи болмысын тірілтпей, батыс европа немесе сол көрші орыс еліне арқа сүйеп, солардың ноқталы ботасындай тіршілік кешуге бейім. Бұлардан дінге жанашырлық күтуге үміт аз. Жалпы, ұлт ішінен құрылған, ұлт қамын ойлайтын ұйымның өзінің атына сай ұлттық болмысы мен мінезі болуы керек және ол мінез сол ұлттың болмысындағы  дәстүрлі дініне арқа сүйемесе еш қашан ұлт үшін пәтуалы қызмет атқара алмайды. Мына жалған дүниедегі сенімі жоқ партия мен сенімі жоқ Үкіметтің тіршілігі уақытша ғана. Әлем картасына назар салсақ халқы аз, жағдайлары бізден әлдеқайда төмен қаншама мемлекеттер, әлемдегі алпауыт елдерге жалтақтамай-ақ, ешкімге ұқсап бақпай-ақ, жаратылысындағы ұлттық  абыройымен баянды тіршілігін жасап отыр. Біреуден артық, біреуден кенже қалса да, ешкімнен ықпайды, ешкімнен бүгежектеп қаймықпайды, ешкімге жалтақтамайды, ешкімге ұқсағысы да келмейді. Өйткені, өмірлік қалыптасқан өзіндік ұлттық болмыс бітімдері мен өздеріне тән діни дәстүрлері бар. Соны сақтауымен де олар бақытты өмір сүріп жатыр. Ал біздің елде кезінде ұйқылы-ояу жүрген қазақтың бейқамдығын пайдаланған бүгінгі Үкімет, мұндай имани ұйымды құруға да заңмен қатаң тыйым салып тастаған. Сонда рухани қайнарымыздың бұлақ көзі дәстүрлі дінімізді кім қорғауы керек? Біздегі батысты өнеге тұтқан саяси күш жетекшілері сол елдердегі басты партиялар өздері ұстанатын дін атымен аталатынына неге зерделі көзбен ой салып қарамайды. Бұл дерт қазір - Тәңір сыйына оп-оңай иелік еткен Үкіметіміздің де айықпас бас ауыруы болып отыр...

Ойланайықшы, елімізге егемендік қалай келді? Халқымыздың, тіпті кешегі отыз жыл ел билеген тұңғыш Елбасымыздың осыған қылаудай еңбегі сіңді ме? Ел егемендігін, діні бөтен елдің тырнағынан қамырдан қыл тартқандай айырып, аманаттап, тарту еткен Ұлы күш – Ол Алла тағала! Осы Ұлы күш пен оның діні елімізде неге мойындалмауда? Неге біз Ел болып, осы құдірет иесіне бас иіп, рахмет айту орнына, халықты Тәңірден алшақтатуға тырысып бағудамыз, неге адамзатқа жол еткен Ислам дінін жоққа шығаруға ықыластымыз. Құрандағы: «Алла - өз дінін өзі қорғайды!», -деген сүре мәнін неге ұғынбаймыз…

Әңгімені өзім білетін екі-үш нақты деректермен өрбітейін. Біз, кешегі ашылып, жабылған Діни Агенттік пен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ашылуын қаншама уақыт ел болып күттік. Осы мәселені көтеріп, Республикалық қоғамдық саяси апталық «Қазақстан» (№4, 29.01. 2004 ж.) газетінде жарияланған «Дін Үкіметке керек болмаса да халыққа қажет! Республика Президенті Н.Назарбаев мырзаға Ашық Хат», - деген мақалама сол кездегі Президент апаратынан Конфессияаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі Р. Жошыбаев мырзаның: «Біздің еліміз Конституция бойынша зайырлы мемлекет болғандықтан Дін министрлігі біздің Үкіметімізде болуға тисті емес», - деген сол жылғы жауап хаты әлі күнге менің мұрағатымда сақтаулы тұр. Сол «болмайды», - деген діни құрылымдар құрылды ғой. Болмайды деген нәрсе болды ғой…

Иә, Алланың әмірінсіз ештеңе болмайды. Өмірден өткен ата бабамыздың тіршілігінде тілеген дұғаларына орай, оқ шығармай-ақ қолы жеткен егемен елімізге бұл діни құрылымдар Жаратушының берген сыйы болатын. Еліміз егемендігін алғанда атом қаруы әлеуеті жөнінен әлемдегі алғашқы төрт мемлекеттің бірі, ал мұсылман елдері арасында осы жойқын қаруға иелік еткен тұңғыш мемлекет болды. Өзін ғана емес, әлем мұсылман елдерін қанатының астына алып қорғай алатын әлемдік әлеуетке жетті. Діни пайымы барларға бұл сый- елімізде Ислам, Дін атының шоқтығын көрсетті. Осылай өз сыйын берген Жаратушы Иеміз неге ол құрылымдарды қайта құрдымға жібертті? Өйткені, аталынған  құрылымдар дін атауына сай жұмыс жасамады, дінге кері жұмыс жасады.

Аз-кем дәлел: сол кездегі Дін министрі БАҚ-қа берген сұбхаттарында «Діни экстремизм мен терорризмге қарсы іс қимыл жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» әзірлеп жатқанын айтып, жар құлағы жастыққа тимеді. Біраз діні таяз ғалымдар: «Елімізде діни терроризм мен экстремизм эпидемиясы етек жайып барады», - деп жұртты үрейлендіріп бақты. Бұдан да сорақысы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Ислам және өркениет» тақырыбына арналған ІІ Республикалық имамдар форумы: «…Жолдауда жүктеген міндеттерді сапалы орындау мақстатында діни  экстремизмнің алдын алу, тұлғаларды оңалту және  оларға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жан-жақты білімді, білікті және мемлекет мүдделерін қорғай алатын имамдар корпусын жетілдіру қажет деп санаймыз», - деп Үндеу тастады. («Е.Қ.» мен «Айғақ» газетерінен.Сәуір айы. Б.А.).

Ау, осылайша ұрандатып жатқан сабаздар өз сөздеріне өздері неге зерделеп мән бермейді? Сөз – дұға. Неге олар: «Діни экстемизм мен терроризмнен қорғанайық!», - деген сөзді, «Алдымен дінді –дінге жапсырылған экстремизм мен терроризм атауынан қорғайық!», - деген сөзге алмастырып, жандары шырылдап, дәстүрлі дінімізге құрметі мен жанашырлығын көрсетпейді. Мына бағдарлама мен бастамалар, сөз төркінін түсінген адамға – дін атын бүркемеленіп, дін дұшпандарының сойылын соғу, Ислам атын жамылған содырларды қорғау болып тұрған жоқ па ?! Бұл «белсенділер» дін емес, діннің атын жамылғандардың салып жатқан ылаңы екенін неге өз атымен айтпайды? Мен көргенімді көрген қалпында осылай жұмсартып айтсам, осы уақытқа дейін үтірі өзгермеген Құран: «Олардың ішінде Кітапты білмейтін надандары да бар. Олар тек қана басшылардың айтқанын істеп, бос қиялмен күпірлікте ғана жүреді»,  -деп қатаңырақ айтқан. («Бақара», 78 аят).

Осы орайда «Бодан халықты орыстандыру мен шоқындыру туралы» патша Жарлығын іске асыруға патша архиерейі жанына генерал губернаторы мен оязбастығын ертіп, 1900 жылы 1200 қазақты шіркеу түбіне жинап, «Құдай деп Айсаға табынасыңдар, құранды тастаңдар!, -деп  «Евангели кітабын» таратуға келгенде, болыс Шалбай Тыныкебаласы: «Айса құдай емес. Біздің құдайымыз барша дүниені, дүниеде болған  нәрселерді жаратушы. Біз бұл кітаптан бүгін құтылмасақ ертең кеш болады. Дін үшін өлеміз!», - деп Исламды қорғап аттан салғанын еске алайық. Шіркін, біз де осы Шалбай аталарымыз сияқты дінімізді дінсіздерден қорғасақ қой...

Отан, ел деген не?.. Ол халықтың өткені, бүгіні және келешегі. Құран сүрелеріндегі аяттар да – болған, болып жатқан және ақыр заманға дейін алдағы болатын тағдырлар негізінде тізілген тарих және бағыт беретін сабақ. Құранның өзінде: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» («Хұжырат» 49 – 13), - деп ескерткен. Демек, Жаратушымыз бізді ұлт етіп жаратқан екен, оның дінін, дербестігі мен бірлігін сақтау және қорғау мемлекеттің, ұлт азаматы мен дін иелерінің  абыройлы борышы. Әр ұлттың өзіндік ұлттық дәстүрі болатындығын ешкім жоққа шығара алмайды. Ешбір ел өз дінінен алшақтамаған. Тіпті, кезінде Атажұртта Ислам мемлекеті алғаш құрылған кездері, барынша гүлденген дәуірді басынан кешкенін. Оның нақтылы дәлелі – әлем мойындаған Алтын орда мен Ақ Орда мемлекеті. Ал, әулие Ахмет Йассауийді өзіне Пір тұтқан жиһангер қолбасшы Әмір Темір - Мауераннахр жерінде мемлекеттің күш қуаты мен тұрақтылығын сақтау үшін оны басқаруда: «Ережелер мен заңдарды Исламға негіздедім, өзім де дінді қатаң ұстандым», - деп өсиет қалдырған.

Дін адамды басқарады, дін адамға жол көрсетеді. Қазақ халқы о бастан дін заңымен жұмыс жасаған халық. Әріге бармай беріден қайырғанның өзінде «Қасым ханның  қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы»,  оның жарасымды жалғасы Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» - құранды басшылыққа алып жазылғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Үш заңның да атасы – Құран. Бұл ретте: «...Мұқияттап хаттадым,Әз Тәукеге қызмет қып. Жаздым «Жеті жарғыны».Салыстырып талдадым. Бергі менен арғыны», - деп жырлайтын Қожаберген мен үш жүздің бас билері және сол кезде Сасық, Мұхаммед, Қоқым, Әнет, Едіге, Соқыр Абыздармен Жеті Жарғыны бір жүйеге келтіріп,  мемлекет басшысы ретінде дайындаған Пір Мүсірәлі болды. Тіршілігінде «Жеті адамға жан берген Мүсірәлі Пір» атанған әз Мүсірәлі Жәдікұлы қазақ елі тарихында алғашқы Үкімет және дін басы болған жан. «Жеті жарғы» – имани жолмен елді басқару заңы. Қазақ хандығында, әсіресе осы әз Тәуке ханның тұсында, Пірлер институты мықты жұмыс жасаған. «Жеті жарғы» осы институт дайындаған Далалық заң. Осы заңмен жұмыс жасаған ел билеу жүйесінен 1824 жылы Хан билігі, 1868 жылы Сұлтан билігі жойылды... Біздің бүгінгі таңда қырық жамау болған Ата заңымыздан бастап әр заңға толассыз толықтырулар енгізуіміз,  осы Ата жұрт заңдарынан сабақ алмай, батыстың табиғатымызға сай келмейтін заңдарын тұтастай көшіріп алуымыздан болып отыр...

Елдің, ел болып іргесін сөкпеуі – өткен тарихымыз көрсеткендей елдің тұтас алғандағы сенімінде. Ал жер бетіндегі сенімнің әкесі әлімсақтан – дін!!! Дінсіз ел, дінсіз отбасы, дінсіз адам баласы болмайды. Адам болмысында дінімен туылған. Діни сенімінен айырылған ел жер бетінде мәңгілік тұра алмайды, қаншама күшке иелік еткенімен кешегі Кеңес империясы сияқты жойылады.  Құранда: «Тәңірім арқылы білім алыңдар», - деп айтқан. Қазір Жер жүзіне, күллі жер бетіне тазарту мәселесі келіп жатыр. Дінде дін дұшпандарымен  – айтыспайды, қарсылыспайды, Алланың сабырлығына  шақырып қоштайды, олармен қол ұстасады, бірігеді, қатарында болуға мойындатып көндіреді. Осыны біле тұра, кешегі кеңес үкіметінің шекпенінен шыққан, соның атейстік мектебінде білім алған  біздегі саяси күш жетекшілерінің бәрі асыл дінімізге үрке қарап, оның мәңгі тірі жол екендігін сезінбеуде.

Бізде, Өкімет пен Үкіметтің де дінге деген көзқарасы екеуінде екі түрлі болып отыр. Бұл қай ақылға сиятын көрініс? Бұдан жиырма жыл бұрын Үкімет жанындағы төрт жыл жабылып қалған Діни Хатшылық қайта ашылып, оның Төрағалығына үкімет басшысының бірінші орынбасары бекітілген болатын. Қазір ол құрылым да құрдымға жіберілген. Елде  сол құрылым есебінен Әлем және дәстүрлі Діндер лидерлері Сьезінің хатшылығы жұмыс жасауда. Басшысы ҚР Парламент Сенатының Төрағасы. Үш жылда бір рет өтетін Әлемдік және  дәстүрлі дін көшбасшыларының құрылтайы үшін арнайы құрылған Хатшылықтың атқарар қызметі не?  Хатшылық мүшелерімен жыл сайын жиналып сьезде қабылданатын дін саласындағы өзекті мәселелерді қарайды. Өз еліміздің емес, әлем дінінің мәселесін қозғайды. Әлем азаматтарының діни сенім бостандығын қамтамасыз етуге ат салысады. Соның бұлтартпас дәлелі елімізге бір рет келіп кеткен Рим Папасына бүгінде арнайы ат сабылтып, елші жіберіп, енді Сьезге қатысуын өтінудеміз. Шіркін, осы ықылас өздерін барша әлемге Ислам Әмірлігі етіп жариялаған көршілес Ауған елінің имани басшыларына да аударылса ғой...

Ал Үкіметіміз ше?.. Өз ішінен құрылған екі ведмоствоны кезегімен бесігінде тұншықтырып, елдегі  дін жұмысын мәдениет министірлігінің әлжуаз бір комитеті дәрежесінде ұстап отыруға жеткізді. Мәдениет деген 18 мың ғаламды өз ғұзырына алған дін ғұзырының шағын ғана бір саласы емес пе? Бұл - көзіміз көріп отырған көрініс екі жүзділік. Осы Өкіметтік құрылым  мен  елдегі әлжуаз Діни комитет неге біріктірілмейді?...

Несін жасырамыз  Үкімет: «Сен қанатың бар ұш», - десе  «жоқ, мен түйемін», - дейтін, «ей, онда аңдып келе жатқандар сені ұстап алып қояды ғой», - десе, «мен тығылып қаламын», - деп басын құмға тыға салатын, «түйе екенсің онда жүк артайық», - десе, «жоқ мен құспын», - деп қанатын көтеретін түйе құс (страуыс) сияқты дінімізге екі жүзді көзқараспен қарап, өз болмысына ұқсас «құбылмалы діни құрылым – Діни агенттік пен Дін министрліктерін»  құрып, артынша  қайта жойып, сол қимылдарымен  үнемі діни жолға қарсы шығумен келеді. Бұл құрылым  өз халқының тағдырын тереңнен қозғап, сабырлығын Құранға әкеліп тіреген Абайды, «Бір Аллаға сиынып, кел балалар оқылық», - деп  баладан бастап бәрімізді имани тәрбиеге шақырған Ыбырай Алтынсаринді неге тыңдамайды?  Өздерінің бастауыш білімдерін діни медреселерде алған Алаш көсемдерінің діни ұстанымдарын неге басшылыққа алмайды? «Қазақты еш қашанда өз дінінен де, жазуынан да айныта алмайсың», - деп шегелеп айтқан Алаштың бас ұстазы Байтұрсынов емес пе? Діндар Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім, Ғұмар Қараштар әрдайым қалың Алаштың ортасынан көрінген жоқ па? Сол Алаштың 1 және 2 съезіне қатысқан молдалар тіршілігі неге сабақ болмасқа?  Исламды ұлт дәстүріне сай тану, түсіну, насихаттау солардан қалған мұра ғой.  Бүгін біз мойындамасақ та, кесенесі көк тіреп Түркістанда тұрған әулиеміз Йассауийді діндар ретінде алғаш танығандар да, танытқандар да осылар болатын...

Дінді мойынсынған имандылар адамгершіліктен аттамайды.  Иман – адамды ақылды қылады. Рухтыларды – асыл, әлсіздерді – қуатты қылады.  Ал имансыздарға қиын. «Аллам өзі кешіреді»- деп еркінсуде шек бар. Шек болған соң Тәңірім  құранда ескерткендей Лұт пайғамбардың халқын бір күнде жер бетінен жуып жойды, Нұхтың халқы судың астында қалды, басқа да пайғамбарлар елдерінің  басына түскен осындай опаттар болды. Кезінде осы аталынған елдерге ескертудің сансыз түрі жеткен. Нұх пайғамбар осыны 950 жыл айтқан болса, Адам Ата өзі жаратылғалы айтып келе жатты...

Құрметті Президент! 

Мемлекетіміздің Конституциясында: «Діни бірлестіктер жөніндегі мемлекеттік органды Қазақстан Республикасының Президенді құрады», - деп көрсетілген. Меніңше осы сөйлем: «Елдегі дінге байланысты шешімін таппаған жұмыстың бәрін ел игілігіне сай шешу Президент құзыретіне берілген», - деп жазылуы керек еді. Мұны күнделікті өмірдің өзі көзімізге көрсетіп отыр. Бұл Президентке  халық  сенген  уәкілдік. Ал біз көтеріліп отырған бүгінгі мәселемен Үкіметпен бірлесе отырып Республика мұсылмандары Діни басқармасы айналысуы керек болса, қазір бұл ұйымда нағыз тұлғалар  дараланбауда. Барларының білім дәрежесі қарилықтан  аспағандар (өздері де мойындайды), араларында тұлға болар діни ілім иелері қара көрсетпей отыр...

Бұған қосарым, «Мұхаммед» сүресінің 7-ші аяты: «Ей, мүміндер! Сендер Аллаға жәрдем берсеңдер, сендерге Алла жар болып қадамдарыңды нықтайды», -дейді. Қандай керемет! Алла сенен мұқтаж емес, саған беретініне де. Бірақ , Алла адамға бақ сыйлап өзіне көмекші етіпті. Біз  құдіреті күшті Құдайдың бастаған ісін жалғастыруға келген жандармыз. Кім Алланың айтқанын орындайтын болса, одан өткен бақытты жан жоқ. Онда Сіз бен біз, неге Аллаға көмектеспейміз? Дін – адам үшін. Жәрдемді Алла адамға айтып тұр. Арғы жағында қандай сыр бар?!..

Есіңізде болар, бұрынғы мемлекет басшысының 8 ақпан 2002 жылғы Өтінішімен Республика Парламентінің 2002 жылғы 31 қаңтарда қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын ҚР Конституциялық кеңесінде қаратып, Республика Конституциясына сәйкес емес, - деген шешім шығартқан  болатын. Дәл сол жол бүгін де қайталанып отыр. Сіз де алдыңызға барғалы тұрған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгізу туралы» заңына  тоқтау салып, заңның толықтырумен ғана шектелмей тұтастай қайта жазылуын бас-көз болуыңыз керек. Өйткені, Сіздің бақытыңыз, Алла бүгінгі қазақ  ел билігін өзгеге емес өзіңізге бұйыртты. Бере білген Алла тағала жауапкершілігін сұрай да біледі. Билікті – адамдарды дінінен шектемей,  дін қуатын ел игілігіне жарату Президент құзырында. Қазір  «Мәңгілік ел» идеясын іске асыруға шақырып жатырсыз, Алла жар болсын!  Бұл идея іске  асу үшін әділін айтсақ Ата Заңмыздың жетінші бабындағы «Қазақ Республикасындағы  мемлекеттік тіл – қазақ тілі», - деген сөзден де бұрын, ел төлқұжатына «ДІНІ – ИСЛАМ, ӘЛЕМДІК ДІНДЕР ҒАНА МОЙЫНДАЛАДЫ», - деген сөз алтын әріппен жазылып енгізілуі керек. Өйткені, Құран тілден де бұрын, Адам Ата өмірге келмей тұрғанда, өмірге келетін пәндаларды  тәрбиелейтін Алланың жолы ретінде әзірленген  нақыл-қуат. «Мәңгілік ел боламыз!» десек, дініміз Ислам екендігін Ата заңымызда осылай көрсетіп, Алланың ризалығын иеленіп, еліміздің имани көзқарасын қалыптастырайық.  Сол кезде дініміз де, отыз жылдан бері өз дербестігіне жетпеген тіліміз де өзінің даңғыл жолына түседі. Сізден осы ұсынысты қолдауды талап етеміз! Жаратушы бізді осындай ұлт етіп жаратқан екен, ендігі жерде оның діні мен дербестігін қорғау Президенттің абыройлы міндеті болумен  бірге сол ұлттың әрбір азаматы мен дін иелерінің де парызы. Бұл - Алланың аманаты.

Осы орайда мемлекетті басқарудағы адамдар өз қазынасын арттырулары керек. Ал адам баласының қазынасы - ішіп жегенде ғана емес, адам баласының қазынасы ұстанған дінін терең білуінде. Дінге Алла берген кеңшілігін берсек, елімізде қоғам басқаша гүлденеді.  Өз-өзіне келген дініміз, имани кемел қуатын көрсетеді. Біздің арқа сүйер күшіміз – Алла! Кезінде дін, муфтият мәселесін елдік мәселе ретінде көтереген Алаш көсемі А. Бөкейхан  Жаратқан мен халықтың өз орынын көрсетіп: «Күштіге сиынсаң, Құдайға сиын»-деген, әуелі Құдайға сеніп, Құдайдан соң күшті халыққа сен!», - деген сөзін байрақ етіп қайта көтерер уақыт келді.  Бұл – ұлттық идея!.

Осы орайда дініміз бен Алланы іздеп табуға біз бейімделуіміз керек.  Сонда  ғана дұрыс тіршілік етіп, дінімізді нұрландыра аламыз. Бұл адам бойының Аллаға деген ыңғайлануы.Заң мен шариғаттың арасындағы ара қашықтықтың үйлесуі. Шариғат Алланың заңы болғандықтан ол қашанда биік тұруы керек. Сондықтан, осы күнге дейін өз аттарынан өздері шошып жүрген  Республика мұсылмандары діни басқармасы,  Республикалық Ислам ұйымы атауымен қайта құрылып, атына сай жұмыс жасағаны мақұл.  Мұсылман – жалпы әлем адамның жаратылысы, Ислам –дін. Ұйымды Ислам атымен атаудан бас мүфти Үкіметтен қаймығатын болса қызметінен шеттетіп, бұл жұмысты Аллаға аманаттау керек. Алла ел арасынан өз дініне қожа болар тақуасын реттеп табады. Бұған күмән келтіруге болмайды. Елдегі қазіргі дін дертін (жалпы діндегі емес, Алланың дінін еш уақытта дерт шалмайды. Б.А.)  - мемлекеттік тұрғыдан қолдау арқылы қуаттандырып, сауықтыру керек. Бұлай айтып отырғаным дін жолында демократия айтылмайды, демократия үкімет пен соның жұмысын таразылайтын қоғамдық ұйымдар үшін қажет. Ал діннің жолы  құранда  мөрленіп  көрсетіліп қойылған. Ол еш уақытта өзгермейді.

Біз орыс пен қытайды немесе алыстағы АҚШ пен Батысты емес, Алланы ғана пана тұтумыз керек. Қай елді болсын, өз мүддесі үшін ұмтылған  алпауыт елдер емес, Алла ғана жарылқайды. Бір оқ шығармай-ақ егемендікті сый еткен құдай, қашан да елімізге Өзі қорғаушы. Жер біздің бауыр етіміз, содан жаралғанбыз. Исі де, суы да, тасы да бәрі біздікі. Жанымыздағы алпауыт елдер басып алатын жер емес қазақ жері. Алла осы жерді қорғау үшін, дінін сақтау үшін, ұлт батырларын берген. Дінді үйретер әулиелер  болса, батырлардың әрқайсысы Алланың қолдауымен әулиелерге айналған. Құдай Ғызырымен қосып қарулы періштелерін олардың алдына салған. Көрші мемлекеттер қиянаттықпен сұғанақтық жасаса, Тәңірім кешегі СССР сияқты ондай мемлекетті жолын тауып оп-оңай жоқ ете салады. Елге Атажұрт діні өз болмысымен оралса жастарымыздың өмірге деген, өздеріне деген  сенімі артып, бүгінгі бетімен кеткен коррупцияның тамырына балта шабылады. Ел еншісіне бұйырылған ұлан асыр қазына да өз игілігімізге жұмсалынады...

Қазір біздің Ислам мемлекеті екенімізді  Әлем халықтары мойындап отыр.  Ислам елдерімен бас қосуда солай жұмыс жасап отырмыз. Әлем мойындап отырған соң, біздің ел: «Бұл дін заңын ұстайтын мемлекет», - деп Алланың алдында уәде беріп қойған. Осыны біле тұра  Үкімет өз заңына: «Дін мемлекеттен бөлек, дін мемлекетке қарамайды, екеуі екі бөлек», - деген бап ендірген. Әрине, бұл  о бастан дін туралы заңды қабылдауда кеткен қателік. Алланы мойындауда, мемлекеттің дін жағын басқарып отырғандардың дінге деген тазалығы мен бейімділігі, жоғары дәрежелі білімі ғана емес, іліми дәрежелері де  болуы керек еді.

Бүкіл әлем елімізді мұсылман мемлекеті ретінде, Әлемдік Ислам конференциясы ұйымы өзінің толыққанды мүше ретінде танып отырса, бізге жат жұрттық будандасқан дін емес, дәстүрлі өз Исламымыз керек. Бұл ұран, эмоциялық үндеу емес. Кейбір нәпсінің құлы болған діні таяз бауырларымыз сияқты Араб қаржысына малданып, солардың айтуымен ораза тұтып, солардың шылауында кетпей, дін  тізгінін қожа болып өз қолымызда берік ұстауымыз  керек. Дін – тірі, жанды дүние. Елдің дін туралы жаңа Заңын діңгегінде діні бар азаматтар әзірлеп, оны  ұлттық үйлесімділік Кеңесте дұрыстап қарауы керек. Сонда, бүгінде елден безіп, бөгде елде әр ағымда жүрген бауырларымыз да оралып өз үйіріне қосылады.

Әрине, бұл әңгіме, егемен еліміздің әрбір азаматын ойландырар мәселе. Діннен тыс - дінсіз тіршілік жасаймыз деу жай ғана тәкәппарлық, шолақ ойлылық. Ел болу үшін, нағыз қазақ елі болу үшін, қол ұстасып тірлік етуге тәуекел етуіміз керек. Қазақ елі о бастан діні бар мемлекет.  Халықтың ішінде дінді ұстанып жатқан тақуалар мен дінді сүйетін жандар баршылық.  Олар  дін жолын Алланың разылығы үшін ұстап, Алланың разылығы үшін өмір сүретіндер. Олардың жүректері – мешіт. Олар Құдайдан дұға тілейді. Мұндай жандардың жанына қасірет батса, Құдай сол мемлекетті жазалап жіберуі де мүмкін. Елдегі әр адамның конституциялық құқығы бар. Біз енді Алладан тікеден тік – дінді, еліміз пана тұтар діннің жолын, оның Ата заңымызда айқын көрсетіліп жазылуын тілейміз. Бұл - шындық!

Бақтыбай Айнабеков,

«Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы, Ілімгер-жазушы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502