Сенбі, 23 Қараша 2024
Дидар-ғайып 3861 16 пікір 25 Қараша, 2021 сағат 12:39

Қазақтың соңғы самурайы...

Арон Атабек 24 қараша күні кешкі сағат 20:45-те өмірден өтті. 1 қазан күні Арон Атабек 15 жыл абақтыда отырып, денсаулығына байланысты босатылған еді. Алайда диссидент абақтыдан айықпас дертке шалдығып шықты. 

20 қазаннан бастап Арон Атабек ауруханаға жатқызылды. Оның денсаулығы нашарлап, коронавирус анықталды. Артынша ақынның денсаулығы ауруханада күрт нашарлап, комаға түсті. «Қазақтың соңғы самурайы» атанған Аронның денсаулығына қатысты ең соңғы ақпарат 11 қарашада шықты. Онда ақынның қарындасы Аронның денсаулығы тым нашар екенін, бұлшықеті жоқтығын, тамақты өздігінен іше алмай, төсекке танылғанын айтты.

Белсенді Сахиб Жаңабаева болса Арон Атабекті Заманбек пен Алтынбектің жанына жерлеу керек деген ойда. «Халық бұған немқұрайлы қарамақ емес, халыққа шындық керек. Аронды Алматыда, Кеңсай-2 зиратында, Болат Атабаев соңғы пана тапқан бөлігінде жерлемекпіз. Оппозициялық саясаткер Болат Атабаев ұлттың ар-ожданы болды және Аронды жоғары бағалады, өзінің демократиялық мұраттарға адалдықтың жеке үлгісін халық үшін жанқиярлықтың үлгісі ретінде көрсетті. Халық азаттығы жолында ерлікпен қаза тапқан Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқаділов те осы маңда жерленген. Осы жолға мезгілсіз ат басын тіреген тағы бір танымал оппозициялық саясаткер Нұрболат Масанов та сонда жатыр», - дейді ол.

Ал Аронның қызы Айдана Айдархан әкесінің қазасына қатысты Инстаграмға былай деп жазды: «Мен әкемді осыдан 10 күн бұрын, яғни, 13 қарашада көрдім. «Сұңқар» клиникасына мені бір-ақ рет кіргізді. Сол кезде сауалдарыма толық жауап ала алмадым. Міне, бірнеше сағат бұрын әкем дүниеден өтті. Біз оны басқа үйде және клиникада қандай дерттен «емдегенін» де білмейміз. Ендігі үміт оның денесін ашып тексеру болмақ. Сол кезде ғана біз сауалдарымызға жауап алып, күдігіміз сейілер деп ойлаймыз. Заң тұрғысынан барлық шаралар орындалады деп сенеміз. 

«Сұңқар» клиникасында оның бізбен тілдесуіне мүмкіндік берілмеді: тамағында тесік болып, оған демалу үшін трубка салып қойды. Бұдан бұрын әкемнің қолын алды, жаза алмау үшін, аяғын алды халқына бара алмау үшін. Оның өлеңдері өзіне қойылған мәңгі ескерткіш болып қалады».

Ақынның қазасына қатысты қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан күйіне былай депті: «Аронның қайтыс болғанына жұрт жаппай көңіл айтуда, дұрыс қой. Бірақ көпішілік сол Арон 15 жыл түрмеде отырған кезде өзіне немесе отбасына нақты көмек көрсетті ме? Құр сөзбен емес, нақты көмекті айтып отырмын. Иә, біраз құқық қорғаушылар және қоғам белсенділер, оның ішінде өзім де бармын, осы жылдары біраз көмек көрсетіп жүрдік.

Ал көпшілік ше? Қазір Арон қайтыс болған соң жаппай көңіл айтудың не пайда? Көмекті уақытында көрсету керек еді қой. Кейде ойлаймын, анау Шаңырақтың тұрғындары осы 15 жыл қайда болды, нақты олар үшін отырды ғой.

Қазір сол Шаңыраққа барсаң балалары Арон деген кісі кім болған біле ме өзі? Ал ата-аналар ше? Білсе балаларына айтып жүр ме? Толғандыратын сұрақтар».

Ақынның қазасына ақындар да үн қосуда. Ақын Ершат Қайболдин «Соңғы батыр» атты өлеңін арнады.

Бір басында бар еді қырық ақыл,
Тірі батыр өлді ме бүгін ақыр?!
Құбыла тұр, дүние, құбыла тұр,
Батыр әлі өлген жоқ, тірі жатыр.

Ұрып-соғып, ас-сусыз арам қатыр,
Ей, дүние, ажалдан аман батыр!
Иә, табытта талып бір адам жатыр,
Бірақ, рухы қасқайып алаңда тұр.

Тұлпарым-ай, жолына есек тұрған,
Ұлтаным-ай, табытты төсек қылған.
Бордай тозды-ау ақыры кесек тұлғаң,
Кешесің бе, біздерді өсек қуған?!

Шаршаған-ау шынымен біздің батыр,
Өліп қалған адамдай мызғып жатыр.
Күзетіңдер, көпшігін түзетіңдер,
Көзін ойып кетпесін құзғын-кәпір!

Дем алмастан демалсын соңғы батыр,
Соңғы батыр шаршады, болды, жатыр!
Әй, бауырым, батырды мазалама,
Дәтің болса сен соның орнына тұр!

Қазақстан билігі Арон Атабектің қазасына қатысты әлі мәлімдеме жасап, көңіл айтпады. Бірақ ақынның қазасына қатысты Халықаралық құқық қорғау ұйымдары алаңдаушылық білдіріп, биліктен түсінік талап етуде.

Норвегиялық Хельсинки комитеті Twitter желісінде диссиденттің жақындарына көңіл айтып, оның өліміне Қазақстан билігі түсініктеме беруі тиіс деп жазды.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371