Бір түйір апиын
(әңгіме)
Құдай-ау, бұл оқиғаны әңгіме етіп жазу мұншалық қиын боларын неге ойламағанмын?! Бірнеше мәрте қолға қалам алып, өндіріп түк жаза алмай, ақыры бәріне қолды бір сілтеп, қоя салып едім. Әңгіме де, жазу да, одан түйген ой да жайына қалды.
Енді міне, жазуға және отырдым... Көрген дүниені сол қалпында қағазға түсіру керек. Болды. Бітті. Қоспасыз, әрлеусіз... бәрін айна-қатесіз қағазға көшіре салмақпын. Біреуге ой салу, ойландыру, санасына ауыр жүк арту мақсат емес. Бұған дейін де мақсат-мүдесіз талай қағаз шимайлағанбыз. Сол көп шимайдың бірі болсын деп шештім.
Қолым жазу жазудан да шығып қалыпты. Титықтап, кібіртіктеп, шимайлай бастадым. Сонда да, алдын-ала ескертейін... Әлгі өткен жылдары бір рет кезіккен ақсақалдың тағдырына жүрек ауыртар ауыш екен демессіз. Онсыз да өз күйбеңім аз емес. Қайғым да, қуанышым да бір басыма жетіп артылады. Бұл өмірдің әр күнін болмашы үмітке арқандап қойған мен бейбақты өзгенің қайғысына қайғырады деу - бос сөз.
Иә, ол ақсақалды, яғни осы әңгіменің кейіпкерін арнайы іздеп таппадым. Тіпті, аталарының, ағасының аты-сойын білгеніммен өзінің есімін сұрамаппын да... Шалдың руын да, адамдардың атын да өзгертпеуді жөн көрдім. Соғыс жылдары болған бір оқиға үшін мені ұрпақтары сотқа сүйреп, я күстаналай қоймас. Сосын, бұл әңгімені ешкімге қинап айтқызбадым. Өзі ағытылды, өзі айтты.
Ақсақалдың атын да, затын да білмеймін дедім ғой. Турасын айтсам, мүлдем танымаймын. Керісінше, бұ кісі менің әкемді білетін адам-мыс. Ол туралы сәл кейінірек айтармын.
Осылай мүлдем таныс емес адам кезігеді. Сөйтеді де, әңгімесін айтып, түк болмағандай сенің өміріңнен ізім-ғайым жоғалады. Бәлкім, ол адамды маған Құдай жіберген шығар, Тәңір Ием осы жазба үшін ғана басымызды бір арнаға тоғыстырған болар.
«Танымаймын» дегенім жай сөз. Мұндай ақсақалдар арамызда әлі де аз болмаса керек. Диқат беріп қарамаған соң, сәп сап ойланбаған соң, олардың көп екенін әсте біле бермейміз. Бәлкім, өз үйімізде де дәл сондай көңілі жарым адамдар өмір сүріп жатуы мүмкін ғой. Мысалы, әкем, шешем... Менің әкемнің о ақсақалдан қай жері артық еді. Құдай оны бақытты етіп жаратып, әлгі жолда кезіккен ақсақалды сорлатып қойды дей алмаймын.
Меніңше, әр адамның тағдыр-талайы әртүрлі болғанымен, қуану - ренжу, шаттану - жылау, разы болу - өкпелеу сықылды ішкі сезімдері бірдей... Болмашыға ренжіп, түйір затқа қуанар қарттар аз ба? Адам қартайған сайын әлгі сезімдер жидіп, тіпті сәбидікіндей жұмсарып кете ме деймін. «Адам - қартайғанда бір бала» деген тегінде рас сөз. Соның растығына әлгі шал көзімді анық жеткізді.
***
Келіншегім екеуміз сол баяғы әкемнің бір ауыз сөзіне, көңіліне бола төрт жүз шақырымдық жолға қинала шығып, ауылға бет алғанбыз. Әлдебір алыс туыстың бір шәугім шәйін ішіп, қуанышына ортақтасып қайтпақпыз. Әкей болмаса, әлгілердің етжақын ағайын екенін баяғыда ұмытқан болар едік. Бір шәугім шәй үшін бұлай сабылмас та едік. Мұны қазір ойлап отырмын. Шешей «келулерің керек» деген соң, не жан қалсын, әлгі жамағайынның өтесі өткені үшін емес, шал-кемпірдің көңілі үшін атқа қондық.
Құлжа күре жолымен зулап келіп, Төңкерістің бұрылысынан ел «Бетонка» атап кеткен жаңа жолға қарай бұрылдық. Жол жиегінде қолын көтеріп кейіпкерім тұр екен. Ол ақсақалдың осы әңгімеге басты кейіпкер боларын о сәтте қайдан білем, «шалдың жол күресі қинала шыққан сапардың біраз шығынын жабар» деген ниетпен тоқтай қойдым. Осылай өзім атын да, затын да білмейтін, бар болғаны өмірімде 4-5 сағат қана жол серік болған, сөйте тұра 4-5 жыл бойы ойымнан шықпай жүрген адаммен кезіктім.
Шәлкөдеге барамын деді. Мен оған Қарасаздың бұрылысына дейін ала кететінімді айттым. Ұзақ жолды еңсеріп тастар көлік табылғанына қуанғандай болды. Кейіпкерім көлікке мінді. Алдымен артқы орынға отырған. Құлағы шалыс естиді екен. Мен әйелімді артқа өткізіп, ақсақалды қасыма жайғастырдым. Алдынғы орынға отырып жатқанда ақсақалдың көзінің алды көлкілдеп тұрғанын байқадым.
«Бетонкаға» түстік. Машина жылдамдығы сағатына 130-140 шақырымды көрсетті. Сол-ақ екен, ақсақалдың көзінен мөлтілдеп жас құйылды.
- Ақсақал, сізге не болды? - дестік түк түсінбей...
- Ештеңе, ештеңе де болған жоқ, - дейді кемсеңдеп.
Музыканы өшірдім. Әйелім де, мен де, ақсақал да үнсіз...
«Бетонканың» бойымен көлігім келеді, ысқырып... Сол ысқырыққа қапалы жанның булыға жылаған үні қосылады. Қолындағы бір жапырақ беторамалмен көзін сығымдап алады, ара-тұра.
Кейіпкерім ұзақ жылады. Бір уақытта шыдам таусылып, тығыны атылды.
- Балам, бір түйір апиының бар ма? - деді алқымын көз жасы жуып.
«Бір түйір апиыны несі, мына шал алжып қалған ба?» деп мен отырмын.
- Бір түйір апиын тауып берші, бір түйірін ғана...
Тағы да кемсеңдеу... Тағы да егілу...
Келіншегімнің есі шығып, көз-қарашығы шарасынан ытқып кетердей болды. «Жылаңқы шалды қайдан ала қойып едің?» деген ойын жанарынан оқып үлгердім.
- Апиын, бір түйір апиын... - деді де түсініксіз бірдемелерді айта бастады.
Тағы да ұзақ үнсіздік... Тағы да ұзақ булыға жылау...
- Бір түйір апиын болса ғой, балам! Айтшы, мен оларды қалай ел қатарына қостым. Бір тойға келе қойып едім. Әкемнің досы деп, әкесіндей көріп шақырды. Соны да көп көрді ме?! Құдай-ау, қатыным өлгенде де, соларды «шешесі жоқ» дегізбеп едім. Бас-басына бірден үй тұрғызып бердім. Қатын әпердім. Мә, ал, мал! Мә, ал, ақша! Мә, ал соғым...
Менен не жамандық көрді. Ауылға барам, бәрін айтам... Енді менің керегім жоқ екен.
«Ақсақал сабыр етіңіз» деген болдым.
- Қалай сабыр етемін. Бүгін келдім, ауылдан. Досымның немересі үйленіпті. Әруақты сыйлаған соң ғана келіп едім. Мынау Новалексеевкедегі «Шосседе» тойы болады екен. Тойхананың алдына дейін барып, кіреберісінен кері қайттым. Не ертіп бала апармаса, не жетелеп немере апармаса, сондық құның болмаса, той не теңім?! Бір тақиялық құным жоқ екен. Әлгі келінге айттым. «Саяхаттан» бір тақия әкеп бере қой деп. Соған балаларды жұмсай қойса, тақия әперсе, байлығы кеміп қалар ма еді.
Келіншегім «мына шал бір тақияға бола жылап отыр ма?» дегендей ақсақалдың басына қарады. Соны сезді ме, шал оюлы көк тақияны жұлып алып, умаждап, аузына тықты. Көнеріп кеткен тақияны протез тісімен шайналап ұзақ отырды. Сөйтті де, қайта оталды.
- Атаңа нәлеттер! «Тойға мені апар» деп балаға айттым. Коллективпен балыққа барам деп, тыңдамай кетті де қалды. Әкесінен балық қымбат екен де...
Ақсақал тағы да ұзақ жылады.
- Балам, бір түйір апиын берші, бір түйірін ғана...
Әйелім екеуміз түкті ұқпасақ та, ақсақалды аяп кеттік.
Аяуға тұрарлық сурет еді көргеніміз...
***
Шелекке жеткен соң, кейіпкерімнің жылауы тиылып, қабағы ашылды. «Бір түйір апиыны» ұмытылуға айналды. Әрнені бір сөз етіп, біз де жайланып қалдық.
Ол кісі әдетінше менің руымды, тегімді, әкемнің атын сұрады. Бір құдалықта әкейді көрген адам екен. Ол кісі туралы ыстық лепесті лебізін айтты. Әкейді танып, құрметтеп тұрған соң, менің де арқам кеңіп, әлгі «бір түйір апиынның» жайын сұрадым.
- Әй, балам-ай! Жоқты қаузап қайтесің! Ұмыт, бәрін, - деді қысқа қайырып.
- Шал адам ашуланып, ренжіген соң, қай қайдағы есіне түсе береді.
Мен қадалған жерден қан алатын адаммын. Ақсақалға «бір түйір апиынның» сырын ұқпай тыныш таппасымды сездіргендей болдым.
- Ешкімге айтпаған әңгімем еді. Ауыздан қаңғып шығып кетті. Отыз тістен шыққан соң, отыз рулы елге тарап, ыңғайсыз болмай ма?.
- Ой, сізді кім таниды, мені кім таниды? - дедім мен.
«Рас-ау» дегендей бетіме бір қарап алды да:
- Ә, жарайды! Тек жол қысқарту үшін айтайын, балам! Әруақ, күңіренбесін, қара жер хабар бермесін... Сосын, іште кетпесін, шер болып...
Ақсақалдың оңай жығыла салғанына таңданып-ақ қалдым. Не де болса, ішіне сақтаған бар сырды ақтарып тастап, жеңілдемек болды-ау деймін. Әйтпесе, үлкендердің дәті қатты болмайтын ба еді?! Олар руы, атасы туралы айтқанда кей мәселенің ұңғыл-шұңғылына бойламай, өзіне сөз келер тұсты аттап өтіп кететін.
Бұ кісі өйтпеді.
- Мен саған Қожбанбетпін дедім ғой. Оның ішінде - Сақаумыз. Әкем, дұрысы атам Жекебек батыр кісі еді. Панды (банды) Мергенбайға ермей қойған қыңыр адам еді. Соған ашуланып, Панды атамның шаңғарағын ойрандапты. Бар малын арғы бетке асырып әкетіпті. Сонда да пандының дегеніне көнбепті. Ақыры, атамның жалғыз баласы Ауханды ұрлап, баулып, өзіне сарбаз етіпті. Жекебек атам Аухан ағамнан бір айрылып, қайта табысқан адам еді.
Кей дүние түсініксіз болмау үшін айтайын. Мен Жекебектің қызынан туған жиен екенмін. Шешем ерте қайтыс болып, нағашы атам бауырына баласы есебінде басыпты.
Содан бері - Сақаумын! Бұрын, жас кезімде бір Сәлбендер «бауырыңбыз, туысыңбыз» деп іздеп келген. Мен Жекебек атамның әруағына шек келтірмейін деп, өз қанымнан, өз туысымнан бас тарттым.
Мергенбайға қаңғыған оқ тиіп, ажалына кезіккен соң, Аухан ағам Текес асып, бізді тапты.
- Мергенбай батырға қаңғыған оқ тиген жоқ қой, - дедім мен.
- Қаңғыған оқ тиді. Сосын, сен пандыны батыр деп, былжырай берме!, - деді кейіпкерім шытынап.
Кейіпкерімнің көзі қып-қызыл болып, маған жек көре қарады. Сөйтті де өз-өзімен сөйлесіп отырған адамдай әңгімесін жалғады.
- Мен туған соң, 4-5 жылдан кейін Аухан ағам соғысқа алынды. Ол хат жазып тұратын. Оның хатын үйге сүйіншілеп әкелетінмін. Екі шешем, Жекебек атамның екі әйелі кезек-кезек бетімнен сүйетін. «Бергеніңе құлдық» деп атам мені бауырына басып, риза болатын. Ол бір қайғымыз қалың болса да, бақытты күндер еді-ау.
Аухан ағамнан хат сап тиылды.
Жекебек атам қоспаның малын бағатын. Таң азаннан кетіп, күн құлағанға дейін тауда жүретін. Кеш бата өзен бойлап, атамның алдынан шығамын. Атам жерден көкпар ілгендей, мені лып еткізіп көтеріп алатын. Сөйтіп, алдына қонғызып, үйге қайтамыз.
Бір күні тағы да атамның алдынан шықтым. Атам күні бойы жылаған ба, көзі қанталап, қызарып кетіпті. Өңі сынық. Қабағы түнеріп, күрсіне береді. Мені жерден баяғыдай еркелетіп көтеріп алған жоқ. «Неге шықтың?» дегендей жақтырмай бір қарады да, далада тастамау үшін ғана іліп алды. Қолы да темірдей қатты болып кетіпті.
- Бірбай атаңның үйіне соға кетейік, - деді жолай көңілсіз тіл қатып.
- Тазбас атаның үйіне ме? - дедім мен.
- Иә, Тазбас атаңа, - деді жымиып.
Атамның көңілденіп, жымиғанына біртүрлі қуанып қалдым. Бірбай атаның үйіне жақындай бере атам «Әй, Тазбас» деп айғай салды.
Жылтыр басына қалпағын баса киіп досы шықты, тысқа.
- Әй, Тазбасым-ай! Болмады ғой, болмады. Сорлап қалдым ғой, мен бейбақ! Төзім түгелді. Бір түйір апиыныңды қи енді, - деді сосын.
- Қап, қап-ай! Қайтсем екен-ә! Сені де кінәлай алмаймын. Мынау сорлыны аясаң етті, - деп саусағын маған қарай шошайтты.
- Құдай аясын, сені Жекебек. Менде апиын жоқ еді. Бір болса, Кебектен табылады. Жүр соған баралық, - деді де аттың басындағы ноқтаның шылбырын ағытып, бізді жетекке алды. Атам жүгеннің тізгінін маған ұстата салды.
Біздің атты жаяу жетелеп: «Ай, Ауханым-ай, Ауханым-ай» жылап келеді Тазбас ата...
Біз үшеуміз Кебек атаның үйіне жеттік.
- Бір түйір апиын сұрай келдік, - деді Бірбай Кебекке.
- Құдай қайырын берсін, Жекебек! Сенің ұйғарымың рас болса, Алла алдынан жарылқасын!
- Не тантып отырсың, Кебек! Өлмеген адамға көңіл айтқан несі?
- Апиын жоқ, бар болса да бере алмайды екенмін, - деді Кебек ата қатая қойып.
Атамның жалынған үні естілді.
- Ақыреттік жолдасым едің, қу жанымды қинамашы, Кебек.
- Жоқ, дегесін жоқ! Жоқты жерден қазам ба?, - деді Кебек мүлдем таусылған үнмен.
Тазбас ата ұстаған шылбырды сусытып тастап жіберіп, қолын қалтасына салды да, газет қиындысына оралған әлденені шығарды. Тырнақтай ғана орау...
- Кебек, мынаның күнәсін бірге көтерелік, - деді сосын түнеріп.
- Атама, ойбай, атама... Өз күнәм де аз емес, - деп шоршып түсті Кебек ата.
- Әй, Кебек, әй Бірбай, - деді атам алғаш Тазбас досын азан шақырып қойған атымен атап. - Мына екеуің де менің азабыма ортақ емессіңдер! Мен не, сендерсіз бір түйір апиын таба алмайды ма екенмін?! Ауханымды алдыма салмай аттанайыншы, мұрсат беріңдерші, - деді кемсеңдеп.
Кебек ата Бірбайдың қолындағы умаждалған газет қиындысын жұлып алып, атама ұстата салып:
- Қидым, досым! - деді.
- Сен ше? - деді Тазбасқа Жекебек атам.
- Мен қимасам, жоқ деген апиынды қалтама салып келер ме едім, - деді де Бірбай ата теріс қарап жүріп кетті. Арқасынан қарап тұрып, Тазбас атаның жылап бара жатқанын аңғардым.
Біз үйге қайттық. Атам үйге келе жатып, егіліп жылай берді.
- Ұлым, Ауханым! Күнім, Ауханым! Пандыға қимаған, Ауханым! Кеудеме симаған, Ауханым! Туған жерден бір уыс топырақ та бұйырмаған, Ауханым!
Күнде менің өз атымды атап еркелететін. Бүгін ағамды еркелетіп, менің бетімнен сүйіп келе жатты. Сол сәтте мен ол кісінің көзіне Аухан болып көрінсем керек.
Атама не болғанын, неге жылап келе жатқанын, неге мені Ауханым деп еркелеткенін түсінер хәлде емес едім. Баламын ғой, өйткені. Үйге жете бере атам «Тазбастан апиын алғанымды шешелеріңе айтпа» деді селқос қана. Бұл сөзі құлағыма «бәрібір айтасың ғой» дегендей естілді.
Үйге келе әлгі апиынды шикідей шәйіне үгіп салды да, ішіп салды. Апиынды ем үшін күйдіріп, үгіндісін ғана пайдаланатынын ол кезде білмеуші едім. Атам шикі жұтты. Сөйтті де, мені құшақтап, төр төсекке жантая кетті.
Арада бір сағат өтті ме, өтпеді ме, білмеймін, есік алдынан «ойбай, бауырымдаған» дауыс шықты.
- Жүгір, ана екі қақпасқа мені әлі өлген жоқ де, - деді атам.
Мен сыртқа атып шықсам, дауыс сап, аңырап келе жатқан Бірбай мен Кебек аталар екен. Оларға «атам әлі өлген жоқ» дей салып, үйге қарай жүгірдім.
Атам достарына:
- Мына күшік, жиен де болса, балам еді. Осы жетімдік көрмесе екен. Екеуіңе соны табыстайын деп, тірі жатырмын, - деді.
Арада сүт пісірім уақыт өтпей атам дүние салды. Ертесі күні Аухан ағамнан қарақағаз келді.
Атам жарықтық, жалғыз ұлының шейіт кеткенін сезген екен...
Ұлының алдына түспесе де, қарақағаздан озып, о дүниелік болды.
***
Ақсақалдың әңгімесі бізді Кегенге бір-ақ жеткізді. Бұл кезде көз байланып, түн келген. «Сарыжазда немере бала тұрады. Қарасаздың бұрылысында далада қалғанша, бүгін сонда қонайын» деді көңілденіп. Сосын, немересінің дүниетапқыштығын мақтады. Бағанағы реніші ұмыт. Аузының суы құрып, баласының баласын айта береді, айтқан сайын мерейленіп, төбесі көк тірегендей шаттанады. Дәп бір сәби сияқты. Ақсақалдың енді «бір түйір апиынды» аңсамайтынына менің көзім де анық жеткендей еді. Іштей қуанышты едім. Бір сәттік реніш тойдан кетіп қалуға сеп болғанымен, немеренің жеке үй болуы, одан үш-төрт шөбере сүйіп отырғаны, соның бәрін жуып-шайып кетті. Өмір дегенің осы. Көлеңкесі көп дегенмен, сәулесі де аз емес...
Сарыжазға «ауыз су» тартылып жатыр екен. Көшенің ойран-батпағы шығыпты. Шалдың айтуынан қате кетті ме, елден сұрап жүріп, немере баланың үйін әзер таптым. Дөң-дөң жолдан машиның асты бірнеше рет жер сызды. Оған келіншегімнің жүрегі ауырды. Менің көңілшектігіме, болмашыға әсерленіп, құлай кететін жайдақтығыма ренжіді.
Отау үйдің (немеренің үйі) алдында тау болып шағыл үйіліпті. Елден қалмай, су түсіріп алайын деп, жер қазыпты. Ол жер ор болып, ойылып жатыр екен. Қалта телефонның жарығымен отау үйге әрең кірдім.
- Атаңды әкеліп едім, кіргізіп аласың ба? - дедім есік ашқан өзім құралпы жігітке.
- А, жарайды, - деді әлгі жігіт қалбалақтап.
Аузынан арақтың иісі мүңк етті. Тәлтіректеп, аяғынан әзер тұр.
Арғы жақта бір топ арақ ішкен жігіттердің карта ойнап, дуылдасып жатқанын көрдім. Неге өйткенімді өзім де білмеймін, немере жігітті жетелеп, көлігіме жеткіздім. Сосын, немере екеуміз ақсақалды қолтықтап, үйге тарттық.
Немере шалды емес, шал немерені шұқырға түсіп кетпесін деп, демеп келе жатты. Кенет, немере шалынып кетіп еді, кейіпкерім ызаға булығып, «Ой, атаңның көрі... атаңның көрінде өкіргір» деп итере салды.
Мас немере өзі қазған шұқырға құлап бара жатты.
***
Құдай-ау, бұл оқиғаны әңгіме етіп жазу мұншалық қиын боларын неге ойламанмын? Алматыдағы келінінің басында тақиясы бар адамға «Саяхатқа» барып, тақия алып беруге мұршасы болмаған шығар. Қазіргі әр секундымыз - алтынға тең. Шал еріккен екен деп екі мың теңгелік бір тақия үшін базарға сабылар уақыт па? Баласы әріптестермен балыққа бармақты жоспарлап қойыпты. Аяқ асты әкесі жетіп келіп, баяғыда өліп қалған біреудің немересінің тойына бармақ екен. Сексеннен асқанда, той іздеп, аяғынан алжыған шал үшін жоспарлы сапардан қалу, уәдеден таю жігіттікке сая ма? Су түсіріп, жер қазып, шаршаған немере демалып, сәл арақ ішіп, карта ойнаса, не болыпты?! О, байғұс бір демала қойған кезде сап етіп атасының келе қоярын білген жоқ қой.
Осындай ойлар басыма келер-келместен телефоным шыр етті. Шешем. Біз кешіккен соң, мүлдем келмейтін болды деп отырса керек. Әкем маған «ағайын-туыстан безіп, көмусіз қалайын деп жүр ме?» деп ренжіп жатқанын айтты.
Неге екенін білмеймін, мен кейіпкерімді емес, өзімнің әкемді аядым. Ол кісі «бір түйір апиын» іздеп кетпей тұрғанда, ауылға жету керек, енді...
Қанат Әбілқайыр
Abai.kz