Сенбі, 23 Қараша 2024
Саңлақ 7047 0 пікір 6 Желтоқсан, 2021 сағат 15:01

Спорттағы былық: қысқы олимпиададан не күтеміз?

Токио-2020 Олимпиада ойындары Қазақстан үшін үлкен сабақ болды. Миллиардтаған ақша кетті, нәтиже ойдағыдай болмады. Қай жерде қателік кетті? Orda.kz редакциясы Қазақстан жазғы олимпиада ойындарынан не түйіп, қысқы олимпиадаға қалай дайындалып жатқанын, жалпы елдегі спорттың жай-күйі туралы анықтап көрді.

Елге реформа қажет!

Биылғы жылы жазда өткен Токио-2020 олимпиада ойындары қазақстандықтар үшін ерекше есте қалды. Қазақстан сегіз бірдей қола медаль жеңіп алып, 93 елдің ішінде 83 орынды еншіледі. Бір сөзбен айтқанда халықтың спортшыларға көңілі толмады.

Тек халықтың емес, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да көңілі толмаған сияқты. Президент Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп, медаль алған спортшыларға алғысын білдірді. Дегенмен нәтиже бюджеттен бөлінген шығынға сай келмейтіндігін айтты. Осылайша, Тоқаевт спортқа жаңа реформалар жобасын дайындауға тапсырма берді.

Еске салсақ, Токио Олимпиада ойындарында 3 спорт түрінен финалға шыққан спортшы Милад Карими елде спорт алаңдары жетіспейтінін айтып шағымданған. Оның айтуынша, осындай қиындықтарға тап болған жас спортшылардың спортқа деген қызығушылығы жоғалады. Спортшының көтеріп отырған мәселесі шындыққа жанасатынын 1984 жылы бой көтерген Павлодар облысында спорт мектебінің төбесі опырылып түскені дәлелдеп тастады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі президент тапсырмасын орындауға асығыстық танытпай, бірінші кезекте жазғы олимпиада ойындарына спортшыларды дайындаған бапкерлер қатарын тексеруден бастаған. Артынша «Спорт трансформациясы» жобасын іске қосып, бұқаралық спорт, спорттық инфрақұрылым, спорттық резерв, кадрларды дайындау, спорттық медицина сияқты негізгі даму бағыттары бойынша жұмыстар қолға алған. ҚР Спорт және мәдениет министрлігінің мәліметінше, қазір 2022 жылға заң жобасына ұсыныстар тізімі жасалып жатыр.

Балаларға қандай жағдай жасалатын болды?

Алайда, министрлік өкілдері жоба ұсыныстарымен бірге шалғай ауылдарда баланы спортқа баулуға бірқатар шаралар жүргізіліп жатқанын алға тартты.

– Еліміз бойынша бүгінгі күні 135 850, оның ішінде 66 007 спорттық секция жұмыс істейді. Сонымен қатар, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс жүзеге асырылуда. Мемлекеттік тапсырыс аясында республика бойынша 4 жастан 17 жас аралығындағы 115 052 балалар мен жасөспірімдер спорт секцияларына тегін бара бастады, – деп жауап берді ҚР Спорт және мәдениет министрлігі Orda.kz редакциясының ресми сауалына.

Былтыр мемлекет басшысы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» жолдауында балалар спортына ерекше мән берген. Осыдан кейін елде біраз өзгерістер орын алған. Оның бірі – осы спорт секцияларының жайы.

– Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты жүзеге асыру 2021 жылғы 1 мамырдан бастап іске қосылды. Қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етілді. Мемлекеттік тапсырыстарды енгізу 4-17 жас аралығындағы 114 135 бала мен жасөспірімнің ақысыз негізде қосымша баруын, оның ішінде үйірмелермен – 34 353 адамды, секциялармен – 79 782 адамды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл секциялар балалар мен ата-аналар үшін тегін, мемлекет мемлекеттік спорт тапсырысы аясында секцияларды қамтамасыз ету шығындарын төлейді, – деп түсіндірді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі.

Тегін спорт секцияларының басты мақсаты – балалардың спортқа қызығушылығын арттыру. Ал бала дарынды болған жағдайда ол ары қарай спорт мектебіне тегін түсуге жолдама алады.

Баланы тегін спорт үйірмелеріне жазу жемқорлықты алдын алу мақсатында онлайн түрде жасалады. Аrtsport.edu.kz сайты арқылы үйірмелерге жазылуға болады. Белгілі болғандай, бүгінгі күні 90 мыңға жуық бала спорт үйірмелеріне жазылып үлгерген.

Адамнан айла артыла ма?

Дегенмен адамнан айла артыла ма?! Балаларды спортқа баулуға бөлінетін азғантай ақша мөлшері барлық балаларға бірдей жетпейді. Жергілікті әкімдіктер белгілі бір уақытта ғана бірен-сараң балаға үйірмелерге жазылуға мүмкіндік береді. Спорт мектептерінде кездесетен жемқорлық мәселелерін министрлік өкілдері де жоққа шығармады. Олардың айтуынша, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдан келгенше онымен күресіп жатыр. Атап айтқанда, ұйымдарда «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі құрылып, бір жарым жылда бір рет ішкі тексеру жұмыстары жүргізіледі.

Ал шалғай ауылдарда жүргізіліп жатқан жұмыстар әлі өз жемісін бермеген. Онда спорт үйірмелері тапшы не мүлде жоқ. Ал мектеп әкімшіліктері ғимаратты жалға беріп, қол ұшын созудың орнына президенттің жолдауына пысқырмады да. Не дегенмен, қалада тұратын баламен, ауылдағы баланың мүмкіндігі теңеспеген.

Тағы не кедергі?

Жемқорлықты шетінен айналып өткен бала болашақта спорт саласында биік белестерге жетуіне тағы не кедергі болуы мүмкін?

Көріп тұрғанымыздай, елде балаларды жастайынан спортқа баулуға біраз шаралар қабылданып, әлі біразы талқыланып жатыр.

Еске салсақ, осыдан үш ай бұрын 25 жастағы ауыр атлет Альберт Линдер өз-өзіне қол жұмсап, ақпараттық алаңда біраз шу шығарған. Себебі, спортшылар қорқыныштарын қалталарына салып, спорт федерацияларындағы олқылықтармен бөліскен.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі осы тұста спортшылардың жан-жақтан жарып шығып жатқан жан айқайларына құлақ аспауына болмады. Нәтижесінде ауыр атлетика бойынша жаттықтырушылар – Сергей Седов, Бақыт Ахметов, Алексей Ни және Дмитрий Чурсиннің үстінен түскен шағымдарды тексеріліп, олар «кінәлі» деп танылып, жаттықтырушылар қатарынан лезде алып тасталған. Артынша ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне жаттықтырушылар кеңесінің шешімімен  Дәурен Бекмұханбетов сайланған.

Бұл Қазақстанның спорт саласында болып жатқан алғашқы жантүршігерлік жағдай емес.

Бапкердің таяғының астында қалудан басқа, спортшылар моральдық қысымға ұшырап жатқандарын алға тартты. Оған мысал – Ангелина Лукас пен Назым Қызайбайдың арасындағы жанжал. Қыздар бір-бірін буллинг құрбаны етсе, Түркістанда жас спортшы намазға жығылғаны үшін оқудан шығып, ал Ақмолада мамандандырылған мектеп-интернат тәрбиеленушілері өзара әлімжеттікпен айналысқан. Мұның барлығы жартыжылдықта болған соңғы оқиғалар.

Үкімет мұның бәрін біліп, жақсы түсініп отыр. Дегенмен де, мәселе әлеуметтік желінің ықпалынан орын алып жүр, оны алдын алу үшін семинарлар өткізу керек дегенге министрлік кәміл сенімді. Бірақ жоғарыда тізіп шыққан оқиғалар оның неге әкеліп жатқанының көрінісі.

«Буллинг орын алған жағдайда бағынышты мекеменің бірінші басшысы жауапты болады» деп қосты министрлікте.

Қазақстан қысқы олимпиада ойындарына дайын ба?

Неге онда мемлекет қолдауын алған спорт саласындағы қиындықтар азаяр емес?!

ҚР Спорт және министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы республикалық бюджеттен 41,8 млрд теңге бөлініп, қаражат толық игерілген. Токио-2020 Олимпиада ойындарының дайындығына 10 млрд бөлінген.

Мемлекет спорт саласын дамытуға алғашқы қадамда жасап жатыр, дегенмен де олар әлі нәтиже бермеген сияқты. Себебі, «Qazsport» телеарнасының комментаторы Олжас Байбосын Orda.kz тілшісіне ұлттық құраманың дайындығы ойдағыдай емес деп пікір білдірді.

– Қазақстан қысқы олимпиадаға аса қатты дайын емес. Себебі, біз қысқы спорт түрлерінен мықты спорттық держава емеспіз. Тоқаев мырза спорт реформалары туралы бастама көтергенде, қысқы олимпиадаға спортшылар 80 пайыз лицензия алып қойған. Сондықтан, қандай дайындықтары бар солай барады. Ол реформа бұл олимпиада ойындарына көмектеспейді, оның нәтижесін тек келесі сайыстарда көреміз.

Осы қысқы олимпиадада Юлия Галышева фристайлдан медаль алуы мүмкін. Ол 2018 жылы да медаль еншілеген. Ең болмағанда енді сол жетістігін қайталап, қола алатын болса оның өзі жаман емес. Шаңғышы Полтаранин бармайды. Ол доппинг дауымен жоқ болып кетті. Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен бақилық болды. Элизабет Тұрсынбаева ойда жоқта өз мансабын аяқтады. Сондықтан, бұл жолы тек Юлия Галышевадан медаль күтуге болады, – деп түсіндірді Олжас Байбосын.

Медальға үміт болмаса, қатысудан не пайда?

Еске салсақ, Токио Олимпиадасы кезінде Белоруссия президенті Лукашенко спортшылар мен шенділерге ескерту жасаған.

«Бас жаттықтырушы, кеңесші, маман ретінде Олимпиадаға барар алдында ойланыңыз. Бару қажеттілігі бар ма? Себебі, ол жаққа турист болып барып, ештеңесіз оралсаңыз, елге оралмағаныңыз абзал. Мен мұны қоғамдық ұйымның басшысы емес, ел президенті ретінде айтып отырмын. Мені қалай түсінгіңіз келсе, солай түсініңіз» деп Лукашенко спортшыларға қысым көрсеткен.

Ол өзінің сөзін мемлекет спортты қаржыландырып жатқандықтан, одан медаль түрінде нәтиже болуы керек деп түсіндірді.

Дегенмен де, Қазақстан ол жағынан спортқа біраз жеңіл қарайды. 2021 жылы 8 қаңтардан бастап спортшылар 2022 жылдың қаңтар айына дейін белсенді дайындалып жатыр, деп сендірді министрлік.

«Соңғы лицензиялық турнир 2022 жылдың қаңтар айында өтеді. Сол кезде рейтингтік турнирлердің қорытындылары шығарылып, лицензиялардың саны айқындалатын болады. Олимпиадаға дейін біздің спортшылар 50-ге жуық лицензиялық турнирге қатысуды жоспарлап отыр. Қазақстандық спортшылар шаңғы жарысы, биатлон, конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, фристайл-могул, фристайл-акробатика және тұғырдан шаңғымен секіру бойынша іріктеу жарыстарына қатысады» деп хабарлады ҚР Мәдениет және спорт министрлігі.

Айта кетсек, Қытайдың Бейжің қаласында 15 спорт түрінен өтетін олимпиада ойындары 4-20 ақпан аралығына жоспарланған.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371