Халық санағы: Қазақтың саны қанша?..
Халық санағы бітіп, алғашқы нәтижелері де жариялануда. Бұл нақты есеп емес және соңғы нақты нәтиже 2023 жылы шығуы мүмкін. Халық санағы елдегі саяси жағдайға байланысты 2019 жылы бір жылға шегерілсе, 2020 жылы пандемияға байланысты кейінге қалдырылған еді. Көптен күткен халық санағы 2021 жылы екі сипатта өтті. Онлайн форматта арнайы сайт арқылы және дәстүрлі форматта санақшылар арқылы.
2009 жылғы халық санағы үлкен даумен аяқталған болатын. Санаққа 1,144 миллиард теңге қаржы бөлінген еді. Алайда санаққа тек қана 379 миллион теңге ғана жұмсалып, қалғаны жемқорлық негізінде жоғалып кетті. Санаққа басшылық еткен Анар Мешімбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол Ресейге қашты. Кейіннен Ресейден әкелініп, 7 жылға сотталды. 2009 жылы 1 қыркүйекте ел президенті Н.Назарбаев өз үндеуінде еліміздегі қазақтардың саны 65% деп атады. Ал 2010 жылдың ақпан айында санақтың жаңа нәтижесі шығып, онда қазақтың саны 63,1% екені жазылды.
Алайда көптеген демографтар халық санағының нәтижесіне күмәнмен қарайды. Олар елдегі ұлттық көрсеткіште сәйкессіздіктер көп дейді. Мысалы демограф Мақаш Тәтім бұл санақ туралы:
«Мен халық санағы БҰҰ нұсқаулықтарын бұзумен өткізілгенін білемін, соған байланысты ол өзінің ғылыми құндылығы мен ғылыми талдауға жарамдылығын жоғалтты. Есептегіш сауалнамаға шынымен сұхбаттасқан адамның мәліметтерін емес, ақпаратты ауадан енгізген кезде ешқандай объективтілік туралы айта алмаймыз. Мұндай фактілер соңғы санақта болған. Демек, демография саласындағы мамандар үшін осылайша жүргізілген санақ науқаны фальсификация көлемі жағынан қызықты болуы мүмкін. Біз қазақстандық қоғамның нақты көрінісін емес, бұрмаланған сандарды алдық. Оны дәлелдеу маған қиын емес»,- деген еді.
Премьер-министр Мамин президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алық санағының алғашқы нәтижесін жеткізді. Премьердің сөзіне сенсек еліміздегі халық саны 19 169 550 адамды құрайды, оның ішінде 48,71 пайызы ерлер болса, 51,29 пайызы әйелдер. Халықтың орташа жасы 31,94. Еліміздегі тұрғындардың 33,97 пайызы 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 пайызы 14-28 жас аралығындағы жастар категориясына кіреді. Қазақтардың саны 70,18 пайызды құраған. Яғни он екі жылда 7 пайызға артқан деген сөз. Еңбекке жарамды халық саны 11 320 410 адам немесе 59,05 пайыз деген сөз.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов халық санағы жайлы былай дейді:
«Кез келген мемлекетке ұлттық статистика жүйесі қажет, бізде қанша азамат бар, біздің қызметіміздің жекелеген аспектілерінің жағдайы қандай екенін білуіміз керек. Санақ әр он жыл сайын жүргізіледі. Бұл БҰҰ жүйесінің жалпы ұстанатын ережелеріне сай. Атап айтқанда, біз Еуропалық статистика бюросымен тығыз жұмыс жасаймыз. 10 жылда бір рет бізде он жылдағы статистикалық деректер түзетіліп, бекітіліп отырады.
Санақты қазір өткізу керек па, жоқ па деген көптеген сұрақтар туындады. Бір жағынан оны кейінге қалдыруға болмайтын еді, ал екінші жағынан неге сонша көп сұрақ дегендер де болды. Орташа алғанда 50 сұрақтан болды, ал кей бағыттар бойынша тіпті сұрақтар жүзге дейін де жетті. Әрине сын айтылды, қазір мемлекеттің әрбір ісіне сын айтатындар көп қой».
Келімбетов санақты сәтті өтті дейді және нақты нәтижелерін 2022 жылдың маусымында жарияланатынын айтып отыр. Ал келесі халық санағы толықтай цифрландыру жүйесі арқылы іске асуы мүмкін екенін ескертті. Демек, дәстүрлі формат келмеске кетуі мүмкін.
Жалпы 2018-2023 жылдар аралығындағы халық санағын өткізуге (бес жылдық кезеңге) ел бюджетінен 9,1 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 4,7 млрд теңге санақ қызметкерлерінің қызметіне ақы төлеуге жұмсалуы тиіс еді. Осы кезеңде 32 313 адам жұмыспен қамтылуы қажет. Бюджеттің игерілуіне қатысты есеп те аталмыш кезең аяқталғанда нақтыланбақ.
Санақ жүргізу үшін 1,1 млрд теңгеге зарядтағыштары мен қораптары бар 27 412 планшет сатып алынған. Планшеттер санақ аяқталған соң, мүдделі мемлекеттік органдары табысталуы тиіс.
Халық санағының алғашқы нәтижесінде қазақтың саны жетпістен сәл асып тұр. Алайда «сандар саясатқа айналып, қазақтың саны жетпіске жетпей қалмай ма» деген де күдіктер бар.
Асхат Қасенғали
Abai.kz