Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4074 0 пікір 21 Қараша, 2021 сағат 19:12

Тәуелсіз Қазақстанның партиялық жүйесі: даму кезеңдері

Кез келген мемлекет үшін партиялық жүйенің нық болуы маңызды. Партиялық жүйенің қалыптасуы мен тұғырлы негізде жұмыс істеуі елдің дамуына тікелей үлес қосады. Бір партиямен күн кешкен мемлекеттердің басым бөлігі саяси бәсекелестік пен пікір алуандығының жоқтығынан шатқаяқтап, артта қалды. Кейбірі тіпті ыдырап кетті. Мысалы КСРО. Сондықтан партиялық жүйенің тарихын, қалыптасу кезеңдерін, ерекшелігін білу маңызды. Әсіресе тәуелсіз Қазақстан үшін.

Қазіргі Қазақстанның партиялық-саяси жүйенің қалыптасуын келесі кезеңдерге бөлуге болады:
Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы – 1991 жылдан 2000 жылдардың басына дейін – партиялық өрістің құрылуы, оның аясында қоғамдық-саяси консенсус, сондай-ақ ел дамуының негізгі идеологиялық құрылымдары мен тұжырымдамалары әзірленді.
Екінші онжылдық – 2000 жылдардың басынан 2010 жылға дейін – Парламент Мәжілісіне сайлаудың бастапқы мажоритарлықтан пропорционалды жүйесіне көшумен саяси партиялардың сапалы нығаюы.
Үшінші онжылдық – 2011 жылдан бастап – басым саяси күшке ие көппартиялық жүйенің қалыптасуы.

Тәуелсіздік таңы атқан тұста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың алдында күрделі әлеуметтік-саяси шындық жағдайында еліміздің дамуын қамтамасыз етуге қабілетті демократиялық негізде мемлекеттік және саяси институттарды құрудың күрделі міндеті тұрды. Бұл процесте көппартиялық жүйені құру басты мәнге ие болды.
Партиялар саяси институт ретінде азаматтардың мүдделерін білдіретін және тиімді кері байланысты қамтамасыз ететін арнаға айналуы тиіс еді. Бұл мүлде жаңа тетіктер мен құқықтық базаларды енгізуді талап етті.
Жас азаматтық қоғамның биліктен тәуелсіз мемлекеттік институттардың – партиялардың, кәсіподақтардың, коммерциялық емес ұйымдардың жұмыс істеу тәжірибесінің жоқтығы жағдайды қиындата түсті. Көптеген психикалық кедергілер, халықтың көпшілігінің қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуды қаламауы болды. Мұның барлығын азаматтарды кең қоғамдық диалог үшін мемлекеттің ашықтығына сендіру арқылы еңсеру керек еді.
1991 жылғы «Қазақ КСР-дегі қоғамдық бірлестіктер туралы» Заң партияларды институттандыру процесін бастады. Партиялар мен қозғалыстарды қосқанда 300-ден астам қоғамдық ұйым тіркелді. Қазақстан Коммунистік партиясы қоғам мүддесін білдіру монополиясынан айырылды, осылайша бірпартиялық жүйені түпкілікті «тарату» процесін белгіледі.

Соның нәтижесінде 90-жылдардың бірінші жартысында Социалистік партия, Халық конгресі, Республикалық партия, Коммунистік партия, Халық бірлігі партиясы, Халықтық кооперативтік партия, Қазақстан жаңғыру партиясы, «Руханият» және басқа да қоғамдық-саяси қозғалыстар тіркелді.
Сонымен қатар, сол кезеңдегі партиялар мен қоғамдық бірлестіктер электораттың тар тобының мүдделерін білдіруге көбірек көңіл бөлді. Белгілі бір саяси партияның танымалдылығы әрқашан көшбасшының жеке басына байланысты болды. Партиялар негізінен ұйымшылдығы мен жүйелілігімен ерекшеленбей, сонымен қатар орталықта жұмыс істеді.
Алғаш рет көппартиялық жүйенің құқықтық нығаюы 1995-1996 жылдары қабылданған «Сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қоғамдық ұйымдар туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарда көрініс тапты. Бұл кезде партиялар саяси институт ретінде терең экономикалық дағдарыс, әлеуметтік шиеленістің күшеюі және партиялық-саяси өрістің айтарлықтай поляризациясы жағдайында құрылды.

Партия құрылысына сайлау жүйесінің дамуы белсенді түрде ықпал етті. 1998 жылы Конституцияға енгізілген түзетулер пропорционалды сайлау жүйесінің негізін қалады. Саяси партиялардың рөлі мен олардың заң шығару процесіне ықпалы артты. Осы сәттен бастап Мәжілістегі қосымша 10 орын партиялар арасында партиялық тізімге берілген дауыстардың санына сәйкес бөліне бастады. Парламенттің төменгі палатасына кіру үшін 7 пайыздық кедергі енгізіліп, саяси саладағы бәсекелестік жанданды.

Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тәжірибе реформалардың жоғары қарқынын сақтау үшін қоғамды топтастыруға қабілетті елеулі саяси күш қажет екенін көрсетті. 1999 жылы құрылып, бірте-бірте халықтың сеніміне ие болған «Отан» республикалық саяси партиясы осындай күшке айналды.

Күшті шоғырландырушы әлеует бірінші съезде-ақ бірден көрінді. «Отанға» Қазақстан халық бірлігі партиясы, Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстанның либералдық қозғалысы және «Қазақстан үшін – 2030» қозғалысы кіреді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Отан» партиясының Төрағасы болып сайланды, ол оның негізгі идеялық-ұйымдастырушылық қағидаттарын айқындап берді.

Партияаралық бәсекелестіктің алғашқы тәжірибесі 1999 жылғы парламенттік сайлауға 10 саяси партияның қатысуы болды. Саяси партияларға депутаттық мандат үшін күреске, оның ішінде сайлау тізімдерін ұсыну арқылы қатысу мүмкіндігі берілді.

Осылайша, ел тәуелсіздігінің алғашқы онжылдығында Мәжіліс депутаттарының партиялық тізім бойынша өкілдік ету механизмі енгізіле бастады, бұл қоғамның саяси өміріндегі партиялардың рөлін арттырды.

2000 жылдардың басынан бастап күн тәртібіне түбегейлі әртүрлі саяси міндеттер көтерілді. Қазақстан Парламенттен жедел саяси-құқықтық қолдауды қажет ететін қарқынды экономикалық өсу кезеңіне аяқ басты.
Сонымен бірге қоғамда одан әрі жедел даму үшін жүйелі жағдайлар жасау мақсатында саяси тұрақтылық пен қоғамдық бірлікті нығайту қажеттілігі туралы түсінік өсті. Осыны ескере отырып, «Саяси партиялар туралы» жаңа Заң қабылданды, сондай-ақ «Сайлау туралы» Заңға (2002-2004 ж.ж.) этникалық, діни және жыныс белгілері бойынша саяси партиялар құруға тыйым салатын түзетулер енгізілді.

Алғаш рет мәслихаттардың партиялардың өкілдігі негізінде сайлау комиссияларын құру принципі бекітілді, партиялар мен кандидаттар арасында теледебат өткізу тәжірибесі енгізілді. 50 мың мүшесі бар жаңа партияны тіркеудің енгізілген шегі саяси бірлестіктердің тиімділігін арттырудың айқындаушы шартына айналды.

2002 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 19 партияның 7-і жаңа стандарттарға сәйкестігін растай алды. Сонымен қатар, кейінгі 2 жылда партия алаңында жаңа ойыншылар пайда болды: «Асар», Қазақстанның демократиялық таңдауы, Қазақстан Коммунистік халық партиясы, Қазақстанның халықтық-демократиялық партиясы, «Руханият» (Ренессанс партиясының мұрагері).

Нәтижесінде 2004 жылғы сайлауда 12 партия парламенттік мәртебе үшін күреске түсті, олардың 4-і сайлау блоктарына бірікті, ол АИСТ деп аталды. Одан әрі күштерді нығайту және біріктіру үрдісі жалғасты. Сонымен, 2006 жылы «Асар», Аграрлық және Азаматтық партиялар «Отанға» енді. Сол жылы «Отан» партиясының кезектен тыс Х съезінде «Отан» республикалық саяси партиясын «Нұр Отан» ХДП деп атау туралы шешім қабылданды.
Осылайша еліміздің тәуелсіздігінің екінші он жылдығында көппартиялық жүйе нық бола түсті. Бүгінде көппартиялық жүйесі бар 100-ден астам елдерде саяси партияларды тікелей мемлекеттік қаржыландырудың заңнамалық консолидациясы жүріп жатыр.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, партияларды мемлекеттік қаржыландыру партиялардың жекелеген ықпал ету топтарының мүдделерінен тәуелсіз болуына мүмкіндік беретін партиялық плюрализмді қолдаудың заңды құралы болып табылады. Бұл сайлауға қатысу үшін де, сайлау аралық кезеңде іс-шараларды ұйымдастыру үшін де тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге тиімді. Мысалы, Австрияда партияларды мемлекеттік қаржыландыру көлеміне партиялардың жалпы бюджетінің 25%-ға дейін, Германияда – 30%-ға дейін, Швецияда – 84%-ға дейін, Португалияда – 90%-ға дейін рұқсат етілген.

Тәуелсіздіктің үшінші он жылдығында партиялық жүйені дамыту бойынша өткір мәселелер шешімін таба бастады. Себебі елдегі саяси бәсекелестікті арттыру үшін әлі де болса өзгерістер енгізу керек деген сындар мен ұсыныстар айтылды. Сөйтіп 2012 жылы Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын жаңа заңнамаға сәйкес өткізу қоғамдық-саяси үдерістердің дамуына үлкен серпін берді.

Сайлау қорытындысы бойынша Мәжіліске 3 партия сайланды: «Нұр Отан» (80,99%), «Ақ жол» демократиялық партиясы (7,47%) және Қазақстан Коммунистік халық партиясы (7,19%). Елде басым саяси күшке ие көппартиялық жүйе қалыптасты.

Партиялық модель бүкіл саяси жүйенің тұрақтылығының кепілі ретінде билік тармақтары арасындағы тежемелік пен тепе-теңдіктің қолданыстағы жүйесін жетілдіру, орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттіктерді бөлу, сондай-ақ орталықсыздандыру негізінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бағыты көп саланы одан әрі нығайту қажеттілігін айқындап берді. Белгіленген саяси бағытты ескере отырып, партиялар өз қызметінің идеологиялық құрылымдарына елеулі түзетулер енгізді.

2019 жылғы маусымдағы сайлауда сенімді жеңіске жеткеннен кейін Президент Қ.Қ.Тоқаев елде үлкен саяси реформалар пакетін жариялады. Олардың ішінде сан түрлі өзгерістерді және партиялық жүйені дамытуды қажет ететін мәселелер де шешімін таба бастады.

Саяси реформаларды жүзеге асыру аясында «Сайлау туралы» Конституциялық заңға және «Саяси партиялар туралы» заңдарға түзетулер енгізілді. Осылайша, партияларды тіркеудегі кедергі екі есе қысқарды – 40-тан 20 мың адамға дейін қол жинау төмендетілді. Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдеріне әйелдер мен жастарды ұсынуға 30 пайыздық квота енгізілді. Ал биылдан бастап ол квотаға мүмкіндігі шектеулі жандар да кірді. Парламенттік оппозиция институты заңнамалық тұрғыдан бекітілді, бұл парламенттік азшылық партияларының мүмкіндіктерін кеңейтті. Митингтер мен шерулер туралы заңнама либералдандырылды: оларды өткізуге рұқсат тек ескерту жасау және хабарламаға айналды.

«Мықты көшбасшылар – мықты партия» қағидасы бойынша елімізде алғаш рет партияішілік іріктеу-праймериз өткізіліп, «Нұр Отан» партиясының қатарына жаңа тұлғаларды қабылдап, партиялық тізімдерді шындап жаңартуға мүмкіндік алды. 2021 жылдың қаңтарында Парламент сайлауы өтті. Сайлау нәтижесі бойынша Мәжілістегі партиялардың конфигурациясы өзгеріссіз қалды: «Нұр Отан» - 76, «Ақ жол» демократиялық партиясы - 12 және Қазақстан халықтық партиясы - 10 мандат алды.

Алайда сайлаудан кейін партиялық бәсекелестікті андандыру бойынша тағы бір өзгеріс жасалды. Ол ендігі таңда шекті меже партиялар үшін 7% емес, 5%-ға дейін төмендетілді. Бұл келесі сайлаудағы партиялық бәсекелестікті арттыра түсетіні анық.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437