Шекаралық аудандарға қашанғы шекеден қараймыз?
Шекарадағы елді мекендер мәселесі сөз болғанда оңтайландыру саясаты кезінде таратылған шекаралық аудандарды қайта қалпына келтіру мәселесі де айтылмай қалмайды. Әсіресе осы мәселе соңғы кездері жиі қозғалып жүр. Жақында белгілі қылқалам шебері Еркін Нұразханның «Ел іргесі бекісін десек, бұрынғы таратылған шекаралық аудандарды қалпына келтірген жөн болар» атты мақаласы жарияланды. Мақалада автор бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданы тарағаннан кейінгі уақытта 28 мың адамның Тарбағатай ауданынан көшіп кеткенін тілге тиек етеді. Сонымен қатар 2010 жылы шілде айында туған жері Тарбағатайға барған сапарында «Терісайрық», «Қызыл» секілді шекара заставаларын арнайы аралап, көзбен көргенін баяндайды.
Шекарадағы елді мекендер мәселесі сөз болғанда оңтайландыру саясаты кезінде таратылған шекаралық аудандарды қайта қалпына келтіру мәселесі де айтылмай қалмайды. Әсіресе осы мәселе соңғы кездері жиі қозғалып жүр. Жақында белгілі қылқалам шебері Еркін Нұразханның «Ел іргесі бекісін десек, бұрынғы таратылған шекаралық аудандарды қалпына келтірген жөн болар» атты мақаласы жарияланды. Мақалада автор бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданы тарағаннан кейінгі уақытта 28 мың адамның Тарбағатай ауданынан көшіп кеткенін тілге тиек етеді. Сонымен қатар 2010 жылы шілде айында туған жері Тарбағатайға барған сапарында «Терісайрық», «Қызыл» секілді шекара заставаларын арнайы аралап, көзбен көргенін баяндайды.
«2010 жылы Тарбағатай тауындағы жайлауды көріп қайту мақсатында жергілікті дос азаматтармен бірге арнаулы көлікпен Мауқыбай кезеңіне көтеріліп, Қотанашы жайлауының кең аңғарына көз салғанымызда жалғыз киіз үйді көзіміз шалды. Кезінде бұл алып аңғарды қақ жарып, шығысқа қарай ағатын Терісайрық өзенінің қос қапталын ала тігілген аппақ шағаладай киіз үйлерден көз сүрінуші еді. Бүкіл аудан малшылары бас қосқан бұл қан-жайлауда дүрілдетіп шопандар тойы өтуші еді. Бәйге, көкпар, қыз қуу тәрізді қызықтарды осы жайлауда тамашалайтынбыз. Олар әр күн еңбек қана емес, демалыс, мерекемен, ырду-дырду қызықтармен таңды таңға асыратын... Бүгінде ел жоқ. Иесіз жатқан иен жайлау. Туған жеріңді көріп қуанасың, бірақ қалың жұртты көре алмай жабырқайсың. Сұрастырғанымызда ен жайлаудың ең төріне малшылардың жеті-сегіз үйі ғана шыққан екен. Көзімізге көрінген киіз үйге түсіп, бір қонып, ертеңіне аттанып кеттік. Қалған алты-жеті үйді көре алған да жоқпыз. Тегі бірінен-бірі тым алшақ отырса керек.
Тау қойнауларына орналасқан бұрынғы ферма орталықтары мен қыс қыстауын, жаз жайлауын жайлап, малын бағып, шөбін шауып отырған жергілікті тұрғындар бүгінде ат төбеліндей азайып барады. Олар етекке түсіп, аудан, облыс, тіпті Алматы, Астана қалаларын бетке алып көш түзегелі қашан! Алматы, Астана маңынан «заңсыз жер телімдерін иеленіп», «Шаңырақ», «Бақай» оқиғаларының арасында осынау шекаралық аудандардан көшіп келгендер де болуы әбден мүмкін.
Кезінде ел-жұрт тығыз отырған уақытта ел ішіне кірген бөгде адамға дәм-тұзын алдына қойып, әңгімеге тарта отырып, оның «шақырылмаған қонақ» екендігін біліп, шекара қызметкерлеріне хабар беріп, талай жансыздардың ұсталуына жергілікті жұрттың көмек көрсеткенін бала кезімізде еститінбіз. Ал енді ондай жансыздарды ұстап бермек түгіл, өз шекара әскерлеріміздің ел іргесін қалай күзетіп, қорғап жүргенінен бейхабар жұртқа бұрын-соңды болмаған суық хабарлар жария етілуде», - дейді ол.
Еркін НҰРАЗХАН, ҚР Мәдениет қайраткері:
- Ел іргесін бекітіп, нығайтайық десек, шекара қызметіндегі әскердің санын арттырып, сапасын жақсарту өз алдына, олардың арқа сүйер халқын қайтадан өз орнына қондыру, яғни, шекаралық аудандарды қалпына келтіру ісі әбден пісіп-жетілгендей. Кеңес кезіндегідей шекаралық аудандарда тұрып, еңбек ететін бюджеттік қызметкерлерге 50-70 пайыздық қосымша еңбекақыларын тағайындап, жұртты туған жеріне оралуына мүмкіндік жасау керек сияқты. Мектептер, балабақшалар, мәдени мекемелерін қалпына келтіріп, халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін өтеуге бар жағдайды жасаған абзал болар. Айналдырған бес-алты ауданның жағдайын жасауға үкіметіміздің ақыл-парасаты, күш-қуаты жетуге тиіс деген ойдамыз.
Жақында редакцияға бір ақсақал келді. Бұрын Тарбағатай ауданында тұрған екен.
- Соңғы кездері шекаралық аудандарды қайта қалпына келтіру жөнінде жиі айтылып жүр ғой. Егер бұл мәселе Парламент деңгейінде көтеріліп, қолдау тауып жатса, ел өміріндегі ерекше бір жаңалық болар еді деп ойлаймын. Өйткені бүгінде шекараға жақын елді мекендерде халық саны мүлде аз. Кейде қорқасың... Бұрынырақта шекараға жақын маңда халықтың қарасы қалың болатын. Тіпті шекарадан өтіп, шеп бұзып, шектен шыққандарды жергілікті халықтың өзі-ақ тәртіпке келтіріп отыратын. Сондықтан шекаралық аудандарды қайта қалпына келтірсек, азып-тозған ауылдарды ғана емес, шекара мәселесіне аса көп алаңдамас едік, - дейді ақсақал.
Ақсақал сөзінің жаны бар. Расында, шекара бойында иін тіресіп ел отырса, қайнаған тірлік, жайнаған өмір болса, біздің жұртқа ешкім де қыр көрсете алмас еді?!
Бір байқағанымыз, шекаралық аудандар мәселесіне соңғы кездері билік басындағы азаматтар бет бұра бастағандай. Жақында Шығыстағы шекаралық аудандардың мәселесі Парламент Мәжілісінің депутаты Төлеген Ибраев және облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Өскеменде өткен жиында кеңінен талқыланды.
- Шығыс Қазақстан - еліміздің ең үлкен шекаралық аймақтарының бірі, - деген-ді осы жиында Төлеген Ибраев. - Республика мен облыс басшылығы талай жылдан соң тұңғыш рет шекаралық аудандар тұрғындарының жағдайына назар аударып отыр. Біз осы аудандардағы халық санының қаншалықты азайып кеткенін білеміз. Оған көптеген себептер болды. Соның ішінде жүргізілген оңтайландыру да бар. Ақырында шекаралық аудандарда халықтың қайтадан қоныстануы үшін оны дамытуға қолдан келгеннің бәрін істеу қажет екендігіне көзіміз жетіп отыр.
Шекаралық аудандар тараған кезде жыл сайын сегіз мектепке дейін жабылып, осы жылдары шамамен 80-ге жуық елді мекеннің толық жойылып, тек Тарбағатай ауданының өзінен ғана 28 мың адамның басқа жаққа көшіп кеткенін тілге тиек еткен депутат шекаралық аудандарды дамыту туралы мемлекеттік деңгейдегі бағдарлама қажеттігін атап өтті.
- Осы жолғы және одан кейінгі мәжілістердің басты мақсаты - жоғары органдарға шекаралық елді мекендерді сақтау мен дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу, - деді Төлеген Ибраев.
Жиында шекаралық аудандардағы елді мекендерді жандандыруға байланысты көптеген тың ұсыныстар айтылды. Басқосуға қатысушылардың бірі: «Жабылып қалған мекемелерді қайта ашу керек», - десе, енді бірі: «Шекаралық аудандардағы өз кәсібін ашамын деуші азаматтардың кәсіпорындарын үш жылға дейін салық төлеуден босату керек», - деді. Мұндай тәжірибе бірқатар шетелдерде табыспен қолданылып жүр. Одан біздің аймақ та ұтар еді. Оған көршіміз - Қытай елі нақты мысал бола алады. Соңғы он бес жылда Қытайдың шекаралас аудандары қайнаған орталыққа айналды. Ол тіпті халықаралық деңгейге дейін жетті.
Төлеген ИБРАЕВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
- Осы ұсыныстардың барлығы болашақта қабылдануы мүмкін бағдарламаға еніп, шекаралық елді мекендерді дамытуға ықпал етуі тиіс. Әрине бұл - біртіндеп жүзеге асатын іс. Бірақ проблеманы бүгіннен бастап шеше бастау керек.
Түсіпхан ТҮСІПБЕКОВ, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
- Бұл қиындықтармен нақты таныспын. Тұрғындардың қалай көшіп кеткеніне өзім куә болғанмын. Шекаралық елді мекендерге адамдарды тарту үшін жеңілдіктер қарастырылуы керек. Жас мамандардың алыс түкпірге еңбек етуге баруы, тұрақтап қалуы үшін бағдарламада шекаралық аудан тұрғындарына арналған коэффициент, түрлі жеңілдіктер қарастырылғаны жөн.
Тыңдар құлақ болса, бұл мәжілісте шекаралық аудандардағы елді мекендерді жандандыруға қатысты бірқатар тың ұсыныстар мен соны идеялар айтылды. Депутат оның барлығын мұқият тыңдады.
Не десек те, шекаралық аудандарға байланысты сең қозғалды. Парламент шекаралық аудандардағы елді мекендерге ерекше мәртебе беретін Заң жобасын қабылдауы бек мүмкін. Біздің қосарымыз - Парламент жаңа заң жобасын талқыға салғанда шекаралық аудандарды қайта қалпына келтіру мәселесіне тереңірек мән берсе жөн болар еді деп ойлаймыз. Өйткені бұл - шекара бойындағы мыңдаған елдің тілегі. Ел тілегі ескерусіз қалмаса дейміз.
Шекаралық аудандар жөнінде бағдарлама қажет пе, заң керек пе?
Шекаралық аудандардың жағдайы туралы бұған дейін сан мәрте айтылды, сан мәрте жазылды. Қай облысты алып қарасаңыз да, шекаралық мәртебесінен айырылған аудандардың шекесінің шылқып отырғаны шамалы. Мәселен, бүгінде Алматы облысының Алакөл ауданына қарайтын Үйгентас ауылында (бұрынғы аудан орталығы) аудан болып тұрған кезінде 29 ауыл болса, қазірде олардың саны бар болғаны - 19. Кезіндегі дүркіреген ауданда бүгінде бар-жоғы - бір балабақша. Тағы бір мысал. Кезінде 15 мың халық жайлаған Нарынқол ауылында (бұл да бұрынғы аудан орталығы - А.Қ) бүгінде 8 мыңға жетер-жетпес жұрт қалған. Бұл да -Алматы облысының кезінде атағы дүркіреген аудандарының бірі. Мұндай мысалдарды Шығыс Қазақстанның кезінде шекаралық аудандары саналған Марқакөл, Ақжар аудандары бойынша да көптеп келтіруге болады. Жоғарыда аталған кезіндегі шекаралық аудандардың бәрінің де дерті бір, мұңы ортақ. Халық саны азайған, әлеуметтік маңызды нысандар жабылған, жол нашар... Осылайша сан алуан мәселелер жалғасып кете береді.
Қалай болғанда да, сол жылдары қаржының жетіспеушілігінен жабылған аудандар сапына шекаралық өңірлерді қосқанда, ертеңімізді ойламаған секілдіміз. Мәселен, Алматы облысы бойынша қысқарған алты ауданның үшеуі: Үйгентес, Нарынқол, Қапал аудандары шекаралық болса, Шығыс Қазақстанда тарқаған аудандардың арасындағы Тарбағатай, Марқакөл, Катонқарағай, Мақаншы аудандары да Қытаймен екі арадағы шекара сызығын бойлай қоныстанған болатын. Бүгінде осы аудандардың бірде-бірінің дәулеті тасып, мәртебесі асып тұрған жоқ. Басқа жабылған аудандардың да жағдайы осы шамалас.
Не десек те, болар іс болды. Ендігі мақсат - сол кемшілікті жойып, ел-жұрттың жағдайын түзетуді ойға алу. Әйтпесе, шекарамыз қараусыз қалып, еліміздің тұтастығына да қауіп төнуі әбден мүмкін.
Р.S.
Бір сөзбен айтқанда, шекарада шешілмеген мәселе шаш-етектен. Айтқымыздың келгені - шекара бойын босаңсытпау ісін бекемдеу мәселесі. Керісінше, ол жерлерде қайнаған тіршілік, жанданған өмір болуы керек. Қандай жағдай болса да, шекаралық аудандарға жеңілдіктер жасап, арнайы бағдарлама қабылданғаны жақсы. Жұрты босып, халқы азайып кеткен елді мекендерді бір орталыққа шоғырландырып, жаңа әрі өте маңызды шаруашылық кешендерін ұйымдастыруды қолға алсақ, ұтпасақ, ұтылмаймыз. Шекаралық аудандарға халықты тарту үшін арнайы бағдарлама қабылдануы керек пе, әлде арнайы заң қабылдану керек пе? Осы жағын тереңірек ойлап, іргелі жұмыстарды еңсеретін кез жеткен секілді.
Автор: Азамат ҚАСЫМ, Өскемен
«Алаш айнасы» газеті