Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 12818 7 пікір 20 Желтоқсан, 2021 сағат 16:20

Қанды заманға қарсы өлең жазған Көдек ақын

Нұрлан мырза, сізді Қытай қазақтары жазушы, этнограф ретінде жақсы біледі. Қазақа еліне оралғанннан бері мерзімді басылымдарда зерттеу еңбектеріңіз жиі жарияланып келеді. Біздің оқырмандарға өзіңіз туралы толығырақ мағлұмат бере кетсеңіз?

– Мен Хан-Тәңірі шыңының арғы бет етегіндегі Өртекес сахарасының Ақдала ауылында дүниеге келдім. Әкем – Тоқтасын, шешем – Бедемқан ұзақ жыл бала оқытып, ұстаз болған адамдар. Әсіресе, әкем Тоқтасын Сәрсенбайұлы Байсалов ел ішінде белгілі беделі бар ағартушы, ақын әрі жыршы кісі еді. Біздің үйден құдайдың құтты күні әкемнің өлеңін, әңгімесін тыңдаймыз деген игі жақсылар мен жайсаңдардың аяғы үзілмейтін. Менің бала күннен әдебиетке құмар болуыма екі түрлі фактор ерекше ықпал көрсетті. Бірі – халық ішінде таралған ұшан-теңіз ауыз әдебиетінің қайнар көзінен сусындасам, екіншісі – әкем айтқан өлең-жырлар мен әңгімелер менің киелі әдебиет өнеріне келуіме үлкен рөл атқарды.

Бала кезімде ел ішіне танымал болған шешен, шежіреші атам Сәрсенбайдан көп әңгіме еститінмін. Ол кісінің айтуынша біз қазақ халқына аты аңызға айналған Райымбек батырдың ұлдарының бірі Әжі әулетінен тарайды екенбіз. Райымбек батырдан тараған ұрпақтар Хан-Тәңірі етегінде жасайтын елмен бірге екі реткі ауыр үркінді басынан өткізіпті. Сонау 1918 жылы елге аты әйгілі Диқанбай болыс атамыздың ауылын бейғам жатқан жерінен Кеңес өкіметінен жеңілген Ақ патшаның ерекше қаруланған 85 орыс әскері басып алып, қанды қырғынға ұшыратыпты. Содан кейін біздің ауылдың тоз-тозы шығып, бағы тайып, берекесі кетті. Бір жылдан кейін төкпе жырдың дауылпазы Көдек Маралбаев «Диқанбайды жоқтау» атты атақты дауыс жазған. Бұл өз алдына айтылатын үлкен тарих әңгіме.

Аумалы-төкпелі зар заманның кесірінен біздің ауыл  тарыдай шашылып екі рет  үркінде Қытайға қашуға мәжбүр болыпты. Содан Әжі әулетінен тараған аталас туыс Диқанбай болыс ұрпақтарымен жақын жылдарда қайта табыстық. Ес жиып, етек жеңімізді жиғанымызға қырық жылдан асты.

Ендігі әңгіменің атбасын өзіме қарай бұрайын. Мен 1980-1982 жж. Нылқы педагогикалық мектебінде, 1986-1988 жж. Іле оқу-ағарту интитутының физика-математика факультетінде оқыдым. Мамандығым – математик. Ауылда, ауданда 20 жылдан артық бала оқытып, ұстаздықпен шұғылдандым. 2004 жылы қаңтар айынан 2016 жылы қаңтар айына дейін Іле Қазақ Автономиялы облыстық Саяси-мәслихат кеңесінің  тарихи материалдар комитетінде қызмет істедім. Онда  Қытай қазақтарының тарихына қатысты «Іле тарихи материалдары» атты желілес кітаптың жауапты редакторы болдым.

Тырнақалды шығармам «Кітап» атты өлеңім 1983 жылы «Іле айдыны» журналының 3-санында жарияланды. Содан бері тынбай ізденіп 70-тен астам өлең , толғау, 80-ге жуық әңгіме, повесть, 250-ден астам әдебиетке, тарихқа, салт-дәстүрге қатысты мақалалар жаздым, «Жұмбақ тас», «Көдек ақын», «Ататек жалғаған – Алтын шынжыр», «Ғасырлар суыртпағы», «Мұқағали керуені», «Қазақ ұлтының салт-дәстүр мәдениеті» атты бірнеше кітаптың авторымын және «Көдек шығармалары», «Ақын Қойдым» т.б. кітаптардың құрастырушысымын.

«Адамның басы – Құдайдың добы», – дейді дана халық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 11 қыркүйекте Қытайға іс сапарымен барды. Сол кездерде Қытайдағы тарихи Отанын аңсаған этникалық қазақтардың төбелері көкке жеткендей қуанды. «Аққу көлін аңсайды» дегендей Тоқаевтың шапағаты тиіп, тағдырдың жазуымен, дәм – тұз тартып, мен сол жылы қазан айының соңында тарихи Отанға оралдым.

«Ұстазым Айтуған маған Көкемнің (Көдектің)  әлі баспа бетінде жарияланбаған бір талай өлеңдері бар, реттеп жинақтап қойдым  деген еді. Ақын Көдектің сол өлеңдерін Айтуған мұғалімнің көзі тірі кезінде жазып алмағаныма әлі күнге дейін өкінемін».

Еңбегіңіз мол екен, сіз екі елге де белгілі атағы бар ақындар туралы зерттеулер жасапсыз. Әйгілі ақын Көдектің ұлы Айтуған сіздің мұғаліміңіз болған екен. Демек, сіз Көдек ақынның өмірі мен жасампаздығы туралы жақсы біледі деп ойлаймын. Сол себепті Көдек Маралбаев туралы арықарай әңгімеңізді жалғастырсаңыз ?

– Төкпе жырдың дауылпазы Көдек Маралбаевтың өлеңдерін бала кезімнен бастап ауылдағы қазыналы қариялардың аузынан көп естіп өстім. Біздің үймен Көдек ақынның ұлы Айтуғанның үйінің аралығы өте жақын еді.Ұзақ жыл тату көрші болдық.иАйтуған да, әкем де бір мектепте  бала оқытып, ұстаздықпен шұғылданатын. Айтуған мұғалім әкемді іздеп біздің үйге жиі келетін. Екеуінің әңгімесі ел тарихы мен тағдыры. талайы туралы арыдан сыр шертіп, одан кейін аты елге аңызға айналған тұлғалардан Райымбек Түкеұлы, Тазабек Мүсылманбайұлы, Саурық Алпарұлы, Жайнақ Абақұлы, Қашаған Әуелұлы, Қожеке Назарұлы, Диқанбай Жанпейісұлы, Жәмеңке Мәмбетұлы, Ұзақ Саурықұлы, Нақысбек Жалпыетекұлы, Асан Барманбекұлы, Жаңғабыл Әтекеұлы, Құлманбет Құланаян, Бөлтірік Атыханұлы, Көдек Маралбаев, Қойдым Дарубайқызы, Шарғын Әлғазыұлы т.б. батыр, шешен, ақын, күйші туралы сөз болатын. Ол кезде балалықпен бұл айтқан әңгімелерге онша мән бермеппін.

Айтуған мен орталау мектепке  шыққан жылы маған география пәнін өтетін мұғалім болды. Шынымды айтсам, ол кісіден көп білім, көп тарих үйрендім. Айтуған мұғалім бір күні әке мұрасын қалай жинағаны туралы мынандай әңгіме қозғады.

Мен 1945 жылы Қорғастағы Ажабай ағамның  үйіне іздеп бардым. Ажабай  ағам мен аттанарда қалыңдығы екі елідей қолжазба кітапты маған беріп жатып: Бұл кітаптың алғашқы беттерінде төрт келіншектің бетін ашқан тамаша өлеңі  бар еді, біреу менен оқып тұрайын деп сұрап алып сол төрт өлеңді жыртып алыпты, барғаннан кейін біреуге көрсетпе, мұнда ағаның жас кезінде айтқан өлеңдері, ел тарихына қатысты «Албан тарихы», «Қызырлы не боп кетті біздің Албан», «Ерлердің ерекшелігі», азамат соғысына барғанда жазған «Бұхарға Сапар» дастаны мен «Елге хат» қатарлы желілес  өлеңдері бар, шіркін дүние-ай, қайран есіл ағаның өлеңдері жинақталамай айтқаны айтқан жерде қалды емес пе?! – деп ауыр күрсінді. Мен Ажабай ағамның үйінен қимас сезіммен аттанаып қолжазба өлең кітапты алып ауылға қайттым, – деп айтқан әңгімесі әлі есімнен кетпейді. Ұстазым Айтуған мен әкем Тоқтасынның көп реткі айтқан әңгімелері менің жүрегімнен терең орын алып, ұлтымыздан шыққан Көдек сияқты ұлы тұлғаларды тануыма үлкен негіз қалады.

Айтуған Көдекұлы 1928 жылы дүниеге келген, әкеден 9 жасында қалып, жоқшылықтың тақсіретін тарта жүріп, жастайынан ел ішінде кең таралған әке өлеңдерін дуалы ауызды қариялардың айтқанынан жаттап алып, қағаз бетіне түсіріп жинақтаған, ең алғашқы атақты ақын Көдек Маралбаев шығармаларының бірден-бір мұрагері. Ол кісі 2007 жылдың соңында Өртекестің Ақдала ауылында қайтыс болды.

Ұстазым Айтуған маған Көкемнің (Көдектің)  әлі баспа бетінде жарияланбаған бір талай өлеңдері бар, реттеп жинақтап қойдым  деген еді. Ақын Көдектің сол өлеңдерін Айтуған мұғалімнің көзі тірі кезінде жазып алмағаныма әлі күнге дейін өкінемін.

Көдек ақынның мұраларын жинау, реттеу жұмысы Қытай қазақтарында 1962 жылы қолға алып істелсе де, белгілі себептермен аяқсыз қалған екен. Содан 1980 жылдарға келгенде көрнекті ақын, майталман журналист, баспагер Тәліпбай Қабаев ел ішінде барып Көдек шығармаларын жинауға бастамашысы болды.

Әдебиеттанушы Тәліпбай Қабаевтың «Шалғын» (қазіргі «Мұра») журналының  1980 жылғы үшінші санында жарияланған «Көдек Маралбаевтың өмірі мен шығармалары» атты зерттеу мақаласы Көдекті танудың алғашқы беташары болды. Осыдан  көп өтпей Тәліпбай Қабаевтың құрастыруымен 1984 жылы Шыңжаң жастар-өрендер баспасынан «Көдек» деген атпен ақын еңбектері жеке кітап болып баспадан шықты.

1998 жылы Көдек ақынның дүниеге келгендігінің  100 жыл толуы байланысымен ақынның жаңа табылған өлең, толғаулары енгізіліп, бұл кітап екінші рет  толықтырылып  қайтадан баспадан шықты. Тәліпбай Қабаевтан кейін әдебиеттанушы, ғалым, профессор Ақметбек Кіршібаев жыр дүлдүлі Көдек туралы арнаулы зерттеу мақалаларын жазып, орта мектептің, жоғары мектептің әдебиет оқулықтарына ақын шығармаларын енгізумен бірге өмірі мен шығармалары жайлы ғылыми талдаулар жасады.

Әсіресе, 1990 жылдың ортасынан бастап Көдекті тану тың өреге көтерілді. Дәл осы мезгілінде Көдекті тану қосынына  тебіні күшті, талантты зерттеушілер бірінің артынан бірі келіп қосылды. Мысалы, Әскер Тойғанбекұлы, Ыдырыс Әділханов, Серікбол Дәулеткелдіұлы, Нұрболат Әбдіқадырұлы, Сержан Тоқтасынұлы, Нұрлыбек Мәуленбекұлы  қатарлы қаламгерлер Көдек ақын туралы арт-артынан зерттеу мақалаларын жариялап, өздерінің тың ойларын ортаға қойды. Жоғарыдағы қаламгер саптастарым қатарында мен де «Қазақ жоқтауының Көдек жырындағы тереңдігі», «Көдек өлеңдерінің ағарту идеясы» , «Көдек өлеңдерінің  сатиралығы», «Ақын Көдек Маралбаев жайындағы деректер», «Төкпе жырдың дауылы», «Ақын Көдек Маралбаевтың өмірі мен шығармалары туралы», «Семсер тілді ақын» сияқты зерттеу мақалаларын жазып өз көзқарасымды айттым.

1999 жылы шілде айында Қытайда Шыңжаң жазушылар қоғамы, Іле қазақ автономиялы облыстық  әдебиет-көркемөнершілер бірлестігі, Моңғұлкүре аудандық халық үкіметі және қалың халықтың аттанысқа келіп қолдауымен әйгілі ақын Көдек Маралбаевтың  100 жылдық  мерейтойын өте салтанатты өткізіп, ақынның басына ескерткіш тұрғызды.

2005 жылы желтоқсанда Іле қазақ автономиялы облысының әкімі Қызайжан Сейілқожаұлының қолдау көрсетуімен  Шыңжаң  халық баспасы жағынан мен құрастырған «Көдек шығармалары» атты 394 беттік көлемдік кітап баспадан шықты. Көдек жырлары бұл кітапқа «Өлеңдер», «Арнаулар»,  «Әзіл-қағытпалары», «Жолай айтыстар», «Толғау-дастандар»,  «Жоқтау- дауыстар» сынды 6 бөлекке бөлініп, ақынның өз туындыларынан 11 өлең, 11 арнау, 16 әзіл-қағытпа, 8 жолай айтыс, 14 толғау-дастан, 15 жоқтау-дауыс енгізілумен бірге  Тәліпбай Қабаев, Айтуған Көдекұлы, Нұрлан Сәрсенбаев, Талғат Тәлімұлы қатарлы зерттеушілердің мақалалары, ақындардың арнау өлеңдері қоса беріледі. Сонымен бірге бұл кітапқа әйгілі тарихшы ғылым  Жақып Мырзақановтың  «Алғы сөзі», танымал ақын, журналист Сәулет Тоқтыбаевтың  «Соңғы сөзі», белгілі суретші Әбдімәжіт Ертуғанұлының Көдек ақынды сызған майлы бояулы суреті берілді.

Тарихшы, жазушы Жақып Мырзақанов «Көдек шығармалары» атты кітапқа жазған «Алғы сөзінде»: «Осы жаңа жинаққа енген барлық ірілі- ұсақты шығармаларда, өзіне тән тарихи астарлы және  терең  дәуірі,  тынысы бар. Бұл жинақты құрастырушы осы жұмысқа ерекше назар аударып, әрбір шығарма қалай жазылған жөнінде түсінік-ескертулер беріп отырыпты. Осының өзі ақын шығармасын баспаға әзірлеу барысында бір жақсылық, тамаша ізденіс деп білемін», –  деген жақсы бағасын айтқан еді. 2007 жылы менің ақын туралы жазған зерттеу еңбегім «Көдек ақын»  (монография) атты кітап ішкі  нөмірмен басылым көріп, оқырмандармен жүздесті. Қазақтың жыр дүлдүлі Көдек Маралбаев сынды тұлғаны тануда ілгері-кейінді басылым көрген «Көдек»,  «Көдек шығармалары» атты екі кітаптың маңызы зор, бұл екі кітап бірін-бірі қайталамайды, өзалдына дара ерекшелігі бар. Марқұм  ұстазым Айтуған Көдекұлының ұзақ жыл әке мұрасын ел аузынан жинап, реттеп, қағазға түсіріп, халық кәдесіне жаратқан еңбегін ерекше бағалай білгеніміз жөн.

«Ілияс Жансүгіров Көдектің бір таң өлеңін мейірлене тыңдап отырып: «Мен сіздің төкпе ақындығыңызға, өмірді бейнелеген шындығыңызға разымын. Бірақ, заманды да ойлауыңызды өтінемін»,депті».

– Көдек Маралбаевтың Нарықолдан Қытай жеріне қоныс аударуы мен соңғы өмірін сонда өткізуінен болар, Көдектің өмірі мен шығармалары арғы беттегі ағайындарымыз жақсы зерттеген екен... Кейбір деректерге сүйенсек ақын Ілияс Жансүгіров Көдек ақынмен кездескен делінеді. Бұл туралы сіздің алып-қосарыңыз бар ма?

– Бұл сұраудың салмағы не дәуір ауыр екен, Көдек Байшығанұлы Маралбаев екі ел қазағына танылған тарихи тұлға. Қытай қазақтарының Көдекті насихаттауы мен зерттеуіне шынында разы боласың. Көдектің шашасына шаң жұқпаған жыр дүлдүлі екенін де дау жоқ. Енді Көдекті тереңірек тану үшін оның өз дәуірінің маңдай алды арыстарымен кездесуі, олардың ақынға берген шынайы бағасы туралы сөз қозғауды жөн көрдім.

Көдекті тану үшін оның балалық шағының қатпарына, ақындық жолға түскен кездегі өнер арыстарымен кездесуі жайлы деректерге көп үңіліп, жалықпай ізденіс жасауға тура келеді.

Ілияс Жансүгіров 1926 жылдары Көдекпен кездеседі, ол Көдектің ақындық талантына ерекше таңғалып, өлеңдеріне жоғары бағалаған екен.

Қазақ әдебиетінің классик ақыны Ілияс 1938 жылы «Халық жауы» деген жаламен жазықсыз өлім жазасына  кесіліп дүниеден өтеді. Ол артына өшпес мұра қалдырған күллі қазаққа  танылған дара таланат иесі. Оның «Күй», «Күйші», «Құлагер» сияқты шоқтығы биік туындылары бар. Ол мұнан сырт, Жетісу жеріндегі Албан елінің әдеби мұраларын жинайды әрі 1935 жылы атақты Албан Асан ақынның «Ақыр заман» атты 102 беттік жинағын шығарып, жинаққа арнаулы алғы сөз жазады.

Ілияс Жансүгіров Көдектің бір таң өлеңін мейірлене тыңдап отырып: «Мен сіздің төкпе ақындығыңызға, өмірді бейнелеген шындығыңызға разымын. Бірақ, заманды да ойлауыңызды өтінемін», – депті. Сол жолы Ілияс Жансүгіров пен кездесу барысында Көдек оған «Алаштың азаматы» деген өлеңін арнапты:

«Алаштың азаматы қандай болар?

Елдің жаны өзіне жандай болар.

Елі үшін еміреніп, тебіреніп,

Айтқаны шекер менен балдай болар.

Қанша артса да еселеп көтеретін,

Көшбасы жүк артатын нардай болар.

Бүкіл елдің көзі мен көңілінде,

Төбесінде толқыған айдай болар.

Бұл заман азаматқа ерік қоймас,

Арғымақ арықтаған тайдай болар.

Айтқаны, істегені анықтап тұр,

Шыңырау алдын қазған жардай болар.

Бір кездері оларға пәле жапса,

Қозғалтпай басып қалар таудай болар.

Қи сыпырып қиратып жоғалтады,

Төбесінен төнетін жайдай болар.

Тоз-тоз боп қатын-бала, әке-шеше,

Бейкүнә жан халыққа жаудай болар.

Ұлттан, діннен ажырап қалғандары,

Сасық көбең, өр кеуде дай-дай болар.

Бір Құдай істің түбін өзің оңла,

Кім білер кейінгі ұрпақ қандай болар...

Ал, Көдектің Ілияс Жансүгіров пен кездесу туралы Тоқтар Әлібекұлы: «1926 жылдың жазында Қарқара жайлауындағы Ә. Жүнісовтың үйіне қоғам  қайраткерлері О. Жандосов, Ы. Көшкінов, І. Жансүгіров қонаққа келеді. Ауыл белсенділері ат шаптырып Көдек, Бөлтірік, Қапез, Әжек сияқты ақындарды алдырады. Олар қазақтың бетке басар азаматтарының алдында бар өнерлерін көрсетіп, көңілдерін  көтеруге тырысады. Отырыста Көдек елдің арғы-бергі тарихын қазып ұзақ жыр толғайды. Кезінде Құлманбет Құланаян жырлаған «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Көроғылы» тәрізді мұраларды да осы жолы зиялы топтың назарына салады. Осы жолы Көдек өлеңдерін жылы қабылдаған Ілияс Алматыға өз атына жіберіп тұруды тапсырады.

«Қатесін түзеп басып шығарар деп,

Өлеңшің басқармадан өтінеді.

Ілияс Жансүгіров жазып бер деп,

Табыстап Қарқарада кетіп еді!» – деп аяқталатын бір топ өлеңдері ұсыныған мекемеге жетпей, ұзақ жылдары М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақталып қалыпты» (Тоқтар Әлібекұлы: «Баласы мұны жазған Маралбайдың...», «Әдебиет айдыны» газеті, 19 шілде, 2007 жылы) деген құнды дерегін айтады.

«Жазба тарихи материалда жазылуына қарағанда ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов 1927 жылы өзінің «Қилы заман» атты атақты шығармасын жазу үшін материал жинап жүріп Көдек ақынмен Жетісудың Қарқара жайлауында кездесіп, Албан елінің тарих-шежіресі туралы көптеген құнды  деректерге ие болған».

– Жазба тарихи материалдарда айтылуына қарағанда төкпе жырдың дауылы Көдек Маралбаев өз дәуірінің арыстары Мұхтар Әуезов, Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы, Жамбыл Жабаев сияқты ірі тұлғаларменде кездескен екен деген дерек бар, осы туралы айта кетсеңіз?

– Жазба тарихи материалда жазылуына қарағанда ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов 1927 жылы өзінің «Қилы заман» атты атақты шығармасын жазу үшін материал жинап жүріп Көдек ақынмен Жетісудың Қарқара жайлауында кездесіп, Албан елінің тарих-шежіресі туралы көптеген құнды  деректерге ие болған.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов 1927 жылы Ленинградта әдеби баяндама жасағанда Көдек ақын туралы арнаулы тоқталып: «...Өзгеше үлгідегі даланың дара ақыны мазмұны мен қоғамдық рөлі жөнінен әлдеқайда қызығырақ саналады. Солардың жарқын бір үлгісі – албандар арасындағы Көдек ақын. Ол ауылдағы қазіргі заманғы құрылыстың белсендісі, қосшылар  одағының мүшесі, газет-журналдардың тұрақты оқырманы, баспа сөз беттерінен белгілі идеологиялық және біршама дәрежеде көркемдік тәрбие алатын, заманына толық лайық, өзін әрқашан нық сезінетін қоғамшыл – ақын.

Қазіргі мерзімді баспасөз беттерінде көрініп жүрген, белгілі дәрежеде танылған ақындардың бәрінен оның айырмашылығы мынадан байқалады: мәдениеті әлгілерден сәл төмендеу болғанымен, ол даланың, жергілікті қоғамдық өмір аясында туындайтын  ішкі көңіл күй сезімдерінің, ел мүддесі мен және барлық мәселелердің бірден-бір білгірі. Қазіргі заманғы ауыл – оның шығармашылық ой-қиял шартарабының төл өрісі. Ауылдың көзге шалынатын оралымсыз тұрмысы мен ескіліктің барша зиянды сарқыншақтарын келеке-мысқылға айналдыратын өткір тілі ақынды өзінің туған даласында жіберілген кез келген кемістік үшін кімді болса да аямай әшкерлейтін қазы ретінде айқындай түседі. Оның өлеңдері өзінің беткі сипаты, құндылығы, кемелділігі, жоғары техникасы жөнінен мінсіз» (ҚХР «Іле кеші» газеті, 24 наурыз, 2008 жыл. 3-бет), – деп өте жоғары бағалаған.

Әлемге даңқы тараған ұлы суреткер Мұхтар Әуезов жыр жүйрігі Көдек Маралбаев туралы тағы да:

«Стилистикалық тұрғыдан ол батырлық аңыз эпостарындағы төкпе өлеңнің әуендете айтылатын ойнақты тәсілін мирас еткен. Қашан  да сергек, әрі сын тұрғысынан пайымдайтын ақынның мейлінше соны және айқын түрде сатиралық сарын мен көмкерілген өзекті  тақырыптарды оның барлық туындыларын сахара төсінде кеңінен әйгілеген. Олар дереу шыға салысымен қалың көпшіліктің игілігіне айналып, жастардың барлық жиындары мен сауық кештерінде ендігі жерде әуенге қосылған түрінде айтыла жөнеледі. Бұл әйтеуір қармаланып келе жатқан біреу емес, ауылдың алдынғы тобынан қазіргі заманғы мәдени құрылысқа мейлінше саналы түрде, нық қадам жасаған ақын. Ол халық әдебиетінен, орасан зор халықтық тың алапаты мәдени қалаға сапар шеккен жүргінші, артынан үдемелі дамуға ұмтылушы, жаңалыққа құштар жастардың тұтас бірлегін ерткен жүргінші.

Бұл ақын сонымен  бірге, өз жады арқылы ескі заманның көптеген құнды ескерткіштерінің сақтаушысы. Сөйтіп, ол өзінің бүгінгі заманғы өзекті, жаңа өмірге арласуы арқылы тек жеке басының алған әсерін ғана көрсетіп  қоймайды. Сонымен бірге бүкіл даланың үміті мен мүддесінің іске асуын көксейді, кешегі қазақ мәдениетінің құнды әрі бай мұрасын тұла бойына сиғыза біледі» (ҚХР «Іле кеші» газеті, 24 наурыз, 2008 жыл. 3-бет), – деп тереңге тамыр тарта баяндап, Көдек сынды шашасына шаң жұқпаған  ақынның табиғатын шынайы ашып көрсетіп береді.

Әке мұрасын көзқарашығындай аялап, жинақтаған зерттеуші, қарт педагог Көдектің ұлы Айтуғанның айтуына қарағанда, Көдек ақын Жүсіпбекқожа Шайхысламұлымен төс соғыстырып достасып, өле-өлгенше барыс-келісі үзілмепті. 1931 жылы Жүсіпбекқожа Сүмбеден қашып өткеннен кейін Қытайдағы Көдек ақынды іздеп Аттың тауына барады. Ақынның  үйінде Рамазан деген адамның отырғанын көріп екеуі бірін-бірі бас салып құшақтасып көрісіп амандасады.

Рамазан деген адам Жүсіпбекқожаның Сүмбеден қашып өтуіне қол ұшын берген екен. Көдек ақын бұл туралы мынандай өлең шығарыпты:

«Қожеке, ел қуанды келгеніңе,

Ақ жолын Құдай оңдап бергеніне.

Қадірлі Рекеңді құрмет еттің,

Сүмбеден сізді өткізген еңбегіне.

Осындай адал адам халықта бар,

Семсердей сертке шыққан сенгеніне.

Құдай-ау, бұл халықтан ажыратпа,

Өмірде бар кезінде, өлгеніңде».

Бұл рет Жүсіпбекқожа ырым етіп үстіндегі жейдесін Көдектің жалғыз ұлы Айтуғанға шешіп берді. «Қожекең жас жағынан әкем Көдектен 31 жас үлкен, әкесінің құры еді. Оны бүкіл ауыл бойынша сыйлайтынбыз, шешем Мәтім атақы ақын Жүсіпбекқожаның жейдесін кішірейтіп беріп, бір талай уақыт кигенім әлі есімде», – дейді Айтуған.

Ғұлама ақын, білгір, үлкен оқымысты Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы Қытайға барғаннан кейін Көдек ақындға ұстаздық етіп, үлгі-өнеге көрсеткені даусыз, өйткені осы екі алып ақын өмірінің соңғы мезгілін Қытайдың Текес өңірінде бірге өткізді.

Көдек ақын екі жылға таяу әскерде болып, 1920 жылы азамат соғысынан қайта оралған сапарында Жетісу өлкесінің маңдай алды дарабоз ақыны Жамбыл Жабаевпен кездесіп, көп әңгімеде болған. Бұл туралы мынандай деректерді кездестіреміз: «Көдек 1918 жылы қызыл әскер қатарында алынып, Хиуа, Бұхар хандықтарына қарсы соғысқа қатынасады. Сол ұрыстарда екі рет ауыр жараланып 1920 жылдың күзінде жарамсыз әскер ретінде елге қайтарылады. Ауыр жолдан арып-ашып келе жатқан жаралы солдат Түргендегі атақты шапырашты Жүнісбай болыстың үйінде Жамбыл ақынды кездестіреді. Тумысынан өнерге жақын Жүнісбай екі ақынды бірнеше күн күтіп, құмары қанғанша өлең, жыр тыңдайды» (Тоқтар Әлібекұлы «Баласы мұны жазған Маралбайдың...», «Әдебиет айдыны» газеті, 19 шілде, 2007 жыл.).

Көдек ақын Жүнісбай болыстың үйінде әйгілі «Бұхарға сапар» поэмасын айтып өлең тыңдап отырған дүйім жұртты таңғалдырады. Бұл күндері ақынның қиялы көкке шапшып, ел ардагерлерін еске алған өлеңін былай толғайды:

«Қадірлі аталарым, ағаларым,

Асқар тау сүйенішім, паналарым.

Аман-сау елге қайтып оралғаным,

Сіздердің қайыр, дұға, баталарың.

Қырандай құздан ұшқан шыр айналып,

Еліңнің амандығын қарағаның.

Кешегі солдаттарға дес бермеген,

Тазабек, қайран батыр даналарым.

Ақыры елін бастап өрге көшті,

Бұл жерде байқады ма шамаларын.

Батырды Іле ұлығы қолдағанмен,

Қолдауы серпілтуге жарамадың.

Ілені шар әскері басып алып,

Бұл кезде бейкүнә елді жараладың.

Тізгіні заманыңның өзіңде емес,

Ақ сөзің нахақ болып қараландың.

Кешегі Ұзақ батыр, Жәмеңкелер,

Жолында қырғындалды балалардың.

«Шал өлсін, бала өлгенше деген» сөзі,

Көрсетті ниетінің нақ адалын.

Айдаумен үріккен ел тозып келді,

Мал-мүлкін тонауменен талап алдың.

Күйзелді, күңіренді қайран халық,

Жүректе жазылмаған жара қалдың».

Жамбыл ақын бірнеше күн  Көдек айытқан өлеңдерді сүйіне тыңдап, қатты риза болады.

«Көдек жолға шығар күні Жамбыл Жүнісбай болысқа құлақ қағыс етіп:

«Көріп едім албанды,

Қарқараны жайлаған.

Түйе тізіп қатарлап,

Мыңнан жылқы айдаған.

Қойы толған қораға,

Желілеп бие байлаған.

Он алтыншы жылында

Басшылары ұсталып,

Қырғын тауып қалғаны,

Соры сөйтіп  қайнаған,

Жақсылап сыйла, Жүнісбай,

Керек қой бұл әр уақытта,

Қаражат беріп аттандыр,

Мал бар ма жиған солдатта», – деп үстіне киім, астына ат мінгізіп қайтарыпты» («Әдебиет айдыны» газеті, 19 шілде, 2001 жыл).

1901 жылы Көдек ақынның 13 жас кезінде, Сүйіндік ауылында бір қыздың тойы болады. Сол тойға Албанның Қызылбөрік руынан шыққан Бөлтірік ақын келіп өлең той бастайды. Той иелері Бөлтірікті құрметтеп, шапан жауып, ат мінгізеді. Ауыл ақсақалды Бөлтірік ақынға Көдекті сынату үшін өлең айтып берсін деп көкпар тартып жүрген жерінен шақыртады. Шақырып барған баладан, «Ақсақалдар мені неге шақырады?» – деп сұрайды Көдек.

–  Сені атақты ақын Бөлтірікпен айтыстарғалы жатыр, – дейді шақырып барушы әзілдеп.

– Айтыссам айтысайын, – деп көкпарды тастап, жиналған топ ішіндегі Бөлтірік ақынның алдына шауып барып, қос қолын кеудесіне басып тұрып:

«Ассалаумағалейкум алдияр,

Шақырған соң кеп қалдым

Жүрісім өте асығыс,

Көкпарды қуып бетке алдым.

Нөкерлерім қасымда,

Өкшелей қуып жетсе алдым,

Аялдасам кешігем,

Аттың тері бос қалдың.

Жасыңа  құлдық аталар,

Айтарыңды деп қалғын», – депті. Баланың өткір өлеңін аңғарған Бөлтірік ақын:

– Ауылдарыңнан дауылды ақ тұйғын ақын шыққалы тұр екен. Жолы болып алдыннан нұр жаусын! – деп ризалығын білдіріп, қолындағы домбырасын ұсынып, батасын берген екен.

Дауылпаз ақын Қасым Аманжолов кезінде ақынның «Қызырлы не боп кетті біздің Албан» деген шығармасын оқығаннан кейін Көдек ақын жайлы: «Көдек өз дәуірінің шындығын жазған семсер тілді ақын, оның қуғындалып, аумалы-төкпелі өмір сүруіне сол дәуірдің өзі жауапты, мен Көдектей қылышынан қан тамған заманға қарсы өлең жазған ақынды сирек кездестірдім» («Көдек шығармалары», Шыңжаң халық баспасы, 2005 жылы желтоқсан. 342-бет), – деп жоғары бағалаған болатын.

Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Жамбыл Жабаев, Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы сияқты ұлы тұлғалардың Көдек пен кездесіп, дәм-тұздас болып, оның шығармаларына жоғары баға беруі ақын мәртебесін тіпті асқақтатып тұр.

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

жалғасы бар...

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435