Ресей президенті және сөз жүзіндегі федерация
Ресей президенті Путин күні кеше Ресей субъектілері туралы арнайы заңға қол қойды. Құжат ресми заң актілерін көрсететін интернет басылымдарда ілінді. Аталмыш құжат бойынша Ресейде енді тек қана бір президент бар, ал аймақ басшылары "басшы" деп аталады.
"Ресей Федерациясының субъект басшылары аталмыш заң бойынша ендігі таңда аймақ басшысы деп аталады және аймақ басшылары Ресей Федерациясының басшысы лауазымымен, яғни президент деп атала алмайды" делінген құжатта. Демек, Ресейде енді тек бір ғана президент бар деген сөз. Ол Путин.
Аталмыш құжатты әзірлеу сәтінде Татарстан оған өз қарсылығын бірдірген болатын. Себебі Татарстан басшысы бұған дейін президент лауазымымен аталған еді. Жаңа заңға дауыс беру барысында Татарстан парламенті құжатқа өз қарсылықтарын білдірді, олар бұл Ресей конституциясына қарсы деді.
Татарстанның статусы өзге Ресей құрамындағы республикаларға қарағанда бір саты жоғары еді. Ол бойынша 1994 жылы Ресей мен Татарстан арасында арнайы келісім жасалған болатын. Алайда 2017 жылы аталмыш келісімнің уақыты өтті, ал Кремль оны ары созудан бас тартты. Кремль 2017 жылы Татарстан басшысының "президент" атта лауазымын 2020 жылға дейін сақтауға уәде етті. Ресейде лауазым атауын өзгертуге 2020 жылы кірісетіні айтылған, алайда коронавирустық шектеулерге байланысты ол кейінге қалдырылды. 2020 жылы Татарстанда Минниханов қайта президент болып сайланды.
Жаңа заң бойынша ендігі таңда Ресей Федерациясының президенті субъект басшыларын қалаған уақытында алып тастауға құқылы. Заңда "сенім капиталы таусылса" деп көрсетілген. Сөзсіз ол капиталды Путин өзі анықтамақ. Заң бойынша енді аймақтар басшыларын қанша мерзімге сайлайтынын өздері шешеді. Ал бір мерзім бес жыл болып бекітілді. Аймақ басшылығына жасы отыздан асқан және өзге елдің азаматтығында болмаған жандар түсе алады.
Аймақ басшысы өзге жерден қаржы табу мүмкіндігі бар жұмыста істей алмайды. Оған шетелдік компаниялардың құрамына кіруге де тыйым салынады. Бұрын аймақ басшыларын жемқорлық фактілері немесе көзқарастар жанжалдары бойынша алып тастаса, енді Путин кез келген себеппен алып тастауға құқық алды. Сонымен қатар заң бойынша аймақ басшысы өзге елдің азаматтығын алса не өзге елде ұзақ уақыт болса оны өз қызметінен Ресей Федерациясының президенті алып тастамақ.
Жаңа заң бойынша енді аймақтағы атқарушы билікті "Үкімет" деп атайды. Бұған дейін ол республикалардағы титулды ұлттың тіліне сай аталған еді. Ал енді оның барлығына тыйым салынып, бір ғана термин таңдалып алынды. Бұл сол республикадағы титулды ұлттардың құқығын ескермеу және өрескел бұзу деген сөз. Құжат осылайша қол қойылған күннен бастап өз күшіне енді.
Құжатқа қарап, Путин федерацияны сөз жүзінде қалдырып, іс жүзінде унитарлы ел жасауға тырысып жатқанын түсінуге болады. Конституцияны өзгерту арқылы Путин Ресей аумағының бөлінуіне тыйым салды және құрамындағы республикалардың референдум арқылы шығуы мүмкін еместігін көрсетті.
Ка Мырза
Abai.kz