Жастардың құндылықтары мен бағдарларын зерттеу нәтижелері таныстырылды
Кез келген мемлекеттің ең маңызды құндылығы – бәсекеге қабілетті адами капиталы, өз кезегінде адами капиталдың қайнар көзі – жастар. Биылғы жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазан аралығында жүргізілген Ұлттық халық санағының нәтижесі бойынша, Қазақстан халқы 19,2 млн жеткен, оның 3,7 млн астамын – 14 пен 28 жас аралығындағы жастар құрап отыр.
Еліміз егемендік алғаннан бері жаңа және тәуелсіз көзқарасы бар тұтас жаңа ұрпақ өсті, олар бүгінде елімізді ғылымда, мәдениетте, спортта және басқа саласында бүкіл әлемге белсенді түрде танытып жүр. Дегенмен Қазақстан әлемдік қауымдастықтың мүшесі болғандықтан жаһандық процестер де еліміздегі жастардың даму жолындағы үрдісіне әсерін тигізуде.
Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығының қарсаңында, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстан жастары – 2021: Тәуелсіздікке – 30 жыл» ұлттық баяндамасының жарық көргенін атап өту керек. Қазақстандық жастардың жағдайын зерттейтін еліміздегі бірегей мекеме болып табылатын «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, 2013 жылдан бері 8 ұлттық баяндама әзірлесе, биыл 9-ыншысын ұсынып отыр.
Ұлттық баяндама жастардың әлеуметтік жағдайын, ең бастысы, жас қазақстандықтардың пікірін жан-жақты саралайтын кешенді ғылыми құжат саналады. Талдауды осындай форматта жүргізу құзыретті орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қазақстандық жастардың сұраныстарына дер кезінде ден қоюға және жастар саясатын тиімді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осы жылғы ұлттық баяндама бойынша өткізілген зерттеу жұмысы өте маңызды, себебі Отанымыздың 30 жылдық тәуелсіз дамуының нәтижелері қарастырылды. Атап айтқанда, алғаш рет Тәуелсіздіктің 30 жылдығы призмасы арқылы жастар ортасының даму динамикасына салыстырмалы талдау жүргізіліп, мемлекет тарапынан жастарды қолдаудың негізгі шараларын ескере отырып, мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 30 жылдық хронологиясы жасалды. Арнайы жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде «Тәуелсіздік ұрпақтарының портреті», «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жастардың көзқарасы» атты жастар туралы арнайы бөлімдер ұсынылды.
Нәтижесінде еліміздің жастары тұтастай алғанда құндылықтар жүйесінің сабақтастығын сақтайтындығы анықталды, бұл ретте қазіргі заманғы саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени мәнмәтінге сүйене отырып, жаңа құндылық бағдарлары да тұжырымдалып келеді деп айтуға болады.
Жастардың экономикалық мінез-құлқтарына келетін болсақ, келесідей ерекшеліктерін атап өтуге болады:
– Жұмыспен қамту мәселесінде жастар үлкен саналылық танытады. Социологиялық сауалнама нәтижелері бойынша жастардың 43,9%-ы қазіргі уақытта жұмысқа орналасудың табыстылығы әр адамның өзінің кәсібилігіне байланысты екенін алға тартады. Жастар әр маманның өз кәсіби қызметінің нәтижелеріне жауапты болуы (53,4%) және жұмыстың практикалық дағдыларын (45,3%) меңгеруі тиіс екенін түсінеді.
– Жастардың пікірінше, жұмысқа орналасуларына жәрдемдесетін ең тиімді шаралар білім алулары кезінде кәсіпорындарда тағылымдамалар ұйымдастыру және келісімшарт негізінде нақты жұмыс берушілер үшін студенттерді мақсатты даярлау болып табылады.
– Сауалнамаға қатысқан жастардың 52,8% - ы үшін тұрақты жұмыс орнының болуы ертеңгі күнге деген сенімділік пен даму мүмкіндігінің алғышарты болып табылады. Қалалық студент жастар үшін уақытша даяшы немесе бармен болып жұмыс істеу үйреншікті жағдайға айналған.
– Еңбек нарығын технологияландырудың тәуекелдері мен салдары туралы әлемдік болжамдарға қарамастан, Қазақстанда әрбір үшінші жас болашақта мамандығын өзгерткісі келмейді, бірақ сол мамандық бойынша біліктілігін арттыруға 31,9%-ы ниеттеніп отыр. Сонымен қатар, жастар еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін арттыратын қосымша дағдылардың болуы қажет деп санайды – бұл шет тілдерін (43,7%), компьютерді білу (38,2%), бағдарламалау негіздерін білу (32,6%), әлеуметтік желілерде, интернет арқылы сауда жасауды меңгеру (21,9%).
Жалпы мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың оң нәтижесі ретінде келесі ерекшеліктерді атап өтуге болады:
Бірінші. Соңғы 20 жылда елдегі NEET жастар үлесінің көрсеткіші 18,6% - дан 7,1% - ға дейін төмендеді, оның ішінде Мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды іске асыру арқасында («Дипломмен ауылға!», «Серпін», «Жас кәсіпкер», Zhasproject және т.б.). Әлемдік рейтингте Қазақстан NEET жастары үлесінің 1-9,9% деңгейіндегі ең төмен көрсеткіштері бар елдер санатына кіреді.
Екінші. Соңғы бес жылда жұмыссыздық деңгейінің 4,1%-дан 3,8%-ға дейін төмендегені байқалады. 2020 жылы елімізде 80,4 мың жас жұмыссыз болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7%-ға артық, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8%-ды құрады. 2021 жылдың екінші тоқсанында бұл көрсеткіш республика бойынша аздап төмендеді (77,5 мың адамға дейін). Ресми деректерге сәйкес, пандемия кезінде жалпы еңбек нарығы тұрақты болды және жұмыссыздар санының өсуіне жол бермеді, бірақ карантиндік шектеулер «уақытша жұмыссыздар» санының өсуіне себеп болды.
Жалпы, қазақстандық жаңғыру үлгісінің прагматизм және бәсекеге қабілеттілік ұстанымдары жастардың экономикалық мінез-құлқынан көрінетінін айту керек.
«Қазақстан жастары – 2021: Тәуелсіздікке – 30 жыл» ұлттық баяндамасының қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шыққан нұсқасы жастар және жастар саясаты саласындағы барша мүдделі тараптарға таратылатын болады. Ал электронды нұсқасын жақын арада www.eljastary.kz бірыңғай жастар порталынан жүктеп алуға болады.
Abai.kz