Оспан РАҚЫМБЕК. Қытайда қазақтың мүддесі қалып барады
Қытайдың солтүстік батысы дүрбелеңге түсті. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағында ұйғырлар мен ханзулардың (қытайлардың) арасында қанды қақтығыс болды. Үрімжі қаласы соғыс майданына айналды. Қытайдың ресми баспасөзі 156 адам өліп, 1450 адам жараланды, мыңжарым адам тұтқынға алынды деп мәлімдесе, бейресми ақпарат көздері шығын бұдан әлденеше есе көп дейді. «Өлтірілгендердің өзі 840 адам» деген хабар шықты. Ұлтаралық шайқасқа «Шығыс Түркістан» қозғалысы, шетелдегі ұйғыр диаспорасының ұйымдары от тастаған деген күдіктер көптеп айтылуда.
Қытайдың солтүстік батысы дүрбелеңге түсті. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағында ұйғырлар мен ханзулардың (қытайлардың) арасында қанды қақтығыс болды. Үрімжі қаласы соғыс майданына айналды. Қытайдың ресми баспасөзі 156 адам өліп, 1450 адам жараланды, мыңжарым адам тұтқынға алынды деп мәлімдесе, бейресми ақпарат көздері шығын бұдан әлденеше есе көп дейді. «Өлтірілгендердің өзі 840 адам» деген хабар шықты. Ұлтаралық шайқасқа «Шығыс Түркістан» қозғалысы, шетелдегі ұйғыр диаспорасының ұйымдары от тастаған деген күдіктер көптеп айтылуда.
Шығыстағы алпауыт көршінің дүрлігуі еш жақсылық емес. «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» деген, «террористік, экстремистік, сепаратистік элементтер бой көрсеткен» Шыңжаң аймағы бізбен тікелей көрші. Ондағы миллионнан астам қандас бауырлардың халі нешік? Белгісіз. Ресми Астана, Марат ТӘЖИН бастаған Сыртқы істер министрлігі «біздің қандастардан шығын жоқ» деген сараң мәлімдемемен шектелуде. Қандай ақпарат көзіне сүйеніп айтқаны белгісіз. Тіпті, қытайлық баспасөздің өзі қаза болғандар туралы хабарды жасырып-жауып, олардың қай ұлттан екенін білдіртпей отырғанда қазақ дипломаттары мұндай шұғыл мәліметті алып үлгергені сенімсіздік туындатады. Сыртқы ақпарат көздерін жауып, интернетке тыйым салған қытайлық билік өзіне тиімді жаңалықты ғана шығаратыны түсінікті. Сондықтан, ол мемлекеттегі ахуал тек алаңдаушылық туындатады. Шекарада қандай қосымша шаралар қолға алынды? Мұны Ұлттық қауіпсіздік комитеті халыққа жариялауды міндет санамайтын болса керек. Әлде, той тойлаудан, туған күннен қолдары тимей жатыр ма екен?
Қазақстанның өз ішінде де өткен жылдары ұйғыр диаспорасы мен қазақтар арасында қақтығыстар болғаны белгілі. Мұны бүркемелеймін деп, біздің билік те дәл қазіргі қытайлық билеуші партияның қателігін қайталаған. Яғни, кез келген ұлтаралық қақтығыс бір сәтте атып шықпайды, ұзақ уақыттар бойына пісіп-жетіліп, күні толғанда жарылады. Ресми Пекиннің «Солтүстік-Батысты игеру» идеясы осындай жағдайға әкеліп отыр. Сол тәрізді, біздің елде де бір ұлттың, мемлекетте көпшілікті құрайтын ұлттың мүддесін ескермеу жаппай етек алуда. Түбі қорқынышты...
Қытайда қытайлар саны бір миллиардтан асса-дағы, Шыңжаң аймағында ол жерді өз отаны санайтын ұйғырлар көп, қытайдан көп. Ұйғыр ұлты өзінің болашақ тәуелсіз мемлекеті деп есептейтін Шыңжаңына қытайдың көптеп келуін көтере алмады. Бұл заңды да. Сондықтан, түбі бір болатын жанжал ақыры болып тынды. Және бұл жанжалда ол жақтағы, Іле-Қазақ автономиялық ауданындағы қандас бауырлар (аймақта саны жағынан үшінші орынды алатын диаспора) қандай бағытты ұстанбақ? Ұйғырға жақтас болса, ханзудың қаһарына ұшырайды, ұйғырға қарсы болса, ежелден келе жатқан Шығыс Түркістан идеясын сатқан болады, ал бейтарап қалу қиынның қиыны. Өз бауырларымыздың ақкөйлек, қызба мінезін еске алсақ, бірдеңеге ұшырау қисыны молырақ. Яғни, осы күнге дейін, мұнайдың мол ақшасын пайдаланып ондағы қандастарды көшіріп алмағанымыз үшін бармақ тістейтін кезең келгендей...
Енді бұл оқиғаның ақыры қалай өрбиді, аздап болжауға болады: Қытай мызғымайды. Саясатын өзгертпейді. Темір шеңгелін қыса түседі. Ендеше, іргедегі көршінің бүлінгеніне «ол өзінің ішкі шаруасы» деп самарқау қарап отыра бермей, Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Парламент т,б. ел билігіндегі адамдар болашақ саяси қадамдарды талқылауға тиіс. Ашық талқылауға, қоғам пікірімен санасуға міндетті. Өйткені, онда ұлт мүддесі, қазақ мүддесі қалып барады.
«Қазақстан» газеті. 09.07. 09