Семейдің Елбасына алғыстан басқа айтары жоқ
Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарының екінші және үшінші күндерін Семей өңіріндегі елді мекендердің жай-күйімен танысуға арнады. Мұның қатарында ол Курчатов және Семей қалаларында, Абай және Үржар аудандарында болды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Семейді Шығыс Қазақстан облысына қосқанда, алысты болжай білетін көрегендік көрсетіп, керемет кемеңгерлік танытқан екен. Өскемен мен Семей өңірлерінің қазіргі ахуалы осыған айғақ болады. Бұл қосылудан екі жақтың әрбірі өзінше ұтысқа жетті. Арада өткен аз ғана жылдарда екі қаланың да айтарлықтай оң өзгерістерді бастан кешкенінен бөлек, өскелең Өскемен едәуір қазақы бояуға қанығып қалса, сергек Семей іргелі өнеркәсіп орындарынсыз дамудың даңғыл жолына түсудің үлгілі үрдісін меңгере бастапты.
Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарының екінші және үшінші күндерін Семей өңіріндегі елді мекендердің жай-күйімен танысуға арнады. Мұның қатарында ол Курчатов және Семей қалаларында, Абай және Үржар аудандарында болды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Семейді Шығыс Қазақстан облысына қосқанда, алысты болжай білетін көрегендік көрсетіп, керемет кемеңгерлік танытқан екен. Өскемен мен Семей өңірлерінің қазіргі ахуалы осыған айғақ болады. Бұл қосылудан екі жақтың әрбірі өзінше ұтысқа жетті. Арада өткен аз ғана жылдарда екі қаланың да айтарлықтай оң өзгерістерді бастан кешкенінен бөлек, өскелең Өскемен едәуір қазақы бояуға қанығып қалса, сергек Семей іргелі өнеркәсіп орындарынсыз дамудың даңғыл жолына түсудің үлгілі үрдісін меңгере бастапты.
Бұған осы өңірлерге үш күндік сапары барысында М.Құл-Мұхаммед көз жеткізіп қайтты. Оны, әсіресе, бірігу нәтижесінде облыс орталығы мәртебесінен айрылған Семей қаласы тұрғындарының осы күнгі жай-күйлеріне разылықтары қуандырды. Расында қазақ руханиятының ежелгі байтағы болып саналатын шаһардың қазір кәдімгідей шырайы кіріп қалыпты. Ертістің бойына еңсере жайылған қаланың мұнтаздай тап-тазалығы өз алдына, ол, сонымен қатар, нағыз гүлзарлар алаңы болып көзге елестейді. Өзіміз көріп жүргендей, облыс орталығы деген мәртебесі бар базбір қалалардың деңгейі бүгінгі Семейге әлі де болса жетіңкіремейді. Осында болған жиындарда Мемлекеттік хатшы ерекше мән беріп, атап өтіп отырғандай, бұған бірінші кезекте Президенттің қалаға барынша қырағы көңіл бөліп келе жатқаны басты себеп.
Ал бұл өңірге сапарын М.Құл-Мұхаммед тамыздың 23-і күні таңертең Абай жерінен бастаған еді. Кезінде ядролық сынақтың нағыз өтінде тұрған ауданда соңғы кездері қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жан сүйсінтеді. Аудан орталығы - Қарауыл ауылы мен облыс орталығын жалғап жатқан күре жол таспадай тартылған трассаға айналған. Шалғайдағы елді мекенде қатарға қосылып жатқан әртүрлі әлеуметтік нысандар да көп. Соның бірі - таяуда пайдалануға берілген, құны 130 млн. теңге тұратын Спорт сарайы. Онда «Олимпиада қырандарының жеңісі - біздің жеңісіміз» атты жастар форумын бастап берген Мемлекеттік хатшы бұл салаға Елбасының жасап жатқан қамқорлығын саралап айтып шықты. Мемлекет басшысының сол қамқорлығы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деп аталатын еңбегінде де айқын көрініс тапқан.
Бұл жерде сондай-ақ «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында, М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде болып, Әнет баба мен Абай ескерткіштеріне тағзым еткен М.Құл-Мұхаммед «Жастар үйінде» аудан жұртшылығы өкілдерімен кездесті. Айтқандай, жоғарыдағы кітапхана күрделі жөндеуден өткізілу арқылы қайта жаңғырса, соңғы нысан жаңадан соғылыпты. Осының бәріне шынайы қуаныш білдірген абайлықтар жиында Мемлекеттік хатшыдан Елбасына алғыс сезімдерін жеткізуді қайта-қайта өтініп жатты.
Мемлекеттік хатшыны тағы бір сүйсіндірген мәселе - аудан соңғы кездері қол жеткізген жылжымалы медициналық кешен. Бұл кешен стоматология, маммография және УЗИ аппараттары бойынша 9 маман-дәрігерді қамтыған бригада қалпында аудандағы елді мекендерді аралап тұрады.
Содан кейін тікұшақпен Курчатов қаласына шұғыл жеткен Мұхтар Абрарұлы мұндағы жағдайға да қанағаттанғандық танытты. Кешегі кеңестік жүйеден қалған жабық қаланың қазіргі ахуалы тым жаман емес. Керісінше, ондағы негізгі нысандар - Ұлттық ядролық орталық пен ядролық технологиялық паркпен қатар, әртүрлі әлеуметтік сала мекемелері де қалыпты жұмыс жасап тұр. Бұған Елбасының 2003 жылы осы қалада арнайы аялдап, сапары қорытындысы бойынша Үкіметке оны дамытудың жеке жоспарын жасау жөнінде берген тапсырмасы тікелей мұрындық болған. Бүгінде сол бағдарлама кезең-кезеңімен іске асырылу үстінде. Оның аясында кейінгі үш жылда мұнда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы дүрбелең кезінде бүліншілікке ұшыраған 6 көп қабатты тұрғын үй қалпына келтіріліпті. Олардың 2-уі жергілікті әкімдіктің өз күшімен жасалса, 4-уі «Нұрлы көш» бағдарламасы шеңберінде оралмандар мекеніне айналыпты. Таяу аралықта жиырма жылдан бері тыншып жатқан бұрынғы сынақ алаңдарын да өңдеуден өткізіп, ауыл шаруашылығы игілігіне жарату жайы жоспарда тұр. Қала іргесінде бақшалықты өркендету өрісті жолға бет алды.
Мәртебелі мейман осылардың жайына қаныға жүріп, қаланың №4 жылу орталығы, су тарататын ауланың 2-ші шағын стансасы секілді нысандар жұмысымен танысты, Ұлттық ядролық орталық пен ядролық сынақтар мұражайына аялдады. Солардың арасында жұртшылықпен жиын өткізіп үлгерді. Онда М.Құл-Мұхаммед алдағы уақыттарда «ғылым қалашығы» деген мәртебеге ие болғалы тұрған мекеннің келешегі кемел екенін дәйекті дәлелдермен жеткізді. Мұның үстіне, бұл елді мекен Елбасы Жарлығымен бекітілген моноқалалар тізіміне еніп отыр. Осының бәрі қаланың нағыз даму жолына енді түсіп келе жатқанын көрсетеді.
Осы күні түс ауа Мемлекеттік хатшы тікұшақпен Семей қаласына келіп жетті. Мұнда да тығыз кесте бойынша жұмыс істеген ол әуелі аймақтық онкологиялық диспансерге атбасын бұрды. Емдеу орнының ауысымына 56 адамды қабылдайтын өз емханасы да жұмыс істейді. Ал стационарда 210 төсек болса, олардың 130-ы онкологиялық, 70-і радиологиялық және 10-ы паллиативтік сипаттағы ауруларды емдеуге арналған.
Мұхтар Абрарұлының бұдан кейін барып көрген Полковник аралындағы кешеннің де осы тақырыпқа қатысы бар. Олардың басы «Өлімнен де күшті» монументтен арна тартады. Атынан байқалып тұрғандай, ол ядролық сынақтардан зардап шеккендердің рухына арналған. Кешенді содан әрі «Бейбітшілік» деп аталатын стелла толықтырады. Енді осылардың қатарына «Бейбітшілік мұражайы» деген жаңа жоба қосылмақшы.
Осының бәрін өз көзімен көріп, бағамды бағасын берген Мемлекеттік хатшы келесі кезекте Абай атындағы драма театрының ғимаратында қаланың зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жиынды ашқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев көптен бері Нұрсұлтан Назарбаевтың мұқият бақылауында тұрған қаланың әлеуметтік-экономикалық салада соңғы жылдары жеткен жетістіктері жайына тоқталып өтті. Ал М.Құл-Мұхаммед шын мәнінде қазақ рухани әлемінің XX ғасырдың басындағы туы тігілген қаланың ұлтымыздың мәдениетіне қосқан үлесі туралы кеңінен баяндап берді. Ұлт көшбасшысы сондай өңірге қашаннан ерекше қамқорлық жасап келеді. Мұның жай-жапсарын жүйе-жүйесімен айтып шыққан Мұхтар Абрарұлының сөзін жиналғандар өте жылы қабылдады.
Мемлекеттік хатшының сапары 24 тамыз күні облыстың Үржар ауданында жалғасты. Арғы ғасырдың екінші жартысын ала пайда болған бұл мекеннің тарихы да өте тартымды. Атақты Тарбағатай тауының баурайындағы ауыл жасыл желегімен, жақсы салынған үйлерімен, түзу көшелерімен, ең бастысы, осыған лайықты адамдарымен көрікті көрінеді. Басқасын айтпағанда, мұнда атақты балуан Дәулет Тұрлыханов бастаған боз кілемнің бір топ шеберлері қанаттанып шыққан.
Мемлекеттік хатшы өзгеге еш ұқсамайтын спорт аллеясы бар Қабанбай батыр атындағы кешенге келгенде, осы даңқты ерлердің бәрінің есімдері мен ерліктері жарқырап алдынан шыға келді. Үржар атты аудан орталығының тарихи-өлкетану мұражайына келгенде де жұртты бір серпілтетін дүниелер көздің жауын алды. Олардың арасындағы петроглифтер туралы Мұхтар Абрарұлы біраз сыр тарқатты. Бақсақ, осы Барқытбел өңіріндегі таулар қойнауында мұндай таңбалы тастарды көптеп табуға болады екен. Оны тек зерттеу ғана қалып тұр. Мемлекеттік хатшы осы және бұл маңнан қирандысы табылған Найман-қорған қаласының орнына ғылыми тұрғыда баға беру үшін экспедиция шығару жайын ойластыруды сол жерде тиісті мамандарға тапсырды.
Жұмыс сапарының келесі тізбегінде аудан орталығындағы Батырлар аллеясын аралап шыққан М.Құл-Мұхаммед сосын Науалы ауылында жаңа балалар бақшасының, ал Қаратұма елді мекенінде үлкен мектеп үйі мен балалар бақшасы кешенінің пайдалануға берілу рәсіміне қатысып, жиналғандар алдында сөз сөйледі. Ол өзінің сөздеріне Елбасы тапсырмасы бойынша жасалып жатқан әлеуметтік саладағы жұмыстардың бір парасын арқау етті. Осы жерде Б.Сапарбаев Мемлекет басшысының «100 мектеп» бағдарламасы негізінде жаңадан салынған мектеп үйлерінің 10-ы Үржар ауданының еншісіне тиетінін еске салып өтті. Міне, өсіп келе жатқан өскелең аудан үшін бұдан артық не керек!
Жалпы, Үржар аймағы Шығыс Қазақстан облысының ең бір көрікті, табиғаты келісті аудандарының біріне жатады. Бұған соңғы кездері облыс басшылығының қамқорлығымен қатарға қосылып жатқан жаңа нысандар одан бетер көрік қоса түсуде. Солардың сапынан біз әдемі субұрқақты, спорт кешені үйін, мұражай ғимаратын айтар едік. Ал Үржардағыдай спорт аллеясы облыс қана емес, күллі елімізде сирек кездесетін шығар. Осының бәрі жергілікті билік басында жүрген азаматтардың Елбасы тапсырмасын тыңғылықты орындап келе жатқандарын байқатса керек.
Келісімді көріктілікті біз Мақаншы ауылына келгенде де көрдік. Бұрынғы аудан орталығы еш азып-тозбаған. Қайта бұрынғыдан бетер жайнап-жасара түскен. Мұны біз Мемлекеттік хатшы арнайы барып көрген балалар саябағы мен балалар шығармашылығы үйінің жайынан да анық аңғардық. Мұны №2 медициналық бірлестіктің жұмысымен танысқан кезінде Мұхтар Абрарұлы да айтты. Бұл емдеу орнын осыдан төрт жыл бұрын білікті маман Нағима Жақиянова қабылдап алған екен. Жаңа бас дәрігер құлаудың сәл алдында тұрған аурухананы қысқа мерзім ішінде қайта жайнатып жіберген! Мұны лайықты бағалаған облыс әкімі бірлестікке жаңа ғимарат салу үшін келесі жылы тағы қаржы бөлінетінін айтып қалды.
Сапарының соңында М.Құл-Мұхаммед мәдениет үйіне табан тіреп, осында жиналған ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Мұнда да ол өз жерлестеріне әлеуметтік саладағы Елбасы тапсырмаларынан туындайтын барша міндеттер туралы айтып берді. Жүйесімен айтылған байыпты баянды ұйып тыңдаған жамағат Мемлекет басшысына өз ықыластары мен алғыстарын жеткізуді сұрады. Бұл тағы да Семей өңірінде тұратын халықтың Елбасының дара да сара саясатын түсініп қана қоймай, оның шапағаты мен шарапатын тата бастағандарына анық дәлел болды.