Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 16394 0 пікір 31 Тамыз, 2012 сағат 11:08

Тарихи атаулар — ұлт айнасы

 

 

Кешегі тоталитарлық саясат тұсында ел-жұртымыздың рухани тарихы, жер-су атаулары халықпен санаспай жаппай өзгертілгені баршамызға аян. Осы жүйе біздің ұлттық ономастикамыздың өзіндік болмысына, ұлттық ерекшелігі мен топонимикалық жүйесіне кері әсерін тигізді. Оның нақты айғағы - облысымыздың орталығы Орал қаласындағы Крестьянская, Урдинская, Попович, Пионерская, Короткая, Крымская, Красная, Кавказская, Краснодарская көшелерінің атаулары мен аудандарымыздағы Усихино, Макарово, Покатиловка, Федоровка, Янайкино, Белугино, Павлово, Березовка сияқты елді мекендер. Дәл осы тектес атаулардың біздің ұлттық болмысымызға қандай қатысы бар екендігі әркімді ойлантары хақ. Себебі елді мекен, көше, алаң аттарынан тәуелсіз мемлекет екендігіміз көрініп тұруы тиіс, өйткені тәуелсіз мемлекеттің бірден-бір белгісі ұлттық құндылықтарымыз болып саналады. Сонымен қатар қаламыздағы Светлая, Охранная, Профсоюзная, Монетная, Верхняя атауларын иемденген көшелер мән-мағынасыз, топонимикалық жүктемесі жоқ көшелер ретінде қаланың ономастикалық келбетін бұзып тұрғандығы жасырын емес. Елді мекендер, көшелер, жер-су атаулары - тәуелсіз мемлекетіміздің бір белгісі, ұлттық нышаны, яғни тарихымыздың бір бөлшегі болуға тиіс.
Қазақтың ұлттық болмысын, белгілі бір дәуірдің тарихын топонимдердің шығу тарихына қарап біле аламыз. Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысы бойынша бірталай ауыл-аймақтарға егемендігімізге сай атаулар беріліп, кейбір мағынасы жойылған географиялық нысандар мен көшелердің, білім ордаларының атаулары тәуелсіздік талабына сай өзгертілді. Бүгінгі таңда Елбасымыздың Тілдің төл заңдылығын бұзып тұрған атауларды өзгерту қажет деген қағидасын басшылыққа ала отырып, айтылуы, жазылуы бұрмаланған атауларды өз ана тіліміздің заңдылығына сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Кез келген өңірдің, өлкенің жері мен суының атауынан терең мағына мен құпия сырды аңғаруға болады. Біздің Ақжайық өңіріндегі жер-су атауларының басым бөлігі ана тіліміздің байырғы сөздерінен қойылған. Көптеген елді мекен атаулары қат-қабат тарихпен тығыз байланысты, яғни біздің өңірдің атаулары облыстың тарихынан сыр шертіп тұрады, әр жердің аты өзінің затына сай қойылған. Сондықтан жер-су атаулары айшықты болып келеді.
Биылғы жылы Ақжайық, Шыңғырлау, Зеленов аудандарының бірқатар елді мекендерінің атаулары өзгертілді. Мысалы: Болдырев - Үштөбе, Правда - Ұрысай, Балаган - Жаңатаң, Степной - Өркен, Чернояров - Қаражар болып өзгертілді. Бір ғана Ақжайық ауданын мысал ретінде алар болсақ, Жайықты жағалай орналасқан елді мекен атаулары - Калмыково, Котельниково, Антоново, Красные яры, Харькино сияқты отарлау тұсында орныққан атаулардан арылып, ұлттық келбетімізге сай Алма­лы, Атамекен, Томпақ, Шабдаржап атау­ларын иемденді. Дегенмен, барлығы көңілдегі­дей деуге әлі ертерек, Бөрлі, Теректі, Зеле­нов, Тасқала аудандарында, қала аумағындағы 14 ауылдық кентте уақыт талабына сай реттеуге зәру атаулар баршылық. Бұл атаулар да көп кешікпей төл тарихи атауларын қайта иемденері сөзсіз.
«Қазақстан Республикасының әкім­шілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңында атқарушы және өкілеттік биліктің төменнен жоғарыға дейінгі міндеттері айқын көрсетілген. Алайда қай деңгейге болмасын билік өз өкілеттігін сол атауы өзгертілуге тиісті жерлердегі халықтың пікірімен санасып қана жүзеге асырады делінген, яғни осы шаралардың бастауын­да халық тұр деген сөз. Міне, осы заң негізіндегі басымдықты біздің облыстың ономастикалық картасынан анық көруге болады. Байырғы жергілікті ұлт өкілдерінен тұратын аудандарда бұл мәселе түбегейлі реттеле келді және олардың шешілуіне еш кедергі болған да емес. Өйткені ономастика мәселесі - қоғамның толғақты мәселелерінің бірі. Дегенмен, бұл жерде тағы бір біз ескере бермейтін мәселе бар. Мәселен, еліміздің солтүстік өңірлерінде кейбір елді мекен тұрғындарының дені өзге ұлт өкілдері боп келеді ғой. Олардың өздері үйренісіп қалған, қала берді, келмеске кеткен кеңестік жүйені еске салса да өз туған тілдерінде аталып, дыбысталатын атаудан ажырағысы келмейтіні айдан анық. (Павлодар мен Петропавл атауларына қатысты дауды еске түсіріңіз). Осы жағы болашақта дүниеге келер «Ұлттық ономастика туралы» Заңда ескерілсе екен.
Ономастиканың келесі бір өзекті тұсы - антропонимика. Осы мәселе бойынша адам аты-жөндерінің құжатта жазылуын қамтамасыз ету мақсатында облыс мектептерінде «Қазақы дәстүрге сай құжат алдың ба?» тақырыбында акция өткізілу дәстүрге айналды. Акцияның мақсаты - «Ұлты қазақ азаматтарының тегі мен әкесінің атын бір ретке келтіру» туралы Президент Жарлығын насихаттау. Мәселен орыстың «а» қосымшасының қазақ есім­деріне жалғануы құжатта да көрініс таба бастағанына талай жыл болды. Мысалы: Жанара, Аселья, Айгулья, Гүлнара және т.б. Сөйтіп, ұлттық есімдер өз мазмұнынан, шырайынан айырыла бастады. Осы үрдістен жастарды алшақтату, қауіпті құбылысқа айналмауын қамтамасыз ету және кеңес дәуірінен келе жатқан тегіміздегі -ов, -ев, -ин, -ичтерден арылуды насихаттауда бұл акцияның мәні зор.
Облыстағы елді мекендердің, геогра­фиялық нысандардың (объекті­лердің), мәдени мекемелер мен оқу орындарының, көшелердің атауларына және көрнекі ақпараттардың мазмұнына бірқатар аудандар мен Орал қаласы тұрғындарымен мониторинг жүргізіліп, жүргізілген зерттеу жұмыстары бойынша сараптамалық материалдар жинақталып шығарылды. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында­ғы ауылдық округтер мен кенттер, өзге де елді мекендер атауларының және олардың орыс тіліндегі транскрипциясының анықтамалығы баспадан шығарылды.
Міне, сараланған осы мәселелерді реттеу «Ономастика туралы Заң» қабылдап, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңына» өзгерістер енгізуді қажет етеді. Өйткені ономастика мәселесі - ел тәуелсіздігінің рухани көзі, ел еңсесін көтеретін саяси мәні бар мәселе. Нағыз тәуелсіз ел болған уақытта тіл мәселесіне қалай болса солай қарау ұлтымызға сын. Осыған орай әлем мойындаған мына бір қағиданы ұстануымыз қажет, ол тәуелсіз елдің тәуелсіз тілі болуы тиіс деген қағида.
Сондықтан ғасырлар қойнауынан сынын бұзбай қуатын кемітпей, әрі мен нәрін жоғалтпай таза да көркем келбетімен жеткен ұлттық құндылықтарымызды болашақ ұрпаққа жеткізу барлық тіл жанашырларының парызы.
Біздің мақсатымыз - тәуелсіз мемлекетіміздің сипатын білдіретін, ұлттық тарихымызды айшықтайтын атаулар ар­қы­лы ұлттық ономастикалық кеңістікті қалыптастыру, бір сөзбен айтқанда, ұрпақты ұлт­тық рухта тәрбиелеу жастардың санасында елдік пен ерлік дәстүрлерін қалыптастыру болмақ. Өйткені Батыс Қазақстан жері - дәстүрге бай, тарихы өнегеге, сырға, шежіреге толы өңір.
Сонымен, жер-су атаулары - ғажайып тарих. Осы орайда «Әдет-ғұрыптың қаймағы бұзылмаған қазақтарда өмірдің бір саласын қамтитын тарихи оқиғалармен байланыс­ты елді мекен, жер-су атаулары мен адам аттарының атадан балаға жалғасып жататын жақсы дәстүр бар» деген Ш.Уәлихановтың пікірі ойға оралады. Олай болса, осы дәстүрді жалғастыру, оны ұрпақ қажетіне жарату бағытында жұмыла еңбек етейік.
Өзім сүйіп оқитын «Ана тілі» газетінің бетінен осы ономастика тақырыбында жазылған әр өңірдегі әріптестерімнің мақалаларын үзбей оқып отырамын. Байқап отырсақ, ономастика тақырыбында қайта қарауды қажет ететін, толықтыратын толғақты мәселелер аз емес екен. Оған қоса таяуда аталған басылымның «Ай сауалы» атты жаңа айдарынан «Ономастика туралы Заң керек пе?» деген сауалды көзім шалды. Оған оқырмандардың жаппай жауап жазғанын да оқыдым. Демек, бұл күн тәртібіндегі тақырып десек болады.
Бір кездегі ешкімнің намысына тимей аса бір сақтықпен жүргізілген тарихи атауларымызды қалпына келтіру мәселесіне енді бүгінгі күннің көзімен қарауымыз қажет. Өйткені сең қозғалып, тоң жібіген шақта төл тарихымыз бен мәдениетіміз арқылы қазақ өркениетінің көшін ілгерілете алсақ, келесі ұрпаққа жарқын жүзбен қарай аларымыз анық.

Гүлнәр ЖӘРДЕМҚЫЗЫ,
Батыс Қазақстан облысы
Тілдерді дамыту басқармасы
ономастикалық жұмыс және
көрнекі ақпараттарды
бақылау бөлімінің қызметкері

«Ана тілі» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963