Сенбі, 23 Қараша 2024
Айқай 8555 6 пікір 10 Қаңтар, 2022 сағат 12:07

Мәсімов неге ұсталды?..

8 қаңтар күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталғаны ресми хабарланды. Мәсімов кім? Ол неге ұсталды? Ол туралы жұрт не дейді?

6 қаңтар күні ҰҚК Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 175-бабы 1-тармағымен, «мемлекетке сатқындық» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған. Осы күні аталған қылмысты жасады деген күдікпен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов және өзге де тұлғалар ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалған. Ресми мәлімет өзге ақпараттарды тергеу мүддесіне қайшы деп, жариялаған жоқ.

Сонымен 175 бап және оның 1-тармағында не жазылған?

175-бап – «Мемлекетке опасыздық жасау», - деген бап. Оның 1-тармағында:

«Мемлекетке опасыздық жасау, яғни Қазақстан Республикасы азаматының қарулы қақтығыс уақытында жау жағына өтiп кетуінен, сол сияқты тыңшылық жасауынан, мемлекеттiк құпияларды шет мемлекетке, халықаралық немесе шетелдiк ұйымға не олардың өкiлдерiне беруінен, сол сияқты Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қарсы бағытталған әрекетті жүргізуге оның өзге де көмек көрсетуінен көрінген қасақана іс-әрекеттері», - деп жазылған.

Бұл бап бойынша: «Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, 10 жылдан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - делінген.

Мәсімов қазір 56 жаста. Әскери шені – Генерал-лейтенант. Оған бұл шен 2020 жылы отставкаға кеткен министр Ермекбаевпен бірге берілген. Экономика ғылымдарының докторы деген атағы тағы бар. Соңғы кездері саясаттан жазушылыққа бет бұрып, бірнеше кітап жазған.

Екі мәрте Үкіметті басқарған. Екі мәрте Үкімет басшысының орынбасары, оған дейін министр болған. Президент әкімшілігін де басқарған. Мемлекеттік хатшылықты да көрген. 2016 жылдан бері Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарып келді. Мәсімовті бұл қызметке экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев тағайындаған.

Әлгінде саясатшы, экс-президент Назарбаевтың экс-кеңесшісі Ермұхамед Ертісбаев елдегі саяси дағдарыстың бір себебі – беделді шенеуніктер мен ірі күштік құрылымдардың сатқындығы деп мәлімдеген еді. Ол өз пікірінде елдегі жағдайды «мемлекеттік төңкеріс әрекеті» және «қарулы көтеріліс» деп бағалаған. Оның сөзінше, мұндайды биліктің биік мінберіндегі ірі саяси тұлғалардың, оның ішінде күштік құрылымдардың қолдауынсыз жүзеге асыру мүмкін емес.

«Ұлттық сатқындық пен сөзбайластық.  Бірнеше жылдан бері дайындық лагерлері жұмыс жасаған екен. Ал әр жолы түрлі жат пиғылды топтардың жолын кесіп жүрген Ұлттық қауіпсіздік комитеті таулардағы осы дайындық лагерлері жайлы үн-түнсіз қалған. Бұл мемлекеттік қылмыс», - дейді Ертісбаев.

Әрі қарай:

«Мен терроршылар Алматы әуежайын басып алардан 40 минут бұрын күзет пен әуежайды қорғап тұрған күштік құрылымдарға тарауға бұйрық бергені туралы ақпаратты білемін. Сіз Алматыдағы ең мықты қорғалған деген ҰҚК ғимаратын терроршылар еш қиындықсыз басып алыпты дегенді елестетіп көріңізші...», - дейді.

Ал Ресейлік саясаткер Андрей Грозин: «Ұсталған ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімов жайлы сөз көп. Ол Қазақстандағы ірі саяси фигуралардың бірі болды. Елде жаппай бейберекетсіздіктің орын алуы – арнайы қызмет органдарының жұмыс істей алмайтындығынан немесе епсіздігінен емес. Сондықтан, «мемлекетке сатқындық жасау» деген айып ақылға қонымды. Енді істің мән-жайын күту керек. ҰҚК басшылығының түгел дерлік қызметтерінен босатылуы және тергеуге алынуы – бұл төңкерістің қасақана ұйымдастырылғанын растайды», - депті.

Онан әрі:

«Мәсімовтің экс-президент Назарбаев тұсында ҰҚК төрағалығына тағайындалуы – елдегі билік транзитін бақылау үшін жасалған саяси жүріс деп бағаланған. Бұл қызмет Мәсімовке Қазақстанның саяси элитасына қарсы компромат жинауға үлкен мүмкіндік туғызған. Ол әркез экс-президенттің тасасында болды. Ал транзит басталғанға дейін елдегі екінші адам болған», - дейді.

Ресейлік саясаткер Мәсімовті – «сұр кардинал», - деп атапты.

«Ол туралы қауесет пен аңыз көп. Ресми биографиясы қарапайым болғанымен, ол туралы алып-қашпа сөздер көп айтылады. Оны әуелі ағылшынның, кейін АҚШ-тың, сосын Қытайдың, ақыры Ресейдің агенті деген сөздер айтылды. Ол елдегі билік қызметтерінің ең жоғарғы басында жүрген, биліктің формалды және формалды емес тетіктері қалай жұмыс жасайтынын жақсы түсінетін және сол механизмдерді өз пайдасына шеше білетін, жабық, бірақ өте ықпалды адам болды. Оны Назарбаев тұсында кадр саясаты мен елішілік және сыртқы саяси мәселелерді шешетін «сұр кардинал» болған деп айтады», - дейді Гронзин.

Саясатшының пікірінше, Мәсімов соңғы кездері өз құзыретін артық пайдаланып, өз басынан асырып секірмек болған.

«Мәсімов әркез сақ болды. Қазақстандық элитаның өзара тартыстары кезінде өзін жоғалтпай, сақ жүретін. Осыларды ескере келе, Мәсімов ашық қадамға барды деп елестету қиын. Мәсімовтің бұл іске қатысы бары сөзсіз. Ал бірақ, нақты қандай рөл атқарғанын дәл болжап айту қиын. Оның тергеу көрсете жатар»,- дейді Ресейлік сарапшы.

Кәрім Қажымқанұлын еліміздегі орыстілді баспасөз «антикризисный премьер» деп әспеттейтін. Оның өмірбаянына көз жүгіртсек,  Патрис Лумумба атындағы халықтар достығы Университетін, одан кейін Қазақ мемлекеттік басқару университетін бітіргені айтылады. Пекин  институтында қытай тілін оқып-үйренген. Ухань университетінің Заң институтында және Колумбий университетінде сынақтан өткен.

Әзірге осы ғана.  Ал тергеуге қатысты нақтылы ақпараттар айтылған жоқ. Мәсімовтің ұсталғаны мен оған тағылған айыптау бабы ғана белгілі. Ал Мәсімовпен бірге ұсталған тағы өзге лауазымды тұлғалардың аттары аталған жоқ.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364