Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 6469 0 пікір 14 Шілде, 2009 сағат 18:45

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ. Қайда сол бір кешегі асқақ әндер?..

 

 

«Адам өмірге жылап келмейді, ән айтып келеді» деген екен бір ғұлама. Кейде тек адамзат баласы ғана емес, бүкіл жаратылыс атаулы әдемі бір әуеннің құшағында тербеліп тұрғандай болады. Сол әдемілік бұзылып, ән табиғатындағы тазалықты кір шалса, күллі дүние ырғағынан жаңылып қалатындай…
…Негізі, өткен ғасырдың 60-70-жылдарында қазақ композиторлары айрықша өнімді еңбек етті. Күллі қазақ даласын әнімен әлдилеген олар, халқымыздың Ғ.Қайырбеков, Б.Тәжібаев, О. Әубәкіров, С.Асанов, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, М.Шаханов секілді айтулы ақындарымен тізе қоса отырып, әуеніне сөзі сай, өміршең дүниелер туғызды. Еңбекші елдің «күн көсемі» мен «адастырмас» темірқазық – партияны, оның сенімді ізбасары – комсомолды, еңбексүйгіш қауымның маңдай терімен түлеген тың даланы үздіксіз әнге қосып, белгілі бір дәрежеде саясатқа да қызмет етті. Тіпті сондай тақырыптағы ән-жырдың өзі де соншалықты мінсіз болып шықты. Сөйтіп, әрбір «Кеңес азаматының» ортақ Отанға, ортақ идеяға деген сенімін ұлғайтып, патриоттық сезімін арттыруға ерекше ықпал етті. Осы жағдайға бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарап, кешегі ұстанымы, әрекеті үшін шығарма авторларын кінәлау, әрине, жөнсіз. Керісінше, олардың сол адалдығын, сол шеберлігін бүгінгі сазгерлер мен мәтін жазушыларға үлгі ете отырып, оларды елдің еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін ұлттық идея төңірегіне топтастыруға ықпал ететіндей асқақ рухты әндер шығаруға үндеу қажет.
Бір мезет өткенге ой жүгіртіп көрейікші. Мәселен, Б.Байқадамовтың «Алға, комсомолы»…
Комсомолдар – жас қайраты елімнің,
Коммунизм туын көкке шырқаған.
Маңдайынан көрем қолын Лениннің,

«Өс, ұрпағым», – деп әкеңдей сипаған!
Алға, комсомол!
Туың қолыңда.
Алға, комсомол!
Жеңіс жолында…

немесе Ә.Бейсеуовтің «Қызыл сұңқарлары»:
Арманы биік – қолы жетпестей,
Сапары ұзақ – жолы жетпестей.
Ерлігі ұшан-теңіз,
Мың ғасыр дастанындай.
Жас болып мәңгі жаса,
Елімнің аспанындай, елімнің аспанындай!..

«Комсомолдың дәурені өтті» демесең, қандай шынайы наным-сенім!..
Сол сияқты, Е.Хасанғалиевтің:
– Ақ бидай – әнім, ақ бидай – дәнім,
Ақпейіл – халқым, ақпейіл – әр үй.
Еңбегі – шежіре, ерлігі – дастан,
Қазағым осы, дәулеті тасқан!.
. – деп келетін, «Әнім сенсің, тың дала» атты кең тынысты керемет әнін:
«Қазақтың нағыз шырқаған шағы», –
Деді ғой Леонид Ильичтің өзі!..
– деген екі-ақ жол «бүлдіріп» тұр. Тілге тиек болған осы әндердің қай-қайсысының да әуені жүректі еріксіз тербейтіні өз алдына, жалынды леп, көтеріңкі екпінмен тыңдаушысын едәуір арқаландырып тастайды.
Мимырт тірліктен онсыз да қажып, тарығып, торығып жүрген жұртшылыққа бүгінгідей мияулаған әндер емес, тап осындай рухы биік, жігерлі дүниелер керек. Сондықтан да әуені бай, бірақ мағынасы бастапқы мәнін жоғалтқан жоғарыдағыдай әндерге қайта бір оралып, өңдеуге келетінін өңдеп, кәдеге жаратар болсақ, қандай сауапты іс тындырған бо­лар едік! Осы ретте, Л.Хамидидің «Отан», Ә.Еспаевтың «Бейбітшілік сақ­талады», С.Мұхамеджановтың «Тыныш­тық – әлемге», С.Бәйтерековтің «Күнге табыну», Е.Хасанғалиевтің «Атамекен», Н.Тілендиевтің «Алатау» іспетті, елдік­тің негізін ұлықтайтын патриоттық туын­дыларының қазіргі орындаушылар наза­рынан тыс қалып отырғаны да көңілге қонбайды. Осы жайтқа әзірге тек «МузАрт» тобы ғана ден қоя бастады. Сөйтіп, Н.Тілендиевтің «Өз елім», І.Жақановтың «Жайлаукөл кештері», А.Қоразбаевтың «Сағындым Алматымды», «Үшқоңыр», А.Есмұхановтың «Есіл ағады» тәрізді туған елге, атамекенге деген перзенттік сүйіспеншілікке толы әндерін өзінше өрнекпен байыта орындап жүр. Бұл – өте құптарлық нәрсе.
• Бір анық
Абайдай абыз ақыны «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп жырлаған қазақ үшін ән-жырдың қадірі тіпті бөлек. Жомарт жаратушы халқымыздың маңдайына Әблахат, Әсет, Шәмші, Нұрғиса, Ескендір сынды басқа да көптеген бірегей дарын иелерін берді. Олардың сырсандық кеудесінен күмбірлей төгілген қоңыр әуеннің құдіреттілігі сонша, авторының атын ғасырдан ғасырға жалғап, уақыт өткен сайын бағасы арта түсуде. «Ана туралы жыр», «Қуаныш вальсі», «Армандастар», «Алтыным», «Ұстазым», «Қайдасыңдар, достарым», «Куә бол», «Құстар қайтып барады», «Атамекен», «Әдемі-ау»… Жүйріктің жал-құйрығындай төгіліп түскен бекзат болмысты әндердің бәрін бірдей тізіп шығу тіпті мүмкін емес! Бір анығы, солардың барлығы да белгілі бір кезеңнің ең айшықты бедері іспетті. Және араға талай жылдардың түскеніне қарамастан, бізге бәрі бірдей бүгін де ыстық, бүгін де аяулы.
Әсілі, ән атаулы тыңдаушы санасына ықпал ететіндей керемет құдіретке ие. Сол себепті де, еліміздің өзен-көлін, тау-тасын, жылт еткен жаңалығын, әрбір жақсылығын әнге айналдыру арқылы жас ұрпақтың бойына ұлтжандылық, туған жерге деген махаббат, мақтаныш сезімдерін ұялатуға және жарқын болашаққа деген сенімін ұлғайтуға күш салғанымыз абзал…

 

 

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
“Алаш айнасы” газеті 14 шілде 2009 жыл

0 пікір