«Рахат» базары: «Байбек сотта жеңілді»
Сот Байбектің қаулысының күшін жойды
Алматының әйдік болған «барахолкасындағы» «Рахат» базарына қатысты дау қазақ қоғамында қызу талқы болған еді. Былтыр наурыз айының басында БАҚ пен әлеуметтік желіде: «Алматыда 300-ге тарта кәсіпкер жұмыстарынан айырылып қалуы мүмкін», деген ақпарат жария болды. Онда Алматыдағы «Рахат» базарының жер учаскесі өзге компанияның қолына өтіп кеткені туралы айтылған. Бұл туралы Abai.kz ақпараттық порталында егжей-тегжейлі жаздық.
Кеше Алматыда «Рахат» базарына қатысты аппеляциялық сот отырысы өтті. Сот алқасының құрамы: Диқанбаев, Алихан және Тасыбекова болды. Ашық сот процесіне «ТКМ» ЖШС, «Алматы СПС» ЖШС, Алматы қалалық әкімдігінің, «Рахат» базары кәсіпкерлерінің өкілдері және БАҚ қатысты.
Сот процесі барысында барлық тараптардың уәжін тыңдаған сот алқасы Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбектің 2019 жылдың 6 маусымындағы арнайы (2/2001725) қаулысының күшін жою туралы шешім шығарды. Біз «Рахат» базары мен «ТКМ» ЖШС заңгерлерінің аталған іске қатысты пікірін білдік.
Бір қаулының күшін жою үшін 3 жыл соттастық
Жамиля Туленова, «ТКМ» ЖШС-нің өкілі, заңгер:
- Кеше Алматы қалалық сотының аппеляциялық сот алқасы «ТКМ» ЖШС-нің өз кәсіпкерлері мен «Рахат» базары кәсіпкерлерінің мүддесінде берген шағым-арызы бойынша бірінші сатылы сот шешімінің күшін жойды. Осы аппеляциялық сот алқасының шешімімен «Рахат» базары орналасқан жер теліміне қатысты «Алматы СПС» ЖШС құқығы өз күшін жойып отыр. Атап айтсақ, 2019 жылғы 6 маусымда сол кездегі Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қаулысымен «Рахат» базарының жері «Алматы СПС» фирмасына жиһаз фабрикасын салу үшін берілген болатын. Жер пайдалану мерзімі 5 жылға дейін және «инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін» деп берілген. Осы қаулының айналасында 3 жыл бойы сот тартысы өтті.
Өткен жылдың 1 қарашасында Алматы экономикалық ауданаралық сотының шешімімен «ТКМ-нің» талап-арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын» деген шешім қабылданды. Бұл дегеніміз «Рахат» базары кәсіпкерлері өз орындарын босатып, сол жерді «Алматы СПС-қа» жиһах фабрикасы құрылысын бастау үшін беру керек дегенді білдіретін. Шешіммен келіспеген талапкерлер аппелляциялық сот алқасына жүгінді. Осы аппеляциялық сот алқасы кеше істің мән-жайына барып, экс-әкім Байбектің қаулысының күшін жойғаны біз үшін үлкен жеңіс. Өйткені кезінде әкім Байбек таразының бір басына «Рахат» базарында кәсіп етіп, өз нәпәқасын тауып отырған 300 кәсіпкердің мүддесін, таразының екінші басына Қазақстанда кәсіпкерлік тарихы жоқ, бір күн де кәсіпкерлікпен айналысып, біліктілігін көрсете алмаған беймәлім «Алматы СПС» деген фирмаға берген болатын. Сол қаулысымен жер пайдалану құқығымен қатар, жер кодексінде көрсетілген «ТКМ-нің» жерге артықшылық құқығын толығымен жойған еді. Бұл заңды белден басу. Өзгенің кәсібін рейдерлік жолмен тартып алу деп бағалауға болады.
Байбектің бұйрығы. Мәдиевтің мәмілегерлігі
Біз сол кездегі әкім Бауыржан Байбектің қабылдауында да болдық. 2018 жылы Байбек өзі қаланың бүкіл активін, басқарма басшыларын, қала полициясының бастығын, Ұлттық Қауіпсіздік департаментінің бастығын, қала прокурорын жинап, «ТКМ-нің» өкілдері, бәріміз қатысқан кеңейтілген жиналыс өткізді. Сол жиналыста: «не жағдай болса да мен бұл жерді «ТКМ-ға» бермеймін», - деп өзі жария етті. Сонда отырған әкімдікке қатысты бүкіл органдардың басшыларына сол бағытта жұмыс істеуді және бір аптаның ішінде жерді босатуды талап етті. Бізді көрсетіп, прокурор және құқық қорғау органдарының басшыларына: «мына кісілердің түрін жаттап алыңыздар, егер де халық көтерілсе оларды жауапқа тартыңдар», - деген нұсқау берді. Сүйтті де өзі залдан шықты. Әрі қарай сол кездегі орынбасары Алмас Мәдиев бізді қайта жинап, «әкімнің нұсқауын естідіңіздер, қалай жасаймыз деген әрі қарайғы әрекеттің алгоритмін талқылайық», деген мәселені көтерді. Біздің тарапымыздан айтылғаны халықтың мүддесі, кәсіпкерлердің мүддесі – ол әкімдіктің бас ауруы. Егер де «ТКМ» мен кәсіпкерлердің арасындағы пайдалану туралы келісім-шарт өз күшін жойған болса, әкімдік бұл құқықты – «ТКМ-ға» әрі қарай ұзартуға қарсы болып отырса, жауапкершілікті толығымен өз мойнына алу керек еді. Ал, Байбектің сөзінен: «Мен айттым, бітті, сендер жасаңдар», деген талапты ғана көрдік. Осы жөнінде біз мәселе көтеріп: «Халықты өздерің үн-түнсіз шығарам десеңдер, барыңдар да араласыңдар. Біз құжаттарымызды аламыз да шығып кете береміз. Бірақ соттасамыз. Өйткені, жер кодексіндегі біздегі бұл жерге артықшылық құқығымызды жойған ешкім жоқ. Одан бөлек, бізді ешкім жер комиссиясының қорытындысымен таныстырған жоқ. Қаулыны көрген жоқпыз. Қандай негізбен бас тартып отырғандарымен танысқан жоқпыз. Біз соттасамыз», - дедік. Сөйтіп, ол жиналыс бітті.
Соттасу кезеңі қашан басталды?
Мадиев сол кезде кәсіпкерлермен де кездесті, бәріне түсіндіру жұмысын жүргізе бастады. Бірақ өзі көзі жеткеннен кейін, ол екі ортада Байбектің бетін қайтару үшін біраз жұмыс істеді. Біздің кәсіпкерлер: «Жаңа-жылға дейін орнымыздан қозғамаңыздар, біздің кредитіміз бар, алған тауарымыз бар, қайда барамыз»,- деді. Сонда Байбектің ұсынысын жеткізген лауазымды адамдардың айтқаны: «Кәсіпкерлердің бәрін алыңдар да, «Мизам» базарына көшіріңдер», - деді. Неге «Мизам» базары? «Мизам» базарының ұсынысын тыңдап көрейік деп, тағы Жетісу ауданы әкімдігінде жиналыс болды. Онда «Мизам» базарының директоры қатысушысы Досымхан деген жігіт келіп: «Мен бәріңізді тыңдап отырмын, маған келіңдер. Бірақ, қандай бағаға, қандай талапта, қандай шартпен қабылдайтыным коммерциялық құпия», - деп жария етті. Ашынып отырған кәсіпкерлер ол жігітті залдан қуып шықты. Содан сот тартысы басталып, тек 2019 соңында ғана Байбек қызметінен кетерінде «Алматы СПС-қа» бергенін білдік. 2020 жылдың 20 шілдесінде сотқа Жер қатынастары басқармасы: «Жер инвестициялық жоба үшін берілген», - деп инвестициялық жоба әкеліп ұсынды. Ол жобаны бекіткен Әзербаевтың қолы бар, мөрі бар, датасы жоқ. Урбанистика басқармасының бастығы Ахметжановтың қолы бар, мөрі бар, датасы жоқ. Наурызбеков кәсіпкерлік басқармасының басшысы міндетін атқарушы деп қолын қойған. Ең қызығы жобаны ұйымдастырушы «Алматы СПС-тың» директоры деп Амирбеков деп көрсетілген. Сол құжаттардың ішінде Амирбековтың «Алматы СПС-тың» директоры болып тағайындалған күні 2019 жылдың 2 маусымы деп көрсетілген. Егер де жер комиссиясы 30 мамырда отырып шешім шығарса, инвестициялық жобаны қараған болса, 2019 жылы, қалай 2 маусымда директор болып келген Амирбеков инвестициялық жобаны бекіте алады? Бұл дегеніміз 2019 жылы біз көріп жүрген календарь дұрыс емес, маусым айы мамары айының алдында өтіп кеткен дегенді білдіреді. Соған сендіргісі келді.
Соттар кімнің сойылын соғады?
Сот кезінде, сот алқасы тарапынан лоббилік жасау байқалды. Оны ешкім жасырған да жоқ. Өйткені «ТКМ-нің» бүкіл талап-арызы бойынша экономикалық мамандандырылған ауданаралық сотта бір ғана судьяға беріліп отырды, ол – Қазымбетова. Ол бойынша шағым еткенде аппеляциялық сот алқасының төрағасы Бекназаров: «Оны автоматты түрде бөліп жатыр», - дейді. Ол не деген автомат?.. Бір іс 2019 жылы байқаусызда судья Аймағанбетоваға түсіп қалды. Аймағанбетова істің мән-жайына барды. «Мемлкеттік органдардың «ТКМ-нің» шағым-арызын қабылдаудағы әрекеттері заңсыз», деген шешім шығарды. Ол жерде бәрін ашып көрсетті. Сол шешімде көрсетілген, 2018 жылғы жер комиссиясы 24 сәуірде өткен, ал сол жер комиссиясына дайындаған архитектураның қағаздары 27 сәуірде дайындалған. Ол жерде де сондай кейінгі датаны қойып, «осы ұсыныстың негізінде жер комиссиясы шешім қабылдады», деп отыр. Тағы да олардың календары басқаша жүретінін көрсетіп отыр. Біздің қойған сұрақтарымызға өкілдері жауап бере алған жоқ. Ал, судья Қазымбетова құқықтық баға беруден бас тартты.
Жердің кадастрлық саны дұрыс көрсетілмеген, осы бойынша шағым түсіргенде, өз шешіміндегі кадастрлық нөмірді жөндеді. Соның негізінде бізге айтпастан жаңа қаулы шығарды. Ол қателікті жөндеген. Оның бәріне сот көзін жұмып келді.
Әрекеттерге келсек, оның бәрі мемлекеттік органдар өздерінің құзырлары аумағында қабылданған шешім. Ал, ол «полномочия» деген бір-ақ, сөзге бәрін кіргізді. Егер де ондай уәкілетті құзырлы органдары болса, ол ішкі бір құжатпен бікітілуі керек болатын. Бірде-бір қызметтік инструкция бізге берілген жоқ. Олар құзіретіне не кіретіні жайлы мәліметті осы күнге дейін ала алған жоқпыз. Азербаевтікін талап еткенде, «саяси лауызым қызметтік инструкцияларымен анықталмайды», деген жауап алдық. Бұл әкімдіктің құрамындағы басшылық органдардың бәрі саяси лауазым болса, заңның алдында, халықтың алдында ешқандай жауапкершілікке тартылмайды дегенді білдіреді. Егер де оның әрекеті шектеусіз, заңға бағынбайтын болса, әрине олар ойларына келгенді істейді. Алдарында тұрған мақсат тек қысқарту болды.
Біз Байбекті де үшінші тұлға ретінде сотқа тарттық. Заңда көрсетілген, егер де талапкер біреуді үшінші тұлға ретінде тартса, талапкер жағынан не жауапкер жағынан оны алып тастау туралы өтінішінің негізінде ғана сот процестен шығара алады. Бұл жолы бірінші сатыдағы сот тағы да өздерінің ерекше белсенділігімен, Байбекті үшінші тұлға тарапынан алып тастады. Ол жайлы сот актісін қабылдады. Қасымбековаға біз жақтан қарсылық көп болды және митингіге шығу туралы хабарлама бергеннен кейін, 2020 жылы 27 желтоқсанда бас тартты. «Сот беделіне нұқсан келтіретін болған соң, бұл іспен айналыспаймын», - деп...
Тағы да «бармақ басты, көз қыстылық...»
2021 жылы өзі бас тартқанына қарамастан қайтадан істі қарауына алып, біздің талап-арыз бар және «Алматы СПС-тің» «ТКМ-ға» жерді босатып беру туралы талап-арызын өндіріске қосып, оны қарап шықты. Нақты аталған судьялардың алдында бұл іс бойынша «ТКМ-ге» бас тарту туралы шешім қабылдау деген нұсқау тұрды деп ойлаймын. Өзім солай түсіндім. Оны қолдаған Алматы аппеляциялық соты, ерекше көзге түскен судья Абсеметова, ол Қазымбетованың соңғы шешімінде «Алматы СПС-қа» жер құқығын беруде заң бұзушылық орын алды және «ТКМ-нің» заңды түрде өз құқығын ары қарай қорғайтын мүмкіндіктері бар», деген шешіміндегі мотивировканы өз қаулысында өзгертуге тырысып, «алып тастау керек» деген сөйлемді қосты. Бірақ, шешімді өз күшінде қалдырды. Қай судья болса да, сот шешімін ҚР азаматы атынан шығарған кезде өзінің жеке амбициясын, жеке мүдделі ойларын сот шешіміне енгізуге құқығы жоқ. Сот шешімі қандай формада шығарылуы керек?.. Ол Азаматтық кодекстің 224 бабында нақты көрсетілген. Алматы қаласы судьяларының алдында «Алматы СПС-тің» мүддесі не болмаса Байбектің беделін сақтап қалу деген бір тапсырма тұрғаны айқын.
Бүгін біз Байбек сотта жеңілді деп айта аламыз. Байбектің қаулысы - оның жеке амбициясының өнімі. Сол өнімінің жоқ жерден негізсіз туындағанының куәсі болып отырмыз. Байбек әкім болды, мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлері негізінен «Нұр-Отан» партиясының мүшелері. Ол партияда төрағаның орынбасары болып барған кезде қызметтік лауазымы жағынан ықпалы болмаса да, саяси тұрғыдан оның ықпалы басым болды. Сотта жеңіліс тауып отырған Байбектің амбициясы.
Сағынтаевқа өтініш береміз
Аппеляциялық сот шешім шығарды. Десе де, жер бізге қайтып келген жоқ. Біз бұл шешім арқылы «нулевой километрге» қайтып келдік. Біз қазір сол кездегі өзіміздің артықшылық құқығымызды пайдалынамыз. Жер кодексінің 37 бабында көрсетілген, «жер пайдаланушы сол жерді өзіне берілген аумақта дұрыс пайдаланса, өзгелердің алдында артықышылық құқығы бар». Біз артықшылық құқығымызды пайдаланып, біздің бұрынғы жер пайдалану туралы келісім-шарттың мерзімін жаңа мерзімге созу туралы әкімшілікке өтініш береміз. Бұл ешқандай жер комиссиясы не болмаса аймақтық үйлестіру комитетінде, не басқа органдармен қарым-қатынасының дүниесі емес, біздің өтініш сот шешімдерімен бірге әкімнің алдына кіру керек. Әкім келісім-шартты әрі қарай созу үін жаңа қаулы қабылдауы керек. Заңда көрсетілген жолы осы. Оны әкім соза ма, әлде бірдеңе ойлап таба ма, біз оны білмейміз. Біздің қазіргі қуанышымыз – соттағы жеңісіміз.
Қазір базарда нақты 300 кәсіпкер бар. Барлығы салық төлеп отыр. Барлығы мемлекеттік кіріс департаментінде тіркелген. Ай сайынғы, тіпті, мүліктік салықтарына дейін төлеп отыр. Оның бәрін қадағалап отыру үшін сол жерде арнайы мамандар тартылған. Олар көмектесіп, солардың салығын мемлекеттік бюджетке түсуіне ықпалын тигізіп отыр.
Қысым күшейді
Осы үш жылдың ішінде, әсіресе алғашқыда «жерді босатыңдар» деген талап қалалық әкімдік тарапынан болды. Бұл 2018 мамырынан 2019 жылы, Байбек қызметінен кеткенше қайталанып келді. Байбек кеткеннен кейін 2018 жылғы сот шешімі өз күшіне енді. Содан кейін «Алматы СПС» тарапынан 2020 жылдың басынан басталды. Амирбеков деген бізге бір рет те келген жоқ. Адамдарын жіберіп, «жерді босатыңдар» деген талаптар қойып отырды. Келіссөзге келген адамдармен өзім сөйлесіп отырдым. Бірақ біз: «Соттасып жатырмыз», деп қайтарып отырдық. 2021 жылы қысым күшейді. Күшейгеннен бөлек, арандату жұмыстары көбейді. Кәсіпкерлердің арасында өзара дүрдараз етіп қойған жағдайлар болды. Қайдан келгенін, кім келгенін біз білмедік. Себебі, 2020-21 жылдары екі жағымызда құрылыс жұмыстары жүріп жатты. Сондықтан 2021 жылы 12 наурызда «Атамекенде» кездескенде бәріне түсіндіріліп, шешімі шыққанша екі жақ та тынышталамыз деген мәмілеге келген болатынбыз. Соған қарамастан өткен жылдың соңынан бастап тағы адамдар келіп, «2-3 күнде босатыңдар, болмаса омонмен келіп, мына жердің бәрін бұзамыз, көшіңдер», - деген әңгімелер көбейді. Соңғылары өткен аптада, жексенбі күні келді. Бірақ, кәсіпкерлер бар, күзетіп отырған жігіттер бар, территорияны күзетумен болдық. Оларды кіргізбестен, «сот болып жатқанда бізге келіп берекемізді алмаңыздар», - деп шығарып салдық. Сот шешімі шықты, енді ол әрекеттер тоқтайтын шығар деген үмітіміз бар, сенімдіміз десек те болады.
300-ге жуық жеке кәсіпкер жұмыссыз қалар еді
Бақытжан Базарбек, заңгер:
- Сот экс-әкім Б. Байбектің қаулысының күшін жойды және Біз «ТКМ» базары бойынша атышулы істе жеңіске жеттік. Алматы қаласының әкімдігімен, Алматы қаласының жер қатынастары басқармасымен, Алматы қаласының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасымен өткен 3 жылғы күрделі сот дауы.
Алматы қаласының аудандық соттары мен Алматы МАЭС «Almaty CPS» ЖШС-ке жер учаскесін берудің заңсыздығына және «ТКМ» ЖШС-ке жер учаскесін жалдау шартын ұзартудан бас тартудың заңсыздығына қатысты біздің дәлелдеріміз бен дәйектерімізге тікелей мағынада көз жұмған 3 жылғы сот дауы.
Ал, «ТКМ» ЖШС - бұл ең алдымен 300-ге жуық жеке кәсіпкер. Адал еңбек етіп келе жатқан «Рахат» базары. Олардың құқықтарын біз 3 жыл бойы қорғаумен жүрдік, ақыры дегенімізге жеттік.
Елестетіп көріңізші, егер біз салымыз суға кетіп, соңына дейін бармасақ, отбасыларын, балаларын асырып отырған 300-ге жуық жеке кәсіпкер жұмыссыз қалар еді. Бауыржан Байбек басқарған кездегі әкімдік үшін 300 кәсіпкердің тағдыры түкке тұрмаған еді.
Бір сөз. «Almaty CPS» ЖШС-ке жер телімін беру керек, бітті. Заңға түкіргені бар. Біз Бауыржан Байбектің әкім ретінде «Almaty CPS» ЖШС-ке жер учаскесін беру туралы заңсыз әрекеті үшін сотқа қатысуын талап еттік. Соттар біздің талабымыздан бас тартқанымен қоймай, ЖҚБ мен СЖҚБ лауазымды адамдары күле қарады.
Біз Алматы қаласы МАЭС-та жер комиссиясының барлық мүшелерін іске тартуды талап еттік, бірақ сот Байбекті іске араластырмақ түгілі, олар жер комиссиясының мүшелерін де сотқа тартудан қорықты.
Ал ЖҚБ мен УАиГ заңгерлері «бұлар жер комиссиясының мүшелері сотқа келгенін қалайды екен», деп мысқылдады...
Біз Алматы қаласының МАЭС-да судья сот шешімін дәлелдеу кезінде Алматы қаласы әкімдігі, ЖҚБ және қала сәулеті тарапынан Жер кодексі талаптарының бұзылуын көрсете тұра, Алматы қаласы әкімінің қаулысының күшін жоюдан қорыққан кезді де өз көзімізбен көздік.
Аудандық соттардың барлығы, соның ішінде МАЭС судьялары да «Almaty CPS» ЖШС-ке жер учаскесі беру туралы заңсыз екенін көрді, бірақ Алматының бұрынғы әкіміне жексұрын болудан қорықты. Ол қаланың әкімі әрі «Нұр-Отан» партиясын басқарады, әрине, соттар жұмысынан қағылғысы келмейді!
3 жылғы сот күресінде біз өте көп дәлел жинадық: Ауыл шаруашылығы министрлігі, Жер ресурстарын басқару комитетінің қорытындылары және ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитетінің қорытындылары, әкімдік жанындағы басқармалардың қарама-қайшы жауаптары, жер комиссиясы отырысының аудио және бейнежазбасы, псевдо-инвестжоба «Almaty CPS» ЖШС туралы және басқа да көптеген құжаттар.
Соттар материалдық және іс жүргізу құқығының заң бұзушылықтарын көзге ілмеді, олар бұл дәлелдерді түсінуге де тырыспады. Сұмдық заң бұзышылықтар болды.
Жер кодексінің 37, 43, 44-1-баптарын бұзу яғни, «ТКМ» ЖШС-ке жаңа мерзімге жалдау шартын қарау туралы өтінішті қарауда ғана емес, «Almaty CPS» ЖШС-ке жер учаскесін берудің заңсыздығы өз алдына... Бұл жерде әңгіме әкімдік шенеуніктері ұйымдастырып, бөтен жерді рейдерлік басып алу туралы болып тұр. «ТКМ» ЖШС-ке жер учаскесін заңсыз тартып алып, «Almaty CPS» ЖШС-ке берді. Біз «Almaty CPS» ЖШС құрылтайшысы кім екенін, оның артында кім тұрғанын білеміз. Осыдан-ақ, әкімдіктің «ТКМ» ЖШС-ке берген өтініштен мазақ қылғандай бас тартып, «Almaty CPS» ЖШС-ке жер учаскесін беруге деген біржақты көзқарасын көруге болады.
Біз «ТКМ» ЖШС-нің тағдырын «Атамекен» алаңында талқыладық және осы іске көмектесуге ниет білдіргені үшін ЖП-ға үлкен рахмет. Біз барлық әкімшілік ресурстарына: «Almaty CPS» ЖШС пайдасына шешілгенше соңына дейін тұру керек» деп пәрмен берілгенін түсіндік. Базардың жеке кәсіпкерлері тіпті митингке де шықты. Олар шеруге шыққан жігіттерге келіп: «Кетіңдер!», - деп қорқытып та кетті. Бірақ біз «Рахат» базары мен «ТКМ» ЖШС жеке кәсіпкерлерінің жерге байланысты құқығын соңына дейін қорғадық. Міне, Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы біздің апелляциялық шағымымызды қанағаттандырды және Алматы қаласы әкімдігінің 2019 жылғы қаулысының күшін жойды. Мыңдаған адам, жеке кәсіпкерлер мен олардың отбасы мүшелері соттың әділ шешімін көз жасын төгіп қуана қабылдады. Біздің қолымыздан келді! Күрес жалғасуда, басты жеңіс: Алматы қалалық сотының апелляциялық сатысының қаулысы күшіне енді.
Abai.kz