Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2506 11 пікір 8 Ақпан, 2022 сағат 14:30

«Президент қауіпсіздіктің кепілі. Ол өз міндетін орындады»

Қасіретті қаңтар оқиғаларының аяқталғанына бір айдың жүзі болды. Тәуелсіз Қазақстан бұрын-соңды көрмеген қанды қырғын ел іргесін шайқалтуға шақ қалғаны рас. Көшеге шыққан мындаған бейбіт шерушілердің арасына қосылған бүлікші топтар еліміздің ірі қаласы Алматының бір күнде апай-топайын шағарды.

Әкімдік өртенді, дүкендер тоналды, көліктер қирады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты басуға шақырып қайта-қайта мемлекеттік телеарналардан үндеу жасады, әлеуметтік желіде де хабарлама жазып отырды. Қаңтардағы шерудің арты қанды қырғынға ұласа бастағаннан кейін мемлекет басшысы 5 қаңтар күні ҰҚШҰ әскерлерінен көмек сұрады. Бітімгерлік әскері еліміздің маңызды нысандарын күзетіп, ел іші тынышталған соң 13 қаңтардан бастап Президенттің бұйрығымен Қазақстаннан шығарыла бастады. Миссиясын толық аяқтаған ҰҚШҰ әскері 19 қаңтар күні толықтай елден кетті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар бүлігінен кейін ел тізгінін бұрынғыдан бетер тарта түсті. Мемлекет құрамы өзгертілді. Жауапқа тартылуы тиіс лауазымды тұлғалар жауапкершіліктен қашып құтыла алмайтынын көрдік. Алдағы уақытта әлі де тергеп-тексеру жұмыстары жалғаса бермек. Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» деген ұранынан кейін, Қазақстанның жаңаратынына әркімде бір үміт пайда болды. Бір ай бұрынғы қасіретті қаңтар оқиғаларынан кейін етек-жеңін жаңа жинай бастаған еліміз бұдан қандай сабақ алуы керек? Біз саясаткер Самат Нұртаза мырзаға хабарласып, пікір сұрадық.

Самат Нұртаза:

- Конституция бойынша Президентіміз қауіпсіздіктің кепілі ғой, сондықтан ол кісінің міндеті өз халқын қорғау. Қаңтардың басында бізге қиын-қыстау заман туғанда Президентіміз кейбір елдердің басшылары сияқты қашып кетпей, өз қара басын ойламай, өзінің беделін, биографиясын деуге болады, бәйгеге салып елімізді қорғады. Батыл шешімдер қабылдады. Мүмкін, батыстың сарапшылары, кейбір мемлекеттер ҰҚШҰ құрамындағы мемлекеттерден көмек сұрауды әлі күнге дейін түсінбей отыр. Бұл жерде Қазақстан өзінің достарын көмекке шақырды деп есептеуге болады. Мен оған кәміл сенемін. Себебі, адам өзі қиналғанда достарын шақырады ғой, сол сияқты мемлекетте қиналған тұста достарын шақырды. Достары келді, көмектесті, қорғады, қайтадан елдеріне кетті. Кейбір адамдардың қорқынышы болды ғой, «олар қалып қояды, шықпайды» деген. Олай емес. Әккі дипломат ретінде, кәсіпқой саясаткер ретінде Президентіміз оларды әкеле де білді, шығара да білді. Сондықтан, бұл жерде таза логикамен сөйлеу керек деп есептеймін.

Қаңтар айында, әсіресе, Алматы қаласының халқы зардап шекті. Сондай кезде Мемлекет басшысы жағдайды өз қолына алып, сенімсіз адамдарды лауазымынан айырып, сенімді адамдардың өкілеттігін кеңейтті. Жалпы мәселені шешті деп есептеймін. Осындай қиын-қыстау заманда бір қателік кетіп, Алматы қаласы немесе жақын қалалар терроршыларға, қылмыскерлерге өтіп кеткенде не болар еді? Оны елестетудің өзі қорқынышты. Осы қаңтар қасіретінен кейін бізде бейбіт өмірдің, ашық аспанның қадірін түсіндік. Бұрын ауызбен айтып қана қойсақ, бүгінде жүрекпен түсіндік. Жанып жатқан ғимаратты, көлікті көрдік. Мерт болған бейбіт халықты көрдік. Оққа ұшқан полиция қызметкерлерін көрдік. Сондықтан да, осының бәрі үлкен сабақ болады. «Қанды сабақ» болады деуге негіз бар. Біздің және болашақ ұқпақтың міндеті осы «қанды қаңтардан» сабақ алып, оның қайталанбауына атсалысуымыз керек. Тыныштықтың керемет сый екенін түсініп жатырмыз. Менің тілегім: халқымыз осы тұрақтылық пен тыныштықты бағалай білсе деймін.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394