Жұма, 27 Қыркүйек 2024
46 - сөз 3291 5 пікір 10 Ақпан, 2022 сағат 15:47

Басқару жүйесін өзгертудің екі жолы бар...

Осыған дейінгі қалыптасқан тиімсіз басқару жүйесін өзгерту керектігі анық. Бірақ қалай және қандай жолмен?

Оның 2 жолы бар, біріншісі көтеріліс арқылы өзгерту. Бұны таңдамас бұрын көтеріліс дегеннің не екенін дұрыстап түсініп алуымыз қажет.

Ешбір авторитарлық елде билік өз еркімен немесе аз шығынмен кетпейді. Күштік құрылымдар жәй адамдарды, жәй адамдар оларды аямайды. Екі жақтан да төгілетін қан, қиылған өмірлер, баласын жоғалтып зарлаған аналар мен күңіренген әкелер, өртенген үйлер және қираған қалалар. Өлгеннен кейін моргтен қашып кететін зомби террористер кинодан шын өмірге ауысады. Соғыс һәм хаос.

Сондықтан жылы жерде отырып аттандамас бұрын 4 жасар періштенің маңдайын тескен оқ сізді, немесе туысыңызды аяйды деп ойламаңыз және адам құқықтары дегеннің не екенін білмейтін елден басқаша нәрсе күтпеңіз.
Тірілер өмірінен, жұмысы барлар жұмысынан, наны барлар нанынан айырылады. Су, тоқ, газ дегендер нағыз проблемаға айналады. Салық жиналмай, мемлекет жалақы мен пенсияны бере алмайды. Шеттен келетін инвестиция мен экспорт тоқтайды, қысқасы экономикалық коллапс, аштық.

Ал егер көтерілісшілер билікті басып алса жоғары орындарға көбіне нағыз мамандардан көрі көбіне кім көтерілісте белсендірек болды солар отырады, барлық елдерде солай болды. Бірақ белсенді көтерілісші болу нағыз маман болу дегенді білдірмейді. Су жаңа жемқорлар ескі жемқорлардың орнын басады.

Билік жүйесін өзгертудің екінші жолы ұзағырақ, бірақ ең тиімдісі осы жол. Бұл - білім жүйесін дамыту арқылы елді алға сүйрейтін ұрпақ өсіріп шығару. Олардың санасы бізден мүлдем басқа болуы керек. Олардың өмірлік миссиясы қай жерден жеп кету емес, елді дамыту болады. Нағыз елін сүйген патриоттар, жұмысшылар, полицейлер, ғалымдар және нәтижелі басқарушылар. Өз мүддесін емес, ел мүддесін ойлаушылар. Өз тілін, тарихын, ұлттық мәдениетін сүюшілер.

Бұндай ұрпақ өсіріп шығару үшін ең алдымен жаңа деңгейдегі мыңдаған мұғалімдер қажет, себебі елдің болашақ азаматтары 11 жыл солардың білімін, тәрбиесін алады. Тәрбиемен берілген білімнен артық еш нәрсе жоқ.
Жоғарыда айтылған екінші жолды дұрыс деп таңдаған біздер болашақ мұғалімдерді дайындайтын MDS жобасы арқылы тырысудамыз. Бұл жоба-болашақ дамыған Қазақ Елінің іргетасы. Еліміздің жүздеген азаматтары атсалысуда, біреу қаржылай, біреу еңбегімен дегендей.

Мен босқа өмір сүргім келмейді, өмірімнің мәні болғанын қалаймын. Елімнің жарқын болашағына үлесімді қосқым келеді. Қазір әрекет жасамасақ болашақ ұрпаққа қандай ел қалдырамыз?

Арман Рахмет

Abai.kz

5 пікір