Донбасс пен Луганскі бізге сабақ бола ма?..
Демократия да қауіп тудыруы мүмкін
Қаңтардағы «қанды қырғын» бәрімізді де қалың ойдың құшағында қалдырып кетті. Енді елімізді қайткенде бұрынғы биліктің қалдырып кеткен «мұрасынан» жедел арылып, жаңа биікке қалай көтерілеміз деген үлкен сұрақ алдымызда көлбеңдеп тұрғандығы анық.
Соның бірі – қоғамымызға кең көлемді саяси реформа жасау. Бұл шындығында, қазіргі таңда әбден пісіп-жетілген мәселе екендігі даусыз. Алайда мұны біз аяғынан енді ғана қаз тұрып келе жатқан жас мемлекетімізге қауіп төндірмей, қалай шеше аламыз? Мінекей, біздің ең бір осал жеріміз дәл осы тұс болуы ғажап емес.
Біз неге дәл осылай деп отрымыз? Өйткені демократия деген ұғым қай адамнан да ұлттық сана мен мемлекеттік деңгейде ойлай білу, еліміздің болашағын үнемі естен шығармай әрекет ету дегенді білдіреді. Ал күні ертең елімізде Парламентке депутаттарды, облыс және ірі қалаларының әкімдерін сайлау секілді аса жауапты науқан басталғанда осы үдірістен шыға аламыз ба? Өзгелерді білмеймін, ал менде бұған деген нық сенімім жоқ.
Осы жерде неге деген сұрақ туындауы заңды. Өйткені алдымен еліміздің ұлттық құрамына, олардың орналасқан аймақтарына көз жүгіртіп көріңіз. Анау ұйғыр мен дүнгендердің тығыз отырған жерінен қазақ депутаты мен әкімі қажетті дауыс жинай ала ма? Олардың барлығы да өз ұлтының өкілін ұсынып, соның кандидатурасының өтуіне жанталасып бағары сөзсіз. Мұны аз десеңіз, енді еліміздің терістік, орталық және шығыс аймақтарына көз салыңыз. Оларда қалың орыс ормандай болып, тізіліп отыр. Өзгесі-өзге, мұндағы Қостанай облысындағы жұрттың 60 пайызын өзге ұлттың өкілдері құрайды. Оның сыртында қалған 40 пайыздың кем дегенде жартысы орысша оқыған, орысша тәрбие алған қазақтар. Олардың да анау Иван досына қарай қисаймасына кім кепіл? Демек, мұндағы солтүстік облыстардан не депутаттыққа немесе облыс пен қала әкімдеріне қазақтың сайлана қоюы екіталай. Орталық пен Шығыс Қазақстанның да оңып тұрғаны белгілі. Мұны аз десеңіз, осы күнге дейін Петропавел мен Павлодарды өзгерте алмай жүрген әлсіздігіміз бен жігерсіздігімізді қосыңыз. Сонда ғана қауіптің қай жақтан келетіндігін бағамдай алар едіңіз.
Ал енді осылайша сайланған депутат пен әкімдерден не күтуге болады? Дені дұрыс ештеңе де. Осы уақытқа дейін, Қостанай облысынан сайланған депутаттардың ешқайсының аузынан мұндағы қағажу көріп келе жатқан ана тіліміздің жағдайы хақында жанашырлықпен сөз қозғағанын көрген де, естіген де емеспіз. Орысынан да, қазағынан да. Ертең: «Мені халық сайлады. Маған не істей аласыңдар?», - деп шіренген депутатат пен әкімнен дені дұрыс бірдеңе күте қою қиын. Өйткені олар өздері сайлаған электораттың көңіл-күйіне қарайды. Ал мына терістіктегі қалың көпшілікті құрайтын өзге жұрт өкілдерінің ауыздарының қалай қарай қисаятындығы белгілі. Көпшілігінде сепаратистік пиғыл басым. Кезінде Жириновский секілді арам ниеттілердің еліміздің солтүстік облыстарына көз алартқанда, осында тұрып жатқан орыс өкілінің бірде-бірі олардың арандатушылығына қарсы сыңар ауыз болса да қарсы пікір айтуға жарамады. Орыстардың өздері айтқандай, «үндемегендік - келіскеннің белгісі» болып шықпай ма? Біз Украин жұртына тыныштық бермей, өздерінше бұра тартып, қиғылық салып жатқан Донецк пен Луганск облыстарындағы шовинистердің бүлдіргіш әрекеттерінен неге сабақ алмаймыз?.. Осы бір азғантай топ 40 миллионнан астам Украина халқына қыр көрсеткенде, Ресейге сүйеніп отырған жоқ па? Ал бұлар олардың алдымен жеке бөлініп, өз алдына қуыршақ мемлекет құрып, сосын Ресейдің құрамына кіретіндігіне нық сенімді.
Мұның сыртында қалың қазақ жұптасып отырған аймақтардағы жершілдік пен рушылдық дейтін «ауруды» да ұмытуға болмас. Қай облысқа барсаңыз да әр рудың бір-бір «президентін» кездестіресіз. Күні ертең депутат немесе әкім болуға үміткер бір пысықайдың осы «президенттердің» ауылын араламасына кім кепіл? «Анау руды қайтесің? Одан да біздің руға дауыс бер», - деген пасық ниеттегілерге тойтарыс беретін азаматтар табыла ма? Ауыл-аймақтан ұзамаған, ненің жақсы, ненің жаман екендігіне онша ой жүгірте қоймайтын кейбір пенделердің осындай жалған үгітке құлай кетпесіне кім кепіл?
Біз, әрине, демократиялық құндылықтарға қарсы емеспіз. Өздерінше, ешбір пікір айта алмайтын, қандай да заңға үн-түнсіз қол қоя салатын жалтақ депутаттар мен «әй дейтін әже, қой дейтін қожасы» жоқ, халықтан біржола алшақтаған, биліктен әбден есірген облыс әкімдерін түбірімен жаңартқаннан ешбір зая шекпеспіз. Алайда осы өзгертулерді мемлекетімізге зиян келтірмейтіндей етіп қалай жасауға болады? Билікке ары да, жаны да таза, принципшіл, алдымен қалтасының емес, халқыныа жаны ашитын, патриот жастарды қалай іріктей аламыз? Міне, бүгінгі күннің басты мәселесі осында.
Жайберген Болатов
Abai.kz