Нұрбай Жүсіп. «Қазақ» ұғымы – тектіліктің төресі
Сөз басы
Түркі жұртының тоқмейілсуден асқан дұшпаны жоқ
Білге (Мерген)
Азаттық - қасиетті ұғым. Азаттықты сезіну - адамдығыңды сезіну. Алла тағаланың шексіз құрметіне бөленген тіршілік иесі - адам болса, адамның басына - сана, жүрегіне - сезім, көкірегіне - мақсат, көңіліне - арман берген. Толыққанды адам атану үшін осы қасиеттер тал бойыңнан табылуы, жүрек сезіміне бағынуы тиіс.
«Жүректегі сезімнің ең биігі, шыңы - махаббат» деп жатады кейбіреулер. Ол - рас! Сезімнің биігі - махаббат! Бірақ, махаббаттан да биік тұрған сезім, ол - Азаттық! Махаббат жолында сол сезімге бөленгендер ғана - соның рахатын, яки азабын тартса, Азаттық сезіміне бөленгендер бірлі-жарым болмайды, бүтіндей бір халық болады. Олар осы жолдың шексіз рахатын көреді, не ауыр азабын шегеді. Тіпті жер бетінен жойылып та кетеді.
Бұл тұрғыда қазаққа Құдай жар болды! Қаншама тар жол тайғақ кешуді бастан өткерсе де, елдігін сақтап, ХХ ғасырдың аяғына таман Азаттыққа қол жеткізді. Демек, қазақ - Азаттықтың асыл сезіміне бөленген әлемдегі санаулы халықтың санатында!
Бүгінде Тәуелсіздік тізгіні қолға тигелі Қазақ Елі әлемде өз орнын ойып тұрып алды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басшылығымен алынбас талай асулардан аман-есен, ешнәрсеге соқтықпай өтіп келеміз.
Сөз басы
Түркі жұртының тоқмейілсуден асқан дұшпаны жоқ
Білге (Мерген)
Азаттық - қасиетті ұғым. Азаттықты сезіну - адамдығыңды сезіну. Алла тағаланың шексіз құрметіне бөленген тіршілік иесі - адам болса, адамның басына - сана, жүрегіне - сезім, көкірегіне - мақсат, көңіліне - арман берген. Толыққанды адам атану үшін осы қасиеттер тал бойыңнан табылуы, жүрек сезіміне бағынуы тиіс.
«Жүректегі сезімнің ең биігі, шыңы - махаббат» деп жатады кейбіреулер. Ол - рас! Сезімнің биігі - махаббат! Бірақ, махаббаттан да биік тұрған сезім, ол - Азаттық! Махаббат жолында сол сезімге бөленгендер ғана - соның рахатын, яки азабын тартса, Азаттық сезіміне бөленгендер бірлі-жарым болмайды, бүтіндей бір халық болады. Олар осы жолдың шексіз рахатын көреді, не ауыр азабын шегеді. Тіпті жер бетінен жойылып та кетеді.
Бұл тұрғыда қазаққа Құдай жар болды! Қаншама тар жол тайғақ кешуді бастан өткерсе де, елдігін сақтап, ХХ ғасырдың аяғына таман Азаттыққа қол жеткізді. Демек, қазақ - Азаттықтың асыл сезіміне бөленген әлемдегі санаулы халықтың санатында!
Бүгінде Тәуелсіздік тізгіні қолға тигелі Қазақ Елі әлемде өз орнын ойып тұрып алды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басшылығымен алынбас талай асулардан аман-есен, ешнәрсеге соқтықпай өтіп келеміз.
Еліміз саяси-экономикалық, әлеуметтік салада ешбір елге ұқсамайтын соны жолмен жүруде. Бұл сара жол - өз жемісін беріп те жатыр. Қазақстан сыртқы саясатта да үлкен жетістіктерге жетуде. Халықаралық талай ұйымдар, діни конфессиялар, тағы басқа толып жатқан бірлестіктер Ел жүрегі - Астанада бас қосуда, шешімдер қабылдауда. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ Әлемнің ынтымақ-бірлігін арттыруда өзіндік үлесі бар айтулы елге айналды.
Солай бола тұра, өз Елімізде де шешімі табылмай келе жатқан келелі мәселелер шаш етектен. Солардың бірі және бірегейі - қазақ ұлтының өзара татулығы, тұтастығы. Ол күн тәртібінен түспей келе жатқан күрделі мәселелердің бірі болып қалуда.
Еліміз экономика мен руханиятты қатар ұстап өркендеуге күш салуы керек еді. Өкінішке орай, экономика қолға алынды да, руханият елеусіздеу қалды. Тән қажеттілігі - экономика мен жан қажеттілігі - руханият қанатын тең сермемеген соң, ілгері басқан мұратымыз айналшықтап, кейін серпіліп қалып жатыр.
Ұзын сөздің қысқасы, Тәуелсіздік тізгіні қолға тиген соң, қазақ бірігудің орнына, түп тегін қуалап, бір-біріне іштей кіжініп: «Ә-ә, сен сондай екенсің ғой! «Киімді» бала екенсің ғой! «Кірме» екенсің ғой!» - деген арам ойлары саналарын сарсытып жатыр. Мұндай бөлектеуге «киімділер»: «Иә, біз сендерден бөлек екенбіз ғой! «Есің барда, елімізді табайық!» деп біреуі - анау, біреуі - мынау боп, ғасырлар бойы қалыптасқан ру-тайпа араларына жік түсіп, қым-қиғаш боп жатыр бүгінде!
Рас, тегін білген жөн! «Тегін білмеген - тексіз». Мұны мойындау керек! Алайда, «Қазақ» деген ортақ қасиет, ұлт, қан бірлігі, намыс бірлігі қайда қалды?!
«Қазақ», «қазақ емес», «кірме», «кірме емес» деген етектен алар, төменгі саналылар ойлайтын бейшаралыққа дейін құлдырау - қазақ қоғамындағы бүгінгі қалыптасқан ауыр дерт екені қазір ешкімге де жасырын емес.
Алайда, қазақ бірлігін ойлайтын, шыққан тегін анықтай отырып, «Мен - қазақпын!» дейтін асылдан туар асылдар қазақ арасында аз емес!
«Қазақ» - ол белгілі бір адам емес! Ол - тілі бір, әдет-ғұрпы, салт-санасы, мәдениеті, өмір сүру дағдысы, жері ортақ, ру-тайпалардың басын біріктірер ортақ ұғым. «Қазақ» деген - базбіреулер айтып жүрген «қаз» бен «ақ» сөзінің төркінінен іздейтін аңыз емес, ол - «еркін» дейтін көне түркі сөзі. Иә, «қазақ» - еркін халықтың еркін одағы, ғасырлар сұрыптауынан өткен ортақ қасиеті бар, бүгінгі тұтасқан ұлттың ортақ атауы!
Осыны түсінгендер қазақтың досы, яғни тектілер, түсінбегендер - рушылдыққа бой алдырып, қазақтың тұтастығына қауіп-қатер төндіретіндер - қазақтың қас жауы, яғни тексіздер!
Міне, осылай сұрыптау - тектілер мен тексіздер ара жігін ажыратар тәсіл!
Тектілер - өткенін ажыратып, шыққан тегі мықты бола тұра, «мен - анаумын, мен - мынаумын» демей: «Мен - қазақпын! Мен соны мақтан тұтамын!» дегендер! Елдікті, тұтастықты ойлағандар!
Елдікті, тұтастықты ойламай, Алла тағаланың ең қасиетті сыйы - Азаттықтың қадірін аяқасты етіп, надандықтың қоршауында тоқмейілсіп, жоқ жерден жау іздеп, өзара қырғи қабақ боп, ру-руға бөлініп, іштей іри берсек, түптің түбі, бұл үрдіс өзімізге дұшпанға айналып, Тәңірдің қолдауынан айырылып қаларымыз хақ!
Халқымызды ел қылған «қазақ» ұғымы
Мені «қазақ» дегендер - нағыз досым
Ә.Бөкейханов
Тілі бір, діні бір, ділі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, мәдениеті, тағдыры бір халық болса да, бытырап жүрген тайпа, руларды бір тудың астына жинап, іргелі ел ету - оңай шаруа емес!
Мұның тасасында, қаншама күш-жігер, ақыл-парасат, терең білім керектігін тек қана ақыл иелері ғана білер! Бытырап жүрген ру-тайпалардың жан дүниесінен табылып, баршасын бір тудың астына, «қазақ» деген қасиетті ұғымның саясына жинау бақыты - Шыңғыс хан ұрпақтарының еншісіне тиген болатын. Бұл сында Керей мен Жәнібек хандар алғашқы қазақтар болып, ел тарихының алтын әріптерімен мәңгіге жазылып қалды.
Керей мен Жәнібек хандардың құрған Қазақ хандығының басты жетістігі - халықты идеологиялық шырмаудан алып шығып, «қазақ» ұғымы төңірегіне топтастыра алғандығы еді.
Аталмыш хандықтың тағы бір жетістігі - дала демократиясына негізделген адамзат қоғамындағы ең адамгершілікті, ерікті саяси жүйе болғандығында. Оның бұлтартпас айғағы іспетті - 1456 жылдары Шу өңіріне келген қос хан сол жерді мекен етіп жатқан Әлім тайпасы арасындағы орнатылған мызғымас достық қарым-қатынас.
Кезінде, яғни б.з.д. 330 жылы атақты А.Македонскийдің бетін қайтарған жауынгер Әлім тайпаларымен арадағы достық, кейін Қазақ хандығының жерін кеңейту мақсатында Әлімдердің Арал өңіріне қоныс аударуында да өзара үлкен келісім жатқаны анық-ты. Әлімнің биі Жақайым мен қазақ хандары арасындағы достық, тығыз байланыс - «құда мың жылдық» дегендей, қыз алысып, қыз берісу жағдайында жалғасын таба берді. Оның жарқын мысалы - Әлім Жақайымның немере інісі Есенәлінің бір баласы Кішкененің Жәнібек ханның қызы Құралайға үйленуі. Кейін ол қыз Құланбике аталады. Сол Құланбикеден тараған ұрпақтан «қазақ» ұғымын бәрінен биік қойған, халқының намысын ешкімге таптатпаған атақты Жанқожа батырдың дүниеге келуі де - кездейсоқтық емес!
Әлімнің биі Жақайым ұрпақтары мен хан тұқымдары арасындағы рухани байланыстың тереңдегені сонша - алмағайып заманда жетім қалған хан тұқымдары да қуғын-сүргіннен құтылу үшін әлімдерді, оның ішінде жақайымдарды көбірек паналағаны да бүгінде аңыздан ақиқатқа айналды.
Осы мақаланың авторы, яғни мен (Н.Жүсіп) Жақайым болғандықтан өз руымның шежіресін тереңірек зерттегенімде, таңғаларлық тарихи жаңалықтарға тап болдым. Қазіргі заманнан гөрі сонау жаугершілік заманда «қазақ» ұғымын аса қастерлеп, жоғары қоя білгендігі, «сен ақсүйексің!», «сен қарашасың!» деген кертартпа ұғымның әлі қалыптаспағаны, бәрінің заң алдында, ар алдында тең болғандығы, елдік, адами қасиеттер жауапкершілігінің биіктігі айран-асыр қалдырды.
Бұл турасында анығырақ көз жеткізу үшін өзім зерттеген Хақназар (Ақназар) ханның бір баласының тағдыр тәлкегімен жақайымдар арасына кірігіп кеткен тарихын «Асылдан туар асылдар немесе ұлттық рухты ояту» (авторы - Н.Жүсіп) атты кітаптан үзінді келтірейік. Оқырманға түсінікті болуы үшін сөзді Хақназар (Ақназар) ханның тарихи дерегінен бастайық.
«Хақназар хан
Қасым ханның баласы Хақназар (Ақназар) хан (1538-1580 жылдары билік құрған) тұсында қазақ хандығы қайта бірігіп дами түсті. Хақназар қазақ хандығын 42 жыл биледі. Қазақ хандығының 300 жылдық тарихында Хақназардай ұзақ жыл ел билеген хан болған емес. Ол ел басқару, қиын-қыстау, әскери-саяси істері жағында қажырлы да қабілетті қайраткер болды. Оның үстіне аса күрделі сыртқы жағдайларда дипломатиялық дарыны мол майталман екенін көрсетті.
Хақназар хан таққа отырған соң, хандық үкіметтің билігін нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрынғы Тахир хан және Бұйдаш хан тұсында бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. 1523-24 жылдары жарыққа шыққан қазақ-қырғыз одағын үздіксіз нығайтты, тіпті сол заманның тарихи деректерінде Хақназар хан «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» аталды. Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу әрекетіне тойтарыс берді.
Хақназар хандық құрған дәуірде қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар туды. Бұл кезде батыста күшейе түскен орыс мемлекеті шығысқа қарай ірге кеңейтіп, 1552 жылы Қазан хандығын Ресейге бағындырды. Осы жағдайға байланысты, Еділ мен Жайық арасында ұлан-байтақ өңірді мекендеген Ноғай Ордасы ыдырай бастады.
Ноғай Ордасын билеген маңғыт мырзаларының арасында үкімет билігіне таласқан феодалдық қырқыс үдей түсті, бұл қырқыстар халық бұқарасын қатты күйзелтіп, жаппай наразылық тудырды, Ноғай Ордасы құлдырап, ауыр дағдарысқа тап болды. Хақназар хан тұсында қазақ хандығының күшеюі және халық өмірінің оңалуы, Ноғай ордасына қарасты қазақ тайпаларын қызықтырып өзіне тартты. Ноғай Одағына қарасты көшпелі тайпалардың бір бөлігі қаңылылар, қыпшақтар тағы басқалар Қазақ хандығына келіп қосылып жатты. Оларды Хақназар хан қарсы алып отырды. Ноғай Ордасын билеушілердің бірі Ысмағыл мырза ішкі феодалдық қырқыста өз ағасы Жүсіп мырзаны өлтірді. Жүсіп мырзаның балалары Ысмағыл мырзамен соғысты. Ноғай Ордасында өзара қырқысқан екі топ пайда болды. Ысмағыл мырзаның тобы Мәскеу княздығына қосылуды жақтады, оған қарсы топ Қазақ хандығына қосылуға бой ұрды. Бұл жағдайды пайдаланған қазақ ханы Хақназар Ноғай Ордасының көп ұлысын (бұлардың көбі қазақтың Кіші Жүзі Алшын одағына енген тайпалар) өзіне қосып алды. 1557 жылы Ноғай мырзасы Ысмағыл орыс патшасы Иван VІ-ке: «Менің туыстарым қазір Жайықтың арғы жағында, бізден қалып қойып, қазақ патшасына қосылып кетті» деп арыз айтты. Хақназар хан Ноғай Ордасының ыдырауын пайдаланып, Жайық жағалауындағы көшпелі тайпаларды қазақ хандығына қосып алумен ғана тынбады. Ысмағыл мырза бастап, батысқа қарай ауған ноғайларға қуалай шабуыл жасап, оларды одан әрмен ығыстырып, ірге кеңейту әрекетін жасады. Орыс патшасы Иван VІ-нің ноғай арасына жіберген елшісі Семен Мальцев 1569 жылы орыс патшасына: «Хақназар патшаның, Шығай ханзаданың, Шалым ханзаданың қазақ ордалары, ал олармен қоса 20 ханзада ноғайға келіп, ұрыс болды» деп хабарлаған. Жоғарыдағы шабуылдар батысқа қарай ауған ноғай тайпаларының Еділ мен Жайық өңірін тастап, Дон сахараларына қарай кетуіне себеп болды. Бұл жөнінде тарихшы Ахмет Заки Уәлиди: «1569 жылы Шығай, Хақназар, Шалым сұлтандар бірлесіп, Ысмағылдың баласы Орыс сұлтанға шабуыл жасады, осыдан соң ұзақ тұрмай, ноғай мырзалары ақырындап елдерін Жайық пен Еділдің батыс жағына, Дон сахараларына көшіруге, башқұрт елдерін тастауға мәжбүр болды» дейді. Бұл жеңіс Қазақ хандығының жерін кеңейтіп, күш-қуаты мен беделін арттырды, тарихи деректемелерде қазақ ханы Хақназарды «қазақтар мен ноғайлардың ханы» деп атаған.
ХVІ ғасырдың ортасында ауыр дағдарысқа ұшыраған Ноғай одағы ішкі феодалдық қайшылықтар мен қырқыстардың және халық бұқарасының феодалдық үстемдік пен қанауға қарсы күрестерінің нәтижесінде бордай тозып, 1569 жылдан соң мемлекет ретінде өмір сүруден қалды. Бұрын Ноғай одағына қараған қазақ тайпалары және олардың этникалық территориясы Қазақ хандығына бірікті. Бұрын Ноғай одағының астанасы болып келген Сарайшық қаласы да қазақ хандығына өтті. Бұл қазақ хандығының, қазақ тайпаларының және қазақтардың этникалық территориясын біріктіру жолында жасаған жеңісті қадамдарының бірі болды. Сонымен қатар, ноғайлы дәуірінде жасалған немесе жаңғыртылып жырланған қыруар жырлар, «Қырық батыр жыры» сынды алып эпос қазақ мәдениетінің қазынасына қосылды.
Ноғай ордасының ыдырауы, оған қарасты қазақ тайпалары мен олардың мекендеген жерлерінің қазақ хандығына қосылуы хандықтың батыс, солтүстік және оңтүстік жағындағы жағдайда өзгеріс тударды. Орыс мемлекеті мен қазақ хандығы арасындағы кең өңірді алып жатқан Ноғай Одағының ыдырауы, оның бір бөлігінің қазақ хандығына қосылып, енді бірі орыс патшасына бағынуы шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасын қазаққа жақындата түсті. 1563 жылы Сібір хандығының билігін тартып алған Көшім хан ендігі жерде қазақ хандығына дұшпандық позиция ұстанды. Оның үстіне моңғол билеушілері мен қазақ хандарының арасында да қақтығыстар болып отырды. Осындай күрделі жағдайлармен есептескен Хақназар хан қазақ хандығының сыртқы саясатын өзгертті. Өзінен бұрынғы қазақ хандары үнемі жауласып келген Мауараннахрдағы Шайбани әулетімен одақтастық байланыс орнатуға ұмтылды. Орта Азияның ең ірі қалаларының бірі Ташкентті басып алуға бағытталған әскери қимылдарын тоқтатты. Сөйтіп, Шайбани әулетінен шыққан Бұқара ханы Абдолла ІІ-мен қазақ ханы Хақназар «қастаспай дос болып, өзара көмектесу» жөнінде «анттастық шарт» жасасты. Хақназар ханның бұл дипломатиялық шарасы оңды болды. ХVІ ғасырдың 60 ж. соңы мен 70 ж. басында соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады, қазақтардың Орта Азия халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы одан әрі өрістеді. Мұның өзі қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, халқының шаруашылық өмірінің оңалуына тиімді болды. Сонымен қатар, қазақ хандығын да нығайта түсті.
Бұқара ханы Абдолла ІІ (1557-1598) тұсында Ташкент маңын Норозахмет (Барақ) ханның баласы Баба сұлтан биледі. Ол Бұқараға бағынбай өз алдына тұрды. Үнемі Абдолла ханмен соғысты. Сөйтіп, Баба сұлтан Бұқара хандығынан бөлініп шығуға әрекет етті. Қазақ ханы Хақназар өзбек хандарының өзара қырқысына араласып, біресе Абдолла ханды, біресе Баба сұлтанды қолдап, екеуін де әлсіретуге, осы арқылы өздеріне үлкен пайда түсіруге тырысып бақты. 1579 жылы Абдолла хан екінші шеру тартып, Баба сұлтанға қарсы жорық жасады. Қазақ ханы Хақназар оның Баба сұлтанға қарсы күресін қолдады. Қазақ хандығы осының боданына Абдолла ханнан Түркістан аймағындағы бірнеше қаланы қайтарып алды. Бұдан кейін Ташкент билеушісі Баба сұлтан қазақ хандығына Түркістан, Сауран қалаларын бергенде, қазақ сұлтандары бір мезгіл Баба сұлтанды қолдады. 1579 жылдың екінші жартысында қазақ сұлтандары әскерлерімен Ташкентке келді. Олар қайтадан Абдолла жаққа шықпақ болып, Ташкент билеушісі Баба сұлтанға қарсы әрекет істеді. Бірақ, бұл астыртын әрекетті сезген Баба сұлтан қазақ сұлтаны Жалымды, оның екі ұлын, Хақназар ханның ұлын өлтіреді. Іле-шала оның астыртын жіберген адамы 1580 жылы Хақназар ханды өлтіреді.
Бозғыл (Құба)
Хақназар хан жорықта жүріп, баласынан айырылып, кейін өзі де құрбан болғаннан кейін соңында үш бала қалады. Олар: Дінмұхамед, Мұңғылтай, Бозғыл (Құба). Кейін Дінмұхамед біраз жыл Ташкент пен Хиуаны басқарады. Одан соң Хақназар (Ақназар) ханның тұқымдары тарихи себептермен билік басына келе алмады. Қазақ хандығының тізгінін 16-ғасырдан 19-ғасырға дейінгі аралықта Жәнібек ханның ұлы Жадық сұлтаннан тараған хандар ұстайды.
Хақназар (Ақназар) ханның 1579 жылы үйленген соңғы әйелінен туған Бозғыл (Құба) атты баласының тағдыры Арал өңірін мекен етіп келе жатқан халық тағдырымен тамырлас болғандықтан, ендігі әңгімені Бозғылдан (Құба) өрбітуді жөн көрдік.
Хақназар (Ақназар) соңғы әйеліне үйленіп, отасқаннан кейін бір айдан соң, жау қолынан қаза табады. Соңғы алған әйелі жаугершілік заманның құрбаны болып, қалмақ Қарақұла батырдың қолына түседі. Күңдікке алып келгеннен кейін, көп ұазамай Қарақұланың бала көтере алмай жүрген тоқалының қызметшісі болады. Тұтқын жас әйелдің екіқабат екенін байқаған Қарақұланың әйелі мұны ерекше қамқорлыққа алады. Тектілігіне тәнті болған ол, қызметшісімен құрбысындай сырласады. «Босанғаннан кейін, баланы бауырыма бассаң, азаттық алып беруге көмектесемін» - дейді. Тұтқын жас әйел: «Егер ұл босансам, аты - Бозғыл болсын, осыған келіссең, мен де сенің талабыңды орындаймын» - деп кесімді сөзін айтады. Екі әйел осылайша құпия келісімдерін жасап, ана дүниеге кеткенше сыр ашпауға серттеседі. Бозғыл есімі баланың бойтұмарына жазылатын болады. Бозғыл деп қою себебі жас әйел Шөмекейдің Бозғыл руынан екен. Түптің түбі,бала қазақ екенін ұмытпасын деген-ау! Осылай байлам жасаған жас әйел екіқабаттылығын жасырып, Қарақұланың әйелі «екіқабатпын» деп жариялап, айы, күні толғанда, жоспарын іске асырады. Екі мұңлықтың тілегін Алла Тағала қолдап, ұл бала дүниеге келеді.
Ұлды болғанынан хабардар болған Қарақұла қырық күн той жасап, «сүйіншісін өзім алам» деген босанған әйеліне келеді.
- «Сүйіншіні өзім аламын» деген екенсің. Тілегіңді айт! - дейді.
- Батыр, тілегімді берсең, айтамын, - дейді әйелі.
- Сен тарығып жүріп, осындай қуанышты болып жатқанында, тілегіңді орындамай қайтейін. Айта бер, - дейді Қарақұла.
- Айтсам, мына қазақ әйелінің жолы құтты болды. Мен қырыққа келгенше тумай жүріп, ер бала таптым. Әрі маған істеген қызметі де артық болды. Сондықтан, осы әйелдің бас бостандығын беруіңізді өтінемін. Екіншіден, он бес еркек, он бес әйел, отыз нөкерімен еліне, өзінің барам деген жеріне аман-есен жеткізіп тастауыңызды сұраймын. Осы тілегімді орындасаңыз, екі дүниеде де ризамын, - деп әйелі әңгімесін түйіндейді.
Қуанышты батыр әйелінің бар тілегін орындайды. Ертеңіне батыр елінің данышпандарын жиып, балаға ат қойғызады. Көп талқыдан соң, бір қарт данышпан: «Бұл баланың аты Құба болсын!» дейді. Көп осы атқа тоқталып, бала Құба атанады. Бірақ, Алла Тағала алдында ант ішісіп, Бозғыл есімі жазылған қағаз тұмарда жасырылып қалады.
Алла Тағаланың қолдауы ма, қалмақтардың қойған аты Құба да, қазақша мағынасында «Бозғыл», «Боз» - деген екен. Өйткені, баланың түсі қалмақтардан өзгеше - ашаңдау болды.
Құба жастайынан зерек болып өседі. Алты жасқа келгенде, қара танып, оқи бастайды. Қытай, түрік, араб тілдерін түгел меңгереді. Он екі жасынан мемлекеттік іс жүргізуді үйренеді. Жиырма бір жасынан жауынгерлік шеберлігін шыңдап, қонтайшыны қорғайтын ұланның әскербасы болады. Бір жылдан соң, әкесі Қарақұла қайтыс болып, ойрат халқының тізгініне Қарақұланың Батыр деген баласы ие болады. Ол көп ұзамай қазақ халқын жаулап алудың қамына кіріседі. Әр тұстан бөлек-бөлек барлау жасап, қазақ жерінің әлсіз тұсын білу мақсатында дүркін-дүркін шабуылдар жасап тұрды.
Сол шабуылдардың бірінде, Жақайымның (Әлім) немересі Асан батыр қаза болады. Жорыққа аттанарда: «Мен әкем Ақбурадан жалғыз едім. Бүгін түнде түс көріп, түсімнен қорқып тұрмын. Егер мен жау қолынан қаза тапсам, әйелімнің құрсағындағы бала ұл болса, атын Асан қойыңдар. Қыз бала болса, өздерің біліңдер» - деп аманаттап кеткен-ді. «Аманатқа қиянат жүрмейді» деген, әйелі үш айдан кейін босанып, ұл баланы дүниеге әкелген соң, баланың атын Асан қояды.
Бұл кіші Асан анасы Мақпалдың әмеңгерлік жолмен тұрмысқа шыққан күйеуі, өзінің немере ағасы Көлімбеттің қолында ер жетеді. Кейін арандатушылардың кесірінен арада келіспеушілік пайда болып, анасымен бөлек кетеді. Көлімбеттің қолында Мақпалдан туған төрт бала: Әйтімбет, Дандай, Бәселек, Бозтай қалады. Күн артынан күн өткенде, кіші Асан өшпенді болып қалыптасады да, он сегіз жасында «Қанға - қан!» ұранымен әкесі - үлкен Асанның кегін алу үшін жауына қырғидай тиеді. Ол уақытта Жақайым ауылы Шу өзенінің жағасында екен. Кіші Асанның мұндай қанқұйлы соғысынан шошынған ағайындары «Түбі бізді бірдеңеге ұрындырар» деген оймен іргесін аулақ салып, өзін жалғыз тастап, Сыр бойына үдере көшіп кетеді. Жалғыз қалған Асан саны мардымсыз сарбаздарымен талай мәрте шайқасып, әлденеше рет тұтқынға да түседі.
Осы тұста тумысынан зерек Құба (Бозғыл) бойтұмарындағы жазылған есімінен-ақ, өзінің қазақ екенін іштей сезіп жүретін. Сол себепті Құба тұтқынға түскен талай қазақтарды «шекараға бекініс салдырам» деген желеумен өлім жазасынан құтқарып, талайын елден қашыртып жіберетін-ді. Сондай қашып құтылып кеткен қазақтардың ішінде талай рет Асан да болған еді.
Мұндай басына қатер төндірер іс ел арасында жата ма? Ойрат елінде гуілдеген өсек етек алады. «Қарақұланың қырыққа келгенше тумаған әйелі аяқ асты бала көтеріп, туа қалатын реті жоқ еді. Осы баланың қазақтарға іштартып тұруы - сол кездегі тұтқын қақзақ әйелінің баласы болмаса игі еді. Өйткені, күңдікке келген әйелді отыз нөкерімен еліне апарып тастаудың еш мәнісі жоқ еді» деген мағынадағы жел сөз елдің ханы, әрі әскери қолбасшы Батырдың да құлағына жетеді.
Бұл сөздің анық-қанығына жету үшін елде айрықша уәкілдік құрылады. Уәкілдер Батырдың тумаған шешесін тергейін десе, ол әлдеқашан қайтыс болып кеткен. Бірақ, қыз кезінен тумаған шешесіне қызмет етіп келе жатқан бір күң әйел бар сырды біледі екен. Оны тыңшылар арқылы анықтап, тергеуге алады. Жантүршігерлік ауыр азаптаудан кейін, ант бұзылып, шындық айтылады.
Құпия ашылған соң, Батыр: «Құба ұсталып, дарға асылсын!» деген бұйрық шығарады. Достары арқылы құлағдар болған Құба ертерек қам қылып, сол түнде өзіне шынайы берілген отыз нөкерімен қашып, қазақ жеріне өтіп кетеді.
Ол күнде Құба алпыстан асқан шағы еді. Жау қолында қалған балаларының тағдыры жанын күйзелтті. Бірақ, амал не? Тек жанына медеу етер жұбанышы - халқына деген адалдықтан ауытқымағаны. Күндердің күні болғанда, ұрпақ алдында рухы биік тұрары анық-ты.
Құба баяғы өзінің құтқарып жіберген Асан батырын іздеп келеді.
Әлім еліне келген соң, Құба жақайым Асан батырдың қызы Күнбибіге үйленеді. Одан Мәделі атты ұл сүйеді. Өкініштісі сол, Күнбибі апамыз бала үстінен қайтыс болады да, ұзамай елге келген обадан Құба да о дүниелік болады. Жетім қалған Мәделіні Асанның үлкен баласы Түктібайдың жаңа босанып отырған әйелі Жанбике бауырына алады. Өте қайратты боп өскен Мәделі тоғыз жасқа келгенде, ауыл балаларын шыдатпай, содан жанжал туып, елден кетуге мәжбүр болады.
Тағдыры өте қатал болған Мәделі өмір сынынан сүрінбей өтіп, Хиуа хандығының белгілі адамы болады. Одан Бүкірек атты әскери өнерге аса жетік бала дүниеге келеді. Осы Бүкірек батыр кейін қазақ даласын шарлап кеткен, аттары аңызға айналған «Мың бала» жасағын тәрбиелеп шығарады.
Еліне өкпелеп кеткен әкесі Мәделінің жағдайын жақсы білетін Бүкірек батырдың елге қайта оралуы да отаншылдыққа толы үлкен оқиға!
Аталмыш кітаптан бұл туралы үзінді келтірсек: «Өкініш өзегін өртеген Шеке батыр әрі інісі, әрі жиені Бүкіректі елге қайтарудың жайын ойлай бастайды. Хорезм еліне үш рет іздеп барады.
Үшіншісінде:
- Әй, Бүкірек! Сен менің інімсің, әрі жиенімсің! Бұл жолы мен сені туысқаным деп келіп тұрғаным жоқ! Сені қазақ деп келіп тұрмын! Бабаң әз-Жәнібек бытырап жүрген халықты бір тудың астына біріктіріп, «қазақ» атандырып, іргелі ел жасап еді. Берідегі тағы бір ұлы бабаң Хақназар бүкіл ноғайлыны қазақтың құрамына қосып, ұлы ел қылған еді. Атаң Бозғыл үзілерінде: «Бабаларымдай қазаққа шерепетім тимеді-ау! Мәделім саған аманат! Дұрыстап тәрбиелеп, қазақтың мүддесіне қызмет ететін азамат қыл!.. Ұрпақтары да қазаққа қалтқысыз қызмет етсін! «Төреміз» дегендерінің төбесінен ұр! «Қазақпыз» дегендерді төбеге көтеріңдер! Соңғы тілегім осы болсын!» - деп Жанбике әжеңнің қолына өз аталарының алтын шежіресін табыстап кеткен еді..
Ата-бабаларыңның аманатына адалмын десең, қазақпын десең, соңымнан ер! - деп, Шеке батыр қатты қатуланып, атының басын бұрып, еліне қарай шаба жөнеледі.
Шеке батырдың сөзі сүйегінен өтіп кеткен Бүкірек, сөзге келместен, соңынан еруге мәжбүр болады. Бір жағынан, әкесі Мәделі де жақында о дүниелік болған-ды. Енді қарайлайтын ештеңе де жоқ.
Бүкірек батырдың қазақ еліне оралуы - 1705 жылы болатын. Бұл кезде Бүкірек батыр 23 жаста еді.
Жоңғарлармен болған талай шайқастардың бел ортасында жүріп, отаншылдықтың жарқын үлгісін көрсеткен Бүкірек батыр о дүниелік сапарға аттанар алдында ұрпақтарын жинап ап:
«Ұрпақтарым, менің де үзілер шағым келді. Бұл дүниеде халқының бақыты үшін күрескеннен артық ештеңе жоқ екен. Өткеніңе ой жүгіртсең, рухтанасың! Сонау заманда ел бола алмай, әркімнің етегінен ұстап жүрген халықты «қазақ» деген тудың астына біріктіріп, тілі, діні, ділі бір ел жасаған еді, сендердің бабаларың - Керей мен Жәнібек. Пенделік мүддеден ұлттық мүддені жоғары қоюды ұрпақтарына аманат етіп кетіп еді. Сол дәстүр бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Мен де өз кезегімде бабалар аманатын адал орындадым деп есептеймін. Енді сол дәстүрді жалғастыру - сендердің еншілеріңде. Бабалар аманатына адал болыңдар! Пендеуи майдалыққа салынбаңдар! Өмірде кейбір қиындықтар болады. Қандай қиындықтар болса да, елдік қасиеттеріңді жоғары ұстай біліңдер!
Сендер ұлттық намысты ту етіп келе жатқан асыл тұқымысыңдар! Асылды ешқашан тот баспайды. Егер кімде-кім көңілдеріне тот бастырып алса, онда ол асылдың тұқымы болмағаны. Көңілдеріңе келсе де, айтайын, ондай адам - есіктегі құлдан туған болып есептелінеді. Кімде-кім ұлт атына кір келтіріп алса - солай бағаланады.
Сондықтан, ең ауыр аманат сол - қандай заман болмасын, ұлт мүддесіне қайшы әрекет жасамаңдар!
Менің соңғы аманатым - осы!» - деп, аманатын ұрпақтарына арқалатып кетіпті.
Бабалар аманатына адал Бүкірек батырдың бүгінгі ұрпақтары «қазақ» деген ұғымды бәрінен биік қоя алып жүр. Ар алдындағы адалдығынан танбай келе жатқан Бүкірек тұқымдарының бірі - Ақтау қаласының тұрғыны Әлім Жантеке. Ол өзінің қазақ алдындағы перзенттік борышын адал атқарып, елдің бірлігін, Ұлт рухын көтерудегі өткір мақалалары халық арасында кең қолдау табуда.
Хақназар (Ақназар) бабасының жатқан жері - Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданындағы хан ордасына «Хақназар (Ақназар) кешенді кесенесін» тұрғызып, үстіміздегі жылдың 6 қазаны күні бүкіл халықты шақырып, ас беруге дайындық жасады, ешкімді де бөле-жармай бүгінгі бабасы «Әлім Жақайым» кесенесінің тұрғызылуына да 1 млн. теңге аударып, халық бірлігі үшін тындырған мұндай жұмыстары - «қазақ» ұғымын жоғары қоюдағы игілікті ісінің бір парасы ғана дер едік.
Лайым, «қазақ» ұғымын жоғары қоятын мұндай азаматтарымыз көбейе берсе дейміз!
Нұрбай ЖҮСІП,
Арал ауданы
Қызылорда облысы
«Abai.kz»