Мау Зыдұң, Саддам Хусейн һәм Назарбаев
МЕМЛЕКЕТШІЛДІК ТАРИХЫМЫЗҒА ҚАРА КҮЙЕ ЖАҒЫЛУЫНАН САҚ БОЛАЙЫҚ
Сайын сахараның төсінде алмағайып аунаған ғасырлар көші түркі жұртын сынаққа көбірек салды. Әсіресе, орыс, қытай, түркі болған үш алпауыттың соңғы ұтысында біздің десіміз пәстеп, рухымыз әлсіреді. Екі көршіге жалтақтайтын ұсақ мемлекеттерге бөліндік.
Мен-мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде,
Еңіреген ер едім.
Истайдың барында,
Екі тарлан бөрі едім.
Қай қазақтан кем едім?! – деп Махамбет айтқандай азуын айға білеген Түркі кезеңінде қандай едік!?
Арғы жағы сақ, ғұн империясы болып тарихқа таңбаланған бұл елдің бағы жанған тұсында бүкіл дүниені дүбірлеткенін баршамыз білеміз. Сақ ханышайымы Томирис, Түмен қаған және оның ұлы Мөде, Аттила, Құтлық (Елтеріс), Тоныкөк, Күлтегін, Қапаған, Білге қаған, Тұғырыл хан, Таян хан, Шыңғыс хан сынды бір желіге көгенделіп, бір-біріне билік ауысқан баһадүрлер тұсында ешкім оларға бет қараған емес. Бір бәйтеректің бұтақтары болған үйсін, қаңлы, түркеш, қарлұқ, оғыз, қимақ, керей, найман, қыпшақ, қарахан сынды тайпалар одағынан құрылған мемлекеттер де үнемі өзін нығайтуға немесе бірігуге ұмтылып отырды. Осының бәрінің басын қосқан Шыңғыс өз ұлдарына енші бөлгенде, бүгінгі қазақ жерінің ұлтанды бөлегін Жошы, Шағатай, Үгедейлерге сыйлады. Жошы ұлысы негізінде Ақ Орда, Алтын орда – Ұлық ұлыс мемлекеті қалыптасты.
Шыңғысхан құрған түркі-моңғол империясы туралы бір ғана ой айтар болсақ, ол бізді жаулаушы ма, әлде көшпенділер одағын біріктіріп, алып империя құрушы ма деген сауалдың басын әліге дейін аша алғамыз жоқ. Кешегі күні бас көтерген Жоңғарлардың идеясы да елді қырып-жойып, құртып жіберу емес, көшпенділердің алып империясын құрып, оған өздері иелік ету болғанын да айта алмай келеміз. Шын мәнінде жоңғар бір миллион қазақты қырғындаса, орыс отаршылдары үш миллион қазақты қырып, екі миллионын босқын етті. Мұның бәрін білу – елдікті тану мәселелеріне саяды.
Осындай сан түрлі зұлматты, отарлауды бастан кешкен түркі халқына Күлтегін ескерткішінде айтылғандай бір ғана Тәңірі жар болды. Қайсар, өр, рухты осы халықтың белді мұрагерлерінің бірі болған қазаққа да Алланың шуағы түсті. Демек, алтын арқау жіңішкерсе де үзілмеді, тоз-тозы шықсада құрып жоғалмады.
Оның құрып-жоғалмауының, тарих сахнасында табан тіреп қалуының бір негізі – оның тектілігінде болды. Тектілік негізіндегі ер жүректік, тазалық, бауырмалдық сынды сан түрлі ізгілікті қанына сіңірген көшпенділер одағы далалық заңды басшылыққа ала отырып, ұрпағына өшпес өнегесін мирас етті. Түркіліктің сүтпен бітіп, сүйекке сіңген бағзы қасиеті қазақ сынды халықтың алтын өзегі болып қайта бас көтерді.
Өтпелі кезеңдер, бізді қиын сынаққа салған дәуірлер сан ғасырдан бері қайталанып келеді. Бүгінгі қазақстандағы билік құрлымында болған ішкі талас-тартыс пен саяси төңкеріс және халық наразылығы сынды қордаланған мәселелердің ушығуы да сол тұтас тарихымыздың бір беті ғана. Саяси қозғалыс болсын, ішкі ереуіл болсын үрейлі дүрбелеңге мұрындық болса да, Аллаға шүкір, іргеміз бүтін, елдігіміз еңселі.
Ендеше, төрткіл дүние қазақ мемлекетінің осы бір өтпелі дәуірді қалай бір жайлы ететініне көз тігіп отыр.
Қазақ мемлекеті – Қазақстан Республикасы ел болып еңсесін көтергелі отыз жыл болып еді. Халықтық наразылықтарды айтпағанда ел аман, жұрт тыныш. Өз қотырымызды өзіміз қасып келдік. «Бас жарылса бөрік ішінде болды, қол сынса жең ішінде» болды.
Ал, енді «қаңтардың қанды оқиғасы» аталған биылғы жылдың 4-5 қаңтарынан басталған ел ішіндегі әр түрлі оқиғаларда ішкі-сыртқы күштердің ықпалы да, өсек-аяңы да аз болған жоқ. Ел ішіндегі ақпарат құралдары ашық айтпаса да, шетелдік ақпараттар мен әлеуметтік желілерде бұл оқиғаны Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың билік таласы етіп көрсетті. «Назарбаев қашып кетті, Тоқаев бар билікті өз қолына алды» деген сөздер де гуледі.
Тұңғыш президентке тән ерекше өкілеттіліктердің күшін жоюы мен оның ұл-қыз, туысқан, інілерінің қызметтен кетуі жұрт күдігін ұлғайтты. «Шал бала-шағасын билікке араластырып, ойына келгенін істеп еді, өзіне де обал жоқ» деушілер де көп болды. Билік тарапынан да, халық тарапынан да мемлекет қазынасына қол сұққан бассыздықтардың белең бергені жаппай айтылды. Кінәлілер бір-бірден орын тағын босатып, түрмеге тоғытылғандар көбейді. Ел экономикасын нығайту бағытындағы жаңа бастамалар үмітке жетеледі.
Шын мәнінде осының бәрі де мемлекеттің өз ішінде болып жатқан саяси және әлеуметтік оқиғалар.
Ендігі мәселе мынада – арғы жағы түркіден бастау алып, шаңырақ көтергеніне 30 жыл болған қазақ тарихына осы өтпелі кезең қалай таңбаланады? «Жемқор билік елді 30 жыл шулатып, ақыры құрып-жоғалды» деп жазамыз ба? «Тұңғыш президент елді басқаруда дұрыс саясат қолданбағандықтан халық наразылығымен қудаланды» дейміз бе? Әлде жас мемлекетіміз басып өткен 30 жылды жоққа шығарамыз ба?
Әлемдік тарих пен тәжірибелерге үңілгенде ел тарихына күйе болып жағылатын осындай қалтарыс беттер, теріскей сәттер, жеке тұлғалардың жаза басқан қадамы қай деңгейде бағаланды, таңбаланды?
Қытай реформаторы Дың Шияупиң (Дэн Сяопин) ел тарихының дәл осындай өтпелі кезеңінде: «Мау Зыдұңның (Мао Цзэдун) 70 пайыз еңбегі, 30 пайыз қателігі бар. Отыз пайыздық қателігі 70 пайыздық еңбегін жоққа шығара алмайды» деп өзіне жау болып, көзін құртпақ болған Мау Зыдұңды қорғап қалып еді. Ең бастысы ел тарихын қара, қызыл бояулармен сызып тастамауды көздегені анық. Оның ар жағында қытай мемлекетінің мемлекетшілдік тарихы жатты. Жаңа қытай мемлекетінің алғашқы көсемі қараланса, қытай тарихына, мемлекет тарихына қара күйе жағылады деп ойласа керек. Сөйтіп, бүкіл қытай халқы екі ұдайлық күймен әңкі-тәңкі болған қиын сәтте саяси дәуірдің күрделі жұмбағын шешті.
2006 жылы Ирақ соты АҚШ-тың тікелей ықпалымен экс-президент Саддам Хусейнді өлім жазасына үкім етті. Нәтижесінде өз халқы елі үшін еңіреген ерінен айрылып, өзгенің ықпалын қабылдауға мойын ұсынды. Францияның әкс-президенті Жак Ширак та жазаланып, ел тарихына көлеңкелі бет қалдырды.
Нұрсұлтан Назарбаев қазақ мемлекетінің тұңғыш президенті ретінде тарихқа таңбаланды. Оның елдіктің іргесін бекемдеу жолындағы еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Шетелдегі қазақты отанына оралту жолындағы тарихи рөлі мен қызметі де ерекше.
Жақында өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XXI Сьезінде Қазақстан Республикасының президенті Қ-Ж.Тоқаев: «Қазір ел ішінде түрлі жағымсыз әңгімелер тарап жатқанын білемін. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ретінде тағы да қайталап айтамын: Тұңғыш Президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді. Кемшілік жіберген кезі болса, оны елдің кейінгі басшылары таразыға тартатын болады», - деді.
«Халық айтса қалт айтпайды» дегендей, ел аузындағы «бала-шағасын билікке араластырып қолын бұлғады» деуі де, «айналасына алаяқ қырық уәзірді жинап алды» деуі де тегін болмаса керек. Отыз жыл бойы билік тізгінін бір адамның ұстауы көп жағдайда қателікке ұрындыратынын тарих талай мәрте дәлелдеді. «Тоқаевқа билік тізгінін ұстатқан күні-ақ, бір жолата зейнетке кетіп, ел ісіне мүлдем араласпаса, қадір-қасиеті әлде қалай болар еді» дейтін әттеген-айлар да аз емес.
«Жақсы аттан жығылса, жаман табышыға тұрады», «Құлан құдыққа жығылса, құлағында құрбақа ойнайды» дегендей әлеуметтік желілерде Назарбаевтың жер-жебіріне жеткендер көбейді. «Кетер шал кетті, артынан тас лақтыра беріп қайтесіңдер» дейтін ара ағайынның сөзін тыңдайтындар да жоқтың қасы. Тіпті кеше ғана Назарбаевқа арнап ән, күй, өлең, мақала, кітап шығарғандар енді 180 градус артына жалт беріп, одан бет бұрды. Тіпті сондайлайлардың Тоқаевты ауыз жаппай мақтап, жарамсақтанып жатқанын көргенде жаға барың жағаңды, жаға жоғың кеңірдегіңді ұстайсың. Екіжүзділік пен сатқындық жәй кінә емес, ауыр күнә. Біздің – қазргі қазақ қоғамының ең қауіпті тұсы да осы. Шыңғысхан тіріліп келсе: «өз патшасына опа жасамаған адам кейінгі патшаға да опа қылмайды» деп талайдың басын допша домалатар еді.
Менің осы жазбаларымды оқып отырғандардың ішінен де «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, тырнақ астынан кір іздеп, «Назарбаевқа несіне жарамсақтанып отырсың» дейтіндер де табылар. Бұл арадағы ең үлкен нәрсе елдік сана – мемлекетшілдік пайым. Отан тарихына ұрпаққа өнеге, үлгі, аманат боларлық парақтарды қалай жазу мәселесі. Кейінгілер адасқан патша мен ақымақ қауымның ертегісін қайталамауы керек. Өткеннен сабақ алып, болашаққа жарқын жол таңдауымыз қажет. Қалай болғанда да, Назарбаевты 40 пайыз қателесті десек те, оның 60 пайыздық еңбегін жоққа шығара алмаймыз.
Тоқаев жетекшілігіндегі жаңа Қазақстан өзінің жаңа тарихын жазуы үшін өткенге әділетті шешім шығарғанда ғана тарихи сынақтардан сәтті өте алады. Елдің күтетіні – ақты ақ, қараны қара дейтін батыл шешімдер. Назарбаевтың еңбегі бар ма, қандай? Оның қателігі, ел тарихындағы сәтсіз қадамдары, қиянаты не? – осының бәрі ашық түрде сарапқа салынуы қажет. Бүгін біз бүркемелегенмен, ертең тарих, шындық бәрі бір ешкімді аямайды. Қазір еліміз бойынша жоғары-төмен оқу орындарында қаншама оқулық бұрынғы бағыттағы сабақ жоспарымен оқытылып жатыр. Ақпарат не деп жатыр, біз не деп жатырмыз, білім алушылар қалай, қай бағытта оқып жатыр? Ішкі-сыртқы мән-мағыналық қателіктер, логикалық қарама-қайшылықтар шаш-етектен. Олай болса, Назарбаевтың еңбегі мен қателігін ғана емес, тұтас еліміз басып өткен жолдағы жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді халыққа көрсетіп бере алатын саяси сараптама биік мінберден айтылуы тиіс. Досымыз да, қасымыз да болған көрші елдерге тура көзбен қарайтын, халқымыздың төл мүддесін қорғай алатын, отан тарихын ұрпаққа алаңсыз аманаттайтын даналық тағылым, болашақтық бағыт керек.
Тарихтан бері өзін өр рухты, текті халық санап келген біздер алтын арқауды үзіп алмау жолында жан-тәнімізді арнауымыз қажет. Қазақ ордасы – қара шаңырақтың абыройын қорғау әр бір азаматқа сынақ, сын! Досқа күлкі, дұшпанға таба болатын әр қандай қадамнан абай болып, мемлекетшілдік тарихымызға қара күйе жағылуынан сақ болғанымыз жөн!
Жәди Шәкенұлы,
жазушы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Еуразия жазушылар одағының мүшесі.
Abai.kz