Сенбі, 23 Қараша 2024
«Қаңтар оқиғасы»: 2861 0 пікір 21 Ақпан, 2022 сағат 13:29

Қазақ-қытай қатынасы қандай болмақ?

Өткен 2021 жылдың шілдесінде АҚШ билігі өздеріне «Тәліптерден келетін тікелей қауіп сейілді» деп тауып, Ауғаныстаннан әскерін шегіндірді. Арада алты ай өткеннен кейін «терроризм» дүбірі Қазақстаннан естілді.

Президент Тоқаев «қаңтар оқиғасы» кезінде елге дайындықтан өткен «20 мың содыр шабуыл жасағанын», сол үшінде ҰҚШҰ-ның әскерін кіргізуге мәжбүр болғанын  мәлімдеді. Қытай тарабы басында елдегі дүрбелеңді «Қазақстанның ішкі ісі» деп бағалағанымен, Президенттің сөзінен кейін позициясын өзгертіп, сыртқы күштердің Қазақстанның ішкі ісіне араласуын құптамайтынын, көмек қолын созуға әзір екенін жеткізді. Жаңаөзенде газ бағасының қымбаттауынан бұрқ еткен бейбіт митингінің арты арандатушылыққа ұласып, геосаяси мәселе деңгейіне көтерілгеніне куә болып отырмыз.

Жалпы әлем елдерінің «терроризммен» ортақ күреске жұмылуы - 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан бастау алғаны белгілі. Америка территориясында жүз берген аталмыш трагедияға сол кездегі президент кіші Буш «Әл-Қайда» мен «Талибанды» айыптап, «Бен Ладен мен Омар молданы тірідей ұстап, сақалын жұламын» деп, Ауғаныстанға басып кірді. АҚШ-тың бастамасымен «террористік», «діни экстремистік» топтардың қаржы көздері, байланыс жолдары жойылды. Уақыт көрсеткендей, АҚШ бастаған әлемдік «терроризммен» күрес науқанының игілігін көрген Орта Азияға жақын орналасқан біздің екі құдайы көршіміз (Ресей мен Қытай) болды. АҚШ-тың әскери операциясы барысында Ауғаныстанның аумағында «Әл-Қайда» мен «Талибан» «содырларының қатарында болды, медреселерінде діни білім алды» делінген көптеген шетел азаматтары (арасында Қытай, Ресей, Қазақстаннан барғандар да бар) қолға түсті. Соны желеу еткен екі көршіміз шешендер мен ұйғырлардың ұлтазаттық ұйымдарын, басшыларын террористік топтардың қара тізімдігіне енгізіп алды. Қытай екі алып, биге шығып, құрамына Қазақстанды да тартып, «Шанхай ынтымақтастық ұйымын» құрды.

Басында бейтарап майдан ұстанған Қытай тарабының Президенттің «террористер» жайында айтқанын кейін, бірден белсеніп шыға келуінің себебі осыдан еді. Айтып-айтпай, Қазақстандағы «терроризм» дүбірі екі көршімізге майдай жағып отыр. Орыс басылымдары «Қазақстандағы діни экстремистердің артында Түркия тұр, митингіге шақырған блогерлердің артында АҚШ конгресі қаржыландыратын қоғамдық ұйымдар тұр» деп, ашық жаза бастады. Қытай жақ қашанғысындай әліптің артын бағып, биліктің тергеу қортындысын күтіп отыр. Оларға да жағымды жаңалық  жоқ емес.

«20 жылдан бері террроризмді зерттеумен айналысқан» мемлекеттік хатшы Ерлан Кариннің батасын алған «Аманат» тәуелсіз комисиясының жетекшісі Абзал Құспан мырза баспасөз жиынында: «Ұсталғандардың арасында шетелдіктер жоқ, Қытайдан келген қандастар көптеп кездеседі» десе, «Арандатушы-проковаторлар» деген жазбасында: «Біз көрген ҚХР да дүниеге келген қазақтың ішіндегі барлығы бірдей азаматтық алмаған. Тиісінше ол шетелдік болып есептеледі. Ұнаса да, ұнамаса да заң талабы сол» деп, қадап айтты. Президенттің дуалы аузына іліккен «Ақиқат» тәуелсіз комиссиясының жетекшісі Айман Омарова да: «Ұсталған шетелдіктер арасында Қытай тумалары (қазақ, ұйғыр) басым» деді. Соңғы жылдары «Қытайдан қысым көрдік» деп, арғы беттен шекараны заңсыз кесіп өтіп келгендер қатарының көбейгені, ұзақ уақыт қаймағы бұзылмаған екі ел қатынасының жаңа сынақтарға тап болғаны, сол даулы істердің басы-қасында Абзал мен Айманның болғанын жұрттың бәрі біледі.

Трамп президенттікке келгеннен кейін, АҚШ пен Қытайдың экономикалық селбестік, терроризммен күрес майданы түбегейлі өзгерді. Трамп ұйғырлардың «Шығыс Түркістан ұлтазаттық ұйымы» мен жетекшілерінің бірі болған Долқын Айсаны халықаралық террористердің қара тізімдігінен шығарып тастады. Қытай мен Ресейдің Америкадағы БАҚ-тарын «шетел агенті» тізіміне қосты.  Батыс елдері Қытайды «терроризм мен діни экстремизмді желеу етіп, жергілікті мұсылман азшылық ұлттарға геноцид жасады» деп айыптап отыр. Сол себепті күні кеше аяқталған «Бейжің қысқы олимпиядасына» байкот жариялады. Осыны ескерсек, экономикалық әріптестікке құрылған қазақ-қытай қатынасы терроризммен күрес бағытында, жаңаша сипат алса, ел ішінде де, халықарада да сұрапыл дау-дамайға мұрындық болары анық. Сол үшінде түрлі себептермен азаматтығы қолға тимей, өз елімізде, өз жерімізде жүрміз деген аңғалдықпен арандап қалғандардың ісін қарауда өте абай болған жөн.

2004 жылы Қытайдың Құлжа қаласындағы жеке ауруханада Болат есімді жігітпен бірге ем қабылдадым. Алғашқы күндері кезекші дәрігердің келген сайын Болатқа шүйлігіп: «Буыныңды жазып едім, бүйрегің шықты, бүйрегіңді жазып едім, бауырың шықты, террористермен дос болып нең бар еді?!» деп жазғыра сөйлегені менде таңданыс тудырды. Оның жанашырлықпен айтылған сөз екенін артынан білдім.

Болаттың 1997 жылы 5 қаңтарда Құлжада жүз берген ұйғұр жастарының Қытайға қарсы ереуілінде бала кезден бірге өскен ұйғыр достарын қорғағаны үшін жеті жылға сотталып, жазасын өтеп келген беті екен. Нақты барысы былай болған: «5 ақпан» оқиғасынан кейін, үй-үйді аралап жаппай тінту, тұтқындау басталады. Басына күн туған Болаттың бірнеше досы одан өз үйінде жасыруды сұрайды. Ол кезде Қытайлардың қазақтарға кең пейіл танытатын кезі. Олар соны білсе керек. Достарының көңілін қимаған Болат бірден келісіпті. Ұйғырлардың арасында отырған аз ғана қазақ отбасын әскерилер мән беріп тексермепті. Болат бала кезден бірге өскен тілі - бір, діні - бір достарын оқиғаның дүбірі басылғанша үйлерінде жасырып, артынан шекара асып, бас сауғаламақ болған оларды аман-есен жолға шығарып салыпты. Шекараны бұзып өткен Болаттың достарын қазақ шекарашылары қолға түсіріп, екі жақты келісім бойынша Қытайға қайтарып береді. Олар тергеу барысында бәрін мойындайды. Болат бірден тұтқындалып, марқұм Қажығұмар Шабданұлы қамалған Үрімжінің атышулы 1-түрмесінде жазасын өтейді. Болатты ұрмаған, соқпаған. Жатқаннан басқа уақытта, жермен жексен аласа орындықта бүктетіліп тапжылмай отыруды бұйырған. Күні бойы еркін отырып-тұрмағандықтан, уақыт өте келе Болаттың екі тізесі шор болып, аяғының сіңірлері қатып кеткен екен. Оның кейінгі тағдыры белгісіз.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387