Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 3178 12 пікір 21 Ақпан, 2022 сағат 14:45

Будапешт кепіл болмады: Тәуелсіздікке төнген қауіп

Мюнхендегі қауіпсіздік мәселелері жөніндегі форумға барған Зеленский кесек-кесек мәселелерді сөз етті. Онысы түсінікті де. Украина Ресей тарапынан ашық агрессияға тап болып, территорияларынан айырылып жатыр. 2014 жылдан бері жалғасып келе жатқан «соғыс» қазір әбден ушыққан.

Ол Мюнхен мінберінен ядролық қару жайын сөз етті. Дәл айтсақ, Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беретін (соның ішінде территориялық тұтастығына) Будапешт меморандумы жайлы сөз етті. Зеленский Будапешт меморандумына мүше (қол қойған) елдердің саммитін ұйымдастыруды СІМ-ге тапсырғанын айтты. Егер сол саммит өтпейтін болса немесе Украина қауіпсіздігіне кепілдік берген сол мемлекеттер саммитке жиналмайтын, қазіргі Украина қауіпсіздігіне өздері уәде еткен кепілдікті бермейтін болса, онда Киев әлгі меморандумды жоқ деп танитынын мәлімдеді.

Әңгіме былай: БҰҰ-ның 1968 жылғы Ядролық қаруды таратпау туралы Келісімі бар. Нью-Йоркте қабылданған. КСРО, АҚШ, Ұлыбритания және өзге 40 мемлекет әлгі құжатты ратификациялаған соң, 1970 жылы күшіне енген. Қазір оған 190 мемлекет мүше.

Ал Будапешт меморандумы 1994 жылдың 5 желтоқсанында қабылданған. Жаңағы БҰҰ-ның ядролық қаруды қолданбау һәм таратпау туралы Келісіміне Украинаның қосылуы үшін жасалған. Меморандумға қол қоюшы, сол арқылы Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беруші тараптар: АҚШ, Ұлыбритания және Ресей! Қол қойып, міндет арқалағандар сол кездегі ел басшылары - Леонид Кучма, Борис Ельцин, Бил Клинтон және Жон Мейжор.

Шындығында Украина Тәуелсіздік алып, өз алдына дербес мемлекет болып шыққанда көлемі жөнінен әлемдегі үшінші алып ядролық арсеналға ие болған екен. Кейін Украина ядролық мемлекет статусынан бас тартып, оның Тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына жаңағы үш алып кепілдік берген. Кейін ол топқа Франция мен Қытай да қосылған.

Украина бүгін осы Халықаралық құқықтық құжаттың, онда уәде етілген кепілдік мәселелерінің орындалуын талап етуде. Ал Ресей бұл шартты 2014 жылы бұзған. Украинадан Кырымды аннекциялап алған. Сол арқылы өзі Халықаралық деңгейде берген уәдесінің көк тиындық құны жоқ екенін дәлелдеген.

Ең қызығы дәл осындай құжат, дәл осындай кепілдік Қазақстанға да берілген. Енді сол туралы:

1991 жылы Семей ядролық полигоны жабылды. 29 тамызда. Сол 1991 жылы Қазақстан, Ресей, Беларусь және Украина президенттері Алматы декларациясын қабылдайды.

Ал 1992 жылы Лиссабонда жаңағы төрт мемлекет пен АҚШ жолығып, бестік Протоколға қол қояды. Осылайша КСРО-дан қалған ядролық арсеналдың тағдыры шешілген. Онда барлық тараптардың міндеттері нақты көрсетілген, жауапкершілігі айқындалған.

1993 жылы Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі БҰҰ-ның Ядролық қаруды таратпау туралы Келісімін ратификациялайды.

Ал 1994 жылдың 5 желтоқсанында Украинамен бірге Қазақстан да Будапешт кепілдігін алған. Қазақстанның Тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына Ресей, АҚШ, Ұлыбритания кепілдік берген. Кейін кепілгерлер қатарына Франция мен Қытай қосылған. Осылайша Қазақстан да ядролық мемлекет статусынан айырылған. Ал одақтан шыққанда Қазақстанда әлемдегі төртінші ең қуатты ядролық арсенал болған.

Енді қараңыз, жылдар өтті. Кезінде өзі кепілгер ретінде берген уәдесін Ресей орындаған жоқ. Украинаның территориялық тұтастығын бұзды, жерін тартып алып, тағы екі облысында соғыс бастап отыр. Украина шекарасына жыпырлатып әскерін һәм әскери арсеналын үйді. Бүлікші екі аймақтағы сатқындардың қолтығына су бүркіп, соғысқа шақырып отыр. Онымен қоса, Сергей Шойгу дейтін РФ Қорғаныс министріне төтелей тапсырма беріп, ядролық қаруды қолдану бойынша оқу-жаттығу өткізуді бұйырды. Шойгу «бұйрық қатты, жан тәттіге» салып, тапсырманы орындауға кірісіп кеткенін мәлімдеді.

Әлгінде Украина президенті: «Әлемдегі ең жойқын үшінші ядролық арсеналдан бас тартқанда Украина кепілдік алды. Бұл қару (ядролық бомба) бізде жоқ. Сол секілді қазір біздің қауіпсіздігімізге кепілдік те жоқ. Біздің жалпы аумағы Швейцария, Белгия немесе Нидерланды секілді болатын жарты территориямыз да жоқ. Ең маңыздысы - біздің миллиондаған адамымыз жоқ», - деп сөйледі.

Рас-ау... Жоқ екені шын ғой. Осыған қарап, ертеңгі біздің кепілдігімізді ойлайсың. Ресей басшылары үшін Халықаралық құжат, мойынға алған міндет дегеннің түк те тұрмайтынын көрдік. Ресей президенті Владимир Путиннің КСРО-ны түгел тірілте алмаса да, өзінің әлі жететіндердің жеріне алакөзденіп отырғаны және шындық. Сол мақсат қой, Кремль мен оның айналасына топтасқан айтқышбектерінің Солтүстік Қазақстан территориясы туралы әлсін-әлсін әңгіме шығарып тұратыны. Ал қазақ: «Орыстан досың болса, айбалтаң қасыңда болсын», - деген...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394