HRW: Тез арада тәуелсіз зерттеу жүргізілуі керек
Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы қаңтар оқиғаларына қатысты жасап жатқан биліктің іс-әрекетін мардымсыз деп есептейді. Қазақстанда таяуда болған дүрбелеңнен 227 адам, оның ішінде 19 күштік құрылым қызметкерлері қаза тапты. Мыңдаған адам тұтқындалып, олардың тергеу абақтысында азап көріп жатқаны туралы хабарлар тарады. Қазақстан Үкіметі бұл оқиғаларды тергеп жатқанын бірнеше рет мәлімдеген болатын.
«Қаңтар оқиғалары» барысында адам құқықтарының бұзылуына қатысты мұқият тергеу жүргізу және кінәлілерді жауапқа тарту биліктің мүддесіндегі жұмыс. Құрбандарға қатысты әділдікті орнатпайынша, оған бағытталған іс-қимылдар жүзеге аспайынша президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жалпыұлттық реформалары тек бос сөздер болып қала бермек.
Алайда, билік қолға алған шаралар Қазақстан мен БҰҰ-ның көптеген серіктестері күтіп отырған тәуелсіз тергеуді мүлде қамтамасыз ете алмайды. Бір айдан астам уақыт бұрын БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі тоғыз жетекші сарапшысы Қазақстанды «адам құқықтары қағидаттарына негізделген, мемлекеттің наразылық білдірушілерге қарсы күш қолдануына жол бермейтін тергеуді жүргізуге» шақырды. Бірақ, ештеңе жасалмады. Осындай қиын-қыстау кезеңде Қазақстанның АҚШ пен Еуропадағы серіктестеріне елмен қалыпты байланыс ұстаудың маңызы зор. Сондықтан Қазақстан билігіне сарапшылар ұсынған тергеу жұмысын жүргізу ел билігіне деген сенімнің басты шарты екенін түсіндіру керек.
Қазақстан билігі «қарулы тәртіпсіздіктерді тергеу бейтарап және заң аясында жүргізілуі керек», деп атап өтті. Үкімет Бас прокуратура жүргізетін қылмыстық тергеулерді, адам құқықтары жөніндегі омбудсмен мен азаптаулардың алдын алу жөніндегі ұлттық тетік (ҰАТ) жүзеге асыратын мониторингті атап көрсетті.
Прокуратура қылмыстық айып тағылған 780-ге жуық адамның қамауда отырғанын, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және азаптау бойынша 170 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Омбудсмен мен ҰАТ ұсталғандардың құқығын қорғаудағы шектеулі билігіне қарамастан қамау орындарына барып өз пайдаларын тигізе алады.
Алайда, бұл жауапты тұлғалар мен ұйымдардың қызметі екі жағдайда әлсіз. Олардың ешқайсысы тәуелсіздік алғаннан кейін 227 адамның өліміне әкеп соққан Орталық Азия тарихындағы ең сорақы жаппай қырғынға әкелген оқиғалардың бірін жүйелі түрде тергеу туралы, әсіресе нақты жағдайларды тергеу туралы айтып отырған жоқ. Human Rights Watch зерттеуі көрсеткендей, 4 және 6 қаңтар аралығында Қазақстанның қауіпсіздік күштері кем дегенде төрт жағдайда оқ атып, кем дегенде еш қауіп төндірмеген 10 адамды өлтірген. Бұл кісі өлтіру жағдайы жүйелі түрде тексерілуі керек.
Екіншіден, Қазақстан билігі полиция мен басқа да күш құрылымдары қызметкерлерінің асыра сілтеуге барғандарына дәлел тапса да, оларды жауапкершілікке тартуға құлықсыз. Мысалы, 2011 жылы Жаңаөзенде 14 адам қайтыс болғаннан кейін ешқандай тәуелсіз тергеу жүргізілген жоқ. Азаптау актілерінің болғанын дәлелдейтін сенімді дәйектер болғанымен, заңға қайшы әрекеттер жасалып, құрбандар мен олардың отбасыларына қатысты әділдік орнатуда мардымсыз дүниелер жасалды. Көпшілік қазір болып жатқан жағдайлар «тура сол оқиғаның қайталануы ма?», деп қорқады.
Қазіргі күні билік беделді заңгерлер басқаратын ерікті қоғамдық комиссиялардың жұмысына да жоғары баға беріп отыр. Қазір екі комиссия маңызды жұмыс атқарады, бірақ олардың құзыреті мен ресурстары шектеулі. Айман Омарова басқаратын «Ақиқат» комиссиясы қаңтар оқиғаларының куәгерлерінен айғақтарын жинайды және ұсталғандардың мүдделерін қорғайды. Прокуратурамен жұмыс істейтін Абзал Құспанның басшылығымен құрылған «Аманат» комиссиясының қызметі – алдын-ала қамау орталықтарына барып, сол жерде тұтқында отырған ондаған адамның жағдайын жақсартуға бағытталған. Азаматтық қоғамның тәуелсіз топтары, соның ішінде жаңадан құрылған «Құқық қорғау альянсы» түрмелердегі азаптау оқиғалары мен өлтірілгендердің есімдері туралы ақпараттарды жинайды. Бұл деректер тәуелсіз тергеуде қолданылады. Мұндай зерттеу жүргізушілердің ресурстары жеткілікті болуы керек және шын мәнінде тәуелсіз, ашық болуы тиіс. Сонымен қоса олар билік органдарының ақпаратына қол жеткізе алуы керек.
Ұйымның құзыретіне наразылыққа шыққан адамдарға зорлық-зомбылық көрсетуді, кісі өлтіруді, құқық қорғау органдары қызметкерлерін немесе басқа да адамдарды осы құқық бұзушылықтар үшін ықтимал жауапкершілікке тартуды, сондай-ақ азаптау актілері туралы хабарламаларды тексеру жұмыстары кіруі керек. Тергеу нәтижелері жариялануы керек. Қазақстан билігі тергеу қорытындыларын қабылдап, қарап, құқық бұзушылықтарға қарсы шаралар қабылдап, кінәлілерді жауапқа тарту міндетін мойнына алуы керек. Биліктің бұрын адам құқықтарының бұзылғаны үшін шаралар қолданып, кінәлілерді анықтап, кінәсіздерді ақмағанын ескере отырып Үкімет тергеу істеріне халықаралық сарапшыларды қатыстыруы керек. Мұндай гибридтік тергеу ісі, яғни ішкі және халықаралық тергеудің бірігуі, сәтті бастама болмақ.
Егер билік халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тергеу істерін жүргізбесе, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) қатысушы мемлекеттер "Мәскеу тетігін" (ЕҚЫҰ аясында тергеу рәсімін) іске қосуы керек, сондай-ақ БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүше елдер де шаралар қабылдауы тиіс. Қазақстан үкіметінің мұндай гибридтік тергеп-тексеруді ұйымдастыруға көмектесу мүмкіндігі бар. Мысалы, Адам құқықтары жөніндегі Кеңестің қарауына осындай қадамды талап ететін қарар енгізу немесе осындай қарарды қолдау. Биыл Қазақстан кезекті үш жылдық мерзімге Адам құқықтары жөніндегі Кеңестің құрамына қайта енді. Мұндай тергеуге көмектесу ел ішінде де, адам құқықтары жөніндегі кеңесте де Қазақстанға деген сенімді нығайтуға ықпал етер еді. Сонымен қатар, ол биліктің адам құқықтарын тек сөзбен ғана емес, іс жүзінде де қорғауға дайын екенін көрсетеді.
Abai.kz