Қанағат ЖҮКЕШЕВ. Сыртқы саясаттағы дилемма алдында
Рогозиннің Қазақстан мен Ресей арасындағы «интимдік» қатынастарды «бейнелі сипаттауы» Абайдың «қайнайды қаның, ашиды жаның» деген амбивалентті сөздерін еске түсіреді. Бұл мәселе жөніндегі пікірді ресейлік дипломаттың аузынан шыққан сандыраққа емес, оның лебізденуіне жол беріп отырғандарға қатысты айту пайдалы. Қазіргі Ресей-Қазақстан арасындағы қатынастардың мәнін түсіну үшін тарих қойнауларындағы кейбір оқиғаларға қайта оралып, оларды жаңаша ақыл таразысына салып, қайта қарау керек болады.
Рогозиннің Қазақстан мен Ресей арасындағы «интимдік» қатынастарды «бейнелі сипаттауы» Абайдың «қайнайды қаның, ашиды жаның» деген амбивалентті сөздерін еске түсіреді. Бұл мәселе жөніндегі пікірді ресейлік дипломаттың аузынан шыққан сандыраққа емес, оның лебізденуіне жол беріп отырғандарға қатысты айту пайдалы. Қазіргі Ресей-Қазақстан арасындағы қатынастардың мәнін түсіну үшін тарих қойнауларындағы кейбір оқиғаларға қайта оралып, оларды жаңаша ақыл таразысына салып, қайта қарау керек болады.
Соңғы жарты мыңжылдықтағы геосаси ахуалдың қалыптасуымен, орыс мемлекетіне тарихи кеңістікте қалқып жүру мүмкіндігі туған еді. Екі жүз елу жыл отарлықта болған бұл ел 1480 жылы өзіне Алтын Орда жасап берген интенсивті өсу мүмкіндігінің нәтижесінде тәуелсіздікке қол жеткізген болатын. Ол кезде Батыс бөтен елдерді отарлауды енді ғана бастаған. Өзінің ерекше географиялық жағдайына, аумағының кеңдігіне, тұрғындарының көптігіне, сонысымен, өзіндік жеткіліктілігіне орай, Ресей күшейіп, енді өзі отарлар басып ала бастады. Тарих қайталанды, бірақ, бұл жолы рөлдер ауысып түсті. Енді Ресейге бұрынғы метрополия - Алтын Орданың мұрагерлері тәуелді болды. Алайда, орыстар кезінде өздеріне жасаған мүмкіндікті өзіне бағынышты болған халықтарға жасамады, керісінше, қол астындағы халықтарды жойып жіберу, ассимиляциялау, жерін толық меншігіне айналдырып алу шараларын қолға алды.
Ресейге тарих сахнасынан шетке ысырылып тасталу, тіпті, қайта отарлыққа түсу қаупі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде төнді. Егер, АҚШ пен Ұлыбритания арасында «Ұлы альянс» деген атпен тарихта қалған одақ жасалмағанда, осы екі ел фашистерге қарсы соғысқа белсеніп кіріспегенде Ресейдің (сол кезде - Кеңес Одағы) халы мүшкіл болар еді.
Сол кездегі тарихи дамудың баламалы жолы бойынша оқиға нұсқаларының бірі былай өрбуі мүмкін еді: егер, АҚШ бейтараптық сақтаса, «Ұлы альянс» құрылмаса, гитлерлік Германияға қарсы соғыспаса, онда фашистік блок Еуразия құрлығын түгел басып алар еді. Бұған дейін «Риббентроп-Молотов» пакті бойынша Гитлерге қорыққанынан еріксіз көмектесіп келген Кеңес Одағының да фашистік машинаны тоқтатуға шамасы келмес еді. «Ост» жоспары бойынша, «Мәскеу жермен жексен болып, Ленинград Гитлердің канцеляриясын картоппен қамтамасыз ететін огородына» айналар еді, соғыстан тірі қалған орыстар үшін «оқ шығармай, арақ пен темекімен ғана құрту» жоспары жүзеге асырылар еді. Бұл - бірінші тарихи экскурс.
Ой таразысына ақпарат ретінде тағы бір шегініс жасап көрейік. Қазіргі Ресей-Қазақстан қатынастарының мәнін тереңірек түсінуге септігін тигізетін келесі фактор мынау: Батыс Ресейді әлденеше рет НАТО-ға кіруге шақырды. «Біздің НАТО-да жау жоқ, НАТО Ресей үшін өте жақсы, ешқашан жаман болмайды. НАТО Ресей үшін ешқандай проблема тудырмайды» деген ұсыныс жасаған болатын кіші Джордж Буш Владимир Путинмен Люблянада кездескенде. Бұл екі жетекшінің де президенттігінің алғашқы кезеңі еді. 2001 жылы шілдеде болған Генуя саммитінде Дж.Буш тағы да жаңа стратегиялық қауіпсіздік конфигурациясын Ресеймен бірігіп құру ниеті бар екенін жеткізді. «Келешекте Ресейдің НАТО-ға кіру жағдайлары туралы ойлау қажеттігін» ұсынды. Бұл ұсыныстардың ақиқаттығын бұрмалауға болмайтын еді. Өйткені, халықаралық қауымдастыққа расында да өркениетті, күшті, демократиялық Ресей керек еді. Ал Ресей жетекшілері болса, тағы да батыстық әріптестерінің сөздеріне иланбады, сондықтан оларды қабылдамады.
Өзін зиялымын, қазақтың қамын ойлаймын деген адам орыстың мінезінен туындап отырған мына үш факторға назар аударуы керек. Олардың біріншісі - орыстар өздерін сұр фашистердің тырнағы астынан суырып алған АҚШ бастаған Батыспен шептеседі; екіншісі - орыстар соңғы мың жыл ішінде суырыла озып алға кеткен Батыстың либерал демократиясын қабылдамайды; үшіншісі - орыс сонысымен қазақтың да өркениетке қосылуына жол бергісі келмейді. Оның қазіргі саясаты іс жүзінде қазақ халқын көктетпеу факторына айналып отыр.
Орыс синофобиясының сыры сана деңгейінде түсінілмейді. Орыстың гүлденген, демократиялы Батыстан іргесін аулақ салуының сырын экономикалық, мәдени, әскери, тағы басқадай объективті себептермен түсіндіру де мүмкін емес. Өркениетті Батыспен араласу мол ресурсты Ресейдің маңдайын жарқыратып алға шығарар еді, бірақ орыс оған баспайды. «Қарғыс атқыр капиталистерге» деген өшпенділік идеологиясының жетегімен, коммунизм құрып жүрген жылдардағы рөліне жармасып, әдеттегі әрекетіне баса бергеннен нәтиже шықпайтынын орыстарға түсіндіріп әуре болудың қажеті шамалы. Бұл сүрлеумен либерал демократияның маңайына да бара алмайтынын, керісінше, оның өркениетті дүниеден алыстата беретінін өмірлік практика күн сайын алдан шығарып келе жатқанымен Ресей басшыларының ісі жоқ. Мұның түпкілікті себебі орыстардың либерал демократия құндылықтарына қызығушылық танытпауында жатыр. Жалпы либерализм деген орыс менталитетіне жат нәрсе. Н.БЕРДЯЕВ айтқанадй, Ресей басшылары ғана емес, орыс халқының өзі де «деспоттық мемлекеттің құрылуын үндемей қолдайтын» халық болып табылады.
Тек ментальдық деңгейден қарап қана орысты Батысқа қарсы шығарып отыратын себептің байыбына жақындап баруға болады. Ол екі сөзбен өрнектеледі: русский және первый. Батыс орыстың осы екі сөзбен кеуде соғуына жол бермейді. Батыста ол тең әріптестердің бірі ғана бола алады. Бұған орыс төзбейді. Орысқа озықтардың арасында, солармен бірдей болып жүргеннен гөрі, қортықтардың арасында бірінші болып орыстың жетекшілік рөлін айтып, масаттанып жүру көбірек ұнайды. Сондықтан олар досты хамастықтар, гондурастықтар, сепаратист абхаздықтар мен осетиндіктер, немесе жемқорлыққа малшынғандар, немесе чавестер, моралистер сияқты кеудемсоқтар арасынан іздейді.
Әрине, Ресейде Батысқа елеңдеушілер де жоқ емес. Олардың саны өсіп келеді. Келешекте рухани вестернизация ресейліктердің маңызды бөлігінің жүрегін жаулап алауы мүмкін. Бұлай болатынына біздің сенгіміз келеді. Біз ғана емес, Батыс елдері де осыған үміт артады. 2007 жылы Мюнхенде Ресей жетекшісінің ожар лебізі Батыс саяси шолушыларының үмітін үзуге мұрындық бола алмаған еді. Осыдан кейін де олар «Ресей бізбен бірге» деп жазған болатын (Лебан А. "Россия снова здесь!").
«Украина - мемлекет емес» деп өрепкіді В.Путин 2008 жылы НАТО-ның Бухаресте өткен саммитінде. Ресей үшін Қазақстан да мемлекет емес, өктемдігін жүргізіп отыратын, мүдделі аумақ. Оған, әзірше, Қазақстанның формалы мемлекеттігі жағдайында итаршылық рөлін атқара бергені - сыртқы саясатта толық бағыныштылықта, өзін жақтап шығып отыратын одақтас болғаны, экономикада тәуелділікте, көлеңкелі бизнесте сыбайлас болғаны керек. Әсіресе, Ресей Қазақстанның стратегиялық шикізат экспортын қолда ұстау үшін жанталасады. Мұның түпкілікті себебі Ресей-АҚШ қатынастарындағы дүрдараздықта жатыр. Реті келгенде айта кету керек, Қазақстанның уранына қатысты өрбіп жатқан оқиғалардың басты кейіпкері - РЕСЕЙ! Оқиға Қазақстанда орын алғанымен, оның түпкілікті себебін, басапсөзде белең алғандай, қазақ элитасының кланаралық қақтығысынан емес, Ресей-АҚШ қатынастарынан іздеу керек. Ресей үшін қазақ уранынан түсетін орасан мол пайданы айтпағанда, бастысы, оның Батысқа - АҚШ-қа қарай жөңкімеуі маңызды болып табылады.
Қазақстанды жанынан шығармай ұстау үшін Ресей бірінші кезекте жемқорлыққа белшесінен батқан үкіметті қолдай отырып, оны мәжбүрлі досқа айналдыру, солардың қолымен Қазақстан экономикасын уысында ұстау, сыртқы саясатына бақылау жасау, билігіне, заңына араласып, өзінің қолайына жағатын жағдайға келтіру бағытында әрекет етеді.
Осыдан, егер Қазақстан ықпалдан шығып бара жатса Ресей қандай шараларға баруы мүмкін деген сұрақтың жауабын алуға болады. Ондайда орыс өзінің әдеттегі Молдова, Украина, Грузия, Балтық елдерінде қолданған амалдарын жүзеге асыруға, демек, Қазақстандағы орыс диаспорасының қолтығына су бүркіп, мемлекеттің іргесін солқылдатуға тырысады. Бесінші колоннаны күшейте отырып, іштегі тұрақсыздыққа жол ашып, содан кейін «шет елдердегі Ресей азамматарын қорғауды» желеу етіп, Қазақстанға әскер кіргізеді. Мұның бәрін ол «мәңгілік дос болу» идеясы шымылдығы астында, қазақтан шыққан, мәжбүрлі «достардың» - орысшыл элитаның қолымен («солар көмекке шақырғандықтан») жүзеге асырады.
Қазір де Мәскеу, ескі әдетінше, большевиктік риторикамен, орыс мұжығының лексиконымен, жұдырығын тұмсыққа таяп тұрып, өзінің бұрынғы одақтастарына олардың кіммен достасуы, кімнен аулақ болу керектігі жөнінде нұсқау беруін қойған жоқ. Ал қазақ дипломаттары өздерінің «саяси импотенттігін» әшкере ете отырып, орыстардың алдында өзінің «адамгершілік қамтымасыздығын» ойлауға да шамасы келмейтінін көрсетіп, елпең қағады. Сырттай қарағанда, расында да, адамның жаны ашитындай бейшара күйге түскен.
Оның себебі қазақ саяси элитасы ресейлік әріптестерінің сыбайластық ықпалынан шыға алмауында. Қазақ және орыс элиталары негізінен бұрынғы компартияның өкілдері немесе солар саяси сахнаға жетелеп әкелгендерден тұрады. Кеңес кезіндегі коммунистік элита аясындағы сыбайластық тәуелсіздік жылдарында жаңа қарқын алды. Олар мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі көлеңкелі бизнестің көбін бірігіп жасады немесе бір-біріне қол үшін берді. Енді мемлекеттік мүддеге қатысы бар әрекеттерге бару қажет болса да, олар сыбайластық бұғауынан босай алмайды. Бұған қосымша, орыстардың түрлі жағдайларға қатысты, егер мінез көрсете қалса, әр қазақ саясаткеріне дайындап отырған «сыйы» бар. Мәскеу Қазақстандағы кез келген саясатшыға моральдық және тәни тұрғыдан ықпал ете алады.
Осылай, қазіргі қазақ қауымы дилемма алдында тұр. Бірінші жол -орыстың соңынан ере беру. Онда жемқорлық жайлаған автократиялық режімнен босану болмайды. Екінші жол - Батысқа бет бұру. Бұл таңдау орыстың ықпалынан шығу үшін күрес жүргізуді қажет етеді. Ал, кез келген күрестің шығынсыз болмайтыны белгілі.
Қазақ қауымы мынаны біліп алуы керек: Батыс Қазақстанға қатысты қытай мен орыс жасайтынның бірін де жасамайды. Батыстан ешкім Қазақстанға тұрақты орналасып алу үшін көшіп келмейді. Батыс либерал-демократиялық елдерінің санасында Қазақстанда 5-колонна немесе хуацяо құру, оны экономикалық тәуелділікте ұстау, аумақты арзан шикізат көзіне айналдыру сияқты жымысқы пиғылдардың бірі де жоқ. 16,5 миллион халық қол қойып, 51-штат болайық деп арыз берсең - АҚШ Конгресі қанағаттандырмайды. Батысқа Қазақстанның күшті, демократиялы ел, сенімді әріптес болғаны, ел аумағы арқылы есірткі трафигі өтпегені, лаңкестік ұйымдар жасақталмағаны керек.
Қазіргі Орталық Азия халықтарын, солардың ішінде біздің қазақты да, айналадағы дүниеге көзқарасы тарихи-ғылыми тұрғыдан дұрыс қалыптасқан халықтар деуге болмайды. Олар әлі кімнің дос, кімнің қас екенін ажыратпаған күйде жүр, саяси соқырлығынан арылған жоқ. Ең бастысы, ұлттық зиялы да, соның бір бөлігін құрайтын дипломатия корпусы да ғаламдық геосаясатта ұстанатын бағдарды, тағдыр қосар елдерді, түптеп келгенде, Отанның болашағын қамтамасыз ететін тура жолды таба алатын сатыға көтерілген жоқ. Әлі сол, Кеңес кезіндегідей, орыс шовинстерінің Батысқа өшіккен идеологиясының жетегімен, шығыс аждаһасы мен солтүстік аюының ортасында селкем қоянша секеңдеп жүр.
Қанағат ЖҮКЕШЕВ,философия ғылымдарының кандидаты
«ҚАЗАҚСТАН» апталығы, №29 (269), 16-шілде, 2009