Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2591 0 пікір 8 Қазан, 2012 сағат 09:50

Жұмамұрат Шәмші. «Протон-М» - тұқымыңды тұздай құртады

Қазақтың ұлан-ғайыр даласы тағы да сол баяғы сынақ алаңына айнала бастаған сияқты. Бүгінде Байқоңыр кешенінің иесі Ресей Қазақстанға «сауда да достық жоқтығын» өз істерімен дәлелдеп жатыр. Солтүстік көршілердің мамандарының айтуынша, бұл алты рет қазақ даласына құлаған апат Ресей экономикасына елеулі шығын әкелді деп қазақты алдарқатып дабыл қағуда. Алғаш рет 1996 жылы 14 мамырда комета ғарыш аппараты тиелген «Союз» зымыран-тасығышы Жезқазған аумағына құлады. Бірақ, оның соншалықты қорқыныш туғызбағаны, зымыран керосин-кислородпен ұшырылыпты-мыс. Одан кейін 1997, 1998, 1999 жылдары аралығында екі рет құлапты. Бірінші рет 5 шілдеде, құлағанына өтемақы - 37 мил. 947 мың теңге, 27 қазанда құлағанына - 57 мил. 249 мың теңге төлепті. Ол қаржы қайда кетті бір Аллаға аян. Әйтеуір жергілікті тұрғындарға ешкім ешқандай ақша бермеген. Тіпті, кешірім де сұрамаған.

Қазақтың ұлан-ғайыр даласы тағы да сол баяғы сынақ алаңына айнала бастаған сияқты. Бүгінде Байқоңыр кешенінің иесі Ресей Қазақстанға «сауда да достық жоқтығын» өз істерімен дәлелдеп жатыр. Солтүстік көршілердің мамандарының айтуынша, бұл алты рет қазақ даласына құлаған апат Ресей экономикасына елеулі шығын әкелді деп қазақты алдарқатып дабыл қағуда. Алғаш рет 1996 жылы 14 мамырда комета ғарыш аппараты тиелген «Союз» зымыран-тасығышы Жезқазған аумағына құлады. Бірақ, оның соншалықты қорқыныш туғызбағаны, зымыран керосин-кислородпен ұшырылыпты-мыс. Одан кейін 1997, 1998, 1999 жылдары аралығында екі рет құлапты. Бірінші рет 5 шілдеде, құлағанына өтемақы - 37 мил. 947 мың теңге, 27 қазанда құлағанына - 57 мил. 249 мың теңге төлепті. Ол қаржы қайда кетті бір Аллаға аян. Әйтеуір жергілікті тұрғындарға ешкім ешқандай ақша бермеген. Тіпті, кешірім де сұрамаған.

Алтыншы рет 2007 жылы 6 қыркүйектің түнінде жұрт шырт ұйқыда жатқанда Байқоңырдан ұшырылған «Протон-М» зымыран тасығышы Жезқазғаннан 40 шақырым жерде құлаған. «Днепр» құрлықаралық баллистикалық зымыраны құлаған жерде орнында тереңдігі 20, аумағы 45 метрді құрайтын үлкен үңгір пайда болған. Шығынның мөлшері жаңа методикамен анықталып, 141 млн. 832 мың 110 теңгені құрады. Экологиялық шығын - 94 млн. 582 мың 416 теңге деп көрсетілді. Онымен қоса, меморгандар мен ғылыми мекемелердің тартқан шығыны 47 млн. 240 мыңға бағаланды.

Орыс зымыраны он екінші рет ағымдағы жылдың 6-нші тамызы күні ұшпай жатып құлаған.

Қазақтың даласына уын шашқан зымыранның құлауы олар үшін күнделікті қалыпты тірліктің бір көрінісі секілді болып кетті.

Оқиға орнына ресейлік үкіметтік комиссия мүшелерінің бірде-бірі келмеуі басынғандық емей немене. Сынық айнаға сығалағандай өрескел қылығын қалай түсінуге болады?

Сол кезде Қазақстан тарапы «Толағайдың» табанының астында тапталып қалмаудың қамында өзінше тыраштанып жатыр. Үкімет пен Парламент екі аяғынан тік тұрып, сасқандарынан «Ойбай, Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протон» түрлерін ұшыруға уақытша тыйым саламыз!» десіп, үкіметбасы бұйрық та шығарып үлгеріпті. Экология және табиғатты пайдалану жөніндегі комитетте бас қосқан мәжілісшілер де осы мәселеге бас қатырыпты. Бастарын ауыртқан басты тақырып-шығын қанша және апатты аймақтағылар өтемақы неге алмайды? Кейбір мамандар топырақты, суды, өсімдіктерді тексергеннен кейін гептилдің құрамы 1100-ден 5200-ге дейін көтеріліп кеткенін мәлім етті. Енді әлгі топырақ, су, өсімдіктердің бөлшектері ресейлік лабораторияда зерттеліп жатқан көрінеді. Сонда кімге сенеміз, мамандарға ма, әлде ресми органға ма?

Алайда шарасыздық танытқан үкіметтік комиссияның жұмысына көңілдері толмаған кейбір ұлтжанды депутаттар Қоршаған ортаны қорғау министрлігін немқұрайлылығы үшін жауапқа тарту керек дегенді айтты. Шығын демекші, оны да есептейтін біз емес, ресейлік мамандар көрінеді. Біздікі тек бас изеу ғана. Бұл сонда қалай? Қазақ заңын мойындамайтын Байқоңыр кімдікі?

Ұлттық ғарыш агентігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың айтуынша, «Протон» зымыран тасымалдағышының сызбасын Ресейдің «Салют» конструкторлық бюросы жасаған. Оны М.В. Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыш ғылыми-зерттеу орталығы құрастырыпты. Зымыран «ауыр санаттылар» қатарына жатады. 1965 жылдан бері 320 рет көкке көтерілген. Жетілдірілген «Протон-М» үш сатыға ие. Салмағы 700 тоннаны құрайды, ұзындығы 61,75 сантиметр. Зымыран бір мезгілде бірнеше жер серігін алып ұша алады. 6 қыркүйек күні Протонға ұшар алдында 649 тонна гептил мен амиль қосындысы құйылған. Құйылған кезде бакта соның 219 тонна шамасы мөлшерінде қалыпты. Яғни, көп бөлігі жанып үлгерген-міс. Сол оқиғадан кейін Сыр өңірінде қатерлі ауруға ұшырағандардың қатары күрт өскен. Сол жылдың өзінде 1822 адам қайтыс болған. Ең жоғарғы көрсеткіш Қармақшы мен Қазалы аудандарында байқалыпты. Әсіресе, аяғы ауыр жас келіншектер жаппай іш тастапты. Тоқсан пайыз сәбилер шетінеген. Әлгі зымырандардан төгіліп жерге сіңген улы заттар «ұлы» кеселге айналып, айықпайтын көрінеді. Сол кезде Тоқтар Әубәкіров ағамыз келіп өксіп-өксіп жылағанын жергілікті тұрғындар айтып отыр.

Депутаттарды мазалап отырған тағы бір мәселе-апатты аймақтағылардың өтемақыдан қағылуы. Неге екені белгісіз, үкіметаралық келісімдерде бұл туралы бірде-бір сөз жазылмаған. Біз бүгін ешкім зардап шеккен жоқ. Тұрғындар да, жан-жануарлар да дін аман дейміз. Ал ертеңгі күні не болмақ?

Гептилдің бір тамшысы түскен жерге ешқашан шөп шықпайды. Ресейдің Алтай аймағына зымыран құламаса да, сонда тұратын тұрғындарға Ресейлік федералдық заңмен өтемақы төленеді екен. Экологтар жанталасып жүріп әр зымыран ұшқан сайын, 300 мыңнан 1 миллионға дейінгі көлемде тұрғындарға өтемақы төлеуді кезінде Борис Ельцинның өзіне қол қойғызып алған.

Міне, бұл наразылықтың арты ушығып кетсе, үлкен дау-дамайға айналатынын Ресей жағына да жеріне жеткізе айтуға тиіспіз. Екі елдің арасында елші болып жүрген азаматтар осыны қолға алуы қажет. Қарқаралыға бір, Жаңарқаға бір, Ұлытауға бір түсті. Ол зымыран қайда түспеді? Енді міне, айдың күннің аманында қалаға түсіп жататын болса, ол кез келген адамның ашу-ызасын тудырады. Өздері қатты отынмен ұшады, ал енді жиған-терген гептилді қазақтың үстіне төге салайық дейді. Бұл ешқандай парасатқа, гуманизмге сәйкес келмейді.

Гептил - атом бомбасы қышқылынан 6 есе улы зат. Соған қарамастан, шығынды 1 млн. немесе 2 млн доллар деп есептеу-ақылға қонымсыз. Анығы пайдасын орыстар, зиянын қазақтар көріп жатыр. Болашақта бұндай бассыздыққа бас көтеру керек сияқты. Ең өкініштісі, осы сұрақтарға тікелей жауап беруге келгенде Қоршаған ортаны қорғау министрінің өзі жарытып ештеңе айта алмады. Қит етсе өзіне қойылған сауалдарды не Нұрлан Нығматуллинге не Талғат Мұсабаевқа бұра салып отырды.

Біздің түсінбейтініміз - әрбір апат сайын зымыран құлаған жердегі 100-120 метр радиустарда гептил табылмайды. Мамандар ол толығымен ауада жанып кетеді дейді. Бұған сену үшін зымыранның бөлшектері шашылған жердегі топырақтың, судың, өсімдіктердің құрамында гептилдің бар-жоғын тексергенде біздің мамандар ширақ қимылдаса. Себебі, біраз тәуліктен кейін әлгі топырақтың улы затты анықтау мүмкін болмай қалады екен. Ал орыстар жедел зерттеп тексеретінге ұқсайды. Біздің мамандар неге қажетті техникамен жарақтандырылмаған?

Осындай жағдайларға қатысты тағы бір күрделі мәселе - 1999 жылы маусым айында «Протон» құлады. Сол тұста денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері әлгі гептилдің халықтың денсаулығына әсерін зерттейміз деп білегін сыланып шығып еді. Ақыры соңында олардың зерттеулері қаржы тапшылығынан аяқталмай қалды. Сондай зерттеулерді ақырына дейін зерттеп рет-ретімен толықтай тәмамдауды талап ету қажет-ақ. Тағы бір алаңдайтын мәселе - біздің еліміздің аумағынан ұшырылған зымырандар апатқа ұшыраса, оның келтірген зияны мен шығынын Ресейлік мамандар әзірлеген бұрмаланған әдістемелермен есептейтініміз. Ондай әдістемелер халықаралық тәжірибеде қолданылатын әдістемелерге сәйкес пе, әлде жоқ па? Бұған ешкім бас қатырмайды.

Қарапайым халықты ойландырып отырған келесі мәселе - ғарыш зымырандарының ұшырылу механизмі. Қазақстан зымырандардың ұшырылу мониторингін жасай ала ма? Зымырандардың ұшуға жарамдылығы қаншалықты деңгейде тексеріледі? Ресей жағы зымырандарды ұшырмақшы болғанда бес жыл бұрын құрылған Қазақстан Республикасының ұлттық аэроғарыш агенттігімен келісіп, санаса ма? Біздің ше, еш санаспайтынға ұқсайды. Өйткені, «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» демекші, өздері қашан қаласа, сонда ұшырмақ ойлары бар екенін екіжақты келіссөздерде естіп қалып жүрміз. Ал сеніп отырған Талғат Мұсабаевтың өзі «біз «Протон» ұшыруға үзілді-кесілді тыйым сала алмаймыз, өйткені келісім шарт бар» дейді. «Протон-М» деп аталатын ауыр зымыран тасығышты М. Хруничев атындағы ғарыштық кешеннің ғалым-конструкторлары жасап шығарған. Олар басқару жүйесіне жаңа қондырғы орнатыпты. Міне, осы қондырғы двигательдер істен шыққанда, шығынның көлемін азайтуға көмектеседі. Яғни, әлгі қондырғы апат бола қалса, двигательдерді жедел өшіруге көмек береді-мыс. Олай болмағанда апат аймағындағы тұрғындарға да, табиғатқа да орасан зор зиян келер еді. Әлгі жаңа қондырғының әсерінен зымыран алдын ала құлауы мүмкін деген аумаққа түскен. Ол ғарыштық жол Жезқазған мен Қарағандының арасынан өтеді екен.

15 жылдың ішінде он екі рет аса қауіпті жағдай тіркелген. Сондықтан бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде ерекше жауапкершілікпен қарайтын кез келді. Олай болса, Қазақ үкіметі халықтың амандығын бәрінен жоғары қойып, бұдан былай Байқоңыр ғарыш айлағынан улы отынды қолданатын «Протон» зымыран тасығышын ұшыруға біржола тыйым салуға тиіс.

Қазақстан Ресейдің қабағына қарайлап, ығына көне бермей, айлақтың жұмысын тоқтатып немесе Жапония сияқты сауатты, өркениетті елдерге жалға беру абзал.

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395