Еуразиялық одақ, орыс ұлтшылдығы және қазақ интеллигенциясы
Алтын орданың қол астында бірнеше ғасыр отар болған Русь жұрты, Алтын орданың ыдырауы мен құлдырауына, бөлшектенуіне байланысты толассыз туындаған түркі халықтарының өзара қырқысын шеберлікпен пайдаланып, тәуелсіздік алып шыға келді. Бірнеше ғасырлық бодандық, езілу олардың моңғол-түркі халықтарына деген өшпенділігі, кегі ұрпақтар бойы жадыларында сақталып келді. І Петрдің заманында атқа қонып күшейе түскен Русь кінәздіктері бірігіп, билігі орталыққа шоғырланған империяға айнала бастады. Балтық жағалауынан бастап, Кавказ, ұлы Сібір, Орта Азия, Алтай халықтарын бірінен соң бірін жаулап, қырып-жойып, отарлай бастады. Буырқанған ата кегін қайтарғаны сонша, кейбір халықтарды, айталық Сібірдің ежелгі көне халықтарын жер бетінен түгелімен жойып жіберді. Ғалымдардың айтуына қарағанда, 300-ден астам сібір жұрты орыс-казактарының аяусыз қырғынынан жер бетінен жоқ болып кеткен.
Алтын орданың қол астында бірнеше ғасыр отар болған Русь жұрты, Алтын орданың ыдырауы мен құлдырауына, бөлшектенуіне байланысты толассыз туындаған түркі халықтарының өзара қырқысын шеберлікпен пайдаланып, тәуелсіздік алып шыға келді. Бірнеше ғасырлық бодандық, езілу олардың моңғол-түркі халықтарына деген өшпенділігі, кегі ұрпақтар бойы жадыларында сақталып келді. І Петрдің заманында атқа қонып күшейе түскен Русь кінәздіктері бірігіп, билігі орталыққа шоғырланған империяға айнала бастады. Балтық жағалауынан бастап, Кавказ, ұлы Сібір, Орта Азия, Алтай халықтарын бірінен соң бірін жаулап, қырып-жойып, отарлай бастады. Буырқанған ата кегін қайтарғаны сонша, кейбір халықтарды, айталық Сібірдің ежелгі көне халықтарын жер бетінен түгелімен жойып жіберді. Ғалымдардың айтуына қарағанда, 300-ден астам сібір жұрты орыс-казактарының аяусыз қырғынынан жер бетінен жоқ болып кеткен.
1511-1520 жылдары Қасым ханның тұсында-ақ қазақ даласымен шектесіп, шекараны қазақ жерінің іргесіне дейін кеңейткен алып империя бізді отарлау үшін 1845 жылға дейін 300 жылдан астам уақыт жұмсапты. Түркі жұртының қанын судай төккен қанды ауыз империя қазақ даласын отарлау барысында да осы саясатын үзбей жалғастырып келді. Бағынған-бағынбағанына қарамастан ,кейбір қазақ руларын тұтасымен құртып жіберді. Қазақтарға шүйліккені сонша, басқа бағынышты бодан болған халықтарға қарағанда, ең күшті қарсыласқан осы қазақтар еді. Ұлы Ғұн империясынан, байырғы түркі жұртынан қажыған қытайлардың да түркі жұртына деген азуы басулы еді. Шыңғыс әулеттері құрған Юан патшалығын аударып тастап, Миң патшалығын құрды. Бірақ оның да күні ұзаққа бармады. Шығыс терістік алқабынан шығып, күшейіп келе жатқан Манчжур ұлысы қытай қорғанының быт-шытын шығарды. Ұлы Чиң империясын құрып, Қытайды 1911 жылға дейін табан аудармай 3 жарым ғасыр биледі. Ғасырлар бойы өздеріне маза бермеген түркі жұртын байырғы ата қонысынан, Қытай қорғанынан Алтайға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр түркі халықтарын бөлшектеп, бір-біріне айдап салып, қызыл қырғын салып келді.
Әрине олардың да ата кегі күшті еді. Қағанаттарды бірнен-соң бірін жойды. Тұқымын тұздай құртты. Аямады, кескіледі, қырды. Түркі жұртының тоз-тозы шықты. Билікке талас, ішкі қырқыс, билер мен хандардың арасындағы, тайпалар арасындағы ауызбіршіліктің болмауы түбі бір түркі халқының түбіне жетіп тынып еді. Сол қанды-қасап қырғын әлі де жалғасып келеді. Бір сәтте толастаған емес. Бірақ қылыш алған - қанды қырғын емес, экономикалық-саяси кеңістігімізді өз үстемдігіне қарату арқылы отарлаудың жаңа бір түрі бейбіт, тыныш, жымысқы, қитұрқы тәсілдер арқылы бодан ету шайқасы. Ұлы түркі жұртының ата жауына айналған қазіргі екі держава елдің енді екі бүйірден қыса, қыспаққа алуы барған сайын жиілеп келеді. Қанды шеңгелін алғанымен, тырнағы әлі батып отырған Ресей қазақ даласын отарлаудың жаңа тәсіліне мықтап кірісе бастағанға ұқсайды. Экономикалық-саяси, әскери жақтағы ықпалын былай қойғанда, ақпарат кеңістігімізді жаулап алып отырған алпауыт елдің шовинистік-ұлтшылдық бағыттағы саясаты, ұстанымы өзгерген емес. Дүниенің кез келген жеріне барсаңыз да, Ресейдей Қазақстанның ішкі ісіне килігіп, ашықтан-ашық қожаңдап отырған мемлекетті көрмейсіз. Биліктен тартып, біздің бүкіл ресурустарымыз, интеллигенциямыз солардың мүддесіне қызмет етіп келе жатқаны жасырын емес. «Тәуелсіздік алдық па, жоқ, жарияладық па?» деген сұраққа ешкім де жауап бере алмайды. Шын мәнінде біз тәуелсіз ел емеспіз, аймақтық, өңіраралық елге айналдық. Жартылай отар, жартылай тәуелсіз жарымжан елміз. Экономикалық жақтағы Қытайдың үлес пайызының артуы бізді оңдырмасы анық. Державалардың капиталдық, шикізаттық және қомақты пайда табатын шылауындағы елге айналып қалған сияқтымыз.. Қытайдың мысықтабандап жақындауы, Ресейдің шоқпар үйіре бастауы бір тықырдың таяп келе жатқанын білдірсе керек.
Шынымен де осы қауіпке қарсы тұра алатын қоғамдық пікір қалыптасты ма? Біздегі орыстың ойымен, еврейдің ақылымен, кәрістің қулығымен қимылдайтын билік орыс патшасы В. Путиннің көзқарастарымен келісе ме? Путиннің тілінде сөйлейтін билік Путинше үн қата ала ма? Бұл сұрақ біз үшін маңызды әрі ең қажетті дер кезінде ашық пікір білдіруді талап ететіні шындық. Ешкімнің кеңесіне құлақ аспастан, миллиондаған адамның, келесі ұрпақтың, ұлттың келешегімен, тағдырымен есептеспестен, Кедендік одаққа кірдік. Кіргеміз жоқ, кіргізді. Көнбесең де. Биліктің Еуразиялық одақты көптен бері аңсап, біртұтас ортақ экономикалық кеңістік, ортақ валюта дегенді ойлап тапқанын және айтып жүргенін бәріміз де білеміз. Біз 300 жыл бойы орыс қазанында қуырдақ болып қуырылып, шала күйіп келдік. Енді ес жияр сәтте күлімсі иіс сасыған сол қазанға қайта түссек, майсыз жанып кетпейміз бе? Сұлап түскен халықты су түбіне жіберсек, келесі ұрпаққа не бетімізбен қараймыз? Бұл адамның ақыл-ойының адасуы, санасының әлсірегені емес пе? Екі иығың шабылса, басың қалар, ал басың шабылса, нең қалады?
Еуропадағы қазіргі өркениетті елдер санатына жататын ағылшын, француз, испан, италиян, португал, герман, голланд елдерінің бәрі де кезінде басқыншы елдер болатын. Олар да өз кезінде, адамзатқа қарсы отарлаудың алуан түрлі зорлық-зомбылықтарына, жантүршігерлік қылмыстарға барып, басқыншылық саясатын жүргізіп келсе, қазіргі таңда ол елдер әсірешовинистік, өктемдік көзқарастарынан, ойларынан бас тартып, арыла бастады. Ағылшындар жаулап алған Малай түбегіндегі елдердің ешқайсының да тіліне, мәдениетіне, дініне соқтыққан жоқ. Қайта олардың өз ана тілдерінде оқуына, діндерін сақтауына, мәдениетін өркендетуіне жол беріп отырды. Еуропалық елдер отарлаушыл саясатының басқа халықтарға әкелген зардаптарын зерделеп, зерттеп, келесі ұрпақтың санасына келмеске кеткен өктемдік мінезден үлгі алмауға шақырып, өркениетті жолға түсуге тәрбиелеп отыр. Әлемнің мәдениеті озық елдері қатарында, Еуропалық Одақ аясында жұмыс істеп, тең дәрежеде, бейбіт, ынтымақты, бір-бірінің ішкі ісіне килікпей, өзара сыйласып, бірге өркендеп отыр. Ал Ресей ше? Кеңестік келмеске кеткен кер заманды тірілтіп, қол астынан сусып кеткен елдерді қайтадан уысына алып, өктемдік көрсеткісі келеді. I Петр заманынан келе жатқан ұлы орыстық-шовинистік пиғыл мен санадан әлі арылмаған Ресей өз аумағында өмір сүріп келе жатқан халықтар үшін әлі де қатерлі басқыншы ел ретінде сипатталады. Өздерін еуропалық санайтын, еуропалық өркениеттің көшінен, сана-сезімінен әлдеқайда артта қалған Ресей үшін бұл жолдың ұзаққа апармасы анық. Адамзаттың ақыл-ойы шырқау шегіне жетіп, қоғамдық-гуманитарлық сана дамып, әлемдік қауымдастықтың ықпалы артып, демократия мен адами құндылықтар өркендеп, қанатын кеңге жайып келе жатса да, Ресей мен Қытай баяғы кер заманның кебінен шыға алмай әуре. «Денъ» газетінің куәландыруынша, қазіргі азат Украинаның белгілі қоғам қайраткерлерінің бірі ашу-ыза үстінде: «Ресей өзінің Мәскеу княздігі кезіндегі шекарасына қайта түскенге дейін біз өзімізді қауіпсізбіз деп санай алмаймыз», - деген екен. Күллі түркі жұртына ғана емес, өзімен қандас, діні бір, тілі жақын дейтін, мордва, коми, карел, удмурт, украин, гүржі, армян сияқты славян тектес халықтарды да оңдырмағаны анық. Әлемдік өркениеттер тоғысып, адамзат тыныштық пен бейбітшіліктің алтын бесігінде тербелуді армандаса да, әлі күнге дейін өзіне бағынышты кавказ халықтарын қырып-жойып ұстап отырған Ресей үшін де, жерінің 60 пайызы басқа ұлттардікі болса да, оларды бас көтертпей жою саясатын ашық жүргізіп, қарсылық көрсетіп, халықтарды феодалдық заманның тәсілімен аяусыз қырғынға ұшыратып келеді. Басқа халықтардың мәдениетімен, құндылығымен санаспау, орайы келсе, құртып жіберу ниетінен бір сәтте танған емес. Ал түбіміз бір түркі жұрты саналатын қырғызың саяси қырғын салып, өзімшіл өзбек өзеуреп, құмдағы түрікмен түңіліп, Әзербайжан Қарабақпен әлек болып отырғанда, түркі жұртының басы әзірге бірігетін түрі білінбейді. Ал, біздің керауыз қылығымыз әлі жалғасып келеді. Біреуіміз дінге, біреуіміз тілге, ділге қарсы шықтық.
Зиялы қауымның ұйтқысы саналатын, қазақтың сөзін сөйлейді-ау дейтін, жеті жүзден астам жазушыдан анық жеті жазушыны таппайсың. Екі Мұхтар екі жақта жатып, бір-біріне ата кегі кеткендей шүйліксе, Тұңғышбай мен Асанәлі анадайдан бір-біріне шоқпар ала жүгіреді. Атақ пен даңққа, мемлекеттік сыйлыққа таласып, баспасөзде бір-бірімен қырқысып, қызылкеңірдек болуға уақыт табатын зиялысымақтарымыз ұлттық мүддеге келгенде бір ауыз сөз айтуға жарамайды. Тілдік жақтан да, діндік жақтан да, бөлініп, қырық пышақ болған, халық пен биліктің арасында көпір болудан қалған, бас-басына партия, қоғамдық ұйым құрып, елді ырың-жырың еткен зиялыдан қазақтың көңілі баяғыда қалған. Абайдың «бас-басына би болған өңкей қиқым» деп зар жылап кеткені бар ғой. Бәрінің көздегені - қазақтың, ұлттың мүддесі емес, жеке басының, бала-шағасының қамы мен қарекеті ғана. Елбасының алдында кітабын, бала-шағасын мақтап, елге сіңірген еңбегін дәріптеп, ұзын-сонар сарнап кететін ағаларымыздың қылығы ақылға сыймайды. Ұлттық интеллигенцияның арасындағы алауыздық, бөлінушілік жыл өткен сайын ұлғаймаса, азайған емес. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары да қазақ жазушылары, тарихшылары арасындағы руға, жүзге, жікке, жерге бөлініп, хан мен биге, батырлар мен жырауларға таласатын, қазақ тарихындағы белгілі, аты аңызға айналған аруақты адамдарды руға меншіктейтін тұрпайы, ұсақ, пасық қылықтармен айналысып кетті. Жоқтан барды жасап, тарихта болмаған, болса да қатардағы көптің бірі саналатын адамдардан би мен батыр, тұлға жасауда алдымызға жан салмадық. Қазақ халқы ежелден сыйлап, пір тұтып, атын аңызға айналдырып келген абыздарымыз бен тұлғаларымызды, батырларымызды қаралап, олардың тарихи келбеті мен ұлт алдындағы беделіне кір жағудан тайынбайтын, именбейтін деңгейге жеттік. Бірін зор қылып, екіншісін қор қылып көрсету үйреншікті құбылысқа айналды. Ұлттың тәуелсіздіктен кейінгі тағдыры, тілі мен мәдениеті, құрсауда болған халықтың тарихи сана-сезімі мен азаттық рухының әлсіреуі өз ұлтымыздан шыққан ірі, аса білімді, қуатты интелигенцияның қолдауы мен көмегіне зәру еді. Алайда кеңестік кезеңнен бері қалыптасып, тамырын тереңге жіберіп алған зиялы қауымның арасындағы екіжүзділік дерті асқынып кеткені сонша, билік құрылымдарына дейін өрмекшінің торындай ұясын салып үлгерді. Бір жүзден, бір рудан, бір облыстан жасақталған билік өкілдері пайда болды. Тіпті кейбір мекемелерде бір атадан құралған адамдардың отырғанын көргенде не айтарыңды да білмейсің. Өзінің туыс-туғандарымен, құда-жекжаттарымен, балдыздарымен бір мекеменің кадрларын толтыра салудан ұялмайтын деңгейге жетті. Оппозицияның, заң шығарушы орган саналатын Парламенттегі депутаттардың шын мәнінде ұлтқа қызмет етпейтінін, қазақтың рухына, тіліне ашық қарсы шығып отырған күйкі тірлігін халық өз көзімен көріп отыр. Кімнің кім екені көпшілікке мәлім болды. Өз ұлтына опасыз, желбуаз адамдардың осы әрекеттері қазақ тарихына қара әріппен жазылары даусыз. Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ зиялыларының бойындағы жалтақтық, қорқақтық, салғырттық, білімсіздік, ұлттық мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюына өлшеусіз зардабын тигізіп келеді. Отаршылдықтан қалған құлдық сана мен тәрбие, қытайдан қорқатын, орыстан үркетін жиіркенішті психология кейінгі жетіліп келе жатқан тәуелсіз жас буынның өсіп-жетілуіне, азат ойлы сана мен ұлттық рухты қалыптастыруына, азаматтық қоғамның толыққанды мүшесі болып жетілуіне кері әсері тіпті ашындырады. Кеңестік кезеңдегі ұлттық интелигенцияның ұлттың мүддесі мен беделін қорғаудағы рөлі аса жоғары болғанын мойындауымыз керек. Мұхтары, Бауыржаны, Ғабиті, Сәбиті болған халық ештеңеге алаңдамады. Жоқтаушысы, жоқшысы бар екеніне сенді. Ал, қазір Ғабитіне, Сәбитіне жетпесе де, жетеғабыл тұлғаларымыз, ағаларымыз, арыстан мінезінен айырылып, итаяқ жалап, күшік болып қыңсылап кетті. Болмысы, рухы орыстанған, өз ұлтынан бас тартып, орыс көшіне ілесіп кеткен, бірақ жол ортада көшке ілесе алмай, орысқа да керексіз болып жұртта қалған қандастарымыз (Олжас Сүлейменов, Нұрболат Масанов, Ермұхаммет Ертісбаев, Ерлан Ыдырысов, т.т. бұлардың қатары мыңдап саналады) қайта қайырылып, ұйысып, айрандай ұйып отырған қауымға, өз қандастарына уыттана шабуылдады. Қазақ осындайда «қайта шапқан жау жаман» демеуші ме еді? Қасқырдай талады. Айықпас жара салды. Жансебіл, төзімді, қарға тамырлы қазағым бұлардың да қылығын кешірді. «Іштен шыққан шұбар жыланым» деп, олар салған жараның аузын жалап отыра берді. Әлі күнге дейін төрден орын беріп, төбесіне көтеріп, мойнына мінгізіп келеді.
Біртұтас ұлттық идеиологияның жоқтығы, жөн сілтер бағыттың болмауы, алаш туының астына біріктіретін ұлы күштің әлсіреуі, арнамыздан адастырып бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Халық шынында кімге сенерін айқын білмейді. Қоғам кім көрінгеннің қанағатсыз ойлары мен құнсыз көзқарастарының құрбанына айналып барады. Радио-телеарна, ақпарат, баспасөз саламыз мемлекет жағынан қаржыландырылса да, кімдердің мүддесін соғып, сөзін сөйлеп отырғанын аңғару қиын емес екені белгілі. Ұлттың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтайтын санаулы газеттерімізден басқа қаптаған орыстілді басылымдарың түгелге жуығы қазақ мүддесімен бас қатырып отырған жоқ. Олардың қай таудың шөбін аңсайтынын, кімдерге қарап ұлитынын бесіктегі балаға дейін анық біледі. Алтайдан Қытай қорғанына дейін, ұлы Сібір даласынан Балқанға созылып жатқан, тұтас Азия мен Еуропаны жалғаған түркі халықтарының алтын бесігіне, құт мекеніне айналған, бір кездері Алтын Ордадай ұлы империя дәурендеген ұлан-ғайыр далада тәуелсіздікті енді алып, өз қолы енді аузына жеткен елдің тілі де, түрі де, мәдениеті де жат болған халыққа қайтадан бодандық қамытына түсудің өзі ақылға да, ақиқатқа да сыймайтыны даусыз. Шығыстық ұлы өркениеттің көкжиегінен сусындаған, далалық көшпенді мәдениеттің иесі атанған, өз сенімі мен нанымы бар, мұсылман қауымына жататын түркі жұрты үшін ұлы бірлік керек екені бесенеден белгілі. Басқа халықтарды құлдануға, жер бетінен жоқ қылуға болатын кер заман келмеске кетсе де, өз қол астындағы түркі және кавказ халықтарының тілінен, мәдениетінен, дінінен бездіруге қаншама ғасыр жұмсаса да, олардың байырғы халық болып қала беретінін Ресей билеушілері әлі түсінбей келеді. Сібір даласындағы түркі-моңғол халықтары өз тілінен, дінінен мәдениетінен айырылуға шақ қалса да, олар өз рухын әлі де сақтап келеді. 3000 жылдың алдында жоғалып кеткен тілін қайтадан қалпына келтірген еврейлер әлемдік өркениеттің көш бастаушысына айналып үлгерді. Жаулаушылықтың, басқа халықтарды құлданудың, мешеу отаршылдық сананың дәурені келмеске кеткенін әлі де түсіне алмай келе жатқан әлемдегі екі мемлекет - Қытай мен Ресей екені белгілі. Түркі жұртының алтын бесігіне айналған Ұлы даланың даңқын асырған мемлекет Алтын Орда ғана еді. Алтын Орданың Еуразиялық одаққа айналып, бөгде жұртқа енді қайтып бодан болмасы анық, оған халық та, түбі бір, түркі де, тегі бір қандас қауым да көнбес. Қытай мен орыстың табаны тиген жердің бәрінде де, қасиетті түркі жұртының алтын бесігі саналатын кең-байтақ ұлы даласы басқыншыларды, жат жұрттықтарды өз бауырына тартқан емес, тартпайды да. Олардың да мәңгілік табан тіреп тұра алмайтынын тылсым табиғаттың өзі-ақ айғақтап тұрмай ма?!.
Ерсін НӘСІПҰЛЫ, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері
"Ұлт Times" газеті