Сөз еркіндігі ұғымын дұрыс түсінеміз бе?
Әлеуметтік желіде жазбаңа қисынсыз пікір қосқанда, қатты жауап беріп жатамын. Сол кезде “Сіз сөз еркіндігіне қарсысыз ба?” деп жатады. Әшейінде сөз бостандығы туралы көп айтасың, осындайға келгенде деп “екіжүзді” еткісі келеді.
Меніңше, мұндай адамдар сөз еркіндігі деген ұғымды қате түсінеді. Менің сөзім ауыр тисе де, ол да пікір. Сөз еркіндігі қағидасы сізді мұндай ауыр тиетін сөзден құтқармайды. Мен сіздің еркіндігіңізге қол сұғып тұрған жоқпын. Егер сіздің сол пікіріңіз үшін қолыңызға кісен салса, қорласа, қудаласа, сонда ғана сөз еркіндігіне сілтесеңіз болады.
Яғни, мен ойыма келгенді айтамын, ал сен оны сынаушы болма деп алып, еркін сөзге деген құқығым бұзылды деп жар салу дұрыс емес.
Ағылшын тілінде "Freedom of speech does not mean freedom from consequences" деген сөз бар. Қазақшалап айтқанда, ойыңа келгенді айта ғой, бірақ жұрттың реакциясы болатынын біл. Ол реакция әрдайым жағымды бола бермейді.
Сосын әлеуметтік желіде достықтан шығарып жіберуді, банға тығуды да сөз еркіндігін бұзуға теңейді. Қатардағы азамат әлеуметтік желіде өзіне жағымсыз адамды оқымауға, көрмеуге қақылы. Бәз біреудің достар қатарынан шығып қалуыңыз, сіздің азамат ретіндегі құқығыңызды шектей қоймас. Тіпті ол адам шенеунік болса да, өйткені адам әлеуметтік желіні достары үшін де ашуы ықтимал.
Бірақ, әрине, егер шенеунік әлеуметтік желідегі аккаунтын ресми ақпарат тарату, қабылдау көзі ретінде қараса, онда бұғаттау сіздің азамат ретіндегі құқығыңызды бұзады. Сондай-ақ қоғамға қызмет қылатын/ұсынатын (мейлі коммерциялық болсын) мекемелер де жеке адамды бұғаттамауы тиіс.
Дегенмен, кез келген бұғаттауды, кез келгенде достықтан шығаруды сөз еркіндігіне әкеліп тірей берудің қажеті жоқ.
P.S. Тоқаев билігіне қатысты не жазсам да, “тырнақ астынан кір іздеу” дейтіндер табылып жатады. Оларға айтарым, ел басқару ісінде кір тырнақтың астында да болмауы керек.
Дархан Өмірбек
Abai.kz