Құлтас Достан. ТЖ-ның тыжырыңы
Таяуда «Ұлт» порталында Ақбереннің «Қазақ жастары тағы да сырт қала ма?» - деген салиқалы сауалмен аталған мақала-үндеуі жарық көрді. Елеулі пікір, ұғынықты ұсыныс айтқан Ақберен былай дейді: «Тәуелсіздік алған 21 жыл бойы біздің қоғам өз бетімен, мемлекет өз бетімен, ал, жастар мүлде басқа әлемде өмір сүріп келді. Әсіресе, қазақ жастары. Бүгінгі күнге дейін билік қазақ жастарының рухани-материалдық сұраныстарын зерттеп, білді ме екен?..Мемлекеттік тапсырыспен өтетін зерттеулердің ыңғайсыз жерлері түзетіліп, теріс біткен бұтақтары шабылып, кедір-бұдырлары тегістеліп, тапсырыс беруші ағайдың «көңіл-күйін түсірмеу үшін» жоғары жаққа тап-тұйнақтай болып жеткізіледі.
...Біздің ағайлар жастардың ішіндегі шолақ белсенділердің көзқарасын - барлық жастардың көзқарасы, деп ойлайды. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратын» әлгі «белсенді» жастар бір бөлек, өмірдің қайнаған қан базарындағы жағдай мүлде басқа екенін билік өте кеш түсініп отыр.
Таяуда «Ұлт» порталында Ақбереннің «Қазақ жастары тағы да сырт қала ма?» - деген салиқалы сауалмен аталған мақала-үндеуі жарық көрді. Елеулі пікір, ұғынықты ұсыныс айтқан Ақберен былай дейді: «Тәуелсіздік алған 21 жыл бойы біздің қоғам өз бетімен, мемлекет өз бетімен, ал, жастар мүлде басқа әлемде өмір сүріп келді. Әсіресе, қазақ жастары. Бүгінгі күнге дейін билік қазақ жастарының рухани-материалдық сұраныстарын зерттеп, білді ме екен?..Мемлекеттік тапсырыспен өтетін зерттеулердің ыңғайсыз жерлері түзетіліп, теріс біткен бұтақтары шабылып, кедір-бұдырлары тегістеліп, тапсырыс беруші ағайдың «көңіл-күйін түсірмеу үшін» жоғары жаққа тап-тұйнақтай болып жеткізіледі.
...Біздің ағайлар жастардың ішіндегі шолақ белсенділердің көзқарасын - барлық жастардың көзқарасы, деп ойлайды. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратын» әлгі «белсенді» жастар бір бөлек, өмірдің қайнаған қан базарындағы жағдай мүлде басқа екенін билік өте кеш түсініп отыр.
...Есесіне, бүгін билік өзі танымайтын, тіпті, өзі қорқатын жастар қоғамын қалыптастырып алды. Биліктің назарынан тыс қалған жастардың бір тобы - әртүрлі діни ағымдарға ілесіп кетті, бір тобы - өз нанын өзі тауып жеуге бар жастық жігері мен асыл уақытын жұмсап жүр, келесі бір топтың рухани-интеллектуалдық деңгейі 11 сыныптан ары аспай, төмен қарай құлдырауда. Нашақорлық, маскүнемдік, тағы басқа зиянды әдеттерді айта берсек, тіпті, түңіліп кетесің. Әрине, бәріне қап-қара бояуды жаға салудан аулақпыз. Иманы кәміл, білімді, сергек, зерделі жастарымыз көп. Жаратқанға тәуба дейміз. Бірақ олар аз. Өте аз...
...Қазақ жасы үндемейді. Ол көнбіс. Қытайдың киіміне, суға пісірілген макаронға, тіпті, «ролтонға» шүкір, деп жүре береді. Өзінің ішкі депрессиясын өзі де сезінбейді, бірақ, бір дүние жетіспей тұрғанын біледі.
...Үстіміздегі жылдың сәуір айында Мемлекет Басшысы Үкіметке «Жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын» жасақтап, осы күздің қараша айында ұсынуды тапсырған болатын. Тұжырымдаманы талқылау ғаламторда тағы да «қарқынды түрде» орыс тілінде жүріп жатыр. Интернетті пайдалануды жақсы меңгерген адамның өзі аталған тұжырымдаманы қазақ тілінде таба алмай, қолын бір-ақ сілтейді.
...Қазақ жастарына осы құжаттың мәтінін қалай жеткіземіз, тұжырымдамаға қалаларда қызмет етіп жүрген қазақ жастарының, ауыл жастарының мұң-мұқтажын, арман-тілектерін зерделеу нәтижесінде нақты, стратегиялық ұсыныстарды қалай ұсынамыз? Сол жағын кеңесейік. Бүгінгі жас - ертең біздің замандастарымыз. Ертеңгі қоғамды бүгін қалыптастыруымыз керек.
...Бізде шын мәнінде белсенді, елінің ертеңін ойлайтын мыңдаған жігерлі жастар бар. Соларды мемлекеттік тапсырысқа қатыстыруды талап етейік, қазақтың мәселесімен айналысатын жастар ұйымдарын көптеп құрайық, пайдалы, әртүрлі шараларды өткізуге мұрындық болайық. Сіздің де іні-қарындастарыңыз, бауыр-сіңіліңіз бар. Солардың болашағына алаң болыңыз...»
Мінеки, бұл - нағыз қазақтың сөзі, нағыз ұлтшыл адамның уәжі. Разы болдық. Тасқынды тақырып жастарымыздың жан-жарасын қозғап, пікір білдірушілерге көміліп қалды...
Артынша, елеңдеген Елгезек інішектің «Үндемей-ақ қояйын деп едім...» - деген шұғыл мақаласымен танысып, тасыған көңіліміз су сепкендей басылды. Сөйтсек, мақаланың шыққанына жарты күн өтпей-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Жастар саясаты жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрлан Өтешев Ақберенмен дереу хабарласып, тұжырымдаманың қазақша нұсқасы бар екендігін, қазақшаның қаптаған сайттарда жарияланып тұрғандығын, қажет болса, қол астындағы бір кішкентай шенеуніктің қазақша нұсқаны Елгезектің электронды поштасына әдейі жіберетіндігін айтыпты.
Әйткенмен, әдеттегідей «өтіріктің арты - бір-ақ тұтам» болып, арадағы бір жеті бойына барлық сайттарға да, Ақбереннің поштасына да Тұжырымдаманың қазақ тіліндегі нұсқасы түспеді. Жап-жас шенеуніктің әлден-ақ өтірікшілігіне қапаланып, алтын басының қор болғандығына намысы шыдамаған Ақбереннің: «Мәселе - біздің мемлекеттік органдардың Ана тілімізге менсінбей, салғырт, керек десеңіз, жеккөрінішпен қарап келе жатқандығында. Ертеңгі елді, ертеңгі Қазақстанымызды басқаратын жігіттердің сиқы осы... Менің жаныма бүгінгі біздің қоғамда орын алып отырған тіл мен ұлттық рухтың жай-күйі қатты батады» - деп, шырылдаған жанайқайы біздің де жүрегімізді сыздатты...
...Бүгінде теледидар мен радионы қарасам, өз-өзімнен қысылып, кейде, кірерге тесік таппаймын. Жақында Жезқазғанның бір шалғай ауылының әкімі «Елбасының тапсырмасымен, ауылда 15-адамдық монша салдық» деген сыңайдағы бір қойыртпақты қойып қалды...
Мұхтар Шаханов ағамыз ТЖ-лар (туфли жалағыштар) атаған әкім-қарарлардың жағымпаздығының шеті мен шегі әзірге көрінбейді. Жо-жоқ, бұлар ел басқаратын тұлғалар емес, бастықтың айтқанын бұлжытпай орындайтын (көбіне, тек сөз жүзінде) «ләппай, тақсырлардың» тобыры ғана...
Қаршадай Нұрлан Өтешевтің жасы өзінен әжептеуір үлкен ағасы Ақберен Елгезекті: «Саған пәлен адам хабарласады» - деп сылап-сипап, алдап-сулап шығарып салуынан да ТЖ-ның тыжырыңы мен қолқаны қапқан күлімсі иісі сезіледі...
Қазақтың қаласы мен даласын егеуқұйрықтардай қаптап-қайқаңдаған ТЖ-лардан қашан құтылудың жалғыз жолы - «Елбасының тапсырмасынсыз-ақ» елдің қамын ойлап, ұлттық рухымыздың жанартаудай жарқырап оянуы, яғни, Ақберендердің алға шығып, Елгезектердің ерекше еленуі...
...Ат төбеліндей аз ғана қазақтың жігіттері бір-бірімізді тыңдап та, сыйлап та үйренуіміз керек. Мансабы бардың менменсіп, көкке атылғаны да, қарапайым адамның қарабайырлыққа құлағаны да жараспайды, жігіттер! Адамнан - адам артық емес, жүрекке иман тұрақтап, нәпсіге қанағат қойылса, қазақ жігітінің алмайтын асуы болмайды...
Құлтас ДОСТАН,
«Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы
«Abai.kz»