Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
VI
Үйден хат келмеді. Екі үйге менің жазған хаттарымның да бірі тимегені анық болды. Қайда кеткенімді білмейтіндіктерінен біреуінің мұнда іздеп келуі де мүмкін емес қой. Ал, қалпағымның не екендігін қасақана әлі де белгілемей, апат жаудырып жатқандарында қайтаруы мүмкін бе, кетуім керек! Қайда кетсем аман қалатындығымды, барған соң үй ішімен сөйлесіп, ақылдасып шешпеймін бе!.. Киім! Түс өзгерту! Азық! Жол расхот!...
Жатсам-тұрсам осы қаммен ғана болып қалып едім. Отын таситын бір қазақ жігіт ертең демалыс екендігін ұқтырылған бір кеште маған жеке күбірлеп қана шығып кетті: «бір досыңыздан хат келіпті. Ләтипаға тиген екен. Ертең дәл түсте жол ортадағы аласа шағылға келіп тосып тұрамын, алып қайтсын» депті. «Сәйдадан болса да Ләтипа арқылы маған бір хабар келген шығар» деген үмітпен біреудің бешпет-сымын сұрап кие сала айтқан уақытында жеттім сол шағылына. Майдан доқтырханасына баратын жолдың жағасында болатын. Сырт жағынан бір әйелдің дауысы естілді:
- Мұнда келіңіз!
Аңқалаң қағып жетіп барсам, Ләтипа апай емес, әдемі киінген тығыршықтай қызыл сары келіншек қолымнан тарта жөнелді бір шұңқырға қарай. Сұлу безеніп алған жортуылшы келіншегімнің дәл өзі. Аңтарыла қалдым.
VI
Үйден хат келмеді. Екі үйге менің жазған хаттарымның да бірі тимегені анық болды. Қайда кеткенімді білмейтіндіктерінен біреуінің мұнда іздеп келуі де мүмкін емес қой. Ал, қалпағымның не екендігін қасақана әлі де белгілемей, апат жаудырып жатқандарында қайтаруы мүмкін бе, кетуім керек! Қайда кетсем аман қалатындығымды, барған соң үй ішімен сөйлесіп, ақылдасып шешпеймін бе!.. Киім! Түс өзгерту! Азық! Жол расхот!...
Жатсам-тұрсам осы қаммен ғана болып қалып едім. Отын таситын бір қазақ жігіт ертең демалыс екендігін ұқтырылған бір кеште маған жеке күбірлеп қана шығып кетті: «бір досыңыздан хат келіпті. Ләтипаға тиген екен. Ертең дәл түсте жол ортадағы аласа шағылға келіп тосып тұрамын, алып қайтсын» депті. «Сәйдадан болса да Ләтипа арқылы маған бір хабар келген шығар» деген үмітпен біреудің бешпет-сымын сұрап кие сала айтқан уақытында жеттім сол шағылына. Майдан доқтырханасына баратын жолдың жағасында болатын. Сырт жағынан бір әйелдің дауысы естілді:
- Мұнда келіңіз!
Аңқалаң қағып жетіп барсам, Ләтипа апай емес, әдемі киінген тығыршықтай қызыл сары келіншек қолымнан тарта жөнелді бір шұңқырға қарай. Сұлу безеніп алған жортуылшы келіншегімнің дәл өзі. Аңтарыла қалдым.
- Тезірек, жолдан біреу көріп қоймасын!... Кешіріңіз Биған, бір сөйлесіп алайын деп алдап шақырттым, кешіріңіз! - Шұңқырға жайып қойған лаужяу шапанның үстіне отырғыза сала тәтті сөз, жұп-жұмсақ құшағымен орап кеп алды. - По, шәшіңіз ағарып кетіпті! ... Көңіл дегенді көтеріп жүрмесек мүлде түгесіп кетеміз ғой!- дегеннен басқа «ғашықтық құштарлықтары» құлағыма кірмей де қалыпты. Жастықтың өзіме таныс-бейтаныс жындары түгелімен қаптап, құрыштап ала жөнелді. Жауабым, «ал ендеше» ғана болды, бассалдым. Ес-ақылымның қайда кеткенін білмей де қалыппын...
Лезден соң сайқалдың бір өлімнен әрең қалғандай бейнемен қолтығымда жыламсырай алқынып жатқаны ғана көрінді. Атын да білмейтінмін есіме енді түсті.
- Айтпақтайын, атың кім еді?
- Атымды білмейді-мыш тағы, Тылла қыз емес пе! Екі жылдан бері күйігіңді тартып жүрсем, танымайтын бола қалыпты, шұм! - Иегімді тістеп кеп алды да ернім мен тамағымды аймалай жөнелді. - Бек апат екенсің, қорқып кеттім. Жанымды шығарып... үш жылдан асты, ұмытып кеткенмін мұны!...
Ақылымнан лезде тағы да адастым, сайрай жөнелді.... Есімді екінші рет жиған соң естілді бір талабы.
- Өзі мені әлі бір рет сүймейді тағы!- деді де ернімді тіпті қатты сүйді. Ләтипаның «мұндайларға жуыма, пәлесі тиеді!» дегені есіме енді түсіп, аузынан жүзімді тарта сұрадым.
- Жә, өзің не жеп семіргенсің осынша?
- Семірдің дейді тағы!... Шұм!... Осы бәдәнымда қанша семіздік бар! - Қызықты деген жерлерін бір-бірден ашып көрсете берді. - Міне, міне, осы артық па маған, міне!... Ақыры көріп болдың ғой, ауруы барма дейтін шығарсың, анықтап көріп ал!...
Әлия сияқты мұның да әйелдік физиологиямен қызықтырғаны болса керек, сөйтсе де бұл тіпті сөлекеттеу жайды жаймасын. Өзіме байланыс жасап жүрген «арландардың» аурудан сақтану үшін денесін түгел тексеріп, әбден әдеттендіріп қойғаны сезілді. Шімірікпейді. Өзі көрсеткен соң мен де зейін сала қарамаймын ба. Еш жерінен бұрынды-соңды дерт белгісі көрінбеді. Сыртына шыға қоймаған мерез сынды жасырын пәлесі болмаса, тап-таза, мұрсындай екен.
- Жазғытұрымғы ауруыңнан қалай жазылдың?... Ол ауру, дәрі, иә тамақпен ғана жазылмайтын «әйел ауруы» еді ғой?
- Ғашықтық дерті, сені көп ойлаудан ауырғанмын, айтқанмын ғой өзіңе!
- Мені ойлаудан ауырған болсаң, енді жазылмай, әлдеқашан «жазылып алыпсың» ғой?- деп күліп жібердім.
- Қалай жазылдың дейді тағы, сұм!- деп өзі де күлді де иегіме күшей жабысты. - Міне, міне!... Шегінен асқан сұмсың, құм тасып жүрген машинаның дөңгелегін атқаныңнан-ақ білгенмін!
- Үй, сол дөңгелекті мен атты деп жүрме едің?
- Білемін, мүсәпірлерді құтқарғансың жаным! Содан бастап садағаңыз болғым келген, міне енді жеттім!... Бірақ, бек қиын... өлтіріп қоятын ұқшайсыз! Осындағы бұрын үйленбеген жігіттердің де ешқайсысы сіздей емес екен!
- Бәсе, бәрін көріп болғамын деші! -«Ғашығыма» қарқылдап күлдім.
- Жоқ ей, мен ондай найсап емеспін. Бір ауданның имам хазіретінің қызымын. Үзбей намаз оқимын, жұма, басқа әйелдерден сұрап көріңіз!... «Ешқайсысы сіздей емес» дегенім, ешкім мені сізше... басынған емес. Оқыған адам болған соң сізден, келе сала мұндай зорлық істер деп күтпегенмін. Өзім ғашық болған соң не істесеңіз де әміріңіздемін ғой. Сіз емес, басқа бірі болса көрсетер едім!... Мұндай іс хиялымда да болмаған. Сізді мен мұндай харам ойын үшін емес, басқа бір сөз болып шақыртқанмын... Өмірлік халал некеңізде болайын, мені бір жаққа алып кетіңіз, өміріміз осы жерде өтіп кетпесін, қайда барсақ та жол расхотына жетерлік ақшамыз бар!
- Менің неше жыл күтіп жүріп алған әйелім бар, балам бар!
- Сіз күтіп жүріп алғаныңызбен ол әйел күтіп отыр деп ойламаңыз! Естуімше сіз оның қасында болмағаныңызға төрт жыл болып қалыпты. Жас әйел деген төрт жыл түгіл төрт күн де күте алмайды, бітіп кетті ол, басқадан бала тауып та алған шығар!
- Сен өздерің сияқты ойлама оны!... Дәл қазір менен шапалақ жейін демесең айтпа мұндай сөзді! - айқайлап жіберіппін. - Ол екеуіміз бір-бірімізге ғана табынамыз!..
- Ақырын сөйлеңіз, жаным дейін, ақырын!... Садағаң кетейін дедім ғой, жолдан өткен біреу естіп қоймасын! -Тылла қыз бұғып барып қыраттан баспалап, жолдың екі жағына да қарап келіп жалынды. - Ал, ұрыңыз жаным, ұрыңыз мені! Таяғыңыздан өлсем де арманым жоқ. Тек мені мұнан соң ауыртып қинамаңыз!... Осылай зорлап қосылып алып, тағы да көрінбей қойсаңыз... өлгенім - өлген! Яки жынды боп аузыма келгенді сөйлеп кетермін! - Үнсіз сазарып отырып қалыппын. Мойныма тағы да асылды. - Шұм!- деді сықылық қағып, бар күшімен жабысты. - Сіздің шапалағыңызға да ғашық екенмін!... Ұршы жаным, ұршы, аямашы!... Жаңағыдай басып-мыжып ұрсаңыз да ықтиярыңыз!.. Әр аптаның екінші, алтыншы күндері... жоқ, жоқ, үшінші күні түс уақытында осы жерден көрісіп тұрайық, мақұл ма?... Мақұл деші!
- Мақұл!- дей салдым. Әлгі жаңылысынан, оғанға дейін бұл пәледен құтылудың орайы барын сезбегендеймін. - Бірақ, әйелім жөнінде бұлай былжыраушы болма!- деп бетінен әдейі сүйіп қоштастым. - Аптаның үшінші күні дедің бе, екінші күні түсте келсем, болмай ма?
- Екінші күні келмеңіз, келмеңіз!... Өзім ол күні келе алмайды екенмін. Үшінші күні, яғни сәрсенбі күні түс уақытында дедім ғой, ұқтыңыз ба, басқа күні шаршап әуре болмаңыз!- ол да сүйгіштеп, менің жолымда өле тынысып айырылды.
«Қалай болса да мені мықтап жүгендеп алып, мойныма сонсоң мінбек сияқты. Қазір ақша көбейту қамында болса керек»- деген тұспалға келдім қайтып бара жатып. Мұндай әйелдер қазір тірі қалған лаужяулардың әлденген уақытынан пайдаланып, жанқалталарын қағып жүргенін естігенмін. Бұл салдақы осы саудамен екі қоянды бір оқпен атып, «оқымыстыға» тиіп алмақ. Өзі орта мектеп бітіріп, «феодал қызы» болғандықтан жоғары мектепке кіре алмай, иә қызмет таба алмай қалғандығынан қағынған...
Осы жын ойнағына өзі келме деген сейсембі күні түс уақытында қылмысының үстінен түсу үшін келсем, жоқ болып шықты. Расында да келмей қалған тәрізді. Сонда да қапысын осы жерден табамын деген сеніммен қайттым. Бұл шұңқыр басқа кезбелер келмейтін, соның өзінің ғана «сауда дүкені» екендігі іздерінен айқындалды: маңайы маған таныс біз өкше туфли мен басқа жалпақ табан шақайлардың ширына айналып алыпты.
Сәрсенбі күні түс уақытында «Құдай қосқан» өз өшіретіме келмеуіме болмай қалды: машина дөңгелегін жаруымның үстіне «зорлық» -басқыншылық қылмысына да кіріптар болып қалмадымба. Өзін басқалардан ұстап алғанымша осы қылмысымды бір пәтуә мен жеңілдете тұруым жөн көрінді.
Уағдаға бағынып дәл уақытында келсем де ыңғайына бағынбай - «зорлық істемей» қойдым. Өзі өктемдік істеп те көндіре алмады.
Мен әнеу күні қатты қателесіппін Тылла қыз,- деп күрсіндім. - Расында да әйелім мені күтпей бұзылып кетсе, сенімен үйленемін ғой. Сен де жақсы қыз екенсің, некеленгенше «харам» жолға жүрмейік. Мұнан соң сен де, мен де осылай, танысу қағидасымен ғана көрісіп тұралық! - Қалай толқыса да жауабым осы ереже болды. - Досыма жазған хатыма жауап келсін, не істейтінімізді сонсоң өзіңмен ақылдасамын!
- «Зорлық істедің» деп мен де қатты қателесіппін!- деп күле түрегелді «Тылла қыз». - Ондай сырымызды ешкімге айтпаймын ғой, расында зорлық істемегенсіз!... ендігі аптада, ие?... Егер келмей қалсаңыз...
Келмей қалсам қайтетіндігін айтпай еркелей бұртиғансып қана ескертіп қайтты. Есі-дертім осы сайқалды қылмыс үстінен нақтап ұстап, аузын мықтап жабуда қалды. Егессе Әлиядан кембе мұның әзәзілдігі. Ондай жала жаппай-ақ, «Үрімжіде үкімет автомобилінің дөңгелегін жарды. Мұнда келіп басқыншылық қып менің ішімді жарды, міне көріңдер!» деп тұрып алса бұлтарта ма бұл пәле!...
Мені тиған сембінің кешінде тағы жүгірдім жын ойнағына. Жақындай бергенде тапыр-тұпыр аяқ дыбысы естілді. Шағылға жетіп шыққанымша кетіп болыпты. Біреуі қараң қағып бұлт-бұлт жүгіріп, алыстап барады. Көрінбеу үшін отыра қалып бақыладым. Беталысы әйелдер әтіреті. Ол, Тылла қыздың өзі болғаны. Ал, мейманы қалай қашқанынан дерек табылмады. Маған анықталғаны, түндікке уағдаласқан «ғашығын» діл осы шағыл үстіне қабылдайтындығы ғана болды. Жазықтағы жалғыз төбеден маңайын түгел бақылап жатады екен де хауіп сезілсе-ақ жоғалады екен. Мұндай «стратегиялы» жерден қолға түсіру оңайма! Сіріңке шағып Тылла қыздың туфлиінің ізін анық таныдым. Бірақ бұл, көп жезөкшенің қайсысының ізі болып дәлелге симақ. Демалыс күндерінің бір кешінде өзінен бұрын келіп жасырынып жатып ұстамаса, шалма түсіретін киік емес екен.
Өзімен меншікті сәрсембі күні түстікке лажысыз тағы келдім. Ештеңе сезбегендей құшақтап қыса түстім. Құлқы мен қылықтарына таныса келе қатты жиренетін болғанымды сездірмеуге тырысқаным еді. Бірақ мұнымнан басқа нәтиже шықты: жыныстық сезімін қатты қытықтап қойыппын, әнеу күнгі қағидама көнбейтіндігін ашық білдіріп, тіпті жабыса шабуылдады ол. Солған көңілімнің «сопылығына» шамданды.
- Сіз менен басқа біреуін тауып алған ұқсайсыз! -деп күрсіне шытынды. - Менімен ойнамай осылай суытып, тастап кетпексіз!...
- Олай емес Тыллам, некеленбей тұрып зорлап, саған обалды іс істегім келмейді! Егер өз әйелім күтіп отырса, сен екеуіміз үйлене алмаймыз, бала бар ғой. Одан бір хабар келгенше сендей асыл затты қорламай-зорламай күтуім қажет!
- Оһо...о..й, зорласам обал болады дейді тағы! Ұмытқан нәрсемді есіме түсіріп үйретіп қойып!.. Енді қояйықшы сол сөзді! Бір қалжыңымды ұмытпапты тағы!... Сол зорлық болыпты-мыш!.. Маған обал болады-мыш, һы-һы....һы...
Тылла қыз бар өнерін салып құйқылжып, барлық антын айтып жалынып жатып, жындарымды өзі шақырып келтірді.
«Бұл сайқал шындап өштескенге дейін құтылып та болармын!»- дедім қайтып бара жатып. «Қайдасың Нұрияшым-Мақпалым! Жан серігім -ар серігім!...»
Қыс түссе де жұмыс ауырлай берді. Тағы да «зор секіру», тағы да тың ашу, тағы да «апат», тағы да ашаршылық... өндіріс әлемі бүтіндей керісіне секіргенін көріп-біліп отырып-ақ зорлап секіртуін қояр емес.
Көктемдегі мылтық кезенуінен ащы сықақ естіп, қорланып қалғандығынан ба екен, иә, тыңнан нұсқау келді ме екен, Мәт сопы, «ұстара біздің қолымызда» дейтінді тапты енді. «Даяужыңға қарсы сөз-әрекетте болғандарың мен қашқандарыңды енді аямаймыз», «астық гауһардың гауһары». «Бұл саясаттарымыз мәңгі өзгермейді» дейтін тақырыптармен тіпті сақылдай түсті. «Қыстық тәрбие» деп аталатын үйреніс әрекет осы «дұғаларымен» түн ортасына дейін созылды: іңірде группа бойынша «қуаңшылық апатын», «шужыңжуий»[1] мен «оңшыл оппортонизм» апаттарына қосақтап тілдеп-тілдеп аламыз да, ашаршылыққа тағы ұшыраған обалымызды солардың мойнына артып қойып сүмірейтіміз. «Төңкерісшіл» идеямыз ондай «кері төңкерісшілдер» алдында тізе бүкпек пе! «Тізе бүгушілік» те сондай үлкен апаттардың бірі. Егер жазатайымда тамаққа жарымағандығымызды әшкерелеп қойсақ, осы кері төңкерісші құл апаттың дәл өзі болып шығатындығымыз іс жүзінен көрініп болған. «Айына бақандай тоғыз килограм нормы түгіл бес кило жесек те шыдаймыз!» деп сендіреміз Мәт сопыны. «Кетпенімізбен жер серігін ұшырып жеңеміз апаттарды!», «биыл бар күшпен секіреміз, басып озамыз жаулардан!» - арбай қарап көпіретін Мәт сопыға осы антпен еріксіз ере көпіреміз. Түн ортасы бола бере аулаға шығып әтірет бойынша түгел тізілеміз де сол көбігімізді енді аспанға бүркеміз - ұрандаймыз-ай келіп. Жаулардың әрқайсысына «жолғалсынды» бір-бірден атып алып, көсемімізге «жасасынды» үш рет жаудырып жіберіп тараймыз. Құрсағымызда бақа шұрылдап, жылан жалаңдап, қасқыр ұлып, шулап-ысқырып кеткенін жасыру үшін аузымызды баса келіп бүк түсеміз орнымызға.
Осы қыстық үйренумен бірлестіріп кетпенді жақсы шапқандардың қалпағы алынатындығын тағы да жариялады. Тағы да жінікті лаужяулар. Былтырғы ашқан жеріміз тарлық еткендей айдаладағы бор басқан тағы да тың ашып, тоғам қазып, бұрқылдаттық та жаттық.
Басқа группадағылардан ашығып солушылар қайта көбейе бастады сөйтіп. Күздегі жиын-терімде көбірек ұрлай алмай қалғандары алдымен бүрісе бастады. Қоймасы молырақтары оның керісінше есіре түсті. Есіргендер секіргеннен секіріп, жезөкше әйелдерге қарап қарғуды көбейтті.
Бұлар қыс ішінде қалай құтырды деп жүрсем, «базар» арзандай қалыпты: жақын райондардағы халық та биыл қатты ашықққан екен. Айына төрт-бес юан болса да үкіметтен ақша шығып тұратын, кебек болса да момысы бар лаужяу майданы халық коммунасындағы әйелдерге жәннәттай көрінетін болыпты. Сол себептен қамаудағы жігіттерді аулайтын еркін жезөкшелер көбейіп, өзіміздің қалпақты жезөкшелеріміздің бағасын түсіріп жіберген екен. Бір жолығуын бір момы, немесе елу тиынға түсіріп күрт сындырыпты «саудаларын»:
Өз жезөкшемнің «дүкеніне» бір барғанымда сол ахуалды сұраймын деп үлкен пәлеге қала жаздадым: - Саудаларың күсет болмай қалды ғой деймін, ә?- бұл сұрағыма Тылла аңырғанси қарап, қызарақтай қалғанында, - бағаларың елу тиын, иә, бір момыға түсіпті ғой! -деп айқындай түсіппін.
- Оны қайдан естідіңіз?... Ол жала!... Оллаһи мен ондайда жоқпын, білмеймін!- дей сала шап ете түсті өзіме. - Ә...ә... енді білдім, өткен аптада келмей қалғаның сол екен да!... Тапқан екенсің да!- ышқынып жіберді. Мен, жұмыстың ауырлап кеткенін, ақтығымды айтып сендіре алмай қойдым. - Жоқ, жоқ, сенбеймін. Ондай бұзықтарға былғатпаймын сені, жібермеймін! -енді қайтайын деп отырғанымда қайта жабысты осы егеспен. Өз бәсекелестерінің «сепілісін», «қояншығын», «іріңін-шірік, сасығын», «қолаңсасын» қоймай сөйлеп келіп, олардың қонақтарының да «қотырын», «жарық-шартығын», «қарақапталын», «кәрілігін», тіпті күндестерінің әрқайсысында ондай «қотыр шалдардың» нешеуі бар екендігіне дейін жайып салды. - Сондайлармен кездескеніңізді естісем, мені естімей қалады екен демеңіз, сөзсіз арыз жазамын!- деп жібергенінде жүрегім тас төбеме бір-ақ шықты. Әлияның сиынатын пірісімен табысқанымды енді түсіндім. - Іздегеніңіздің бәрі өзімнен табылады жаным! -деп қамсыздандырды сонсоң. Мұндай «өнерлі ұстаз» көрмеппін, тәрбиеге белшемнен батырды. Осы дүниеге мұндай «жәннәт» орнап, мұндай «қор қыздары» пайда боларын кім ойлаған!...
- Күндестеріңе келген қонақтың құйрық жықбыларына дейін көріп жүріп, олардың бергенін «білмейтінің» ғажап екен!- деп бетін қатты шымшып қайттым.
Астық қоймамыз жетерлік болғандықтан біздің группа биылғы ашаршылықтан аулағырақ еді. Басқа группадағылар міндеттерінің жарымын бітіре алмай отырып қалғандарында біз үштен екі үлесін бітіріп тастап, түстен кейін өз кәсібімізге бірден-екіден сытылып шығып кетеміз.
Бірақ, аш қасқырлардың аңдуына түсіп, қоймамыздан астық алып келуде қиындап қалған. Қай төбеге барғанымызды көздері шалып қалса-ақ таң атқанша сол төбе ойрандалып, астығымыз қап-дағарымен жоғалады. Ал, бір төбедегіні бір-ақ тасып әкетсек, кадрларға білініп қалады да олардың тауықтары мен үйректеріне жем болып кетеді.
Сарытеке, қалың төсеніш қамыстарымыздың астынан қазып алған кішкене-кішкене ұраларымызды да көріп алыпты. Соған дәнігіп, күндіз бізді аңдуды қойды да сол ұрашықтарымызды аулайтын болды. Жұмыстан біз қайтып келгенше төсек-орнымызды тінтіп қорыс-қопасын шығарады. «Бидайды қайдан алыңдар?» деп кешінде бақылдай жөнеледі сонсоң. Біз, бір-екі рет, «тышқан індерінен қазып алғанбыз» деп құтылдық. Даладағы қоймаларымыздың маңына бармай, содан бастап шынымен тышқан інін қазып күн көре тұруға кіріскенбіз. Түстен кейінгі кәсібіміз осы.
Тарақ құйрық қызғылт сұр жануарлардың сырын біле келе мұның да өнімді кәсіп екендігі көрінді. Бірақ, мұны да адал кәсіп деуге болмас еді: тарақ құйрықтар семьялы, бала-шағалы жан иесі. Егіннің жиым-терім кезінде бұлар да ұйқы-күлкіден безіп еңбектенеді. Атыздан індеріне қалай жеткізетіндігін білсеңіз, тым жапалы - жан ашитындай миқынаттанады екен. Құрғақ дөңдегі індеріне бір-бір бастан тасудың өнімсіздігін бұлар да біледі. Бір-екі балапанын шалқасынан жатқызып, бас бидайді бауырына айқастыра тиейді де үлкендері алдыңғы екі аяқтан тістеп, шанаша сүйретіп апарады. Қауызды бас бидайды клеттеріне кіргізіп, тағы да айқастырып саңлау қалдырмай, тығыз тізеді де ұрттарымен әкелген жалаңаш бидайды соған орап қымтап, дымданудан сақтайды.
Ал, ін құрылыстарының өзінде де адам таңданарлық мамандық бар: су шықпайтын құрғақ дөңдерден қазғанда жатын орындарын теріскей жағынан, астық клеттерін ыңғай күнгей жағынан қазады. Жатын орындарынан айланып келетін жасырын коридордың екі бүйірінен қатарлап бөлек-бөлек бөлме етіп қазылған клеттері кең және теп-тегіс, таза жасалады. Дәрет орындары бұдан мүлде алыс, ауыз жақта болады. Бұл да жемін дымнан, былғанып, бұзылудан сақтаудың ең түйсікті амалы.
Екі-үштен артық бала өсірген үлкен семьялылары 20-30 килодан артығырақ астық жия алады екен. Ондай қорлы-қордалы семьялар бізге сыртынан қарағанда-ақ танылатын болды. Атыз маңынан арқан сүйреткендей іздерін қуып барып та табатын болдық. Ол, сүйретілген тышқанның жонының ізі. Арқаларын аяп және жеңілдік табу үшін де ыңғай сол бір ізбен сүйрететіндігі белгілі.
Біз олардың архитектуралық өнерлерін жете түсінген соң ін қуып қазып қиналуды қойдық. Кетпенді склатының дәл үстінен салып, астығын жарқ еткізетін мамандыққа жеттік.
Маңайымызға қарай тұрып, қайдан шыққаны белгісіз, пұта араларынан дірдектей қарап тұрған сол еңбекшілерге жанымыз ашиды. Бұлар да миқнатпен тапқан азығынан бізше айрылып, бізше аштықтан қырылатындығына қабырғамыз қайысады. Бірақ лаж не, теке сарының жауыздығынан тараған жауыздық бәрі де!... Жаздай сүйретіліп жауыр болған сорлыларын көргенімде көзімнен жас ыршиды менің. Бигелді, Биғазы ағаларымның да өткендегі дәл осындай халдері елестейді. Бидай шашсам, ақыры азықтарынан ауыз тимей жөнеледі зәтте жанды сорлылар!...
Сөйтіп тараққұйрықтармен бірге қалтылдап, бірге жылай жүріп тапқан бидайымызға жау тағы төнді. Текесары бір түнде жатағымызға әскер ертіп кіріп, аямай тонады. Төсегімізден жалаңаш қуып шығарып, түнгі аязда сол тышқандарша дірдектетіп қойып тонады. «Ұямызды» көзбе-көз ойрандап, еденге дейін қопарып, талқандап кетті.
Таң атысымен сол бидайымыздан ши аяқ тәйтәйі тегенелеп алып шығып, тауығы мен үйректеріне шашқанда шырайымыз қатты бұзылды. Дәмелқанның мұрты жыбырлап, менің тісім шықырлады. Мұны көріп Еділбайдың танауы ұраға айналды да Заман жорғалай жөнелді. Соның екінші түнінде кадрларды отынмен қамдап жүрген екі атан өгізінің көзге түсіп жүрген ең семізі жоғалды. Үшінші түні оның сыңары да жоғалғанын, біздің группа естімей де қалыпты. Тауықтары басқа түндерде таусылып, үйректері қырқылдап жүріп тапа тал түсте ғайып болды.
Алдыңғы өгіз, жұмыс майданымыздың сырт жағындағы қалтарыс бір кішкене шағылға мүшеленіп көміліп, бізді майла ет-сорпамен далда қалжалап жатқаны, өз группамызға ғана аян. Ал, тауық-үйректердің ізі, басқа аш группалардың бет шырайларына түсті. Екінші өгіз Тоқты Баситтің алыстағы шағылына кетті. Ізі солай беттеп барып, бұлтарып, солтүстікке кеткен болып жоғалды.
Зыр жүгіріп Сарытеке жүрді. Адам қанымен борланған көп құсының бұл маңнан бір тал түгі де табылмауы, лақ тастаған кәрі ешкідей жүдетті өзін. Тексеруші-тінтушілері қызметтерін біздің жатақтан бастап, әтірет маңындағы өліктердің көрлік ұраларына дейін ақтарып тінтіп, ештеңе таба алмай торықты. Тәйтәйі тайынша-құнан өгіз жегілген отын арбасынан, жақындағы жас жыңғылдан басқа құрғақ отын таба алмай бықсып, мұрнының суын жия алмай қалды. Енді өзіміздің арқалап әкелген отынымыздың конфескациялануынан сақтану үшін артық отын көтере келуден біз де тиылдық.
Ең жақсысы, Текесарының інінен қазып әкелген астығымызға осыдан соң сұғын қадай алмай қалғаны болды. Тауық-үйрек атты көп тажалы жойылған соң, өздеріне кілеттегі біздің нормамыздан еленген шаңмяндары[2] тұрғанда тышқан аузынан шыққан бидайдің қажеті не.
Жазға салым «зор секірудің» құтырығы қатты қозатыны белгілі. Ашаршылық пен ауыр жұмыс басқа группалардағы тәйнилерді де күйретіп жатқанда қоймамыздағы астықты «тышқан інінен әкелген» болып жей бердік. Лопнорлық деп аталатын аса адал халықтың аты-жөндері мен тұрақтарын білмесек те есекпен тиірменге кетіп бара жатқанын көрсек болды, бидайымыз солар арқылы тирменнен майда ұн болып та келіп жатты. Олар бізді дін жолымен «мүсәпір» атайды да, мүсәпірлерінің бір түйір дәніне қиянат қылмай ұнға айналдырып, іздеп жүріп әкеліп береді. Ал, күріш ақтауға өзіміздің бөтелке шактасымыздан шебер тиірмен жоқ.
Мен осындай күйлі шағымда күріш егісінің лайсаңына түсуден бұрынырақ кетіп қалуға асықтым. Бұл жердің күні жылынғанымен солтүстіктің қары кете қоймағандығы ғана кідіртіп жүр еді. Қалпағымның бір жақтылы болған хабары дәл осы кезеңде жетіп келді: Мәт сопы бір күні таңертең әтірет штабына шақырды да таңба басылған қалың қағаздан «Биғабіл Жаппардың қалпағы оңшы, басқа қалпағы жоқ, блок-ұйымсыз дара оңшы» деген сөзді анықтап оқып берді. Ханзуша, ұйғырша екі тілде жазылған екен. Орнымнан секіріп тұрдым. Бір ғана қалпақ жеп-жеңіл сезіліп еді. Мәт сопы оны да жеңілдете түсті.
- Оңшы, жерлік ұлтшылдардың қара шаһардағы саяси курсы биыл күзде және ашылады. Оған дейін қателесіп, мәселе өткізіп қоймасаң, енді бұл қалпағыңның да алынуы мүмкін!- деді.
Өткен жылдың күзіндегі курста екі-ақ оңшының қалпағы алынып, басқасы жыл соңына таман түгел қайтып келген болатын. Бұларды «тәрбие майданында стиль мәселесін өтркізген», «қашқан» деген сияқты түрлі сылтаулармен қайтарыпты. Ал, мен, Тылла қыздың кесірінен ғана аман құтылсам, қолға ілінерлік басқа мәселе сездірмегенмін, өшкен үмітім қайта жылтырай қалды. Қалпақтан құтылып шықсам, мына бауырларымның «бұзық элемент» емес екендігін де түсіндіріп ақтай аламын ғой!... Қашып шығу ойымды шектеп қойдым да күріш көлінде белшеден батпақтап істей бердім. Дірдектей жүріп, Тылла қыздан төнетін пәлені де тұншықтырып тастаудың амалын ойластырып болдым.
Бірақ, күріш егіліп бола бере аспаныма тағы бір қара бұлт қаптап шыға келді. Бұлт болғанда да менің көңіліме ғана емес, соқыр солшылдықтың бүкіл қоғамға төндірген найзағайлы бұлты болып шықты. Өзімнің үлкен-кіші екі самайым да сондай қатер астынан елестеді: Іле, Тарбағатай аймақтарының шекараға жақын халқы ашаршылық салдарынан Совет одағына үркіп кетіпті. Шекара екі тәулік қана ашылып, үшінші күні бейіш қақпасындай тас болып қайта беки қалыпты. Енді ашылмастай мықтап, «мәңгілікке» бекіпті. «Сол жаққа енді жақындаған адам, табанда атылады. Атылмай қалса қатал сотталады екен» деген үрейлі хабарлар гуледі.
Шешемнің басшылығындағы үркіп үйренген үлкен семьяның бұл үркіннен қалмайтын мүмкіндігі есіме түсті: «Биғабіл бүйтіп қорланғанша өз жерімізге қайтып кетсін. Біз соңынан тауып аламыз» деген пікірі барын естігенмін. Менің тапсыруым бойынша Дөрбілжінге қайтқан болса Мақпал мен Асқар да солармен бірге кетті. Олардан тым болмағанда бір хаттың маған жетпей қалуы, жазған хаттарында осындай сөздері болғандығынан шығар деп те жорамалдадым.
Бірақ, мен енді қашып мәселемді қайта қағындырсам болмайды. Өзімді ғана емес, менімен қосақталған бауырларды да, әсіресе Ынтықбай мен Күләнді енді «шужыңжуишы» дегізіп күйдірейін бе!... «Қалпақтарымыз түгел алынып болғанша, шекара жағдайы босаңсығанша тапжылмай күтуім қажет» дегенге беки түстім.
Майдан басшылығы бұл хабарды бізге «тағы да қуаңшылық апатына ұшыраған» астығымыздың тамтығы пісіп, аштық азабынан біраз құтылған шағымызда жариялады. Ендігі қашқандар аса қатал жазаланатындығын бірқанша статьямен ұқтыра жариялады. Хрущевты тілдеген тілдесі де, бізге көрсеткен ызғары да аса құтырық. Іле-шала «қылмыс әшкерелеу» науқаны жүргізіле бастады. «Советшілдер, Совет одағына қашу ниетіндегілер өзін-өзі әшкерелесе кешіріледі. Басқалар жағынан әшкереленсе қатал жазаланады. Оларды әшкерелеушілердің қалпағы алынады. Ең болмағанда заттық силыққа ие болады...».
Сөйтіп, ендігі жұғуы мүмкін болған жаладан да, соғуы мүмкін болған пәледен де құтылып, аман жүре тұруымыздың қажеттігі толық айқындалды. Жалғыз-ақ, келуі мүмкін болған қазадан сақтайтын» заңды ұрлығымызға» Тарбағатай халқынша басқа жаққа ауып кеткен екен. Ізі түгіл індері де өрмекші өрмегімен торланып, желдің үрдесінімен бітеліп қалыпты. Одан да үміт үзілген соң жан сақтайтын ұрлықты жоюға бола ма!...
Тылла қыздың көңілін қалдырудан сақтана тұру үшін «дүкеніне» уәделі уақытында барып көрініп тұрғанмын. Осы пәледен енді неғұрлым тез құтылуға асықтым. Айғақ үшін бір-екі жігіт ертіп апарып, түнгі қонағымен бірге ұстап қатты қорқытсам, өзіме ауыз салудан мүлде тиылар деп межелегенмін.
Ертең «үлкен жексенбі» деп жарияланған бір күні кешке жақын Қапас пен Еділбайды ертіп шығып, автомобиль балонынан жабысқан қырсық пен одан құтылу жолындағы осы амалымды түсіндірдім. Жын ойнаққа күн бата жетіп, қашатын жолдарына жақын далдаларға бөлініп бекіндік. Іле-шала Тылла қыз дедек қағып кеп, «дүкеніне» кірді. Екі-үш минут өтпей, біздің әтірет жақтан жолмен келген бір мейманы төбеге шығып жата қалды да, шиық ете түскен бір дыбысты естіп, «дүкенге» қарай домалады.
Ұстауға ыңғайланып енді түрегеле бергенімде Еділбай бұқпантайлап маған жақындап қалған екен. «Жата тұр, тағы біреуі келе жатыр, бәрін ұсталық!» деп сыбырлай сала қайта қайтты. Айтқандай-ақ күншығыс жақтан пұта сыбдыры естілді. Бірінші мейман шұңқырдан баспалай шығып, жолына түсе жөнеліп еді. Қапастың қолына түсіп, отыра қалғанын байқадым.
Күншығыс жақтан келген екінші мейман асығар емес, төбе бауырына келіп тоқтап, қолсағатына қарағаны көрінді кездесулері сағатқа бағынатындығын түсіндім. Баспалай қарап өрлеген бұл майман да төбеге шыға сала құлап жата қалды. «Дүкен» иесінен дыбыс жоқ. Мен де қарадым сағатыма. «Ғашықтар» минут көрсеткіші он екіге ілінбегендіктен көріспей жатыпты. Бұл сайқалдың шып-ширақ азаматтарды минут тәртібіне қалай бағындырып қойғанына таңдандым.
Тылла қыздың шиқылы сағат толысымен естілді. Несін шиқылдатып жатқанын білсем бұйырмасын. Екінші мейман да домалап түсіп, еңкеңдей жүгіріп барып кірді «дүкенге». Енді бір сағатсыз шықпайтындығын мөлшерлеп Еділбайдың қасына бардым. Түн аспаны күнбатыс жиекке енді жетіп, ымырт үйріле бастады. Қапас пен бірінші мейман да түрегеліп, біздің қасымызға келді. Ол, бізге жақын жүретін «жерлік ұлтшыл» қалпақты ұйғыр жігіт екен. Күлісе қол алыстық. Қастық істемейтіндігімізді Қапастан түсініп, мына сиқырдың сырын білуге келісіпті.
Сыбырласып отырғанымызда Тылланың қатқыл үні естілді.
- Әй, тоқтап тұрыңыз!... Пұл қане, пұл![3]- деді. Шұңқырдан шығып, қайтуға беттеген екінші мейманына дауыстапты.
Ертең бәр пұлды бүтін бермеймін бе, парша пұл жоқ!
- Болмайды, менің несиеден тәлейім жоқ!...
Ақша мәселесінің қалай шешілгенін ұға алмай қалдық. Екінші мейман шұңқырға қайта түсіп шықты. Біздің отырған жерден қиыстап өте бергенінде Еділбайдың қолына түсіп, сыбырлы әмір бойынша үнсіз отыра кетті. Енді кетер деп жезөкшенің жолын тосуға ұмтылған Қапас, бір түп жыңғылды далдалап жата қалғанда біз де бұға түстік. Тылла қыз енді дөңге шығыпты. Өз әтіреті жаққа қарап біраз тұрды да отыра қалды. Әйелдер әтіретінің ар жағында ханзу әтіреті бар еді. Сол жақтан біреуінің келе жатқанын көріп отырғанын сездік.
Іңірде екі кедей қаридарын жолға салып, тұтас түндік мейманын масасыз дөң үстінде қабылдауға шыққаны екен. Бұл мейманы ентіге жетіп, төбеге шығысымен Тылла қыз енді ханзуша әуенмен сөйлай жөнелді.
- Әйя, мені соншалық күттіріп қойып қайда кеттің?... Тоса тұршы жүзсіз, шұм!... Қоя тұршы өзім, өзім!... Әйя, әйя, әйя..а...
Екі «бажама» тура қарай алмай тұқыра түстім, қорланып барамын. Бірінші «бажа» күліп жіберді де, екінші «бажа» пышағын суыра ұмтылды ашнасына. Еділбай екеуіміз екеулеп ұстап, пышағын алдық та, қол тигізсек қателесетіндігімізді ұқтырдық.
Жер тыңдап өскен сайқал бұл дыбысымызды естіп қалыпты. Үстіндегісін көтере түрегелгенде менен өзге төртеуі төрт жағынан шығып тұра қалды. Зыта жөнелмек болған үшінші мейманды ұстай алып, қолын қайыра қойды бірі.
- Қайырма қолын, бұл, менің ерім!- деп қарсы шыға келді менің «әйелім».
- Жалап, қашан тиіп едің қытайға?... Жаңа ғана менің...
- Уағдамызды пысырып қойғанбыз, қалпағымыз алынысымен той қылмақшы!... Ей, ұрма сен, не хақың бар біздің махаббатымызда!... Ұлттар ара қосылуымызға қарсылығың бар ма!... Ұлтшылдықтарыңды қашан қоясыңдар?.. Ханзуға тиемін, қане, не қылмақсыңдар!
Имам хазіреттің молла қызы серіктерімнің қорқатын жан жерінен ұстап, бүре түскендей болғанда қарқылдап күле шықтым төбеге.
- Үй, Тылла қыз ба, сіз? Не болды, мыналар басқыншылық істеді ме сізге?... Әлгі сөзіңіз не сөз, қайтадан айтшы? - Бетін басып еңіреп жіберген салдақы, сытыла жөнелгенде ұстай алдым. - Сөйлеңізші, бәрі де өз ерлеріңіз сияқты ғой, таласып тұр ма?... Жүріңіздер, қазірше көрінбейтін жерде сөйлеселік! - Тартып түсірдім «дүкеніне» қарай. Шұқырға шөмшек апарылып, от жанып та үлгерді. - Төрлетіңіз сүйіктім, төрге отырыңыз! -бетін жаулығымен басып алған жезөкшені иығынан басып отырғыздым. - Жә, сөйлеңіздер, не талас?... Қапас, сен жаз, бір сөзін де қалдырмай жаз! Ұлтшылдық мәселесі болса, майданның тәлім-тәрбие бөліміне тапсырамыз, құйрық сату мәселесі ғана болса... өз мойындауларына қарап көрелік, ақырын сөйлеңдер!..
Сөзді біріншісінен бастап, үшіншісіне дейін сөйлеттім. Бәрі де Тылла қыздың өзінің тоқтатқан уақыты бойынша келіпті. Алдыңғысы тоқтамды елу тиын өтепті де, екіншісі бір сом беріп, ертеңге қарыздандырып қойыпты. Үшіншісі үлгере алмапты да ақысын өтей алмапты.
- Сен мұнымен үйленбекші ме едің?- деп ханзу жігіттен сұрадым. Азарда-безер болды ол: өзінің үш баласы мен әйелі алыста қалғандығынан ғана ермек үшін жүргені екен. Тылланың бетіндегі орамалын жұлып алып сұрап, жауап ала алмадым.
- Жауап бермесең жүр! Бәжі төлемей істеген осыншалық қалаймақан саудаңмен ғана қоймай, не үшін саяси жала жабасың бәріне!
- Сөйлейін, сөйлейін!... Жассыздар ғой, кешіріңіздер мені! - Тұқырып алып үн сала жылады жезөкше. - Бір жолға кешіріңіздер!... Мұнан соң қоямын, ешкімді шақырмаймын, ешкімге жала жаппайын!... Осы антыма опасыздық істесем, не қылсаңыздар да... өлтірсеңіздер де обалым жоқ!... мен сияқты әйелдерден мына жақтағы мына жыңғыл ішінде дәл қазір екеуі жатыр, түс уақытында да, кеште де... мына жақтағы, тораңғы түптерінде, анау дөңдерде бірнешеуі жатыр!... Бәрі солай болған соң... және ерсіз болған соң осылай болып кеткенбіз!... Мен қоямын, бірақ идеямды басқа жалаптар бұзады. Бірақ енді мүлде қойдым. Мұнан соң ұстап алсаңыздар аямаңыздар, осы жолы ғана кешіріңіздер!...
Осы антының аяғына анықтап жаздырып қол қойғыздым. Тыңдап отырған куәлардың аттары да тізілді. Жезөкше екінші қонағынан несиеге қалған елу тиынды жібек байпақ қонышынан алып, иесіне лақтыра салғанда бәріміз күлдік. «Мұнан соң Тылла мұндай пәле-қазалы жүрістен тиылып-түзеліп кетсе» бұл қылмысын жауып тастайтындығымызға біз де уәде айттық.
Әлияның пірісінен келетін хауіп-қатерді осылай жеңіп - жеңілдеп қайттым.
Мен үміт күткен саяси мектеп биыл ашылмай қалыпты. Өз әтіретіміздегі қыстық тәлім-тәрбие сақылдай жөнелді. «Шужыңжуйға» және оның ел ішіндегі тілеулес «оңшыл оппортонизмге» қарсы науқан ретінде сақылдады. «Шужыңжуидің» жеті атасын жездей қақтайтын қара материалдары қайта-қайта оқытып талқылатты да соларға өзіміздің ұқсайтын қатысты-шатысты мәселелерімізді иіскелеп іздеп, өзімізді-өзімізге тінткізе берді. Сөйтіп тағы да қорқытып, тағы да шошытып алып салды жұмысқа...
Сонда да өндіріс артқа секіре берді. Өнім тағы да құлдырады. Бұл қылмысты тағы да «қуаңшылық» атты жаратылыстық апатқа артып, қалғанын «Совет шужыңжуий» мен «оңшыл оппортонизмге» теңдей салды.
«Осы жұмыс бітісімен бағалау жүргізіп, еңбекте, идеяда шарт толтырғандарыңның қалпақтарыңды аламыз» деп кадрларымыз тағы да алдады. Біз тағы да «секіріп өрлеп» ұрлай бердік.
Нақтылы өз мәніндегі «зор секіріп ілгерілеу» шекаралардан ғана естіліп жатты: миллиондаған әскер тасқыны алдымен Үндістан шекарасында сүзісіп, онан соң Ветнам шекарасында басқындап, қанды көбік бұрқыратып еді. Кереметін биыл одан да үдетіп, Совет шекарасында буырқанды. Былтырғы ашаршылық үркінінде «шужыңжуийға» қашып өте алмай қалған халықты «шеттің шекесі», «жаудың көміп кеткен минасы» деп соққылауға кірісті.
Бұл сынды қарайғанның барлығын жау санап, өз құлағын өзі жұлып, өз көзін өзі шұқып құтырған жағдайда біздің қалпағымызды алуы мүмкін бе!... Қарашардегі саяси мектептің қызметтен тоқтап қалған себебін де осыдан таптым.
Бірақ, 64-ші жылдың жазғытұрымына келгенде тағы да күтпеген кезеңде ашыла қалды сол мектеп. «Оңшылдар» мен «жерлік ұлтшылдарды» ғана емес, Оңтүстік Шынжаңның дін иелерін де еңкеңдетіп-бүкшеңдетіп әкеліп оқытты. Оқитын сабағымыз бір ғана шужыңжуий тақырыбында, «тоғыз баға» деп аталған тоғыз кітапша бәрінде де «көне шужыңжуйшыларды» мінеп-шенеп келеді де «қазіргі заман шужыңжуий» деген атаумен Хрущевті даттайды. Әсіресе оның: «тайқазанның татын ішіп, екі адам бір штан киетін қайыршы коммунизм бола ма» деген пікіріне қатты кектенеді. Пролетарият төңкерісі мен коммунизмге қарсы ең жиренішті азғындыққа санап, осы шындықты иянаттайды. Бұл кітапшалар бізге өз майданымыздағы «қыстық тәлім-тәрбиеде» жатталып болған.
Бұл мектепте де арнаулы лектор жоқ екен. Кітапшаны біреуімізге оқытады да бәрімізге құптатады. Талқы дегеніміз осы, басқа бір ауыз сөз қыстыртпайды. «Өзіміздің қателесу жолымыз да осы шужыңжуишылық бар» дегізуге итермелейді. Олай мойындайтын сөзге мен әрине аттап баспай қойдым. Өзіме «стиль түзету» әрекетінде мәселенің қалай түскенін, іс жүзінде қалай екенін сөйлесем, оған да жауап шықпай қала берді.
Әр кітапшаны «үйреніп» бітіргенімізде мектеп бастығы жалпы жиын ашып, бір қортынды шығарады. Оның қортындылары да бір ғана тақырыппен бітті де тұрды: «қазірге дейін Маужушиға тең келетін бірер марксизмші шыққан емес. Маркстің өзі де мұндай болған емес. Маркс, Енклстер қазір бар болса, біздің көсемнің алдында жай ғана коммунизмші болып қала берер еді. Теңдесі жоқ коммунизмші философ біреу ғана. Ол, біздің елімізде ғана екендігін ұмытушы болмаңдар!» - Тоғыз рет шығарған қортынды осы сөзден аспады да түспеді.
Бұл реткі курс басталғаннан кейінгі екінші айда мектеп бастығымыз Үрімжіге бір барып қайтып, менімен басқа майдандардан келген үш ханзу оңшының «қалпына келетіндігін» ашық шыраймен жариялады. Мені бөлмесіне айырым шақырып апарып, қалпағымның алынғандығын бұл кісі де таңбалы қағаздан көрсетті де Үрімжіге, бұрынғы өз қызмет орныңа барасың, курс бітісімен осы мектептің өзінен жолдама қағаз береміз» деді. Ал, курс аяқтар шақта Үрімжіге екінші рет барған бстық күңгірт шыраймен төмен қарап қайтты. «Қазір бұл мектеп ешкімді төте құтқара алмайтын болғанын, босату мәселесін лаужяу майданының өзі басқарып, өзі шешетін болғанын» мүдіре сөйлеп ұқтырды. - «Егер майданның өзі босатпайтын болса, бізге мәлімдеп хат жаз!»- деді маған. - «Қалпағы жоқ адамды сақшы орыны ұстап отыра алмайды. Біз және ұсыныс жазамыз. Жоғары жаққа да жеткіземіз. Мұнан соң қайсысының болсаң да бізбен байланыс жасап, ахуалдарыңды ұқтырып тұрыңдар!»- деген жақын тілеулестігін жариялап жөнелтті. Бұл сөзден бірлік сап пен дектатура саласының біз туралы қайшыкез пікірде болып қалғанын түсініп, көңілсізденіп қайттым майданға.
Сау Хулаужяу майданы мені босату жөнін несиеге қалдырды: «майданымыздың қалған адамы мен мал-мүлкі түгелімен "шаяр Тарым" лаугай майданына өтті. Мұндағы ашқан егістігімізге ішкеріден келген көшпенділер орналасып жатыр. Басқа лаужяулардың да үйлеріне қайтарылатындары көп еді. Бәрі де сол Тарым майданының жолдауымен қайтарылатын болды. Сенің ісің де көшіп барған соң сол жерде шешіледі. Көбі өтіп азы қалғанда шыдай тұрмай қателесіп қалма!»- деп молынан үгіттеп шығарды мені.
Бұл майданнан әйелдер ғана қайтарылған екен. «Іле қазақ автономиялы облысына» қарасты үш аймақтан келген лаужяулардың бірін қалдырмай Шаяр Тарым лаугай майданына көшіріп жіберіпті. Тіпті Шығыс Шынжаңнан келген бауырластарымнан да ешкім қалмапты. Мен енді сол майданға тезірек жетіп, тезірек қайтуға асықтым. Лаужяу майданына қалпағы алынып құтылған адамды лаугай майданы ұстап тұрмақпа, барысыммен-ақ құтылармын деп асықтым.
Бірақ, бізге көшетін «өшірет тимей», «көлік жетіспей», сол 64-65-ші жылдың қыс маусымында сол орнымызда қыстап қалдық. Қыстағанда да бұрынғы үйлеріміз көшпенділерге өткізіліп беріліп, өзіміз қайтадан жер үй қазып қыстадық. «Тың жер ашып Шынжаңды гүлдендіру үшін келген» көшпенділерге сол қыста тағы да бес мың му[4] тың ашып беруге міндеттеліппіз. Әйтеуір Тарымға көшкен майдандастарымыздың сыбырлап ұқтырып кеткен жасырын қоймаларындағы астығы бұл еру қалған қысымызға еркін жетті.
Шаяр Тарым лаугай майданына біз, ол маңдағы халық коммуналарына «социалистік тәрбие» науқаны жүргізіліп жатқанда, таяқтың шектеліп, мылтықтың кезеліп тұрған шағында келіппіз. Қалпағымыздың жоқтығына қарамай, күндіз-түні автоматпен күзетіп айдап жүріп істететін лаугай әтіреттеріне бөліп-бөліп қоса салды.
Лаужяу жазасынан құтылудың орнына одан да ары кетіп, лаугай тозағына тасталғанымды енді білдім. Лаужяу қалпағымның алынғанын айтып, қайтаруларын өтінсем-ақ ренжиді кадрлары: «келе салып қайтуды талап ету деген - ұшына шыққан заңсыздық» деп заңсыздарды жазғырады да, заң білетіндері жөнірек жауап беріп жөнеледі. - «Майданның жұмысы жаңа басталды, делоларыңмен де танысқанымыз жоқ, тәлім-тәрбие бөлімі көріп болсын, күте тұр!» деп үміттендіреді. Қарашаһардағы саяси мектепке бұл майданның осылай бөгеп жатқанын мәлімдеп, арыз жазып жөнелттім.
Лаугайлармен бірге автомат астында істеп жүрсем де деломды көріп жауап беруінен үміттене жүрдім. Мен қосылған әтіретте 62-жылғы Іле шекара оқиғасынан лаугай болып сотталып келген қазақтар көп екен. Менің семьямнан хабарлары болмаса да көбі ісімді білетін, орта мектеп бітірген сауатты жігіттер. Менімен тез іштесіп, сырласып кетті. 62-жылдан басталған оқиғаның жай-жапсарын солардан қанықтым.
Совет Одағының Іледегі бұқаралары 60-жылы ашаршылық басталысымен-ақ Отанына қайтуды талап еткен екен. Үрімжідегі Совет елшілігі де кірісіпті бұл іске. Бірақ, Жұңго үкіметі сөз бұйдалап, кейінге соза беріпті. Ашаршылық күшейген сайын өлім-жітім көбейіп, өлушілер көбейген сайын кетушілер талабы да күшейіпті. Бұрынғы Совет бұқарасының паспортты-паспортсыздары түгел шулапты. Совет одағындағы туысқандары Шынжаңдағы ашаршылықтың қырғын апатқа айналғанын естіп, мұндағы туысқандарына түгел виза жіберіп, қайтарып ала алмаған соң олар да шулапты.
Совет компартиясының бас секретары Н.С. Хрущев депломатиялық жолмен неше рет сұратып, Жұңго үкіметін көндіре алмапты. «Иә, астықпен қамда, иә, өзімізге қайтарып бер!»- деп Совет үкіметі, «иә, бізді тамақпен қамда, иә отанымызға қайтар!» деп халық, үш жыл бойына қойған талаптан ештеңе өнбепті. Сол талаппен халық жағынан Құлжада көтерілген ереуілді «халықазаттық армия» плимотпен қырғындап жаныштапты. Мұны естіген Совет үкіметі шекараны үш тәулік ашатындығын тосыннан жариялап, тосыннан аша қойған екен. Мұны уақытында естіген шекараға жақын қала-қалашық халқы мал-мүлкін, қора жайын тастап, аш-жалаңаш жандарын ғана ала қашып үлгеріпті де, нақтылы Совет бұқарасының алысырақ райондардағы көпшілігі естіп, жиылып-түйіліп жеткенше белгіленген уақыты бітіп, шекара қайта беки қалыпты. Үш күн ішінде өтіп кеткендерінің дені Жұңго бұқарасы екен.
Сөйтіп, екі елдің сол тұстағы халқы тұтасымен сорланыпты: бірінің ата-анасы мен туысқандары өтіп кетіп, соқа басы мұнда қалған. Бірінің өіз өтіп, семьясы мұнда қалған. Бірінің шеше, иә, әкесі өтіп кетіп балалары қалған. Кей семьялардың жарымы кетіп, жарымы қалған. Көбінің оқудағы балалары қалған.... Шекараның арғы беті мен бергі беті түгел зар, ұлар шу болыпты да қалыпты.
Халық үркіп бара жатқанда қолдарын артына қайырып күліп тұрған қытай сақшылары шекара қайта жабылысымен алдырып-тонатып қойғандай сақылдай жөнеліпті. Бөрідегі өшін қояннан алғандай кетпей қалған халықты кесірлеуге кірісіпті. Қазір тіпті қатал жазалап, қамап, жер аударып жатыр екен. «Кішкене балалар кетіп жатқан жолдан текедей бақырайып сен неге қалдың?», «Шужыңжуий елінде танитын ешкімі жоқтар кетіп жатқанда нағашың сол жақта тұрған сен неге қалдың?», «Совет Одағында жерлерің, туысқандарың бар тұрып, сендер мұнда не міндетпен қалдыңдар?», «Совет шужыңжуий сендерді не міндетпен қалдырды?», «Қай уақытта жарылуға міндеттеліп қалған бомбасыңдар?», «Кімнің миына қадалуға қалған шегесіңдер?», «Кімді байлауға қалған қазықсыңдар?» осындай тергеулермен қамай қинайды екен.
«Кеткенімізді «жау», кетпегенімізді «бомбы» десеңізде, қайтып тіршілік көрмекпіз, соны ойлап қана бізді өз қолдарыңызбен өткізіп берсеңіздерші, жарылу түгіл пыс етпей-ақ кетелік!» деген бір шалдың тілін қолға түсіре алмай, сақалын жұлып алыпты...
Маған осындай екі жүз шақты трагедияны сөйлеп берген он жігіттің төртеуі, кейінірек қашып, бекітілген шекараның бер жағынан қайтқан жігіттер екен. Бес жылдан кесіліпті. Алтауы нағыз «қызылтабан қылмыстының» дәл өзі: шекарадан ұрланып өтіп, кепіл боларлық туыстарының адрестерін таба алмай, «қытай шпионы» деген күмәнмен ұсталып, шекарадан қуылып қайтыпты. Бұл жақ оларды «шужыңжуйдің шпионы» деп ұстап мылжалапты. Зақымдалған сүйектерін жамап-жасқап, он-онбес жылдан кесіпті де осы майданға жіберіпті.
Ал, Советке қашқалы жүр деген жаламен қолға алынғандары тіпті көп екен. Олардың «қашпаймын, астық сатып беріңдер!» дегендері сотталыпты да, «аштан өлсем де қашпаймын» деп ант еткендері ғана кесілмей, жоңғар шөліндегі бір лагерге жер аударылыпты. Олар да Такламакандағы осы майдан сияқты еріксіз еңбекке салынып, тың игеріп жатыр екен. Совет одағында туыс-туғандары бар халықтың көбі шекарадан алыс құмдағы сондай лагерлерге қуылып, бұрынғы мекен, дайын қора жайларына ішкері жақтан келген көшпенділер мен әскери семьялар орналасыпты.
Әділетті тергеушім, сол үркіндегі ең қандыбалақ қылмысты әрине қашпай қалғандар. Олай болатыны, кесімсіз-мүдесіз, аштан өлсе де қашпайтын лаугай болулары соның дәлелі ғой. Екі үкімет арасындағы бітпейтін бедеу дау құлындағанша жазаланатын шығар. Олардың өздеріне қойылған «көмілген бомбы» деген құбыжық атауды естісімен қорқып қашқандары, сөз жоқ, екі дүниенің де қара жүз қылмыскері. Олай болатыны, екі елге де шпион аталулары соның дәлелі. Оларды енді Құдай тағаласы да шпион санап, «бақи дүниесіне» жолатпай қоюға хақылы шығар. Ал, осыларға лаужяулық қалпағым алынған мені әкеліп қосуларыңыз тіпті даусыз әділет. Олай болатыны, менің де сіздерден осыларша безініп қашудан басқа тіршілік жолым қалмағандығы әрине соның дәлелі...
Сөйтіп, бізше тіршілік үміті кесілген көпшілік қамалып таусылғанда осы әділеттеріңіз әрине өздеріңізге ауыз салады. Олай болатыны, бұл әділеттеріңіздің зор секірмелі жыннан туғандығы соның дәлелі ғой. Соңында қалған өздеріңізден басқа кімді соғар. «Ит құтырғанда иесін қабады» қылмыс жолының ақырғы бекеті сол емес пе!
(Жалғасы бар)
«Abai.kz»
[1] Шужыңжуий (ханзуша) - ревизионизм-марксизмді бұрмалаушылық.
[2] Шаңмян - жез електен өткен майда ұн.
[3] Пұл (ұйғырша) - ақша. Бір пұл - бір юан дегені.
[4] Му (Жұңго жер өлшемінің бірлігі.) - 660 шаршы метр.